Замана желімен құндылықтар ауысқанымен, Адам үшін ең басты мақсат – ісіңнің ізгілікке айналуы, жасаған жұмысыңның көпшіліктің кәдесіне жарауы деп ой түйсек жаңылыспаймыз. Отан игілігіне қызмет жасап, халыққа қажеттілігіңді сезіну – расында зор бақыт! Мұндай қадамға баруға қоғамның әр мүшесінің мүмкіндігі бола тұрса да, бірі ат басын дұрыс бағыттай қалады, ал екінші бірі пейілінен тура жолдан ауытқып жатады. Енді бірінің мақсатын жүзеге асыруға күш-жігері жетпейді дегендей. Қай істі де жаратушы қолдаса, оңға басады деген тәмсілге тізгін тарта отырып, осы тараптағы әңгімемізді одан әрі өрбіткеніміз жөн секілді. Біздің бүгінгі бас кейіпкеріміз – Шиелі ауданы Жақаев ауылындағы «Алтын дән» шаруа қожалығының төрағасы Асқар Бердібаев.
Сонау жылдары жекешелендіру науқаны басталған кезде айрандай ұйып отырған Жақаев ауылының шаруасы да қожырап қоя берді. Аудан, одан әрісі облыс көлемінде атағы дүрілдеп келген шаруашылық, әсіресе науқан әсерінен бірнеше майда шаруашылыққа бөлініп шашырады да кетті. Қазағымның айта беретін «бөлінгенді бөрі жейді» мақалы осы сәтке дәл келе қалмаса да, бұрын бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып отырған ауыл адамдарының осы тұста не істерін білмей абдырып қалғаны шын еді. Бұл біз сөз етіп отырған бір ауылға ғана емес, Сыр бойының оңтүстігіндегі барлық ауылдарға тән жағдай еді десек, сол қысылтаяң шақты басынан өткерген аға ұрпақ өкілдері жоқ демейтіні түсінікті.
Несін айтасың, шырайлы Шиелінің дәл іргесіндегі бұрын «Қызылту» атанған колхоздың айдарына жел ескендей еді. Жылма-жыл жоспары мен міндеттемелерін асыра орындаған шаруашылық озаттарға берілетін ауыспалы Туды төріне қадаса, басшылары құрметке бөленді. Ал осы шаруаның қысы-жазы қасында жүретін қарапайым жұмысшылары қосымша ақыны күреп алып мәре-сәре болатын-ды. Өйткені, оған салынған сара жол бар еді. «Тәңірі әуелі жерге береді, жерге бергенді елге береді, елге бергенді ерге береді, ерге бергенді төгілген жерге береді» деп халық даналығының сөз өріміндегідей дала академигі атанған Ыбырай Жақаев бүгінгіге арман, кейінгіге аңыз секілді. Диқан ата ел таңғаларлық еңбек нәтижесіне сүйекке біткен қажырлылығы, еңбекқорлығы, жермен тілдесіп, сумен сырласа алатын білгірлігі арқасында жетті. Әрине, жалғыздың үні шықпас еді, оның ортасы, ауылдастары бұл іске аса ықыласты атсалыспаса. Колхоз төрағасы Сыздық Боқаев пен ғалым-агроном Әнес Алтынбековтың үлкен шаруаның басы-қасында жүргендігін айтпасақ, әділеттіліктен аттап өткен болар едік. Күріш өсіруден дүниежүзілік рекорд тынымсыз еңбек пен ынтымақтың арқасында жасалған-ды.
Ол кезде барлық шаруа қол күшімен атқарылады. Бозала таңнан егін басында болатын егіншілер көз байланғанда ғана үйіне қайтатын, егіс басына түнеп қалар кездер де аз емес еді. Өгіз соқа, ат арба, міне, сондағы бар техника. Тұқым тазалау, оны дайындау бәрі де қолдан өтеді. Күріш дәніне күрмек араласса, есіл бейнет екі еселенді дей беріңіз. Арамшөптің «өлермендігі» сол керекті дақылдан бұрын бой көтеріп, қасапшының қызындай тез жетіледі. Күріш буынын тіктеймін дегенше оның әл бермей кететін кесірлігін айтсаңызшы. Міне, сондықтан да егіншілікте немқұрайлы атқаратын іс жоқ. Жалықпай іздену, жанқиярлық еңбек нәтижесі Ыбырай Жақаев басқарған күріш звеносының 1947 жылы әр гектардан 172 центнерден күріш дәнін алып, дүниежүзілік рекорд жасауына жол ашты. Бұл әлем тарихында болмаған ірі оқиға еді. Интернационалды Кеңес Одағында саны аз қазақ ұлтының абыройының оза түсуіне Ыбырай атаның осындай үлесі бар. Сондықтан да, оны кейінгі ұрпақ мақтаныш тұтады, әлі де алынбаған биіктерге сол рухта ұмтылады.
