Қазалының Ерғалиы елеусіз қалмасын

1875

0

Әйтеке би кентіндегі «Жанқожа батыр» мешітінің баспасөз хатшысы Беганыш Жақсыбаевтың аудандық «Тұран Қазалы» газетінде «Әйтеке би кенті әкімінің назарына» айдарымен берілген «Бір көшенің төрт атауы бар» атты мақаласын кезінде оқыған едім. Онда қып-қысқа көшенің бірнеше атауы бар екені айтылған. Бұған қоса, көшенің асфальталмағаны, батпақтан аяқ алып жүргісіз екендігі, атақты кісіге небәрі 4 үй тұрғыны бар қысқа көше тұйығының берілгені және көше атауының жазылып, тақтайша ілінбегені айтылыпты.

2017 жылы сол көшемен менің де жүруіме тура келді. Көшенің солтүстігінен өтетін Роза Бағыланова атындағы көшеге екі шеткі үй қараса, оңтүстігінен өтетін Мұстафа Шоқай көшесіне де екі шеткі үй қарайды. Айтса айтқандай, ортасында қысылып қалған Ерғали Төлепов атындағы көшеде не бары 5 үй орналасқан екен. Ұзындықты өлшегенімізде 52 метр ғана болды. Көше бойында кездескен ақсақалмен тілдескенімізде:

– Есімі облысқа белгілі, ауданның бетке ұстар азаматына мазақ қылғандай 5 үй тұратын көше атауын бергендері қалай, соғыстан кейінгі қиын кезеңде, жоқтан бар жасаған, елге үлгі болған, бірнеше салада ауданды басқарып, талай еңбеккерлердің ықыласына бөленген Қазалының Ерғалиы емес пе еді? Бұған талай адамның таң қалғанын естідік, – деді.          

Ерғали Балманұлы Төлепов 1920 жылы ескі Қазалы қаласында дүниеге келген. Осындағы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумды бітірген. 1939 жылы Қызыл Армия  қатарына шақырылған. 1941-1943 жылдары неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғысқа қатысып, 1943 жылы жарақат алып, елге оралған.

1943-1944 жылдары Қазалы аудандық оқу бөлімінде әскери инспектор, 1944-1950 жылдары Қазалы аудандық комсомол комитетінің екінші, бірінші хатшысы, Қызылорда облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1950-1954 жылдары Қазалы аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық мал дайындау мекемесінің бастығы, 1954-1959 жылдары Қазалы ауданының Сталин атындағы колхоз басқармасының төрағасы қызметтерін атқарған.

Сталин колхозының басқарма төрағасы қызметінде жүрген кезеңі туралы Нұрлыбек Мыңжастың «Құмжиек ауылының тарихы» атты кітабында айтылған. Сол ауылдың еңбек ардагерлері Нұршабаев Бегділда, Ешмаханов Смағұл, Байдақов Аманкелді, Ықыласов Сәулет ағалардың берген естеліктерінде «1953 жылдың қысы өте қатты, көктайғақ болды, малдың күйі тайып, қырыла бастады. Малдың қыстық азығын уақытылы дайындай алмады деген айыппен колхоз төрағасы Бегімбай Қосаев қызметінен босатылып, 1954 жылы орнына Ерғали Төлепов басқарма болды. Ол кісі осы ауылды аяғынан тік тұрғызған аса іскер басшы болды. Ауыл іргесіне қауын, қарбыз ектірді, бақша өнімдері піскенде Ресейге саттырды. Тұралап қалған мал шаруашылығын қайта түлетті, колхозға қой, сиыр, жылқы, түйе малын әкеліп, мал басын көбейтті.

Аудан көлемінде бірінші болып, көрші Қарақалпақстанға жылқы сатып, табыс тапқан да біздің колхоз болды. Мал мен егіс және бау-бақша өнімдерін сатудан түскен қаржылай табыстан колхозшыларға үлес берді. Ешкімнің еңбегін жеген жоқ, бәрі жария түрде, колхозшылардың көз алдына жайып салынатын. Бітпей қалған шаруа болмайтын. Алғаш «Родина» аталатын радионы алдырып, колхозшыларға құрғызып берді. Ол уақытта радио тек бастықтардың үйінде ғана болатын. Ауылға клуб пен жарық беретін электр станциясы салынды.

