1976 жылы 2-курста оқып жүрген кезіміз. Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Х.Нұғманованың педагогикадан оқитын лекциясын тыңдауға аудиторияға жиналып күтіп отырмыз. Бір кезде апайымыз жарқ-жұрқ етіп кіріп келе жатты. Сәнді киінген, өзі ажарлы адамды ерекше талғаммен таңдалып киілген киім-кешек одан сайын құлпыртып жіберген. Лекторды тыңдап, бір-бірімен салыстырып, пікір түюге қалыптасып келе жатқанбыз. Хадиша апай лекцияны өте жақсы оқыды. Лекцияның материалын жақсы игергенін, теориялық білімінің лекция тақырыбына орай жеткілікті дәрежеде екенін байқап үлгірдік. Лекция арасында апайымыз орыс педагогтарының кейбір сөздерін орысшалап та айтып жіберіп отырады екен. Ол кезде бұндай жағдайдың ешқандай сөкеттігі жоқ, керісінше апайға жарасып-ақ тұратындай көрінген.
Қазір біліп жүрміз ғой, жақсы лектор болу үшін көп нәрсе керек. Әрине, ең бастысы – білім. Ал сол біліміңізді аудиторияға жеткізе алу-алмау деген де – үлкен мәселе. Кез келген пәнді оқытудың өзіндік қыр-сыры өте көп. Сондықтан болар, методика, яғни, оқыту өзгеше ғылым саласы болып қазір педагогиканың ажырамас, құрамдас бөлігіне айналып кетті. Хадиша апайымыздың өз пәнін жақсы білетіні өз алдына, ойын сондай сабырлы, нақты мысалдармен жақсы тұздықтап жеткізеді екен. Өзі әдемі адам, сөйлегенде, лекция оқығанда ерекше бір күйге түсіп, шабыттанатыны байқалады. Апайдың лекторлық ерекшелігінде артистік өнерінің элементтері көзге көрініп тұрды. Нағыз лекторға бұл да керек.
Лектордың сыртқы келбеті, киім киісі, жүріс-тұрысы, бәрі әдемі болуы керектігіне қоса, ішкі дүниесі, яғни, жаны сұлу болуы тиіс. Студенттер, аудитория бәрін байқап отырады, яғни лекторға ішкі, сыртқы қасиеттерін жарқырата көрсету үшін әдемі мінез керек.
Хадиша Ермақашқызы мінезді адам болатын. Ол лекция оқып тұрып-ақ, жайдары мінезін, жанының сұлу әлемін жарқырата көрсететін. Содан болар, оны тыңдаған жұрт ынтығып отырар еді.
Ұлы Абай «Екі түрлі нәрсе ғой, Сыр мен сымбат» деп, ішкі және сыртқы сұлулықтың бір-бірінен бөлек дүниелер екенін айтқанда, олардың өзара үйлесімін, келісімін жоққа шығарған жоқ. Сыртқы және ішкі сұлулықтың үндескен әсем гармониясы, бәрінен бұрын, міне, осы лекторға керек. Жақсы, сұлу лектордың түр-түсі, кескін-келбеті аудиторияға қандай әдемі әсер берсе, оның ішкі жан дүниесіндегі жылу мен сәуле аудиторияға жан бітіре түсіп, тыңдаушыларын ғылымның сиқырлы әлеміне тарта түседі. Хадиша апамыздың бойында, міне, осы қасиеттер бар еді. Университет қабырғасында 40 жылдан асты, өзім де лекция оқып келе жатырмын. Шебер лектор білгенінің бәрін 1-2 лекцияда ақтара салмайды. Көп нәрсені шетінен мүжіп, аз-аздан беріп, тыңдаушыға жеткізіп отыру оңай шаруа емес. Міне, осы жерде лекторға методика көмекке келеді. Демек, жақсы лектор болу үшін, алдымен методист болу керек екен. Хадиша Ермақашқызы сынды лекторлардың тәжірибесі осыны көрсетті.
Қазіргі әл Фараби атындағы ҚазҰУ-да аспирантураның алдында 1 жыл стажировкадан өткенім бар. Тағылымдаманың талабы бойынша жылына 100 сағат көлемінде 1-семестрде 50, 2-семестрде 50 сағат лекторлардың лекциясына кіруіміз керек екен. Қайдан білейін, ол кезде жаспыз ғой, лекцияға кіруге белсене кірісіп кеттім. Ол кезде, қазіргі әл Фараби атындағы ҚазҰУ-да, 1984-85 оқу жылы ғой, филологияның корифейлерінің бәрі (академиктер М.Қаратаев, З.Қабдолов, З.Ахметов, профессорлар Т.Кәкішев, Х.Сүйіншәлиев, Р.Нұрғали, т.б.) лекция оқиды. Бәрінің дәрісіне кіре бастадым. Студенттерден бұрын аудиторияға кіріп аламын да, тапжылмай отырып тыңдаймын, кейбіреулерінің лекциясын конспектілеп те алатын болдым. 1-2 айдан кейін байқасам, менің жиі-жиі лекцияға кіре беретінім кейбіреулеріне онша ұнай қоймайтын сияқты. Осындай да қызықтар болған. Атағы дардай болғанымен, кейбір ағаларымыздың оқыған лекциялары көңілімнен шықпады. Бұған мен біразға дейін таңғалып жүрдім. Маған академиктер З.Қабдолов пен З.Ахметовтің, профессорлардан Р.Нұрғалидың лекциялары қатты ұнайтын. Лекторлық шеберлік дегеннің білімділіктен басқа бір дүние екенін сонда ұға түскем.
Қысқасы, Хадиша Ермақашқызы қазақ қыздарынан алғашқы шыққан білімді де білікті, ұлағатты ұстаз, шебер лектор болып өзін тыңдаған студенттердің есінде мәңгі қалды, бұл да кез келген лектордың басына қона беретін бақ емес. Көшіріп жазып алғандарын студенттердің алдында ежелеп оқып беріп те ұялмай аудиторияға кіріп-шығып жүрген талай лекторсымақтарды көргенбіз. Хадиша Ермақашқызы сияқты лекторлардың бұлардан сорты да, орны да тіпті бөлек еді. Ал жоғары оқу орнының бағы мықты лекторлармен, яки кадрлар арқылы жана беретінін өмірдің өзі дәлелдеп келеді емес пе? Демек, Хадиша Ермақашқызының есімі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің тарихына алтын әріптермен жазылып қалды деп нық сеніммен айта аламыз.
Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,филология ғылымдарының докторы, профессор
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<