Еңбек кемеңгері маңдай терін тамшылатып, үзбей егін еккен құтты мекен «Ыбырай түбегі» аталып тарихта қалды. Әлі күнге сол жерден оның ұрпақтары дән сеуіп, нәпақасын теріп жүр. Міне, еңбектің ізгілігі, сабақтастығы деген осы. Тусыраған жердің қалың қопасын қолмен қопарып, егін еккен алғашқы жылдардан бері арада сексен жыл зырлап өте шығыпты. Енді бұл кәделі жерде олардың өзі болмаса да, көзі деп айтарлық ұрпақтары тіршілік үшін күрестің бел ортасында жүр. Соның бірі – жоғарыда тілге тиек еткен Асқар Айтөреұлы атты батыр!
– Әкеміз бен анамыз колхоз жұмысынан қол үзген емес. Сабақтан тыс уақытымызда үлкендерге қолғабыс жасап, егістік даласында біздер де жиі болатынбыз. Аяқта резина етік, қолда кетпен дегендей, арықты қомдау, суару, шабындық жұмыстарының бәріне де бала болсақ та, атсалысатынбыз. Ал күзде егін жинау науқанында, әрине, тыным көрмейміз. Осы шаруалардың бәріне көзіміз қанығып өскен соң кейінгі жылдардағы өнімсіз тірлікке көңілім толмайтын-ды. Мұны сыртқа шығарып айтпасам да, іштегі бұлқыныс ауыл шаруашылығына жаңаша бір серпілістің керек екендігін сездіретін еді, – дейді шаруашылық төрағасы Асқар бауырымыз.
Сынып жетекшісі Гүлпара апайының: «Сенен тәуір педагог шығады» деген бағытына бойсынғанымен ауыл шаруашылығына өте қажетті маманның бірі – инженер-механик болуға аңсары ауды да тұрды. Әкесі Айтөре жүгері звеносының жетекшісі кезінде бітік шыққан дәнді дақылды жинап алудың машақатын айтып, түнімен дөңбекшіп шығушы еді. Пісіп тұрған собықты дер кезінде жинап алмаса, шығыны көбейе береді. Қолмен қайырып, пәленбай гектар жердегі дәнді толық жинап алу тағы да мүмкін емес. Мал жапырады, суыққа ұрынады дегендей, оған өзінен басқа жау көп. Бұл соңында жаз бойғы есіл еңбектің желге ұшқанымен бірдей. Кейіннен «Херсон» деген комбайн келіп, рақат болды. Көпсалалы техниканы украиндық инженерлер құрастырып шығарған-ды. Міне, осы көріністердің бәрі жас баланың көңілінде хаттала келе, инженер мамандығын игеруге деген талпынысын күшейте түсті. Нәтижесінде, Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетінің механика факультетіне алып келіп еді. Аталған жоғарғы оқу орнын 2002 жылы үздік бітірді де Асқар Бердібаев өзінің туған ауылына келіп, шаруашылыққа араласты. Отбасы мүшелерінен құралған «Еңбек» шаруа қожалығының қарамағында небәрі елу гектардай ғана жер бар еді. Оның да көбісі – күтімсіздіктен жабайыланып кеткен егін алқабы.
Мамандығына сай осыларды реттеймін деп жүріп үш-төрт жылы өте шығыпты. Дегенде, балаң жігіттің тәжірибесі толысып, қай шаруаға да өзінше бағам жасауға, ой түюге қабілеті жеткендей еді. Мұны отағасы Айтөре де сезді ғой деймін, шаруашылыққа қатысты жағдайларда онымен пікірлесіп отыруды әдетке айналдырды. Кейіннен баласының алымды екендігін мойындап, бар билікті Асқардың өзіне берді. Міне, осы тұста майда шаруашылықтарды ірілендіру туралы мамандар пікірі жиірек айтыла бастады.
