Донды қорғаған даңқты батыр

1026

0

Сыр елінен Отан қорғауға аттанып, хабар-ошарсыз кеткендердің жүздеп саналатынын біреу білсе, біреу білмес. Солардың бірі – Қайыпов Нұрсұлтан.

Атасының көзін көрмесе де есімі жүрегінде мґңгілікке жазылып қалған, сонау Ресейдің Волгоград қаласына барып, хабарсыз кеткен атасымен қайта қауышқандай болған немересі Бґйімбет Нұрсұлтановпен кездесудің сґті түсті.
– Қан майданнан қайта орал­­маған атаңыздың жатқан жері – Ресейге барып, бір уыс топырағын туған жерге әкеліп, азаматтық парызыңды өтеген көрінесіз. Ұрпақтарға ұлағат бо­лар, осы жайлы айтсаңыз? – дедім.


– Ата-анамның айтуынша, Нұрсұлтан атам 1898 жылы өмірге келген. Құдай қосқан қосағы Төлекеқызы Балсұлу әжеміз бары-жоғы 30 не 32 жасында өмірден озса керек. Артында Зерхан, Назым есімді екі қызы мен жалғыз ұлы, менің әкем – Әзілхан қалған. 1938 жылы әскерге алынған. 1942 жылы 21-армияға қарасты 96-атқыштар дивизиясының 1384-атқыштар полкінде пу­леметші болып, Ста­линградтың Дон майданындағы шайқасқа қатысқан. Ресейдің та­рихи деректерінен алынған Ста­линград түбіндегі бұл қанды қырғын туралы сәл кейінірек айтармын. Ал, әзірге айтпағым, атамның жатқан жерін іздестіру жайлы болмақ, – деген Бәйімбет сәл-пәл үнсіздіктен соң үзілген әңгіме жібін қайта сабақтады.


Нұрсұлтан атамыздың На­зым есімді қызы Ұлы Жеңістің 30 жылдығына орай әкесінің жат­қан жерін іздеп 1975 жылы Вол­гоградқа барады. Қаланың қақ ортасындағы Мамаев-Кур­ган ескерткіші орналасқан жер­дегі «Тағзым алаңындағы» қайт­­пас сапарға кеткендердің ті­зімінен әкесінің есімін таппай, ұнжырғасы түсіп, көз жасын көлдей төгіп, елге қайта оралған. Атамыздың ұл-қыздары «әкеміз келіп қалар» деген үмітпен бұл өмірден өксумен өткен болар. Әкем өле-өлгенше «ата­ла­рыңның жатқан жерін табарсыңдар» де­ген аманатын айтумен болды.


Әзілхан әкеміз де 1943 жы­лы өз еркімен Отан қорғауға барып, Қиыр Шығыс майданына жіберуді сұранады. Ондағы мақ­саты осы майданда жапон­дар­мен соғыста жүрген әкесімен кездесуді ойласа керек. Өкінішке орай кездесе алмапты. Әкем 1948 жылы елге есен-аман оралған.


Сөз орайы келгенде айтайын, біздің әулетті – Отан алдындағы борыштарын өлшеусіз өтеген жауынгерлер әулеті деу­ге әбден болады. Жоғарыда айтқандай, атам мен әкем Ұлы Отан соғысында кеуделерін от пен оққа төсесе, Арғынбек інім 1987-1989 жылдары Ауғанстанда бо­лып, интернационалдық боры­шын өтеп қайтты. Шүкір, алған ма­ра­паттары жетерлік. Өзім де әскери борышымды өтегенмін.


Айтқандай, Құдай қосқан қо­сағым Аралкүлдің әкесі Дер­бісов Тәуірбайдың да Ұлы Отан со­ғысына қатысып, Берлинге дейін барғанын айтпасқа бол­мас.
Аяулы Күләш анамыз 80 жасқа толғанда туған күнін той­ламаққа ұсыныс жасағанбыз. Сонда анамыз: «Қажеті жоқ, марқұм әкелеріңнің аманатын орындаңдар» деген-ді. Әке ама­натын орындамау қиянат бо­ларын түсінген біз шұғыл іске кірістік. Ресей жерінде із-түзсіз жоғалған жауынгерлер туралы мәліметтерді «Мемиорал» деген сайттан 2017 жылы тапқанбыз. Содан Волгоград облысына қа­расты Калачев ауданы әкіміне атамыздың жатқан жері жайлы мәлімет беруге сұрау жасап, хат жолдадық. Осыған байланысты Волгоград әскери комиссариаты бір жылдық зерттеу жасап, 2018 жылдың шілде ­айында бізге атамыз Қайыпов Нұрсұлтанның Калач-на-Дону қаласындағы қаза болған майдандар паркінде жерленгені туралы хабар алдық.


