«Өсер елдің баласы бір-бірін батыр дейді» дегендей, тарихымызда қалған, мақтан тұтатын тұлғаларымыз көп. Қызылорда облысы және оның адамдары туралы сөз қозғағанда «Сыр елі – жыр елі» деген тамаша бір тіркес ойымызға оралғанымен, Сыр өңірі тек әнші-жыршыларымен ғана емес, басқа да салада еңбек еткен халқының аяулы ұлдарымен көпке мәлім. Біздің кейіпкеріміз Қазбек Өтемұратов – көп жыл сот саласында қызмет атқарған, туғанына бұрмайтын, тура бидей қара қылды қақ жарған әділдігімен танылған азамат.
Қызылорда облыстық сотының құрылғанына 75 жыл толуына орай үлкен бір айтулы шара өткізілген. Сол кезде аймақтың құқық қорғау органының тарихы, сот жүйесінде қызмет атқарған азаматтардың өмірі мен еңбек жолы жайлы сыр шертетін «Сыр өңірінің сот билігі» атты биографилық жинақ кітабы жарыққа шықты. Сол кітаптың ішінде Қазбек Өтемұратовтың толық өмірбаяны берілген.
Қызылорда облысының мемлекеттік архивтерінде жүзден астам жеке текті архив қорлары жиналған. Өңірде адал еңбегімен тарихта қалған азаматтардың құжаттары арқылы дәуірдің сипаттамасын беруде ерекше орын алады. Бұл құжаттар – қоғамның тарихы туралы мағлұмат беретін бағалы түпнұсқалық дереккөз. Жеке текті қор ұлттық құндылықтың негізі болатыны сөзсіз. Ол архивистер ұжымының жоғары біліктілігінің арқасында мүмкін болып отыр. Архивистердің кәсіби борышы және олардың жұмысының басты мақсаты – тарихи мәні зор көздерді, өткен кезеңнің құжаттарын және біздің мемлекетіміз бен қоғамымыздың заманауи өмірін көрсететін құжаттарды сақтау, көбейту және мұра ретінде келешек ұрпаққа қалдыру.
Сыр бойының тарихында қалған тарихи тұлғалардың бірі – осы Қазбек ағамыз. Ағамыздың құнды құжаттарын, өнегелі өмірбаянын, еңбек жолы өз еліне, жеріне, келешек ұрпаққа рухтық, патриоттық тәрбие беруде үлгі болатын құнды жеке архив құжаттарын Қызылорда облысының мемлекеттік архивіне ұрпақтары тапсырды. Қазбек Өтемұратовтың жеке архив қоры ашылып, Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қоры жаңадан отызға таяу құнды, түпнұсқа құжаттармен толықтырылды. Ол «Сыр өңірінің соттары» топтамасына кірген, 1956-1965 жылдардан құралған Қазбек ағамыздың 9 ісі мемлекеттік сақтауға тапсырылған.
Қазбек Өтемұратұлы 1926 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келіпті. Сол заманда туып, өмір сүрген жандардың басынан қаншама қиындық өткендігін кейінгі ұрпақ тек тарихтан ғана білеміз. Халқымыз небір нәубетті басынан кешірді. Аштық жылдарын, ел ішіндегі індеттің бүкіл ауылды жусатып салғанын, жазықсыз жандардың нақақтан жапа шеккен уақыттарды көзімен көрген, оларды өзі сезінген жандардың ортасында әкесі Өтемұрат та болған еді. Орысша тәп-тәуір сауаты бар, тілге де, іске де жетік әкесі Қазбекті өмір тезіне төзе білуге, оған шыдамдылық танытуға тәрбиелейді. Ресей империясының отаршылдық саясатының бел алып, Столыпинның реакцияшыл әрекетінің салдарынан көптеген қарашекпендіні Қазақ даласына қоныстандырғанда Арал өңірі мен Сыр өзендері бойына да келіп жеткендері бар еді. Сол кезде әкесі олардың өнеркәсібін меңгеруіне және тілін үйренген жақсы қасиеттерін өзінің бойына сіңірген жандардың бірі болады. Тіл білгенінің арқасында орыстың оқымыстылары мен ойшылдарының еңбектерімен танысады. Келешек оқу-білімнің орыс тілімен байланысты болатындығын ұғынғандықтан, ұлдары Жәнібегі мен Қазбегін оқытуға ден қояды. Өзі әкеден қалған шаруашылықты дамыта отырып, қолында бар қаражатына балаларын оқытады.
