«Мың қарғадан бір сұңқар» досым еді

2223

0

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге сыя ма ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артында сөз қалдырған!

Абай


Иә, кеше ғана ұлағатты ұрпақ тәлім алар сындарлы сырға толы сүлей сөздің иесі, айдынды Аралдың тереңінен түлеп ұшқан сұңқар досым, Қазақстан Журналистер, Жазушылар одағының мүшесі, Арал ауданының Құрметті азаматы Айжарық Сәдібекұлының 80 жылдық торқалы тойын аудан, облыс әкімдігінің бастауымен ел болып құрметтеп өткізген едік.


Арада жыл өтпей жатып рухтас, сырлас досың дүниеден өтті дегенде сенер-сенбесімізді білмей дағдарып қалдық. Алдында ғана мадақтап жыр жазып, енді жоқтап жыр жазуға қия алмай, кеудемізді өксік буып, дәтіміз шыдамады…


Уа, жалған дүние-ай! Айекең 80 жылдық мерекесіне орай қасына қаламдас іні-достарын ертіп, өзінің туған жері – Көкарал, Ақбасты, Құланды балықшы ауылдарына барып, үлкен-кіші, жерлестерімен сәлемдесіп, пікірлесіп, хал-жағдайларын біліп, өзінің сағыныш толы отты сөздерімен рухани дем беріп қайтып еді. Қайран, Айжарығым! Сонда туған жерімен, ел-жұртымен қоштасып, бой жазып жүр екен ғой.


Айжарық Сәдібекұлымен досты­ғымыз сонау 1968 жылдан басталды. Сол жылы Айжарық өмір бойы қадір тұтып өткен аяулы жары Марияшпен бас қосып, Қызылорда қаласының Шевченко көшесінде тұратын. Өзі «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінің редакциясында қызмет істеп, мазмұнды мақалалары, өзекті әңгіме-очерктері аудандық, облыстық, республикалық баспасөзде жарияланып, елімізге таныла бастаған. Сол кезде менің де ән-күйлерім сахналарда, радиодан жиі орындалып, шабыт бұлағының ашылған уақыты болды. Жыл сайын облыстық мәдениет басқармасы, халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен облыс орта­лығында ақын, жазушы, компо­зиторлардың басқосу бірлес­тігі өткізілетін. Онда шығар­машылық иелерінің жаңа құнды шығармалары тыңда­лып радио, баспасөзде наси­хатталып, баспаханадан топтама, жеке кітапша етіп шығарып аймаққа таралатын.


Елдегі көркемөнерпаздардың аудан­дық, облыстық байқаулары тұрақты үрдіске айналып, киелі «Сыр елі – жыр елі» атанып, облысымыздың өнері мен мәдениеті, әдебиеті мен поэзиясы өркендеп дами бастаған кезеңі еді.


1968 жылы облыстық халық шығар­машылығы орталығының директоры, елімізге белгілі дарынды драматург-жазушы Оразбек Бодықовтың тікелей қолдауымен 10 әнім «Шалқар теңіз сыр шертеді» атымен баспаханадан жеке кітапша түрінде шығатын болып, соған байланысты мені Қызылордаға шақырған. Ол кезде Арал аудандық мәдениет үйінің Қазанғап атындағы халық оркестрінің көркемдік жетекшісі болып қызмет істеймін. Сол сапарда Айжарықпен танысып, үйіне шақырып, қонақжай Марияштың қолынан дәм татып, түн ортасы ауғанша маған Құрманғазы, Қазанғаптың, өзімнің тырнақалды күйлерімді тартқызып, ұзақ сырластық. Сонда Айжарықтың менің тартқан күйлерімді ұйып тыңдап, олардың мазмұнын терең түсініп бағалайтыны, сындарлы сұрақтары мен ойлы сөз саптауы, салмақты сырбаз мінезі таңғалдырып, өзіне еріксіз баурап алды.


Марқұм әкем айтқан мың қарғадан бір сұңқар досым екеу болды деп қуандым. Алғашқы сұңқар досым Аралдағы арқалы ақын, жалынды журналист Серік Сейітмағанбетов болатын. Айжарық та Серікті жақсы білетін досы екен. Үшеу­міздің де тағдыр-таланымыз, дүние­танымымыз, өмір-тіршілігіміз, қоғам­ға көзқарасымыз, кейбір мінез-болмысымыз ұқсас болып шықты. Оның үстіне бір жылғы құрдаспыз.
Не керек, үшеуміздің достығымыз отбасылық қарым-қатынасқа жалғасып, одан әрі беки түсті.

Бір қызығы, отбасымыздың ұйытқысы, берекелі анасы Марияш та, Күләй да, Базар да ақжарқын мінезді, дастарқандары ашық, қонақжай, абзал жандар.


Рухани байлығы мықты үш достың парасат-пайымы, таным-талғамы жоғары, ақыл-ойы тереңдеуі Ай­жарық болып көрінетін. Өйткені біз оны ақылшы ағадай тыңдап, құрмет тұтатынбыз.


1990 жылдың 5-6 қаңтар күндері Алматы орталық концерт залында Қазақ­стан телерадиокомитетінің төр­­ағасы, белгілі қайраткер Сағат Әшімбаевтың бастамасымен, Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Сейілбек Шаухаманов, Арал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Балтабай Ақпенбетовтің қолдауымен «Арал шақырады!» атты екі бөлімді шығармашылық кеш өтті. Оған Халық қаһарманы, бұлбұл әнші Роза Бағланова бастаған өнер қайраткерлері, Қазанғап атындағы халық оркестрі қатысып, орталық телевидениенің «Алтын қорына» жазылды.
Осы кешке Айжарық жұбайы Марияшпен бірге тілекші болып қатысып, шынайы достықтың үлгісін көрсетті. Сахнаға шығып құттықтап, рухани дем берді.


