Азаттық тарихының Сырдағы сипаты

2302

0

«Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы аясында Кенесары Қасымұлының 220 жылдығы, Бұқарбай батыр Естекбайұлының 210 жылдығына орай «Азаттық жолы» атты музейлік тарихи-танымдық телеэкспедициялық жоба ұйымдастырылды.

Тарихи-танымдық телеэкспедицияның алғашқы нысанасы – Сырдария ауданының аумағанда орналасқан Қожжан қожа кесенесі. Бұл ХҮІІІ ғасырдың аяғында салынған, мәдени ескерткіш ретінде мемлекет қамқорлығына алынған нысан. Кесенеге қойылған тақтадағы жазуға зер салсақ, мұнда сол ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген Мәдіқожа (Дуана) балалары Қожжан қожа, Қылыш, Пірзада және Қожжан қожаұлы Полат жатыр. Сондай-ақ, кезінде Абылайханның оң қолы болып, туын ұстаған Сейіт батыр да осы жерден мәңгілік қоныс тапқан.

Азаттық тарихының Сырдағы сипаты

Бізді қызықтырған тағы бір дерек, Қожжан қожа кесенесінің қасында орналасқан Сүнбейбі ана кесенесінде Кенесары ханның анасы жатыр екен.

–Жыл сайын осы жерге зиярат етіп келеміз. Кезінде Абылайхан бабамыз Қожжан қожаны пір тұтқан екен. Сонымен бірге бұл жерде  Омар, Тайшық, Ахмет аталарымыз жатыр. Ата-бабамыздан бізге жеткен ауызша дерек бойынша Сүнбейбі ана кесенесі – Кенесары ханның анасының жерленген жері. Кезекті бір сапарында атамыз Қасым сұлтан осы жерден өтіп бара жатқанда Сүнбейбі анамыз ауырып, Қожжан қожа әулиенің басына әкеледі дейді. Сонымен, ол кісі осы жерде қайтыс болып, жерленген екен. Сонымен қатар, осы маңайда Қасым көлі және Қасым түбегі деп аталатын жер бар. Өңірдің ғалымдары мен өлкетанушылары сол жерлердің тарихын зерттесе құба-құп болар еді, – дейді  әулет ұрпағы Әуесхан Тайшықов.

Азаттық тарихының Сырдағы сипаты

Кенесары хан әулетінің шежіресінде (Әзімхан Кенесариннің отбасылық архивінен алынған) бәйбішесі Күнімжан ханымнан Жапар, Тайшық, Ахмет есімді үш ұл туғаны айтылады. Ал екінші әйелі Жаңыл ханымнан бес ұл туады: Құмар (кейбір деректерде Омар), Әбубәкір, Құсман (Осман), Сыдық, Жақшы (Жегей). Үлкен ұлы Жапар Ресей империясы әскерлерімен болған соғыста тұтқынға түсіп, көп жыл айдауда болып, ақырында Бекет батырмен бірге тұтқыннан қашып келген екен. Елге келген соң көп кешікпей қайтыс болады. Кенесарының ұлы Сыдық (кейде Сыздық) сұлтан (1839-1910) әке жолын қуып, Ресей империясына қарсы күресті. Тайшық пен Ахмет сұлтандар амалсыз патша үкіметіне барып қызметке тұрады. Қоқандықтармен болған бір соғыста Тайшық сұлтан қатты жарақаттанып, қайтыс болады. Демек әлгі бізге сұхбат берген Әуесхан есімді жігіт – осы Тайшықтан тараған ұрпақ.

Осы сапар барысында бізге елең еткізген тағы бір жаңалық, Кенесары ханның жиен шөбересі, Қызылорда қаласының тұрғыны Халифа Әмірқызымен таныстық. Ол шежіре былайша тарқатылады: Кенесары ханның 7 әйелінен 12 ұлы, бір қызы болады. Сол Мәмила есімді қызын Елекей сұлтанға ұзатады. Осылайша Әбілхайыр хан мен Абылай хан әулеті құда-жекжат болып байланысады. Білуімізше, Халифа Әмірқызы осы Елекей сұлтаннан тараған, Кенесары ханның жиен шөбересі. Ата жолын ұстанған  ұрпақтары Қожжан қожаның басына зиярат етіп, ата-бабаларына құран бағыштады.