Мектеп, мед пункт, монша ғимараттары бой көтерді. Шаруашылыққа трактор, машиналар алынып, жұмыс өнімділігі артты. Вагонымен көрпе жаймасы (пододеяльник), көпшік қаптамасы (наволочка), сүлгі сияқты заттарды алдырып, малшыларға, колхозшыларға еңбек ақының есебінен жанұя мен келетін құдайы қонақтар санына екі данадан есептеп, қойма меңгерушісі мен кассирге малшыларға дейін ведомостьпен таратқызды. Тұрғындардың әлеуметтік мәдени тұрмысы айтарлықтай жақсарды. Осындай батыл бастамалар көтеріп, елдің еңбегін лайықты бағалап, әділдігімен халықты ізіне ерте білген, аса зор ұйымдастырғыш қабілетінің арқасында, колхозшылардың тұрмыстары түзеліп, 1956 жылдан бастап ай сайын нақты ақша алып, жыл аяғында жалақыны ат дорбамен алатын болды.

Бұл колхоз құрылғалы 25 жылдан бергі халықтың еңсесін көтерген кезеңі еді. 1957 жылы Сталин атындағы колхоз еңбекшілері еңбектегі табыстары үшін Қазақ ССР Жоғары Советі Президиумының «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Ағамыз колхозды бес жыл басқарып, 1959 жылы ауданға басшылық қызметке жоғарылап кетті», – деп зор ықыласпен еске алған.

1959-1960 жылдары Қазалы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметінде жүрген кезеңін қоғам қайраткері Көшербаев Елеу ағамыз өз естелігінде атап өтіпті. «Аудандық партия комитеті мен атқару комитетінің шешіміне байланысты Қызылқұм алқабын келешек мал шаруашылығы үшін түбегейлі игеру мәселесі 1960 жылдары берік бағыт алды. Міне, осы кезден бастап «Ажар» учаскесіндегі ескі құдықтар аршылып, колхоздардың шағын қой фермалары жинақталды. Сөйтіп, ел отырықшылыққа айналдырылып, түпкілікті қоныстану жұмыстары басталды. Бұл жұмыстарға сол кездегі аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, ауыл шаруашылық жұмыстарын жетік білетін тәжірибелі де білікті маман, соғыс және еңбек ардагері Ерғали Төлепов тікелей басшылық жасады». Бұл Е.Көшербаев ағамыздың «Серпін» атты естелік кітабынан алынып отыр. («Серпін», Алматы, Қайнар баспасы, 1988 ж).

  Ал 1960-1963 жылдары Қазалы аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған жылдарында «Ауданның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, жас кадрларды тәрбиелеуге зор үлес қосты», – деп еске алатын  үлкендер.

Ерғали Төлепов 1963-1972 жылдары Ғани Мұратбаев атындағы колхоздың басқарма төрағасы болды. Осы ауыл тұрғыны, ІІ және ІІІ дәрежелі Даңқ ордендерінің иегері, Қазақстан компартиясының ХҮІ-сьезінің делегаты, «Қазалы ауданының құрметті азаматы» марқұм Шалқыма Молдабаев ағамыз:

– Мен, колхозда көп жыл жүргізуші, кейін егіс бригадирі болдым. Біздің Мұратбаев колхозын кезінде көптеген адамдар басқарды. Бір-ақ біліп басқару бар, столға ие болып қана отыру бар. Ерғали Төлепов Ғ.Мұратбаев колхозын басқаруға 1963 жылы келді. Мінезді кісі еді, тура сөйлейтін, елде тәртіп орнады. Еңбек жасаған, тура айтатын адамдарды жақсы көретін. Кейінгі басшылар қысқаша айтқанда сол кісінің жинаған колхоз байлығын азайтқан шығар, ие болған шығар, бірақ қосқан жоқ. Ол кісінің аудан, облыс көлеміндегі беделі жоғары еді. Мал басы өз төлінен көбейді, мал азығына көңіл бөлінді. Малшылардың жағдайы жақсарды. Ауылда осы күнгі мәдениет үйі, тағы басқа ғимараттар салынды. Ол кезде мұндай клуб аудандағы ауылдарда салынған жоқ. Екі үйлік баспана салынып, көп балалы аналарға, жас мамандарға берілді. Осы колхозды миллионер жасаған, халқын байытқан басшы болды» деп тебірене еске алғаны есімде.