Сол үлкен қуанышты сапардан қайтып келе жатқан жол үстінде шабыт тербеп, жүрегімнен жаңа бір керемет күй жарып шыққан-ды. Ол күйді Қазанғап оркестрінің ұжымына арнап «Қа­зан­ғаптың төкпесі» деп атағым келген. Осы оймен Айжарыққа тыңдатқанымда: «Паһ, шіркін! Күй болғаныңа! Күйдің үні, мазмұны өзіңнің мінез-болмысыңа, тартыс-талантыңа сай келеді екен. «Мұраттың төкпесі» деп ата!» деген. Сол атаумен бұл күйім көптеген дарынды күйші-домбырашылардың орын­дауын­да бүкіл елімізге танымал болды.
Сан қырлы сөз шебері қайран Айекең әсерлі әндер мен құдіретті күйлерді де тыңдау арқылы мазмұнын түсініп бағалайтын таңғажайып тұлға еді. Айжарықтың досқа, өнер адамдарына деген жанашырлығы туралы мына бір қызықты жайтты айтайын. 1994 жылдың 12 қазанында Қазақстан телерадиокомпаниясының төрағасы Шерхан Мұртазаның басшылығымен, облыстық телевидениенің төрағасы Әбдіжәлел Бәкіров пен Арал ауданының сол кездегі әкімі Биғали Қаюповтың ұйымдастыруымен Қызылорда қала­сында менің «Домбырам, қане, жыр­лашы!» атты шығармашылық кешім өт­кізіліп, телевидениенің «Алтын қорына» жазылды.
Кештің дайындық күні телеви­дениенің бухгалтериясы мені авторлық еңбекақымды (гонорар) алуға шақырды.

Қол қойып жатып: «Рахмет сіздерге! Мынадай нарықтық қиын уақытта Роза Бағланова, Нұрғали Нүсіпжанов, Мәдина Ералиева бастаған өнер қайраткерлері келіп жатыр. Соларды күтіп, қайтаруға жұмсаңыздар!» деп ұсынған қаражатты өздеріне қайтарып шықтым.


Сол сәтте басқа бөлмеден бір қыз келіп: «Сізді Айжарық аға телефонға шақырып жатыр» деді. Барып телефонды көтердім. «Әй, Қожанасыр!» – деді ашулы дауыспен Айжарық. «Тізең жылтырап жүріп сенікі не мырзалық?! Суытпай тұрып тез бар да, еңбекақыңды қайтып ал!» деді. Мен тез арада қалай білгеніне таңғалып: «Айеке, олар сұраған жоқ, мен өз ықыласыммен бердім, ала алмаймын» деп едім, «Жоқ, сөзді қой. Мені күт, қазір барамын» деді бұйыра сөйлеп. Мен «Айекеден ағажанға» көштім.


– Айеке! Ағажан! Ән-күйлерімді орындап, кешімді көрікті етуге сонау астанадан, жер-жерден Роза апам бастаған қаншама өнер қайраткерлері келіп жатыр. Соларды күтіп-баптауға көмегім болсын деп өз ниетіммен қайтардым. Келмей-ақ қой, мені ұятқа қалдырма, – деп жалындым.


Ол: «Әй, Қожанасыр досым-ай» деп тұтқаны қойды. Ертеңіне отбасымен кешіме қатысып, қуана қол соғып, ақ тілегін айтып, бірге болды. Осыдан кейін Айекеңнің мен және менің отбасылық ансамблім туралы «Шалқар шабыт», «Саф алтынның жарқылы» тақырыбымен жазған әңгіме-очерктері «Сыр бойы», «Ақмешіт апталығы» газеттеріне жария­ланды Кейін оны «Жұмыр жерде біз бар­мыз» кітабына енгізіп, мерейімізді өсірді.


Асылы, Айжарық Сәдібекұлы пара­сат-пайымы мол болмысымен, талғам-талантымен туған елге, жерге, оның әр саладағы көшбастар азаматтарына деген сенім, сүйіспеншілікке толы қалың оқырманға түрлі ой салар ұлағатты сөздерімен, халқымен бірге жасай беретіні анық.


Оған сонау 1969 жылы қазақтың белгілі талантты жазушысы, сындарлы сыншы зейнолла Серікқалиев: «Бұл – нағыз парасатты жазушының қолтаң­басы» деп баға берген «Теңіз түкпірінде» атты тұңғыш повесінен бастап мемлекеттік тапсырыспен Алматыдағы «Қайнар» баспасынан шыққан «Бал айы» романтикалық кітабы, 2009 жылы «Сырдария кітапханасы» сериясынан шыққан «Жұмыр жерде біз бармыз», 2018 жылы шыққан «Парасат майданы» атты таңдамалы томдықтары, толымды туындылары айқын дәлел.


Дегенмен, Айжарықты ана пәни дүниеге қимаймыз. Қимағанмен тағдырдың жазмышына амал бар ма?!


Бір күнгідей болмай-ақ өмір бекер,


Жүз жасаған пенде де өтер, кетер.


Арман бар ма адамда болашаққа


Өнегелі сөзімен жыр боп жетер! – дейміз де, Аллаға тәуба қылып, шүкіршілік етеміз.


Адамзаттың асыл абзалы Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың хадисінде Жаратушы ұлы Алла: «Артында өнегелі сөздері мен үлгі алар салиқалы ұрпақтары бар пенделерді жақсы көремін» деген сөз бар екен. Иншалла, рухтас, армандас Айжарық досымның мәңгілік мекені жұмақтың төрі болғай!


Мұрат Сыдықов,

күйші-композитор,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

«Құрмет» орденінің иегері,

Арал ауданының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<