Бранденбург қақпасындағы тілек

752

0

Ерлігі елге аңыз, ертеңге үлгі болған қызылордалықтар қатарында соғыс және еңбек ардагері, медицина қызметінің запастағы капитаны Колесник Любовь Сергеевна да бар.

Бүгінде 95 жастан асқан қария әлі күнге дейін кітап оқиды. Газет-журнал ақтарып, күнделікті жаңалықтардан да қалыс қалмауға тырысады.


Любовь Сергеевна 1925 жылы Оңтүстік Қазақстанның Арыс өңірінде әскери қызметкер отбасында дүниеге келген. 1941 жылы Степановтар отбасында (ол кезде Люба әжейдің тегі Степанова болған) қайғылы жағдай болды. Әулеттің әкесі дүниеден озып, Любаны үлкен ағасы Қызылордаға алып келді. Осыдан кейін тура 18 күн өткенде соғыс басталған.
Ол жергілікті медицина техникумына оқуға түсіп, оны бітірген соң бруцеллезге қарсы күрес станциясына жолдама алған. Сонда жұмыс істеп жүріп, жасы кәмелетке толған соң майданға аттанды. Әйгілі Г.Жуков қолбасшылық еткен бірінші Беларусь майданына түскен.


Қарт майдангер майданда жеңіл жара­қаттанғандардың жо­рық гос­питалінде қызмет істеген. Айт­қанға оңай көрінгенімен, бұл өте қиын міндет еді. Майдан даласында госпиталь үшін отын-су табыла бермейтін, жараланғандарға орын жетпей жататын. Барлық жұмыс жылдам атқарылуға тиіс еді. Себебі, әскер шабуылға аттанса, госпиталь соңында ілесе жүруі керек.


Қатардағы Степанованы жұмыс­тың небір қиындығы қорқыта алған жоқ. Өмірі әскерде өткен әкесінің тәрбиесі оның кез келген жағдайға бейімделіп, Отан алдындағы борышын адал атқаруына жәрдемдесті. Тіпті, бомбалау кезінде де жүрегі шайлықпады. Аспан айналып жерге түсердей снарядтардың дауысы тым жақыннан естілгенімен, байбалам салуға, қорқынышқа ерік беруге болмайтын еді. Госпиталь жеңіл жараланғандарға арналғанымен, мұн­да ауыр жарақатпен де сарбаздар көп түсетін. Оларды тылдағы гос­питальдарға санитарлық пойыздармен жөнелткенге дейінгі күтімі госпиталь дәрігерлерінің мойнында. Сондықтан, қызметкерлер тәулік бойы тынымсыз жұмыс істеді.


Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 76 жыл өтсе де, бір жағдай жадынан ешқашан өшпейді. Бір күні оның өзімен жасты құрбысы Полина жаралы жауынгерлер тобын гос­питальдан пойызға алып бара жатқан. Олардың жолында мина жарылып, барлығы Любаның көз алдында жан тапсырды.


…Майдан тоқтаусыз жүріп жатты. Ол майдан өлім мен өмірдің арпалысы еді. Госпиталь шабуылға шыққан әскер соңынан жылжи берді. Ең ауыр ұрыстар Беларусь үшін болған еді. Жау ақтық демі қалғанша қарсыласты. Жараланғандар да көп. Ал госпитальді тоқтаусыз нөсер жауған батпақты жерге орналастыруға мәжбүр болған. Жаралы жауынгерлердің астына ағаш бұтақтарын төсеп, жаңбырдан қалқалау үшін плащ-палаткаларды пайдаланған кездер еді. Дәл сондай жағдай Польшадағы майданда да болған. Тек Германияның Ной-Репен қалашығында ғана Любаның госпиталі бомбалаудан аман қалған шағын ғимаратқа орналасқан еді.
Бір қызығы, сол кезде жаралан­ғандар қатарында немістер де бар. Олар совет солдаттары мен мед­бикелеріне үрейлене қарайтын. Дегенмен, сол кезгі бұйрық бойынша жараланғандардың барлығына бірдей көмек көрсету міндеттелген.


Любовь Сергеевна Ұлы Жеңіс күнін де осы қалашықта қарсы алған. Ол госпитальда 1945 жылдың қыркүйегіне дейін қызмет етіп, Қызылордаға қайта оралды. Елге қайтар алдында бейбітшілік туралы сөзін Берлиннің ең әйгілі рәмізі – Бранденбург қақпасына жазып қалдырған.
Люба әжей Қызылордаға келген соң локомотив депосына фельдшер болып орналасып, зейнетке шыққанша сонда еңбек етті. Сонымен қатар, үнемі кеңес әскерінің ерекше есебінде болған. Себебі соғыс жағдайы туа қалғанда запастағы майдангерлер алдыңғы қатарда болуға тиіс еді.


Майдандағы ерен ерлігі мен бейбіт күнде ел игілігіне еткен еңбегі үшін Любовь Сергеевна көптеген марапаттар, медальдар алды. Демобилизация­дан соң көп ұзамай тұрмыс құрып, Колесник тегін алған Люба әжейдің күйеуі Николай Севастьянович те – майдангер. Ол да жарты ғасырға жуық уақыт локомотив депосында еңбек етіп, 2006 жылы дүниеден озды.


Биболат СӘТЖАН,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<