Сарғайған суреттер

1624

0


Қолыма қағаз алып, сөз саптауыма себеп болған – анда-санда қағаз аударғанда көзге түсетін, соғыс жайлы кинолардан көріп жүретін қайыс сөмке (портупея дейтін бе еді). Ішіндегі сарытап болған қағаздағы жазулар көптеген деректен сыр шертеді. Ақтара отырып аңғарғаным, соғыс және еңбек ардагері, әкем Санияз Ибрашевтің өмірінен жиналған анықтама қағаздары.


Ол 1911 жылы Арал ауданы Қасқақұлан ауы­лында дүниеге келген. Осы жерде жетіжылдық білім алған. Соғысқа дейінгі жыл­дары Гурьевтегі (қазіргі Атырау қаласы) оқу ком­бинатында шаруашылық же­текшісі ретінде оқу кур­сында оқып, оны 1936 жылы бітіреді. Еңбек жолын балық шаруашылығы саласында бас­тап, біршама уақыт жұ­мыс істейді. Еңбек ек­піндісі ретінде Куй­бышев, Астрахань қала­ларында (Ресей) жол­­да­­­ма­мен саяхаттарда болған.


Ел еңсесін енді тік­теп келе жатқанда то­сын­нан Ұлы Отан со­ғысы басталып кетті. Суық хабарды естіген қасқақұландықтар түгел есеңгіреп қалды. Ол кез­дегі ортақ Отанның аты КСРО болатын, яғни кеңестік социалистік рес­­публикалар одағы. Отан­ды қорғауға елдегі ер азаматтар түгел аттана бас­тады. Алдарында қиян-кескі шайқас күтіп тұрғанын, әрине, олар біл­­ген жоқ. Ауылдан алыс­қа ұзап көрмеген ел ба­­ла­лары нені білсін, ше­тінен әскерге алынып жатты.


1942 жылы Санияз Ибрашевқа Арал аудандық әскери комиссариатынан шақырту келіп, бір топ аудан азаматымен бірге майданға аттанады. Қазақ­станнан алынған жауын­герлер алдымен әскери дайындықтан өтеді. Жауды бірден жапырып тас­тай­тындай леппен аттанған жі­гіттерді Курск түбіндегі қиян-кескі шайқасқа алып келеді. Осылайша С.Ибрашев 1943 жылы Курск доғасындағы әйгілі шайқасқа қатысады. От пен оқты көрген қазақ жауын­гері 1944 жылы №264 ат­қыштар дивизиясының құра­мында КСРО жерін азат ету жорықтарына қаты­сып жүргенінде снаряд жар­қыншағынан ауыр жа­раланады. Сол қолы­на тиген жарықшақ оны госпитальдан бір-ақ шы­ғарады. Меди­ци­налық қоры­тынды бойынша елге оралуына тура келеді.


Жауынгер Санияз Ибра­шев ұрыс даласындағы ер­­лігі үшін «Ұлы Жеңіс үшін», «Ұлы Жеңістің 20, 30, 40 жылдығы», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Гер­ма­ния­ны жеңгені үшін» медаль­да­рымен, «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен мара­патталған.
Соғыстан кейінгі бейбіт уақытта да ол Арал аудандық орман шаруашылығы ме­кемесінде ұзақ жыл орман қорғаушы инспектор болып жұмыс істеді. Абыройсыз болған жоқ, көптеген ма­рапатқа ие болды. Төсіне «Еңбек ардагері» медалін тағып, құрметті еңбек демалысына шықты. Сондай-ақ, «КПСС қатарында 50 жыл» төсбелгісінің иегері. Соғыс және еңбек ардагері Санияз Ибрашев 1991 жылы 80 жасында дүниеден озды.


Енді бір баяндайын дегенім мынау. Әкем сол бір қиын күндерде табысқан достарын қатарластары ара­сында әңгімелеп отыратын. Оның бір дәлелі – 1981 жылғы «Социалистік Қазақстан» газетінің «Қайдасыңдар, ба­­уырлар?» айдарында май­­дан­дас досы Туашев Бө­лекбайды іздеп жазған мақаласы. Баспасөзде хат жарияланысымен досының ұлы Туашев Өрікбай Бөлекбайұлы іздеу хатына рахмет айтып, әкесінің 1977 жылы соғыс зардабынан қайтыс болғанын, анасы барын, алты ағайынды (2 ұл, 4 қыз) екенін баяндап, Түркістан қаласында тұрып жатқанын, толық мекен- жайын хабарлап хат жол­даған. Сол жылы шақыру хаты бойынша жаз айында Түркістандағы майдандас досының отбасында болып, сұхбат құрып, естелік су­ретке түсіп, бір жасап қал­ған (хаты, суреттері сақтаулы).


Екінші бір ой тастарлық дүние, сол бір соғыс жылдары түскен майдандас достарының суреті, онда көрсетілген аты-жөндері, мекен-жай атауларының сәл кө­мескіленуіне бай­ла­ныс­ты жаңадан таза қағазға жазылып қоюы да болашақта бір хабарын алармын деген ниеттен туындаса керек. Сондықтан майдангер әкеміз ұқыптап қалдырған сарытап сурет­терді сөйлетуді жөн көрдім.

Сарғайған суреттер


1-суретте: Қасымов Сәйдім – ортада. (аға лей­те­нант. Жаңақорған ауданы)


Ибрашев Санияз – оң жақта (кіші сержант. Арал ауданы)


Кеулімқосов Жайлау­бай – сол жақта (қатардағы жауынгер. Түркістан селосы)


Тағы бір суретте 1943 жыл­ғы желтоқсан айында Красноярский край госпи­талінде ем алып жатқан 6 адам болып түскен. Сурет сыртында «майдандас достар» деп, олар туралы мәлімет келтірген:

Ибрашев Санияз – Қы­зылорда обл. Арал ауданы.

Кәдірбаев Қасен – Қарағанды обл. Шет ауданы, к/з Қайрақты

Тоғызбаев Ашым – Ыстықкөл. Пржевальск с/з Октябрь

Бахиев Төлеген – Жамбыл обл. р/н Кировский. Табак совхоз.

Туашев Бөлекбай – Түркістан қаласы Колхозная көшесі 2…

Түркімен жігіті – ? (есімі көрсетілмеген)


Бұл есімдермен таныс ұрпақтары болып жатса, бір сәт еске алып, әңгімеге арқау етсін деген ниетпен аты-жөндерін жолдап отыр­мын (суреттері сақ­таулы). Сұрапыл соғысты бас­тан өткізген әкеміз осы майдандастарын да іздес­тіргісі келді ме деген ой туады.

Көзі тірісінде ойға алып, хабарласа алмай кет­кен майдандастары тура­лы Ұлы Жеңістің 75 жыл­дығында еске алып, есімдерін көрсетуді парыз санадым.

Қазыбай ИБРАШЕВ.

Қазалы қаласы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<