«Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын інілер» деген хакім Абайдың барша қазақтың құлағына сіңісті болған сөзі бар. Осы сөз теңіз жағалауында өскендер үшін ерекше жанға жақындығымен көңілді көріктендіреді. Өйткені теңіздің тайдай тулаған толқынын күнде көріп жүрген жағалау жұрты толқынның өзіне бірнеше атау беріп қойған ғой. Ал ұлы Абай бейнелеп айтқан «алдыңғы толқын» адамзат көшіндегі үлкен бу-ынды ерекшелеп тұр емес пе? Жарық дүниеге теңіз толқынындай бірін-бірі қуалап келген адамдар осы ғаламның сәнін келтіріп, адамдық борышын атқарып кетіп жатыр.
Бүгінде қазақ журналистикасының алдыңғы толқын қатарына кірген белгілі қаламгер Еркін Әбілов – Арал теңізі жағасындағы Жалаңаш деген ауылдың тумасы. Бұл ауыл – ежелден теңіз емген балықшылардың құт мекені. Ес біліп, етек жинағаннан-ақ қара қайыққа мініп, ескек ұстап, ау жайып көк теңізден шүпірлетіп балық сүзу – бұл ауыл балаларының қашанғы арманы. Ал, Еркіннің әкесі Аққали өңірге белгілі, көреген ұстаз еді. Қолды-аяқтай баласының икемін ерте байқап, елгезек те қайсар мінезді ұлын іргеде жатқан теңізге емес, ауқымы да, айдыны да үлкен сөз мұхитына, ой теңізіне кеме салдырып, ақ желкенін ұстаздық ұлылықпен керіп берді.
Бала Еркін мектеп қабырғасында жүріп-ақ аудандық «Толқын», облыстық «Ленин жолы», республикалық «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері» басылымдарына шағын-шағын очерктерін, суреттеме мақалаларын конвертке салып жіберіп жататын. Теңізді көріп өскен, толқынына қарсы жүзіп шыныққан шымыр бала балықшы қауымның, сондай-ақ өзі оқитын білім ұясындағы жаңалықтарды қаламына арқау еткен.
«Ұстазсыз шәкірт тұл» дейді ғой. Бала Еркіннің журналист болуды армандауына тағы бір түрткі болған осы Жалаңаш ауылындағы мектептің Әбдірейім Есендіков деген аяулы ұстазы болды. Кейін осы ауылдан мықты-мықты журналистер, филолог-ғалымдар дүркін-дүркін шығып жатса, соның бәрі Әбдірейім ағаның бағыт-бағдар беріп, жас түлектердің қанат қағуына жан-жақты септігін тигізуінде еді.
1968 жылы Арал қаласындағы №15 орта мектепті бітірген Еркін асыл арманын аялап облыс орталығы Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түсті. Қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітірген, қаламының желі бар жас жігіт еңбек жолын өзінің жүрегіндегі арман-мұраты болған журналистикаға қарай алып келді. 1973 жылы Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» газетіне әдеби қызметкер болып орналасты. Қаламгерлігі мен іскерлігі, қайрат-жігері жас жігіттің өсуіне мүмкіндіктер ашып, бертін келе осы газеттің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, редактордың орынбасары қызметтерінің баспалдақтарынан өткізді.
Бұл жылдар Еркін ағаның журналист ретінде қалыптасуының үлкен мектебі болды. Қай кезде де шындықты шырқыратып жазу, ақиқатты айқындау, әділдікке жету оның ойынан еш шыққан емес. Содан да болар, журналист ретінде білім мен білігін кеңейту мақсатында 1978-1982 жылдары Алматыдағы М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінен дәріс алды. Еркін аға басқа салаларда да абырой биігіне көтеріліп, бірнеше жыл қызмет істеді. 1984-1988 жылдары Тереңөзек кентіндегі №126 орта мектебінің директоры болып, білім саласында өзінің жаңашыл басшы екенін танытты. 1988-1992 жылдары Жалағаш аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, кейін аудандық атқару комитетінің іс басқарушы қызметтерінде болды. Партия қызметкері ретінде халықпен, жұртшылықпен қойын-қолтық жұмыс істеді. 1992 жылы туған өңірі Арал ауданы әкімінің кеңесшісі қызметіне келді.
– Менің қаламымның ұшталуына, бірте-бірте танылуыма мәңгілік сапарға мезгілсіз аттанып кеткен жан достарым, үзеңгілес қаламдастарым көп әсер етті. Олар шетінен талантты жігіттер болатын еді, – дейді Е.Әбілов өз жүрек түкпіріндегі сырын ашып.
Иә, адамды орта өсіреді ғой. Қаламдастары Қази Данабаев, Құттыбай Сыдық, Асқар Кіребаев сияқты қарымды журналист-жазушылар, ақындар болатын. Осы жігіттермен иықтаса жүріп, қаламын бір сәт те тастаған емес. Елдің, аймақтың қоғамдық-саяси өмірінде болып жатқан әрбір жаңалықты жазып отырды. Туған жердің тұғырлы азаматтарын насихаттаудан еш тынған емес. Еңбек жолы туған жері Аралда әкімнің кеңесшісінен кейін 1996-2004 жылдар аралығында Арал аудандық «Толқын» газеті редакторлығы қызметінде жалғасты. Кейін аудандық мәдениет бөлімінің басшысы қызметін атқарып, өңірдің мәдениеті мен өнерінің басында болды. 2005-2012 жылдары Еркін Әбілов қаламгерліктің даңғыл жолына қайта түсіп, республикалық «Заң» газеті мен қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болды. 2012-2015 жылдары облыстық «Сыр бойы» газетінде Сырдария, Жалағаш аудандарындағы меншікті қызметтерін атқарып, зейнеткерлікке шықты.
