Еңбекпен есейген әулет

799

0

Тағдыр шіркінге дауа жоқ. Адам баласы әуелі шыр етіп жерге түскенде пешенесіне жазылғанын көреді екен. Арал теңізінің қойнауындағы Мергенсай ауылдық кеңесінде сонау 1920 жылы жарық дүниеге келген Төлебай Жолмағамбетұлы – сол тағдырдың теперішін бір адамдай тартып өскен жан. Жасы жиырма екіден енді асқанда қолына қару алып 1942 жылы ел қорғауға аттанады.

Баласының артында жы­лап-сықтап анасы Тынымай Әл­мен­қызы қалды. Жарықтық, құмалақ тартып, та­мыр ұстайтын қасиеті бар кісі еді. Майданнан бірі ба­ласының, енді бірі қоса­ғының хабарын біл­мек болып Ты­нымай әжеге таң атпай шұ­быратын. Өзінің баласы оқ пен оттың ор­тасында арпа­лысып жүр­ген ана байғұс маңдай тіреп кел­ген­дердің бірде-бірінің көңілін қал­дырмайтын көрінеді.

– Әжемнің қырық бір құмалақ тасы бертінге дейін сақталыпты деп еске алады немересі, Белкөл кентінің тұрғыны Қасымхан Тө­лебаев осы жағдайдан хабар бере отырып.

Ана үміті алдамапты. Бала­сы Төлебай келді бір күні май­даннан. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген осы да. Соғыс жайлы сұраған­дар­ға сараң жауап қайтарады. Ауыл­дастарының майдангер әң­гі­месінен сондағы ұққаны төмен­дегідей еді.

Сол 1942 жылғы қызыл шұ­нақ аязды, қарлы-боранды қы­тымыр қыста соғыстағы №227 артиллерия полкіне қатар­дағы атқыш болып кірген Төле­бай Жол­мағамбетұлы жарты Еуро­паны жаяу-жал­пылап басып өте­ді. Талай рет майдан­ның ал­ғы шебінде ата жау­ды ауыр ар­тил­лерия снаряд­ымен төм­пештейді. Ақыры же­ңіс күнін Еуропа же­рінде, әс­кер қатарында қарсы алып, Арал­ға 1947 жылғы жел­тоқсанда аман-сау оралады.

Майдангер азамат 1948 жыл­дан 1964 жылға дейін аудандық өндірістік комбинатта шебер бо­лып әктас өндіру, кірпіш құю сияқты қара жұмыста шыңда­лады. Ол кездері әктас осы күнгі Жақсықылыш кентінің маңайын­дағы Жыңғылдықақ деген жерде өндіріліп үй әктеуге пайдаланса, кірпіш Арал қаласы іргесінде әзір­леніп, құрылыс материалы ре­тінде жұмсалған көрінеді. Кейін Төлебай ақсақал 1964 жыл­дан 1976 жылға дейін сол қала­дағы әскерилендірілген күзет ме­кемесінде, сол жылдан 1982 жылға дейін асқаралы алпыс жас – зейнетке жеткенше Арал теңізі темір жол стансасында ең­бек еткен көрінеді. Қосағы Орын­күл Тоқышқызының жасы тоқсанда. Бірінші топ көз мүге­дегі. Жасы зейнетке жеткенше еңбектен қол үзбепті.

Омырауында «Отан соғы­сы» ордені және ондаған жауын­герлік медальдары жарқы­ра­ған май­дан­гер әке бейбіт еңбек  ма­ра­пат­тарына да ие болған еді. Өт­кен жылы Арал қаласын­да­ғы бір көшеге майдангер Т.Жал­мағамбет­ұлының есімін  ла­йық­таған аудан, қала басшы­лығына баласы Қасымхан Төлебаевтың алғысы шексіз. Оның сөзінен ұқ­қанымыз, мектеп оқушысы жыл­дарындағы жазғы демалыста байланыс торабында хат тасушы болып он төрт жасынан бастап еңбекке араласыпты.

– Еңбек адамды қанаттан­дырады деген әке тәрбиесі ғой бұл. Соның ықпалымен бай­ла­ныс бөлімшесіне уақытша жұ­мысқа қабылданып, республи­калық, облыстық, аудандық га­зет-журналдарды, күнделікті хат-хабарларды үй-үйге вело­си­педпен тасымалдап жеткі­зе­тінбіз. Бір жағынан байланыс торабы хат тасушыларға көлік құралы ретінде пайдалануға ве­лосипед беретін. Соған қызығып хат тасушы болғаным әлі есімде, – дейді ол.

Зейнет жасына жеткенше Арал аудандық байланыс тора­бын­да экономист және басқа жауап­ты қызметтер атқарған ол әлі күн­ге қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүр. Қасымханның әсі­ресе, туып-өскен жерінің өткен тарихы туралы айтқан әңгімесі қызықтырды бізді.

– Арал қаласында елуінші жылдарға дейін әйнек зауыты, әкем соғыстан келе тер төккен өндірістік комбинат және бас­қа ірілі-ұсақты мекемелер бо­лыпты. Мысалы, сол өндірістік комбинат кеңес үкіметінің ал­пысыншы-жетпісінші жылдары тұрмыс қа­жетін өтеу комбинаты атанған, – деді Қасекең әңгімесін әрлей түсіп.

Бір заманда сол аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатын Қасым Құлманов деген кісі бас­қарған. Сұрапыл соғысқа бас­тан-аяқ қатысқан. Әкемнен есіт­кен әңгімем. Сол кісі соғыста жүргенде ауылға ар­тынан «ер­лікпен қаза тапты» деген «қара қағаз» келіпті. Бүкіл ауыл жылап-сықтап қайғы­ның қара бұлтын жамылып отыр­ғанда бір күні көктен түскендей әлгі Қасым көкеміз әскерден аман-сау оралыпты. Сондай да адам сенгісіз оқиғалар болған ғой.

Майдангер Төлебай Жолма­ғам­бетұлы мен Орынша То­қыш­қызы жарты ғасырдан астам тату-тәтті жұбайлық ғұмыр ке­шіпті. Балаларын жастай еңбек­сүйгіштікке, адамгерші­лікке, адал­дыққа тәрбиелеген қос қа­рия­ның ұлы Қасымхан әке өне­гесін былай деп еске алады:

– Көшеден, мектептен бір нәрсені тауып әкелсек, әкем де­реу «Алған жеріңе апарып тас­та, кісінің мүлкіне қол салма, қызықпа!» деп зілденетін.

Бала тәрбиесі бесіктен, от­басынан басталады. Адал адам – іргетасы берік мемлекет айнасы. Адалдық, ізгілік бар жерге ба­қыт құсы қонады, арамдық жола­майды. Біз Қасымхан ақсақалдың әңгімесінен осыны ұқтық.

Онан әрі ол өз сөзінде бір заманда малшылар мен ба­лық­шылар үшін жұмыс және мініс аттарының әбзелдерін, қаза­қы саптама етік, күнделікті тұр­мысқа қажетті, осы күндері тап­тырмайтын әртүрлі керек-жарақ жасайтын сол меке­мелерді неге қайта ашпасқа деген ойларын ортаға салды. Тіпті Қасымхан сол комбинатта шебер болған әкесіне еріп барып бес жасында көрген-білгенін ұмытпай қаз-қалпында баяндап берді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ұлы еңбекпен шыңдалған осындай тату-тәтті отбасылар қатары еге­менді елімізде көбейе берсін демекпіз. Өйткені, Отан осындай отбасынан басталады.

Т.Нұржан-Балта

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<