Өзіміз куә болғандай, Қасым көлі сол маңайдан алыс емес. Сырдың баяу желімен толқи ағып жатқан көлдің суы тұп-тұнық, тереңінде талай сыр бар тәрізді. Осы тұста өлкетанушы, Сырдария ауданы, Бесарық ауылының тумасы Жұмабай Байзақұлы ағамыз әңгіме иінін былайша тарқатты:

–«Азаттық жолымен» телеэкспедициясы арқылы ел тәуелсіздігі жолында күрескен Кенесары ханның тарихы мен оның Сыр өңіріне сапарын зерттеп, сондай-ақ, атақты Қожжан қожа мен Төре ұрпақтарының арасындағы байланысты тереңірек танып, білуге арқау болып отыр. Мысалы, Айдарлы мен Аманкелді ауылының ортасында орналасқан Қожжан қожа кесенесінің терең тарихы бар. Ол – Мұхаммед (сғс) ұрпақтарынан тарайтын, софылық ілімнің негізін салушы, Қожа Ахмет Ясауиден кейінгі Сыр өңіріндегі соңғы  ғылыми дін таратушы Мәді қожаның ұрпағы.

 Қожжан қожаның Төре тұқымымен байланысын айтар болсақ, осы кесененің алдында Сейіт қожа батыр жерленген. Сейіт қожа – сол заманда қалмақ басқыншылығына қарсы соғыста атағы шыққан айтулы батырдың бірі. Ол бір жорықта қалмақтарға тұтқиылдан шабуыл жасап, олжалы болып қайтады. Сонда қалмақ батыры Қалдан Серенніңтуысы әрі оң қолы Хошу мергеннің екі қызын елге алып келеді де, бір қызы Топшыны Абылай ханға, екінші қызын Мүсірәлі Софы Әзизге сыйға тартады. Сол Топшыдан Қасым төре туса, Мүсірәліден Қосым қожа дүниеге келген екен. Демек қожа мен төре тұқымының арасын байланыстырған басты себеп осы. Енді екінші байланысын айтсақ, Қожжан қожаның тоғыз баласы болған, екінші баласы Заман терең білімді діндарлығымен қатар, аузымен құс тістеген дүлдүл ақын,  жырау, әділ би әрі атақты ұста болған екен. Ол хан ордасының арнайы шақыртуымен барып, Абылай ханның арба үстіндегі көшпелі ордасын жасап береді. Сол уақытта Заман ақынның бойынан білімдарлықты, басқа да көптеген жақсы қасиетті байқаған Абылай хан оны Қасым сұлтанның тәлімгері етіп алады, яғни, Қасым төре оның тікелей шәкірті деуге болады.

Кешегі ұлт азаттық көтеріліс кезінде Кенесары хан Сыр еліне келген бір сапарында Қожжан қожаның шөбересі Нарбай батырдың білек күшін, бел күшін, жүрек күшін сынап, батырлығына тәнті болған екен. Бұл – үшінші байланысы. Ал, Сыр бойында Қасым көлі, Қасым түбегінің аталып қалуы халықтың хан әулетіне деген құрметі болса керек. Келешекте бұл тарихи орындарды қайта жаңғыртып, туристік мақсатта пайдаланса ғанибет болар еді, – дейді ол.

Айта кетейік, Қожжан қожа кесенесінің шырақшысы Ғарифолла Әбіасанов киелі орынды күтімге алып, саялы баққа айналдырған.

Экпедиция тобы Жалағаш ауданы орталығындағы тарихи-өлкетану музейінде болып, Бұқарбай батырға қатысты деректермен танысты. Айта кетейік, музейде Бұқарбай батырдың мөрі сақталған. Құнды жәдігерді батырдың 200 жылдық тойында ұрпақтары әкеліп табыс еткен. Бұл жерде Бұқарбай батыр ауылының тұрғыны, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жалағаш ауданының құрметті азаматы Қабланбек Нұрмағанбетов батыр туралы әңгімелеп берді.

