ЕКІ МАЙДАННЫҢ БАТЫРЫ

402

0

Қиын-қыстау заманда иығына қару асынып, ерлікпен шайқасқан батырларымыздың қай-қайсысы да құрметке лайықты. Сұм соғыста қан кешіп, Жеңіс күнін жақындатқан жауынгерлердің бірі – Мақсұт Сырғалиев. Ол қос бірдей соғысты көрді. Атқыштар дивизиясы сапында неміс басқыншыларына қарсы батыс майданындағы шешуші шайқастарға қатысып, жауды шегіндірді. Соғыс аяқталған тұста Қиыр Шығысқа шекара күзетуге аттанды. Жапондарға қарсы жүргізілген кескілескен ұрыста Жеңіс туын желбіретіп елге оралды.

 Майдангер 1925 жылы 10 наурызда Арал ауданы, Қаратерең ауылында өмірге келді. Балалық шағы  ашаршылық  кезеңімен  тұспа-тұс келді. Ес білген шағында сол нәубетті  басынан кешіреді. 

– Әкем, анам да өмір бойы балықшы болды.  Күнкөріс қамы үшін ерте еңбекке араластық. Ата-анамызға қолқабыс еттік. Отбасында көп бала болғандықтан  бізге ауыр тиді. Кейде қармаққа балық та ілінбей қалатын кездер көп. Таршылық, жоқшылық. Жұрттың да жағдайы мәз емес. Бізге әкем балықтың сүйегін тастатқызбайтын. Оны кептіріп, талқан қылып, жылы сумен былғап жегізетін. Осыны басқаларға да айтатын. «Балаларға беріңдер» дейтін. Күн сайын аштықтан қырылып, дәм-тұзы таусылып жатқандарды көзіммен көрдім. Осындай сұмдық 4-5 жылға созылды. Өзім де балық ауладым. Басқа салған бұл бейнетті ешкімге бермесін, ауыртпашылық қатты болды, – дейді ардагер.

Мақсұт Сырғалиев 1943 жылы Қызыл Армия қатарына қабылданып, соғысқа аттанады. 1944 жылы Батыс майданға бара жатқан оларды кері қайтарып, жапондықтарға қарсы біріккен күшке қосады. Жас та болса жігерлі бозбала 1945 жылдан бастап 1948 жылға дейін Жапонияда шекара қорғайды. Маньчжуриядағы Хайлар қаласын жаудан тазартып, Хинган тауларынан өтіп, Харбин қаласын азат етеді. 1948 жылы жапондар тізе бүгіп, елге аман-есен оралды. Ерлігі еленіп, құрметке бөленді.

– Соғыстың аты – соғыс. Ешкімді аямайды. Жасыңа да, кәріңе де қарамайды. Қаншама сарбаздар көз алдымызда қырылып қалды. Жапониядағы соғыста 1 айдың ішінде 12 мың солдат оққа ұшты. Олар әрбір елдің бір-бір азаматы болатын, – деп өткенді еске алған ардагер ауыр күрсінді. 

Елге оралғаннан кейін 40 жылдан  астам уақыт ауылшаруашылық саласында еңбек етті. Мал да бақты. Теңізден балық аулады. Бүгінде тоқсанның төріне шыққан ардагер әлі де тың.

1949 жылы жан жары Дариға Садуқызымен бірге шаңырақ көтеріп, отбасын құрды. Өмірлік серігімен талай жыл өмірдің ащы-тұщысын бірге көтеріп, жақын-туғандарының арасында сыйлы болды. Өмірге ұл-қыздарын әкеліп, немере, шөбере сүйді. Бүгінде Мақсұт ата жапырағы жайқалған алып бәйтерекке ұқсайды. Елінің тілегін тілеп, адал ұл болып жаратылып, адам деген ұлы сөзге дақ түсірмей, жақсылық пен жамандықтың мәнін жете түсінетін Мақсұттай ақсақалдың ерлігі мен өнегелі ісін ұрпақтары мақтан етеді.

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлер күн санап азайып барады. Елін қорғаған қаһармандардан естелік тыңдау біздер үшін де бір бақыт.  Олардың ерліктері ұрпақ жадында мәңгілік сақталары анық.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<