Елмен егіз туған ер

1232

0

Мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының ардагері Исатай Әбдікәрімов ел-халық ерекше құрмет тұтқан адам. Бірнеше ауданды, облысты басқарып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы қызметін атқарған бұл тұлғаның феномені том-том кітаптың мазмұнын құрар еді. Оның тағдыры күрделі, өмірі өнегелі, ал, есімі аңыз боп қалған. Біз де өз білгендерімізді бір деммен айтып өтпекпіз.

Шығыршының

балалары

Ашаршылық кезінде «Өз­гент­тің» жұрты да өлместің кү­нін кешті. Әбдікәрім әкей шығыршы еді. Күннің атысы мен батысы судың басында жүреді. Әңгіме-сөзбен шаруасы жоқ, саясат дегеніңнен мүлде құралақан. Айнала адамдар бір-бірін аңдып, бәле іздеген кез. Белсенділер белден басып, асырасілтеушілер аша тұяқты сыпырып жатыр. Аңқылдаған қазақы көңіл бір адамда қалған болса, осы Әбдікәрімде қалған.

Бір күні үйіне өзі жақсы көретін бір жамағайыны ке­ле қалды. Ескілік жолдан жы­ғыл­ғысы келмеген шал жал­ғыз қозысын сойып, ауыл кі­сі­лерімен қосып тамақ берді. Ертеңіне екі-үш ер адам суыт келіп, шалды алып кетті.  «Қал­меннің Әбдікәрімі колхоз­дың малын талан-таражға салып, өткен-кеткенге сойып беріп жатыр» деп асын ішкен адам­дардың бірі төсегін тіліпті, бәтшағар. Мұқтасарды білетін бұл кісінің бір кезде бала оқытқаны бар еді. Сонымен түрмеге қамап үш ай тергеді. Ақыры, «кеңес үкіметіне зияны жоқтығы» анықталды. Сонда шалдың үйге келіп айтқан сө­зі: «Үкімет әділ ғой, ақ-қа­ра­сын ашпай жібермейді» депті. Осы­дан кейін қазақы көңіл бір адамда қалған болса, осы кі­сіде қалды дегенді қалай айт­пайсың?!

Әбдікәрім әке мен Зәуре ананың үлкені Жапбар, онан кейінгі екі қыз Назым мен Зей­­неп тұрмысқа шыққан. 1930 жылы үйдің кіші баласы Исатайды ағасы Жаңақорған­дағы интернатқа оқуға берді. Шеңгелдің қоңырауын қағып, диірмен айналдырып талқан қыл­ған тұрмыстың ауыр күн­дері бастан өтті. Интернат­тың талғажауы – қара шай мен атала көжесі. Тері шалбар, жамау шекпен, құрау-құрау құлақшын, желге қамсау демесең, жетіскен киім емес. Бала Исатай осы тірліктің ішінде. Сол бір аты жаман ашаршылық кезеңінде Қалмен атаның екі ұлы, бір қызы, он немересі құрбан бол­ды.

Жапбар Жаңақорғанда сот­­­тың хатшысы еді, бір кезде мол­­даның баласы, қожа деп қу­даланды. Содан ақталып шы­ғып, аудан тергеушісі болып Шәуілдірге жұмыс ауыстыр­ғанда әкесінің қайтыс болған інісі Үсеннің баласы Мизам мен Исатайды өзімен бірге ала кетті. Сол жерде мектеп бі­тірген Исатай Шымкент тех­никумына түсті. Алайда, ұмы­тып бара жатқандай болған қудалау қайтып соқты. 1938 жылдың қысында Жапбарды «үш әріптің» адамдары ұстап, түрмеге жапты. Сол кеткеннен мол кетті. Сөйтіп, он төрт құр­сақ көтерген Зәуре ананың бір ұл, бір қызы – Назым мен Исатай ғана қалды.

Исатай ержетті, білім алды. Техникумды бітірген соң мың адам кетпендеп қазған Мыр­зашөл каналының қауырт жұ­мы­сына араласты. Біраз қара жұмыста шыңдалған талап­ты жас Алматының ауыл­шаруа­шылық институтына келіп түсті. Бірақ, оқуы ұзаққа бармады, елдегі ыстық тіршіліктің бойы­на мұздай су құйғандай соғыс деген сұрапыл басталып кетті. Сымдай тартылған азаматтар­мен бірге ағасының баласы Ми­зам екеуі майданға аттанды.

