Жұртшылық пен билік арасын байланыстырып, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, проблемаларын біржақты етуге халық қалаулыларының өзіндік үлес қосып жүргенін жоққа шығара алмаймыз.
Бірнеше жылдан бері облыстық мәслихаттың сессияларына ұдайы қатысып жүргендіктен, бұл пікірді шын пейіліммен жеткізіп отырмын. Облыстық мәслихат әрбір депутатының өзі сайланған округіндегі кезек күттірмес өзекті мәселелерді билік органдарына шырылдап жеткізіп жатқанына талай мәрте куә болғанмын. Олардың қатарында облыстық мәслихатқа № 8 Төретам сайлау округінен сайланған Әнуар Дәуленбаев та бар.
Депутаттық мандатқа ие болып, сайлаушылар аманатын арқалауды мақсат тұтқан жан өмірлік тәжірибесі мол, өзіне артылған сенімді орындай алатындай білімді, білікті, қажыр-қайраты жеткілікті болуы керек. Бұл тұрғыда Әнуар Дәуленбаев аталған талаптарға толығымен сай келеді деп сеніммен айтуға болады. Бүгінде академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр колледжінің директоры қызметін атқарып келеді. Ол 1994-2016 жылдар аралығында Қармақшы аудандық мәслихатына бес шақырылымда депутат болды. Аудандық мәслихаттың депутаты ретінде өзінің туған жері Қармақшы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысты. Көріп отырғанымыздай, бұл бағытта тәжірибесі жетерлік. Солай бола тұрса да, ол бізбен әңгімесінде халық сенімін дұрыс атқарып жүрмін бе деген ой үнемі мазалайтын жеткізді.
– Біздің облыстағы басқа сайлау округтерімен салыстырғанда өзіндік ерекшелігіміз бар. Байқоңыр қаласы мен оның төңірегінде кейбір аумақтар Ресейге жалға берілген. Төретам мен Ақай елді мекендеріндегі мәселелерді шешуде осыған байланысты қиындықтар туып жатады. Көтерген мәселеміздің тез шешімін табуына мемлекетаралық келісімдегі шарттар кедергі келтіруі себепті ұзаққа созылып, кейде қиналып қаламыз, – дейді ол.
Иә, басқа сайлау округтерінде, ұсыныс немесе шағым хаттарды жергілікті органдарға тапсырса, көп ұзамай жауабын беріп жатады. Ал ресейліктер жауабын созып жібереді, болмаса немқұрайлық таныта салады.
Байқоңырдағы қазақ мектептеріндегі оқулықтардың Ресей стандартымен жазылғаны үлкен проблема болғаны ел есінде. Оқушылар «менің елім – Ресей, астанасы – Мәскеу» деп жазылған оқулықтарды пайдалануға мәжбүр болды. Сол секілді жұлдызды қалашықта салынған перзентхана, мектеп секілді қазақстандық нысандардың қабылдануы ұзаққа созылды. Бұл мәселелерді жергілікті билік органдары мен депутаттар жоғары жаққа жеткізуден танған жоқ.
Аталған проблемалар ұзақ талқылаудан кейін шешімін тапты. Оқушылар қазақстандық оқулықтар пайдалануға көшсе, перзентхана облыстық медициналық орталықтың филиалы ретінде жұмыс істей бастады.
– Көпсалалы аурухананың филиалы мен емхана ашылды. Сонда ресейліктермен көптеген кездесу өткіздік. Осы кездесулерге облыстық көпсалалы аурухананың директоры ретінде қатыстым. Кездесулердің барлығында әріптестерім тынымсыз еңбек етті, – дейді депутат Нұридин Әмитов.
Қауіпті індетке байланысты карантин кезінде Төретам, Ақай тұрғындары қаладағы қазақстандық мекемелерге барып қайтуда қиындықтарға тап болуда. Бұл жөнінде де жан-жаққа мәселе көтеріп жатыр.
Өмір алға жылжи береді. Жаңадан пайда болған проблемаларды шешу қажеттігі туындайды. Осыған байланысты депутат жаңадан ұсыныстар жолдады. Атап айтқанда, №30 мектептің бу қазандығын табиғи газға ауыстыру, Жосалы кентінің ортасымен өтетін магистральды темір жол бойынан өткел салу, Төретам кенті бойынша ауызсу жүйесі құрылысын жүргізу, Төретам кенті және Ақай ауылы бойынша көшелерді жөндеу, осы елді мекендерге жүргізілетін газ құбырының және кварталішілік газ құбырларының құрылысы электр желілерін кеңейту және қайта жаңғырту, Ақай ауылында спорттық-сауықтыру кешенін салу, Қармақшы ауданы бойынша «Қурайлы» каналын тазалау секілді ұсыныстар.
– Осы мәселелердің 20-30%-і жүзеге асырылатын болса, соның өзі – үлкен жетістік, – дейді депутат.
Бюджет қаржысы шектеулі екені белгілі. Сайлаушыларының аманатын арқалаған облыстық мәслихат депутаттарының әрқайсының осындай бірнеше ұсыныстары бар. Бір жақсысы, облыс басшылығы бұл ұсыныстардың ешқайсысына салғырт қарамайды. Тек бюджет мүмкіншілігіне орай кезегімен шешуді жолға қойған. Алғашқыда кезек күттірмес проблемаларға қаржы бөлінсе, қалғандары келесі жылдардың бюджетіне енгізіледі.
Ел сенімін арқалаған азамат артылған аманатты орындаумен қатар, өзі басшылық жасап отырған колледждің жастарға сапалы білім беруін назардан тыс қалдырмайды. Ә.Дәуленбаев колледждің басты мақсаты Қазақстан экономикасының өндірістік деңгейін көтеруге қабілетті, теориялық және практикалық дағдыларды жетік игерген, адамгершілік қасиеттері жоғары, бәсекеге қабілетті мамандар дайындау екенін атап өтті.
Осы мақсатта Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес «Туризм», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» және «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану» мамандықтары бойынша 80 бала аудандық комиссиялардың жолдамалары арқылы оқуға қабылданса, «Сылақшы», «Қаптаушы-тасшы», «Тігінші» біліктілігі бойынша қысқа мерзімді курстарда да жолдама арқылы келген жұмыссыз азаматтар оқытылуда. Білім алудың қолжетімділігін арттыру мақсатында әлеуметтік жағдайы төмен, яғни ата-ана қамқорлығынсыз қалған көпбалалы, ата-анасы жұмыссыз және аз қамтылған отбасы балалары оқуға қабылданған.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<