Елеусіз қалған ерлер

944

0

Қазақ жауынгерлерінің ерлігі жайлы қандыкөйлек қаруластарының естеліктерінен білсек те, олардың аттары мен өмірдеректері белгісіз. Солардың екі-үшеуінің атын атап өткен артық болмас деймін.


1984 жылы «Лениншіл жас» газетінің редакциясына Мәс­кеуден хат келген. Оны жазған атақты кинорежиссер Григорий Чухрай еді. Ол кісі 1941 жылы 23 маусымда өзінің өлім аузынан қалғанын, бұл ажалдан Мұханбетжан Бек­шінов деген қазақ жауын­ге­рінің құтқарғандығын тебі­ріне еске алған. Григорий Нау­мовичтің баяндауынша оқиға былай болған. Соғыстың екін­ші күні бұлар қызмет ете­тін 134-дивизияның 229 ба­тальоны Мариупольдан Шы­­ғысқа қарай шегінеді. Ко­ман­дир орманды алқап­қа жақындағанда құрамында Григорий Чухрай, Мұханбет­жан Бекшінов, Михаил Сомко сияқты жауынгерлері бар взводты шолуға жібереді. Ну жыңғыл тоғайға кіре бергенде оған неміс десанты бас салып, сол қолын сындырады да тұн­шықтыра бастайды.


Егер бұлардың үстінен Мұ­ханбетжан Бекшінов түс­пе­генде, оқиғаның немен аяқ­талатыны түсінікті еді. Қа­руласының кеудесін тізе­сімен езгілеп, қылғындырып жатқан жау солдатының ту сыртынан шыға келген қазақ жігіті оның шүйдесін мылтықтың дүмімен ойып түсіре ұрып, жолдасын аман алып қалады.


«Қолым сынып, оң көзі­ме зақым келген мені жара­лыларға қосып, Харьковке жө­нелтті. Емделіп бөлімшеге қай­тып келсем Мұханбетжан мұнда жоқ болып шықты. Қаза тапты ма, көршілес дивизияға ауысып кетті ме, білмеймін. Білетінім – оның аты-жөні, әскерге Алматы қаласынан шақырылғаны және біздің ба­тальонда байланысшы бо­лып қызмет атқарғандығы. Со­ғыстың өн бойында да, одан кейінгі бейбіт кезде де оны еш уақытта естен шы­ғарған емеспін. Өйткені қа­зақ Мұханбетжан Бекшінов болмағанда мен тірі жүрмес едім».

Иә, Григорий Наумович дұрыс айтады. Егер ол сол қатерден аман қалмағанында «41-жыл», «Солдат туралы баллада», «Ашық аспан» се­кілді кең тынысты, тамаша фильмдер болмас еді. Қазақ Мұханбетжан Бекшінов кім? Туыстары бар ма? Елге аман-сау оралды ма? Әлде Батыста бір төмпешік болып қалды ма?
1944 жылдың 23 тамызын­дағы «Красная звезда» газе­тінде қызық бір мақала жа­рияланған. Ол КСРО-ның екінші дүниежүзілік соғыс­та­ғы одақтастары АҚШ жә­не Ұлыбритания мемле­кет­тері басқыншыларға қарсы майданда ерлік көр­се­тіп, ма­рапатталған Кеңес офи­цер­лері мен жауынгер­лері­нің тізімін жариялаған. Сон­дағы 324 адамның ішінде жал­ғыз қазақ бар. Ол – аға сержант Жаппас Ізбасқанов. АҚШ президенті Рузвельт қол қойған Жарлықта оған «Ле­гион» ордені бе­рілгені айтылған.