Шығырға да шама керек, бұл кезде қажыры ортайған Әбдікәрім шал ауылдан қиян шет колхоздың малын бағып жалғыз үй отырған.

«Қара қағаз»,

ақ тілеу

Жауынгер Исатай 1942-нің жазында Мәскеу, Калуга, Тула бағытындағы ұрысқа келіп кірді. Қырық рудан құралған жасақта кіл өрімдей жастар. Снаряд ысқырып бір жауғанда жаңағылардың жартысы жаһа­намға аттанып кете барады. Оқта таныс жоқ, қарасы ілін­генді қиып түседі. Ажалмен бет­­пе-бет келіп, от-жалынға ора­нып бара жатқан сол боздақ­тардың жай-күйін айтуға ыстық көмейімнен суырған сөздің шамасы жетпейді.

Исатайдың ротасы Жиздра өзенінің арғы бетіндегі жауды талқандау тапсырмасы бойын­ша таңғы сағат бестен бастап өткел салуға кірісті. Таңқараң­ғысында тасырлаған жау оғы қаншама солдатты жусатып салды. Жан берісіп жүріп ақы­ры арғы бетке аяқ артты. Исатайдың оң жағы да, сол жағы да солқ-солқ құлап жатыр. Қашан оқ тиеді деп қорқатын түйсік жоқ, тек алға ұмтылу ғана бар. Бір кезде өзі де естен тана құлап түскен. Ұрыс саябырсығанда сапты түгендегендер оны са­ни­тар­лардың көтеріп әкет­ке­нін білмей, айқасып жатқан өліктердің ішінде болар деп ойлап, ауылға қарай «қара қа­ғаз­ды» аттандырып жіберді. Со­ғыс­тағы есеп жүргізудің за­ңы солай.

«Қара қағаз» колхозға келіп жетті. Алдымен колхоз басқар­масы Оспанның қолына тиді. Ол кезде «басқарма бастығы» демейді, «басқарма» дейді. Осе­кеңнің өзі бұл кісілерге ағайын еді. Сондықтан басқарманың қиянда отырған шалға жаманат хабарды естіртуге дәті жетпеді. «Бәлкім жаңылыс шығар, ондай да оқиға болған» деп жүргенде «қара қағаз» екінші мәрте келді. Осекең енді сасайын деді. Қы­зыл әскердің хабарын уақы­тын­да жеткізбеген деп ертең біреу өзін жазғырмаса қайтсін.Сонымен, қасына ауылдың бес-алты үкенін ертіп, шалдың мекенін бетке алды. Сонадайдан келе жатқан адамдарды үйдің түрулі іргесінен көрген шал оларға айқай салды: «Кетіңдер әрі! Не айтқыларың бар? Балам өлген жоқ, ол тірі, тірі келеді!» Бұл сөзді естіген топ «Құдайлық іс қой» дегенді дауыстарын шығарып айта алмай, ілбіп кері бұрылды.

Шалдың шалт кететін себебі бар екен. Бір күн бұрын түс көріпті. Түсінде ақбоз үй тігіп, қымыз ішіп отыр екен. «Ақбоз үй баламның шаңырағы ғой, қымыз несібем ғой» деп сонда шал өз түсін өзі жорыпты.

Қайран, әке десейші! Ақ ті­леуін Алла беріп, Әбдікәрім шал­дың айтқаны айнымай кел­ді.

Жұлдыз боп

қалды жарқырап

Соғыстан аман-сау оралған жас Исатай келе Жаңақорған аудандық комсомол комите­тінің екінші хатшысы болды. Ол соғыста жүргенде де бата­льонның партком хатшысы болған. Саяси сауатты әрі омы­ра­уында орден-медаль жарқы­раған жеңіс жауынгері қандай жұмысқа да қайраулы. Сол жерде жүріп, ауаткомда хатшы болып істейтін Магүлсіммен танысып, тілек қосты.