Екі ұлдың да көрері аз болмайды. Бала кездерінде бүкіл елдің басындағы ашаршылықты, бозбала кездерінде Ұлы Отан соғысының қиындықтарын көппен бірге басынан өткере жүріп, 1944 жылы Қазалыдағы мектептің тоғызыншы класын бітіріп, орталау білім алып шығады да, сол біліммен еңбекке араласады. Қазбек болса, өз қатарларынан оқ бойы озық тұрады. Қалалық байланыс бөлімінде, 1944-1946 жылдары Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінде қызмет атқарған. Бұдан кейін Кеңес армиясы қатарында азаматтық борышын өтеп қайтқан соң, Қазалы аудандық халық сотында сот орындаушысы, нотариалдық контордың нотариусы болып істейді. Қызметін атқара жүріп С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіріп алады.
Жас жігіттің алғырлығын байқаған басшылар оны 1957-1960 жылдары Шиелі ауданы халық сотының судьясы етіп сайлайды, одан соң үш жыл Арал ауданында нотариус болады. Содан 1963 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Сырдария аудандық халық сотының төрағасы қызметін абыроймен атқарып өткен екен.
Осы қызметі кезінде Қазкең кінәсіздердің жазықсыз жазаланбауын, біреудің обалын көтермеуді есінен шығарған емес. Өйткені көзі ашық, көкірегінде саңылауы бар әкесінің ала жіпті аттамай, әділ болу қажеттігі туралы айтқан өсиетке бергісіз өнегелі сөзін әрқашан ойында ұстады. Әке өнегесін ұмытқан жоқ. Сол өнеге оны қара қылды қақ жарған әділ шешім шығаруға тура жол сілтеді.
Қызылорда өңірінде, Сыр бойында сот саласының дамуына өзіндік үлес қосқан, заң-құқық саласының дамуына өмірінің жартысын арнаған арда азамат 1965 жылы 7 қазанда небәрі 39 жасында дүниеден озыпты. Әділдіктен таймай, бар білімі мен іскерлік қабілетін, күш-жігері мен принципшілдігін ел мүддесіне, халықтың заңды құқығы мен ар-намысын қорғауға жұмсаған заң қызметкерінің атқарған ісі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып қалды. Сот беделі – мемлекет беделі екендігін, ол беделдің жекелеген судьялардың адал еңбегінен құралатындығын жақсы біліп, оған үлесін қосты. Сондықтан да ол адал судья ретінде елдің есінде қалды.
Қызылорда облыстық атқару комитетінің төрағасы болған, одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы Ыдырыс Қалиев ақсақал Қазбек Өтемұратұлымен жақсы таныс болып, дос болып кеткен. Әскер қатарынан оралған Ыдырыс ауыл парткомына барып, жұмыс іздеп жүрген кезі екен. Аудандық сотқа соттың орындаушысы қажет дегенді естиді де, сонда барады. Ол жерде сымбатты келген бір жас жігіт қарсы алады. Бұл Қазбек Өтемұратов екен.
– Иә, бізде бір орын бар екені рас. Жақсы қызмет. Өзіңіз коммунист екенсіз, біраз істеген соң төселіп кетесіз, – дейді.
Айлығын сұрап білсе, өте төмен екен. Содан бұл кісі сыпайы ғана бас тартыпты. Кейіннен өзін жылы қабақпен қарсы алған жігітпен жақсы таныс болып, достықтары жарасып, араласып кетеді. Судьялардың үйінде, көбіне судья Айтбай Досымовтың үйінде жиі бас қосады екен. Сондай кездерде қарапайым әрі сыпайы жігіт өзінің сөзге шешендігімен, құқық қорғау органдарының жұмысын жетік білетіндігімен көзге түседі. Ол сондай ерекше қасиетімен өз ортасында сыйлы болыпты.
– Негізінен алғанда, сот жүйесінде қызмет атқаратын азаматтардың өзара қарым-қатынасы, бір-бірімен сыйластығы ерекше болатын. Әсіресе, С.Елшібеков, Қ.Асауов, Б.Жанбекеев, А.Балымбетов, А.Досымов, Ә.Тәжімбетовпен жиі кездесіп жүрдік. Солардың арасында Қазбек көпке үлгі болатындай арда азаматтың бірі еді. Алланың жазған дәмі бітіп, дүниеден ерте озды. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын, – деп еске алған Ыдырыс ақсақал.