Қаламгердің журналистік жолында «Адам бір көшкен керуен», «Үлкен саясат: тұлғалар мен тағдырлар», «Өтпелі кезеңнің қайсар қазағы», «Теңізбен тағдырлас», «Жер-анамен тамырлас тұлға», «Қос қайың», «Абзал» атты көркем және хикаятты деректі кітаптары жарық көрген.
Бүгінде шығармашылық қызметін жалғастырып келеді. Халықаралық Жазушылар, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Қазақ журналистикасының қайраткері» төсбелгісін иеленген. Баспасөз саласындағы ұзақ жылдардағы еңбегі еленіп, Елбасының Алғыс хатымен, Мәдениет, Әділет министрліктері мен басқа да жоғары органдардың Құрмет грамоталарымен марапатталған. «М.Шолохов» атындағы және бірнеше мерекелік медальдардың иегері.
Еркін Әбіловтің журналистік шеберлігінің жан-жақты танылған тұсы – ел газеті «Егемен Қазақстанның» облыстағы меншікті тілшісі болған кезі. Қарт Қаратау мен айдынды Арал аралығындағы ел-жұрттың тыныс-тіршілігінен көсіліп жазған мақалаларымен, көкейтесті мәселелер көтерген, жақсылығын жадырата, даралата жазған дүниелерімен молынан танылды.
Сөзіміздің басын ұлы Абайдың ұлағатты сөзімен бастап едік. Еркін ағаның жазған-сызған дүниелерін жіті қарап жүрген адам Абайдың рухани әлемін өте жақсы білетіндігін, тереңдете оқып ой-парасатын барынша байыптағанын аңғарар еді. «Бұл қазақ Абайдан ой түйді ме?», «Біз осы қайда барамыз?» сияқты дүниелерінде қалың қазақтың қамын жеген Абайдың мұңын, ойын, сындарлы сынын бүгінгі күнмен, осы заманмен қатар қойып салыстырған. Оның мақалаларын оқи отырып, алысты шолатын ойшылдыққа, қапысыз айтатын сыншылдыққа, тіке айтатын шыншылдыққа бейім екенін көреміз.
«Бәрінен де шындық қымбат», «Ақиқат айтылуға тиіс» деп білетін Ерекең ешқашан көкейдегі сөзін, қалам ұшындағы шынайылылықты іркіп қалған емес. Тәуелсіздік алған тұста жалпыламай дақпыртқа ілескен біреулер «барлық республикалық, жергілікті газеттердің аттары өзгеріп жатыр. «Коммунизм жолы», «Социалистік Қазақстан», «Ленин туы», «Көкшетау правдасы» сияқтылар өзгеріп, заманауи атқа ие болды. Біздің кешегі толқып-шалқып, арнасынан асып жатқан теңізіміз тартылып, табаны көрініп, балықшылық кәсібіміз жойылып, ел-жұрт тек қана төрт түлік малға қарап қалды. Аудандық «Толқын» газетінің аты да артық болып тұр. Осыны өзгерту керек» деп жиындарда белсене сөйлеп, әкімдердің құлағына салушылар көбейген еді. Сол тұста «Теңізіміз қайтып келеді» деп өзгелерден бұрын аудандық газеттің «Толқын» атын сақтап қалуына, өтпелі кезеңде өзгермей қалуына бірден-бір себеп болған.
Аралға келген бір сапарында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Биғали Қаюпов: «Еркіннің шығармашылығын журналистикамен ғана байланыстырамыз. Ал мен оны сатирик деп білемін. Жазғандарынан өмір мен қоғамның қиюы кеткен тұстарын батыл сынағанын көремін» дегені бар еді. Шынымен де бүкіл ғұмырын қазақ жұртының тұрмыс-тіршілігінің, қоғамдағы өзгерістердің сан-салалы қырын көрсетуге арнаған қаламгердің осынау бір ерекшелігін бүгінде барша жұрт танып отыр.
2000 жылдардың басында Еркін аға Аралда «Арал ақиқаты» атты тәуелсіз газет шығарып тұрды. Аты айтып тұрғандай, өңірдегі барша қоғамдық-әлеуметтік жағдайды саралай жазған. Мен де журналистік қызметімді осы бір шағын газеттен бастадым. Тәжірибелі ағаның жазуына, газеттің бетін айқындаудағы әрбір сөзін қалт жібермей тыңдап, көңіліме тоқып алатынмын. Оның бойындағы ірілікті, ерекшелікті сол кездері таныдым десем болар.
Намысы найзағайдай жарқылдаған, өткір ойы өзектілігінен танбаған, қаламы ұшқыр қаламгер, дара бітімді журналист Еркін Әбілов жетпістің желкенін керіп, шығармашылықтың шырқау шыңына шығып отыр. «Егеменнің» Еркіні» деп ел таныған ағаның өз халқына, әз жұртына берері әлі де көп деп білеміз.
Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<