Исатай ағаның партия са­пын­дағы қадамы осылай бас­талды. Әрі еңбексүйгіш, әрі ізденгіш жасқа көрген адам­ның көзі тойды. 1948 жылы Қар­­мақшы аудандық комсо­мол комитетіне 1-хатшы болып барды. Бір жылдан соң облыс­тық партия комитетіне нұсқау­шы болып оралды. 1952 жылы облыстық комсомол комите­тінің 1-хатшысы болды. Кең жер­де тар пейілге таңылған баяғы арызқойлар мұны көрмей қалмады. Сондағы арызы мы­нау: «Әкесі – молда, ағасы –халық жауы, өзі – қожа». Бірі қата, бірі бата тиген заман, сол арызбен біраз уақыт жұмыстан шеттеп те жүрді. Алайда, со­ғыс­тың ажалы алмаған қайсар кеудені арызқойдың қаламы кері итере алмады. 1954 жылы Мәскеудің жоғарғы пар­тия мектебінде оқып келіп, «Бәй­ге­құм» МТС-ның аймақтық хатшы­сы болды. Ал, 1957 жылы Шиелі ауданы партия коми­тетінің 1-хатшысы болып бекіді.

Осы бір жастық өмірінде Ыбырай Жақаев, Ұлбала Ал­тай­баева, Хан Леонтий секілді Алтын жұлдызды алыптармен бірге еңбек етті. Өзі өнерді сүюші еді. Қонысбек Қазантаев секілді өз ісіне берілген берен тұлғаны бір жағына алып жү­ріп, Шиеліге мәдениет үйін сал­дырды. Сол кездерде облыс басқарған Сужиков, Ықсанов, Бектұрғанов секілді елдің де, ердің де бағасын білетін азамат­тармен қойын-қолтық қызмет етті.

1962 жылы Қармақшы ау­дандық колхоз-совхоз басқарма­сының партком хатшылығына, 1965 жылы Жалағаш ауданы партия комитетінің 1-хатшысы қызметіне тағайындалды. Бұл кісінің азаматтық болмысының, басқарушылық қабілетінің ша­­рықтау кезеңі Жалағаш еді десек, жарасар. Мөрәлі Шәме­нов, Несіпбай Әпірезов, Алда­бер­ген Бисенов, Цай Ден Хак, Ұзақ Еспанов, Камал Бер­дәу­летов, Сәлима Жұмабе­кова се­кілді атақты тұлғалардың то­пы­рағында Исатай Әбдікә­рімовтің де еңбегі жанды, есімі құрметтелді.

Көлікке көтеріле еріп қою шаңы көз аштырмайтын жол­дар асфальтталды. Аудан орта­лы­ғынан ақшаңқан тұрғын үй­лермен бірге әсем мәдениет үйі, еңселі қонақүй салынды. Сегізінші бесжылдықта шаруа­шы­­лықтарда комплексті меха­ни­­ка­ландырылған звенолар құ­­ру, эконо­миканы біліп басқа­ру ісіне бағыттау секілді тәсіл­дермен жұмыс істеген аудан басқалардың алдына шықты. 510 мың центнер ақ маржан жинаған Жалағаштың өнімі бес жыл мерзімде екі жарым есе көтерілді.

Аудан жетекшілігіндегі осын­дай жетістіктері үшін 1971 жылы наурыз-сәуір  айын­да Мәскеуде өткен СОКП-ның ХХІV съезінде Исатай Әбді­кә­рімовке 5 мың делегаттың ал­дында Кеңес одағының ең жоғарғы марапаты Социалистік Еңбек Ері атағы табысталды.

1972 жылы оның басшылық­тағы біліктілігі, еңбектегі тама­ша бастамашылдықтары есепке алынып, Қызылорда облысы партия комитетінің 1-хатшысы болып бекітілді.