      Ол 1972-1985 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау және сапа жөніндегі инспекциясының Қазалы ауданы бойынша инспекторы болып қызмет атқарды. Ерғали Балманұлы зейнеткерлікке шыққан соң да қоғамдық жұмыстардан қол үзбей, 1985-1991 жылдары аудандық салауаттылық қоғамының хатшысы, аудандық Ардагерлер Кеңесінің төрағасы болды.

Бірнеше мәрте Қазалы аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық Кеңестің депутаты болып сайланды. «Октябрь Революциясы», «Еңбек Қызыл Ту», екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен, жеті медальмен және «Құрмет грамоталарымен» марапатталған. СОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғарғы партия мектебін бітірген.

   Ерғали Төлепов мемлекеттік қызметтің қандай дәрежедегі басшылық жұмысында болмасын өзін іскер, турашыл, жаңашыл басшы ретінде көрсете білген еді. Ол басқарған шаруашылықтар аудандағы миллионер колхоздарға айналды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, жастарды тәрбиелеуге өз үлесін қосты.

Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, соғыс және еңбек ардагері Ерғали Балманұлы Төлепов 1994 жылдың 10 қараша күні 74 жасында бұл дүниеден озды. Әйтеке би кентінің Аралға шығатын Алтай каналының солтүстік бетіндегі «Сухан» қорымына жерленді. Бірге қызметтестері, замандастары, көз көргендер сыйлады, құрметтеді, үлгі алды, кейінгі жастарға насихаттады. Қазалының Ерғалиы қай жағынан сынасаң да үлгі-өнеге алуға, мақтан тұтуға тұрарлық тазайын, турашыл азамат еді. Кейбір мінездері қазақтың біртуар батыры Бауыржан Момышұлының қылықтарына келетін.

    Жалғыз ер баласы Төлепов Мұрат Ерғалиұлы (1953-2012) Алматы зооветеринариялық институтының ветеринария факультетін қызыл дипломмен бітірген. Сонда қызметке қалдырылып, кіші ғылыми қызметкер болып еңбек жолын бастады. Жасы ұлғайған әке-шешесіне қолғабыс жасауды мақсат тұтып, елге оралды. Аудандық ветеринариялық лабороторияны көп жыл сауатты басқарды.  Кейін ветеринария саласында өмірінің соңына дейін білікті маман ретінде қызмет атқарып, елу тоғыз жасында кенеттен өмірден озды.

Ерекеңнің тірі кезінде есімі берілген 5 үй тұрғыны бар, 52 метрлік қысқа көше тұйығының құжаты кезінде заңды түрде тіркелмей, 10-15 жылдан кейін, ономастикалық комиссияның 04.07.2011 жылғы №3 ұйғарымымен рәсімделген екен. Заңға сәйкес көше жеке адамның есімімен қайта аталатын жағдайда, бұрынғы аталған күнінен 10 жыл өткеннен (04.07.2021 жылы) кейін өзгертуге болатыны анықталды.

Аудан халқының сұрауына сәйкес, осы кезге дейінгі есепте Ерғали Төлепов атында тұрған тұйық көшенің атауын өзгертіп, соғыс және еңбек ардагеріне лайықты көше атауы берілуін облыстық, аудандық әкімшілік және мәслихат депутаттары мен ономастикалық комиссия өткен кезеңде кеткен кемшілікті қайта қарап, оң шешім қабылданар деген ойдамын.

Төлепберген ТІЛЕУҚАБЫЛҰЛЫ,

ауылшаруашылығы

саласының ардагері.

Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<