Әсіресе, облыстық «Сыр бойы» газетінің «Ауыл ахуалы» атты айдарында осы бағыттағы оң өзгерістерді жиі насихаттап, озат шаруашылықтардың үлгісін көрсету шет-шеттегі шаруалардың да құлшынысын оятқаны бар.
Ауыл әкімі Мұқабай шаруашылықты ірілендіру мақсатындағы жұмысты жас та жігерлі маман Бердібаевтың қолға алуына ұсыныс айтты. Басқа шаруа қожалық мүшелеріне ірілендіру саясаты арқылы көлемді несие алуға болатындығын, жаңа техникаларға қол жеткізу мүмкіндігінің молаятындығын айтумен болды. Сонымен біздің кейіпкеріміз осы жауапты науқанның бел ортасына күмп ете түсті. Іріленген «Алтын дән» шаруа қожалығы осылай құрылды. Нәтижесінде ауылдағы сегіз бірдей шаруашылықты қанатының астына алып, жұмысты бастап та кетті.
«Балапанды күзде санайды» демекші, егінді бірлесе егу, суға бастыру, үстеп қоректендіру жұмыстары агротехнологияға сай, өнімді жүргізілгенін айтсаңшы! Әсіресе, күзде өнім жинау науқаны ықшам да нәтижелі өтті. Бастысы, еңбекшілердің табысы артып, әлеуеті көтерілді. Осылайша шаруалардың бір-біріне деген сенімі нығайды. Бұл расында ауылшаруашылық саласындағы үлкен бетбұрыстың алғашқы қадамы еді десек, артықтық етпейді.
Өз бағыты мен шаруасы қалыптасқан Асқар Бердібаевтың басшылығындағы «Алтын дән» шаруа қожалығы Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен қатар, екі мәрте Еңбек Ері атанған Ы.Жақаев атамыздың 125 жылдық мерекесі тойланған 2016 жылы «Ең үздік шаруашылық» атағын жеңіп алды. Төраға мен озат диқандар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен бірге өзге де еңбек озаттары «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Жұмабеков, «Шиелі-МТС» ЖШС төрағасы Бақытжан Тасболатов және «Төңкеріс и К» шаруа қожалығының төрағасы Бауыржан Көпеев сахна төріне көтерілді. Олардың біріне сыйлыққа теледидар, тоңазытқыш табыс етілді.
– Өткен жылы да озаттар қатарынан көрінсек, биылғы жылдың өзіндік қиындықтарына қарамастан, жеңісті жолымызды жалғастыру ниетіндеміз. 1300 гектарға Сыр салысын ексек, қазіргі жағдайына қарай межелі өнім алуға болатындығын болжап отырмыз. Бұл орайда звено жетекшілері Әзім Мәмбетәлиев, Асхат Қалакеев, Байділда Нұрлыбаев сынды азаматтар барлық мүмкіндікті пайдаланып, күріштігіміздің жоғары сапалы өнім беруіне қызмет жасауда. Сондай-ақ, қарамағымыздағы 250 гектар ескі жоңышқаның қазір үшінші орымына кірісе бастадық. Одан 70 центнерден орташа өнім алып, ауданның мал шаруашылығымен шұғылданатын шаруаларына жем-шөптің берік қорын жасауға үлес қосудамыз, – дейді шаруа қожалығының төрағасы.
Тамыз айының соңына қарай күріш жинау науқанының басталатыны белгілі. Комбайншылар Құрбан Дәткенов, Ерман Шалбаев, Серік Әбілов, Тұрар Мақановтардың техниканы дайындау үстіндегі қым-қуыт тіршілігіне де куә болып үлгердік. Сондай-ақ, сонау ерте көктемнен ат үстінен түспей жүрген озат механизаторлар Әшірхан Төребеков, Алмас Смаханов, Жалғас Әділовтер де тиянақты дайындық үстінде. Жұмысшылар Ерехан Жантөреев пен Орал Байдәулетов сынды жас жігіттер дала жұмысына төселгендігімен қуантты. Мынау әркімнің өз қара басын сауғалаған заманда не жұмыс жоқ, не оқу жоқ берекесіз кезбелікпен күн өткізіп жүрген жеткіншектер осылардан өнеге алса, қиналмас еді деп те ойлайсың әлгі жастарға қарап тұрып.
