Елге тұтқа болған азамат

731

0

Мына өмірде азаматтық келбеті, үлгі алар адами қасиеті, шешендігі мен іскерлігі қанында бар кісілер болады. Соның бірі  – Бақытбек Әбдіқадырұлы Тәуекелов.  Бәкең маусым айында 63 жасқа толып, зейнеткерлікке шығады. Қазақ қадір тұтатын пайғамбар жасы ғой, сонымен қатар, талай жыл елге қызмет еткен бейнеттің зейнетке айналатын уақыты. Бұған жеткен де бар, жетпеген де бар. Осы себеппен Бәкең туралы көңілдегі кең сарайдың есігін айқара ашайын, білгенімді елге айтайын деген ойға келдім.

Азаматтың жүріп өткен жолы жастарға үлгі, танымағанға таразы болсын. Ауылда үш көше болатын. Бәкең екеуміз қатар жатқан екі көшенің аяғында тұратынбыз. Алдымыздағы ақыл айтатын, бой түзей­тін азаматтың бірі болды. Мен ауылда мек­теп директоры болғанда, Бәкең ауыл әкімі еді. Егемендіктің елең-алаңында уақыт­тың қиын кезі болатын. Жарық жоқ, үш қабатты мектепті жай пешпен жылытамыз, айлық уақтылы берілмейді, жөндеу жұмысына көк тиын қаралмайды. Сол кезде қолдан келгеннің бәрін жасауға тырыстық. Сондайда Бәкеңнің көп ақылы қажетке жарады. Білгенін айтты, қолдан келген көмегін берді. Сөйтіп көп мәселені шештік.

Бәкеңнің өткен өмір жолына қысқа­ша тоқтала кетейін. Бақытбек Әбді­қадырұлы 1955 жылы Қармақшы ауданы, Төрткүл ауылында өмірге келген. Жосалы қыстағындағы №26 Ш.Уәлиханов атындағы қазақ орта мектебінде білім алды. Еңбек жолын бұрынғы «Энгельс» атындағы колхозда колхозшы болып бас­тайды. Өндірістен қол үзбей жүріп, Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылығы институтының сырттай бөліміне оқуға түсіп, оны 1982 жылы инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп шықты. Ауылда түрлі қызметтер атқарды. Машина сақтау алаңының меңгерушісі, одан соң №1 өндіріс бригадасына жетекші етіп тағайындалды. Осы жерде бір нәрсені айта кету керек. Әкесі Әбдіқадыр өте байсалды, еңбексүйгіш, елге сыйлы, бір үйдің ғана емес, сол ауылдың адамдарына ақыл айта білетін абыройлы жан болды. «Әке көрген – оқ жонар» демекші, әке тәрбиесі баласына да оң әсерін бергені сөзсіз. Осындайда атақты Құнанбайдың «Мен Абайды тәрбиеледім. Абай ақылды болса, өзінен де асатын бала тәрбиелесін, оның мықтылығы содан көрінеді» дегені еске түседі.

1986 жылы ұйымдастырушылық қабіле­тімен көзге түскен Бақытбек Тәуе­келовті аудандық Совет атқару ко­митеті мен ауылдық Совет депутаттары Төрткүл ауылдық Совет атқару комитетінің төрағалығына сайлады. Осы қызметте жүріп елдің ауызбірлігін сақтаумен бірге отбасы мәселе­леріне дейін көңіл бөліп, белсенді жұмыс жасады.

Тәуелсіздік алып, мемлекеттік құры­лым өзгеріп, елдік сын сағаты басталғанда аудан әкімшілігі бұрыннан басшылық қызметте тәжірибесі бар маманды «Жаңа жол» ауылдық округі әкімі етіп тағай­ындады. Ауылда төраға, әкімдік қызметте 32 жыл басшылық жасады. Осы жылдар ішінде атқарылған жұмыстар мен келелі істер көзге көрініп тұр. Ауылдағы білім, мәдениет, денсаулық сақтау мекемелерімен тығыз байланыс орнатып, жұмыстарының оңға басуына септігін тигізді. Аз қамтамасыз етілген, тұрмысы төмен және әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасыларын үнемі назардан тыс қалдырмады. Ауыл орталығын көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына баса назар аударды. Нәти­желі жұмыстардың арқасында ауыл көркейіп, қала типтес елді мекенге айналды. Көшелер бойына темір шарбақтар қойылып, сырланды. Көше жиегіне жаяу жүргіншілерге арнап аяқжолдар төселді. Орталық саябақтағы «Жеңіс» мәңгілік алау ескерткіші қайта жаңғыртылып, айналасы абаттандырылды. Көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Ауылда демеушілікпен «Мәдірайым ишан» мешіті салынып, елдің игілігіне берілді. Осы жұмыстардың нәтижесінде ауыл қатарынан екі жыл бойы 2005, 2006 жылдары елді мекенді көркейту бойынша өткізілген облыстық конкурстың ІІ орын жеңімпазы болып арнайы дип­ломмен марапатталды. Ал, 2005 жылы Республикалық «Мәдениетті ауыл» номинациясын иеленді.

Бәкеңнің осы еңбектері ескеріліп, «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» медалімен, облыс, аудан әкімдерінің сан мәрте алғыс хаттарымен марапатталды. Еңбегі бағаланды, елі ардақтады.

Дастан МЫРЗАБЕКҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<