Осы оқиғаны май­дангер жазушы Сағынғали Сейітов былайша әңгімелеген:

– Ол кісімен 1944 жылдың желтоқсанында 5-армияның 193 дивизияның штабында әс­кери тілші болып жүрген кезімде кездестім. Майдандық газетке мақала да жаздым. Жаппас Ізбасқанов Ақтөбе об­лысынан. Ауылда шофер, трак­торшы, ферма меңгерушісі болып жұмыс істеген. МТС директорының орынбасары қызметін атқарып жүріп, 1942 жылы шақырылған. Оның кеу­десіндегі шетелдік награда «Легион» ордені бес тармақты жұлдыз сияқты. Алтын жала­тылған лентасы үш түсті – көк, ақ, қызыл. Сол Жаппас Ізбасқанов Жеңіс күніне жетті ме? Елге оралды ма? Оның шетелдік наградаға ие болған санаулы қазақ жауынгерінің бірі екенін жерлестері біле ме?


1985 жылы Мәскеудегі «Пла­кат» баспасы «Жеңіс» атты иллюстрациялық күнтіз­бе шығарған. Басқа күнтізбе­ден оның ерекшелігі – мұндағы әр бет Ұлы Отан соғысы туралы бұрын еш жерде жа­рияланбаған жәдігерлерге то­лы болған. Ондағы жауын­гер­лер хаттарын, гильза мен медальон ішінен табылған ақ­тық сөздерді, қамал, блиндаж қабырғаларында жазылған қол­таңбалардан тұратын топ­тамаларды тебіренбей, тол­қымай оқу мүмкін емес. Со­лардың ішіндегі бір құжат түрме қабырғасында жазылып, кейін фотоға түсіріліп, КСРО Қорғаныс министрлігінің ар­хивіне өткізілген. Онда «Мен Пруссияда танкім жанып, қолға түстім. Таңертең атуға әкелді. Қош бол, жарық дүние…» делінген. Жоғарыдағы ақ­тық сөз орысша жазылған. Әсіресе ондағы соңғы сөйлем жүректі тербетіп, көзіңе жас үйіріп, жан дүниеңді ас­тан-кестең етеді «Прощай, бе­лый свет…». Бұл азамат Қа­зақстан­ның қай өңірінен, із­­деу­шілері бар ма екен деген сұ­рақ еріксіз ойыңа оралады.


Маршал И.Якубовскийдің «От жалынға оранған жер» атты мемуарында: «1943 жылғы 21 қазанда Днепрден өтер кезде гвардиялық танк пол­кінің командирі қазақ Ғали Әділбеков ерлікпен қаза тап­ты. Жастайынан жетім қал­ған ол балалық шағын Семей қаласында өткізген. Содан кейін 1925 жылы әскер қа­та­рына алынады да өмір жо­лында әбден ысылады.

Соғыстың алғашқы кезеңінен бастап-ақ Ғали Әділбеков қиындықтан қорықпайтын ер­жүрек әскери командир бол­ды. Аман болғанда бұл офицер қазақ танк әскерінің үлкен басшыларының бірі болып, көптеген даңқты істерді тын­дырар еді» деп толғана жазған.


Генерал-полковник П.Ро­ма­ненконың мемуарындағы: «Қазақтар – дархан көңілді, кеңпейіл, ержүрек батыр халық. Менің жауынгерлерім кілең қазақтардан құралса, өз басым оған әрқашан риза болар едім» немесе ағылшын зерттеушісі А.Верттің: «Қы­зыл Армияның табанды жа­уын­герлері – қазақтар еді. «Олар соғыстың өн бойын­дағы өздерін жақсы жақта­рынан көрсете білді» деген пайымдары көп жайды аң­ғартқандай. Жанқиярлықпен, табан­ды­лықпен басқа ұлт өкіл­деріне бас идіртіп, жоға­рыдағыдай жақ­сы пікірлерге негіз қала­ған сол ерлердің атта­рын тү­гендеп, анықтап жаңғыр­ту­да не тындырып жүрміз? Боз­дақтар есімімен қайта қа­уышуға не кедергі? Бойы­мыз­дағы жайбарақаттық па әлде немқұрайлылық па?


Опат болған әр боздақ ту­ралы деректі жинақтап, ұрпақ жадына көшірсек, үлкен жұ­мыс тындырылар еді.

Рысбай КӘРІМОВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі,

Жалағаш ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<