Облыста өндіріс орындарын ашуға көмек алу үшін Бас хат­шы Брежневтің алдына кі­руі, «Құмкөл», «Шалқия» ке­ніш­терінің игілігі, Қызылорда қала­сын­да­ғы тоқылмай­тын маталар фаб­ри­касының іске қосылуы, музыкалық училищенің ашы­луы, Тасбөгеттегі мәдениет үйі­­­нің салынуы – обкомның 1-хат­шысы кезіндегі Исатай Әбдікәрімовтің төл қолтаңбасы. Әрине, бұл халық үшін жасалған ауқымды жұмыстардың бәрі емес. Оның бәрін тізімдеуге газет беті тарлық қылады.

Осындай тау тұлға респуб­лика деңгейіндегі басшылыққа да қажет еді, сөйтіп, 1978 жы­лы желтоқсан айында ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Пре­зидиу­мының төрағасы болды.

Ел мен ердің

болмысы егіз

Исекеңнің ел аузында қалған есімі оның қарапайым халыққа жасаған жақсылығымен көбі­рек айтылатынына куәміз. Қара­­пайым жұрт алған орден-меда­льдарыңды санап отырмайды екен, олар қашанда азаматты ер болмысымен, адами биіктігімен бағалайды. 

Біз мұны ел аузынан да естіп жүрміз, тұлға жайында жазылған бірнеше кітапты оқы­ғанда да соған көзіміз жетті.

Ағамыздың Шиелі ауданын­да жүрген кезі болса керек. Айдарлы жақта жұмысы болып, алашаң жолмен асығып келе жатса, жол жиегінде ерсілі-қарсылы кезген біреулерді кө­реді. Үлкен бастықтың маши­насы екенін біліп, олар тіпті қол көтермепті де.

– Тоқтайықшы, – депті аға­мыз, – мыналардың түрі келісіп тұрған жоқ.

Тоқтаса, әлгілер үндемейді дейді. Сөйтсе, үйде бір келін­шек үш сағаттан бері толғатып қиналып жатыр екен. Исағаң со­ны естіп, оларға ұрсып беріпті.

– Бастық атаулыдан жүрек­терің шайлығып, жақсылық дә­метуді қойғансыңдар ма, жоқ өздеріңнің жандарың қиналма­ғасын бәрібір ме?!

Сонымен, Исағаң қасындағы қызметкерін көліктен түсіріп тастап, келіншек пен сол үйдің адамын алып, Айдарлыға тар­тады. Кешіккенде жағдай қиын болатындай, әйтеуір аман-есен іңгәлап ұл бала дүниеге келеді. Сол жерде бір үлкен кісі:

– Осы баланың атын өзің қойып кет, – деп өтініш айтады.

– Жаңа туған бала ғой, атын бар болсын деп қоя салуға да болар еді. Бірақ, адамға бар болу аз екен, ер болу керек екен. Бұл баланың атын Ерболсын қояйық, – депті сонда Исағаң.

Сол бала өзін әлі күнге «Иса­тайдың баласымын» дейді екен.

Бір күні обком хатшысының алдына бір кемпір кіреді.

– Шырағым, мені шырамыт­қан шығарсың, Жалағаштың кемпірімін, – деп кейуана өзінің бір қызы бар екенін осы қалада пәтер жалдаудан әбден мезі болып, ақырында күйеубаламен ажырасып жүргенін айтады.

– Ертең қызыңызды осында ертіп келіңіз, – деп Исағаң кемпірді шығарып салады да, күйеубаланың жұмыс орнын сұрап біліп, оны да шақырады. Сосын қалалық кеңеске телефон шалып, жағдайды білдіреді. Сәті түскенде бір мекеменің бос тұрған үйі бар екен.

Ертеңіне қыз да, күйеубала да жетеді. Иә, ол кезде ажы­расқандар бейморальдық жолға түскендер деп есептелетін.

Бі­рақ, онсыз да жадап-жүдеп жүр­ген жанға 1-хатшы ештеңе демей, «Мынау сендердің үй­лерің» деп, 3 бөлмелі пәтердің кілтін береді. Исағаңның өстіп кітап ашып, заң қарап, қағаз­дас­тырып жатпай-ақ талай адамға жақсы­лығы өтті дейді ел іші.

Мұндай мысалдар көп. Біз­дің мысалымыз – ел мен ер қай кезде де бітеқайнасып, бір-бірінен қуат алып, бір-бірін іздейтін егіз жандардай болады дегенді айту еді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<