2019 жылдың мамыр айы. Атамыздың жатқан жері жайлы мәлімет алған біздің қуаны­шымызда шек жоқ. Кезекті бір еңбек демалысымда Ресейге жол тарттым. Алдымен Саратов қа­ласына, содан автокөлікпен Вол­гоградқа келдім. Түнгі сағат 12-де такси жалдап, арақашықтығы 80 шақырым Калач-на-Дону қа­ласынан бір-ақ шықтым. Қа­ла сыртындағы «Тихий Дон» қонақ­үйінде азын-аулақ демалған соң, таң атысымен қаладағы қаза бол­ған майдандар паркін іздеуге шығайын.


Алла сәтін салып, екі орыс азаматына кездесіп, жөн сұ­растық. Әңгімеміз таныстықтан басталды. Бірі осындағы «Ка­лач-на-Дону» газетінің редакторы Петр Николаевич Станогин, ал екіншісі – осы газеттің фо­тотілшісі Хвастунов Сергей есімді азамат екен. Оларға мұнда неге келгенімді бүкпесіз баян еткенмін. Олар жұмыстарын ысы­рып қойып, жол бастап, «Даңқ алаңына» алып барды. Қаза болғандар тізбесінен атамның аты-жөнін көріп, көз жасымды көлдей төкпесім бар ма?! Сөйтіп мен Нұрсұлтан атаммен 77 жылдан соң табыстым. Тізерлей отырып, атамның аруағына құран бағыштадым.
– Қазақтардың Ұлы Отан соғысының жеңісіне қосқан үлестері орасан зор. Бір ғана дерек, Псковта 2 мыңнан астам жауынгер жерленсе, соның мың­нан астамы қазақтар екен. Ұлы Отан соғысының батыры Әлия Молдағұлова да осы жерде жер­ленген. Ал, қаза болғандар тіз­бесінде 96-атқыштар дивизия­сының сол жерде жерленген 158 адамның аты-жөні жазылыпты. Осылардың 56-сы қазақстандық екен, 12-сі қызылордалық жа­уынгер. Хабарсыз кеткен аяулы азаматтарын ат сабылта іздеп жүрген мен сияқты жандар бар шығар деген ниетпен олардың аты-жөндерін жазып алғанмын.

Мүмкін әлдекімдердің табы­суына септігіміз тиер, осы тізбені газет бетінде жарияласаңыздар, – деген Бәйімбет 96-атқыштар ди­­визиясында қайтпас сапарға кет­кен қызылордалықтардың аты-жөндері жазылған тізбені ұсын­ды.
Олар: тереңөзектік Беркім­баев Атымтай, Пернебаев Ша­дияр, Дошанов Елті, Қалы­баев Әлім, Үдербаев Зұрқал, шиелілік Нұрбаев Құлқұм, Ермаханов Махамбет, Серембеков Перне­бай, аралдық Бекешов Бағжан, сырдариялық Олжабаев Дін­ис­лам, қармақшылық Еспенбетов Байділда есімді азаматтар. (Аты-жөндерінде азын-аулақ әріп қателері болуы мүмкін).

Қа­дірлі ағайын, хабарсыз кеткен бауыр­ларыңыз осы тізбеде бар болса, Нұрсұлтанов Бәйімбетпен ха­бар­ласуларыңызға әбден бо­лады.
П.Станогин мен С.Хвастунов Калач-на-Донудың аймақтық му­зейіне алып барды. Осы ай­мақтық тарихи деректерімен егжей-тегжейлі таныстыр­ды. Му­зейдің құрметті қонақтарға ұсы­натын кітабына Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен жа­уынгерлерді іздестіріп, олардың қайта тірілуіне орасан зор үлес қосып жүрген «Калач-на-Дону» газеті қызметкерлеріне өз алғысымды жазып қал­дыр­дым. Мұнан соң Калачев қа­ласы әкімінің орынбасары Ю.Ру­косуевтың қабылдауында бол­дық.