Қалтқысыз қызмет атқарып кеткен Қазбек Өтемұратовтың дүниеден озғанына 55 жыл уақыт болыпты. Балалары әкесінің жан досы Ыдырыс ақсақалдың үй-ішімен тонның ішкі бауындай араласып өскен екен. Ақсақал қолынан келген көмегін аямапты. Бұл туралы Қазкеңнің кенже қызы Бәсира аузынан тастамай айтып отырады. 1981 жылы Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтының филология факультетін бітірген соң Бәсира жұмысқа тұру үшін Қызылорда қаласына келеді. Өз бетімен қызметке ілігер түрі көрінбеген соң, қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істейтін Ыдырыс ағасына келіп жолығады. Ол, сол кездегі орталықтағы ең үздік саналатын Сәкен Сейфуллин атындағы №4 орта мектептен орын алып береді. Сол кісінің ақыл-кеңесінің, қолдауының арқасында қатардағы мұғалімнен мектеп директорлығына дейін көтеріледі. Ата-анасының тіршілігінде жасаған адамгершілік қасиетінің арқасында өмірден өз орнын тапқанын, Ыдырыс ағасының осы отбасына қолдау көрсеткенін ризашылық сезіммен әңгімелеп отырады.
Қазбек ағамыздың артында екі ұл, екі қыз баласы қалады. Анасы Нарша Өсербайқызы баласының отбасына алаңдамай қызмет атқаруына ерекше көңіл бөліп, қолынан келген көмегін жасады. Немерелерінің өсіп, азамат болғанын көріп, Бәсира институт бітірген жылы дүниеден қайтқан екен. Әке-шешесінен ерте айырылған балалары бүгінгі күні өмірде өз орындарын тауып, беделді азаматтар болды. Баласының үлкені 1957 жылы туған Болат әкесінің қара шаңырағын жықпай, Тереңөзектегі үйінде тұрып, қызмет атқарды, отбасылы болды. Қайрат баласы әке жолын қуып, заңгерлік мамандықты таңдады. Қызы Қасира – Алматы қаласында жеке кәсіпкер. Бәсира болса, Қарағанды қаласында көп жыл №5 орта мектепте директор болып қызмет атқарды. Педагогика ғылымдарының кандидаты атағын Ресейдің Екатеринбург қаласында диссертациясын қорғап келіп, бүгінде Ы.Алтынсарин атындағы академияда ғылыммен айналысуда. ҚарМТУ-дың Құрметті докторы атағы бар. Жаңа форматтағы басшы, сауатты басқарушы, менеджер, ізденіспен жұмыс істейтін маман 2013 жылы «Ыбырай Алтынсарин» медалімен марапатталды. Сексеннен астам ғылыми жұмыстың авторы болған Бәсираға 2016 жылы Ресей Жаратылыстану ғылым академиясының профессоры атағы берілді.
– Анам Гүлбағиша Мұстафақызы 1962 жылы небәрі 29 жасында қайтыс болып кеткен. Мен Алматыда ЖенПИ-ге оқуға түскенде, нағашыларымның қамқорлығында болдым, – деп еске алады Бәсира. – Анамның әкесі Мұстафа Игіліков көп жыл лауазымды қызмет атқарды. Соңғы жұмыс орны – Батыс Қазақстан темір жолы НОД жұмысшыларды жабдықтау бөлімі. Нағашы әжем Шәмсия Ұлжанқызы Қазақстандағы алғашқы пионерлердің, комсомол қозғалысы белсенділерінің бірі болған жан еді. Олардың екеуі де – қарағандылық. Соғыс жылдарында, одан кейінгі уақыттарда бұл отбасы әртүрлі ұлттың жетім қалған бес баласын асырады, тәрбиеледі, оларды қатарға қосты. Ұлтшылдыққа және нәсілшілдікке жол бермейтін, білім мен өнерге кең жол ашқан осындай отбасында өсіп, бой жетуім өмірде дұрыс жол таңдауыма игі әсерін тигізді. Осы кісілердің арқасында ата-анамыздан жас қалсақ та, қай жағынан болмасын, кемшілік көргеніміз жоқ.
Қазбек ағамыздың өнегелі өмір жолы жас ұрпаққа үлгі екені сөзсіз. Біріншіден, ол өте еңбекқор адам, көп ізденіп, көп оқыған. Тағы бір жақсы қасиеті – адам баласының кез келгенінде кездесе бермейтін керемет есте сақтау қабілеті. Ең бастысы – туған халқының ұлттық ерекшеліктерін жақсы білетіні, дарындылығы, адамгершілігі, парасаттылығы мен әділдігі еді. Бүгінгі ұрпақ Қазбек Өтемұратовтың осы қасиеттерінен үлгі алса, қатарының алды болатынына күмән жоқ. Міне, асыл азаматтың бұл дүниеден өткеніне 55 жыл толғандығын еске ала отырып, артта қалдырған ізіне тағы бір рет көз салғанды жөн санадық. Ұлағатты ұя отағасының жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.
Туған жердің халқының есінде Қазбек Өтемұратов жоғары мәдениеті мен мінсіз адамгершілігі бар адам ретінде ұзақ сақталады. Оның өмірі – жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеудің үлгісі.
Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақстанның Мәдениет қайраткері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<