Иә, Шиелі – киелі мекен. Корей халқының өкілі Ким Ман Сам алғаш жол салып жергілікті халыққа егіншілік тәжірибесімен көз қанықтырса, кетпенін қара жерге құлаштай ендіретін қазақтың қара шалының тұңғиық, тынымсыз тірлігі кейінгілерге үлгі болды. Еңбек абыройына бөленген Ұлдар Дәуішова, Шырынкүл Қазанбаева, Байдүйсен Оразов, Ертіш Дүйсеков, Зәһира Ержанова, Жадыра Таспанбетова, Еңбек Ері және Батыр Ана Ұлбала Алтайбаевалар – үлкен ұғымнан үлгі алған ел мақтаныштары. Міне, осы сара жолды қырық жастың қырқасына қол салған Асқар Бердібаев сынды азаматымыз жалғастырып келеді. Елге жасаған қамқорлығын өзі айта қоймады, алайда, осы өңірде тұратындықтан аймақтың біршама жаңалығынан хабардар болып жүретініміз бар. «Алтын дән» шаруа қожалығының төрағасы өткен жылы өз қаржысы есебінен ауылдағы мешіт жанынан 200 адамға арналған асхана салып берді. Кешегі індет басталғанға дейін ауыл тұрғындары осы жерде бас қосып, ардақтыларына құран бағыштап, жеңілдеп қалған жайы бар. Ауыл әкімі қызметін атқарған осы ауылдың тумасы, жақында бақилық сапарға аттанған Сламбек Монтаевпен бірлесе бірнеше ауқымды жоспарларды қолға алғаны да ауылдастарының көз алдында. Ауыл жастарына арнап жалпы құны 180 млн теңге тұратын спорт кешенінің құрлысы бастау алды. Ауыл алаңындағы аллеяны көркейту-көгалдандыру жұмыстарын да осы шарушылық жүргізді.
– Бастысы, ауыл адамдарының жұмыспен қамтылып, өз нәпақасын адал бейнетпен табуын айтсаңызшы! Шаруашылыққа 250 адам мүше болса, нақты жұмыспен жетпістей адам қамтылып отыр. Оның сыртында бақша, көкөніс егетін маусымдық жұмыспен шұғылданатын тұрғындар бар. Солардың бәріне жағдай жасап отырған Асқар баламыз. Айтпақшы, мұнда мал шаруашылығы да қалыс қалмай даму үстінде. Әуелгідегі азғантай жылқының басы 200-ден асқандығы – соның белгісі. Бұл тірлікте де 4-5 адам еңбек етеді. Жоғарыда айтылған шаруашылыққа мүше тұрғындар арзан бағада күрішін, жем-шөбін алып тұрады. Еңбекке жарамсыздығы бар ауыл адамдары да шаруашылық басшысының назарынан тыс қалған емес, оларға да көмек беріп, қамқор қолын созып отыратындығымен мырзалығын аңғартады, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразәлі Абдуллаев. Сонымен қатар мәдени шаралар, спорттық жарыстарға да демеушілік жасайтындығын ауылдастары жыр етіп айтты.
«Алтын дән» шаруа қожалығының жаңашылдығын осы мақала барысында оқырмандар назарына ұсынған едік, соның бір дәлеліндей, ауыл шетінен күріш өңдейтін зауыттың салынып жатқандығын айтуға болар. Тұрғызылуына 120 млн теңге жұмсалған зауыттың жабдықтары үшін әлі де 60 млн теңге қарастырылып отыр. Бұл да ертеңгі игіліктің баспалдағы іспетті.
«Баласы атқа мінсе, үйдегі ата-анасы тақымын қысады» демекші, еңбек адамдары Айтөре мен Күнімай төртінші балалары Асқардың осындай ауқымды шаруа басында жүргеніне қуанып, тілекші болып отырады. Бұл, әрине, олар үшін үлкен мәртебе! Сондай-ақ, кейіпкеріміздің жан жары Рахила Нұрлыбаева отағасының жәрдемшісі болуымен бірге аудандық байланыс бөлімінің белді қызметкері. Бұл отбасының шаңырағында өсіп-өнген үш ұл да келешек елге қызмет етудің жолында жетіліп келеді.
Ауылдың азаматы осылай болса керек-ті.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<