Кездесу барысында екі елдің салт-дәстүрін айғақтайтын ескерткіш сыяпаттарды бірімізге біріміз табыстап, ашық-жар­қын әңгімелестік. Содан соң «Калач-на-Дону» газетінің ре­дак­циясында болып, Петр Ни­ко­лаевичпен сұхбаттастық. Ол біздің әулетіміз жайлы нақты деректер алып, өз ризашы­лығын білдірді. Әңгіме соңында ол маған «Калач-на-Дону» энцик­лопедиясын табыс етсе, мен оған күн шұғылалы Қазақстанды ай­ғақтайтын сый-сияпатымды ұсындым.
Ертеңіне жолға шыққанмын. Мені шығарып салуға келген Петр Николаевич «Бәйімбет, сен атаң жатқан жердің топырағын алдың ба?» деген сауал тас­тағанына мың да бір рахметімді айтамын. Өйткені, атамның қабірі басынан бір уыс топырақ алуды ұмытып барады екенмін. Сонымен Петр Николаевичтің жол сілтеуімен атамның жерленген жері Ста­линград облысына қарасты Пла­тонов Хутро Калач деген жерден бір уыс топырақ алып, туған жеріме ата-анамның ама­натын орындап, ерекше бір қуанышты күйде жеткенмін. Келісімен әкем Әзілхан мен апаларым Зерхан мен Назымның жатқан қорымы басына барып, әкелген ата топырағын себелеп, құран бағыштадым. Олардың басына топырақ сеуіп, құран бағыштауымның құрбан айттың бірінші күніне сәйкес келуі Алланың бізге берген шарапаты болар деп ойлаймын.


Өткен жылдың тамыз айында хат тасушы Ресейдің Волгоград облысы, Калачевск қаласынан П.Н.Станогин жол­даған «Калач-на-Дону» газетін табыс етті. Парақтай бастағанда «Жеңістің 75 жылдығы» айда­рымен берілген «У нас Родина одна!» деген бір беттік ма­териал көзіме оттай басылды. Мұнда менің Ресейге барған сапарым, Қайыпов Нұрсұлтан атамның Сталинград түбіндегі шайқастағы ерлігі егжей-тег­жейлі баян етіліпті.


Жоғарыда айтқандай, Нұр­сұл­тан атам 1938 жылы әскерге шақырылып, жапондармен Ха­сан көліндегі шайқаста тә­жірибе жинақтаған. Ал 1942 жылы 21-армия 96-ат­қыштар ди­визиясы, 1384 пол­кінің құ­рамында бо­лып Ста­лин­град­тағы Дон май­данында со­ғысқа қатысады. Ал­­ға­шын­да Сталинградты қор­ғау­да бол­ған жауынгерлер кейін не­міс басқыншыларына қарсы ша­буылға шығады. Бар-жоғы үш күнде 2 мың неміс басқын­шыларын келмеске кетіріп, 11 мыңын тұтқынға алады. Петр Николаевичтің осы жазбасында 96-атқыштар дивизиясы Пау­люстің армиясын 3-3,5 ай қор­шауда ұстап тұрған көрінеді. Бұл дерек тарихта бар. Бір жағы Дон майданы, екінші жағы Оңтүстік-Батыс майданы Калач-на-Дону қаласында тү­йісіп, Паулюс­тің армиясын құт­қаруға келген фашистерді де жер жастандыр­ған көрінеді. Атам пулеметші болған. Пу­лемет анау-мынау адамға тап­сырылмайды екен. Нұрсұлтан атамның есімі Калач-на-Дону қаласының қақ ортасындағы «Даңқ алаңындағы» тақтаға ал­тын әріппен жазылуы тектен-тек болмаса керек.
Сөз орайы келгенде «Калач-на-Дону» газетінде жария­лан­ған «У нас Родина одна!» ма­териалынан шағын ғана үзін­діні оқырмандар назарына ұсын­саңыздар. Өйткені, менің жүре­гімде мәңгілікке жазылып қалған осы бір оқиға қанды майданнан қайтпағандарды іздеушілерге ой салар деп ойлаймын.


«Вместе с гостем находим на мемориальной плите правой стелы городского мемориального сооружения «Огонь Славы» над­пись – Кайпов Н.
– Это – мой дед! Мне сердце говорит – это он. Он ждал меня, 74 года ждал!..
Скупые мужские слезы на глазах внука… Мы отошли в сторону, а он по национальному обычаю стал произносить на родном языке молитву из Ко­рана.


– Мне Бог вас послал, чтобы найти место захоронения, – продолжает разговор Б.Нурсул­танов. – Моя мама сейчас жива, ей 81 год. Она просила – найдите могилу дедушки, об этом мечтал ваш отец. И вот я вижу на стеле его фамилию. У нас Родина одна! За нее наши отцы и деды отдавали свою жизнь. Бог дал возможность мне встретить вас, а дед видит меня и помогает мне…»
Отаны үшін қан майданнан қайта оралмаған атаммен қайта қауыштыруды жазған Аллама шүкір деймін.


Әке аманатын орындаған, ата ерлігін дәріптеген Бәйімбеттің ісі көпке үлгі.

Еркін ӘБІЛ,

жазушы-журналист
Э

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<