–Бұқарбай батыр жас кезінен қажыр қайратымен көзге түскен. Қиян-кескі соғыс кезінде ат үстінде және жерде тұрып қолданатын он бес түрлі тәсілді меңгерген екен. Сол 1820 жылдардың тұсында Сырдарияның төменгі жағындағы Қарабөгетті  хиуалық билеушілер басып алып, жергілікті халыққа көп азар берген. Сонда Бұқарбай батыр Хиуаға қатысты Қожанияз қамалының маңына екі жүздей үйді көшіріп әкеледі. Сол үйлерден бас көтетерер адамдарды жинап, Қарабөгетті бұзады. Бұл – батырдың алғашқы ерлігі еді. Осыдан кейін Бұқарбай батыр Ақтөбедегі Табынның аға сұлтаны Жанболатқа барып қосылады. Сол тұста Наурызбай төре Жанболаттың ордасын шауып, шайқаста Наурызбайдың 90 адамы мерт болады. Ашулы Наурызбай төре Жанболаттың туған бауырын өлтіреді.  Жағдай ушыға түседі. Кенесары ханға хабар жетеді. Наурызбай төре мен Бұқарбай батыр осы кезде танысқан. Өз бетімен кетіп, әскерін қырғынға ұшыратқан Наурызбай Кенесары ханның қаһарына ұшырауы мүмкін еді. Осы арада Бұқарбай батыр дәнекер болған деседі. Ханның ашуы басылған тұста  Наурызбай төре «90 адамға татитын бір адам әкелдім» деген екен Бұқарбай батырды меңзеп. Осыдан әрі қарай Бұқарбай батыр он шақты жылға созылған жорықтарда Кенесары ханға адал қызмет етеді. Соның алғашқысы –1840 жылы Наурызбай, Ағыбай, Бұқарбай батырлар орыстардың 500 адамнан құралған отрядын талқандап, жеңіске жеткен екен, – дейді Қ.Нұрмағанбетов. Осы сапарда өлкетанушылар Бұқарбай батырдың басына барып, зиярат етті.

«Азаттық жолы» атты музейлік тарихи-танымдық телеэкспедициялық топтың келесі күні Қармақшы ауданындағы Марал ишан Құрманұлы (1780-1847 жж.) және Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр Нұрмұхаммедұлының (1774-1860 жж.) ұлт-азаттық көтерілістегі батырлығы мен қайраткерлігін дәріптеуге  бағытталды.

–Марал ишанның ерекше қасиеті туралы жастайымыздан естіп, біліп  өстік. Ол – тек діншіл адам емес, қоғам қайраткері, азаттық үшін күрескер, ұлт-азаттық қозғалыстың рухани көсемі. Ол туралы Сейтжан ақын, Балқы Базар, Тұрмағанбет шайыр жырларына арқау еткен. Марал ишан – діни білімдарлығымен үш жүзге пір болған екі адамның бірі. Оның бірі – Мүсірәлі Софы Әзиз болса, екіншісі – осы Марал ишан бабамыз.

XIX ғасырдың 30-жылдары Марал ишан қазақ халқын «Ғазауат» соғысына шақырған. Бұл қозғалыс елдің солтүстік өңірінің біраз жерін қамтыған деседі. Оның себебі, орыс патшалығы шекаралық аймақтарға бекіністер салып, сол жердегі тұрғылықты халықты еріксіз шоқындыра бастайды. Осы әділетсіздікке жан-тәнімен қарсы болған Марал баба патша үкіметіне қайта-қайта адам жіберіп, хат жазып, қазақ жерінде орыс бекіністерін салуға қарсылық білдіреді. Тіпті еш жауап ала алмаған соң әскер жинап, қарулы қарсылық білдіруге дейін барады.

Абылай хан өмірден өткен соң оның үлкен ұлы Ғұбайдолла таққа отырады. Осы кезде Ресей империясы Көкшетау аймағына бекініс салуға келісім сұрайды. Бірақ ешқандай келісім ала алмайды. Кейіннен інісі Уәлихан таққа отырғанда орыс патшалығымен кейбір келісімдер жасалып, байланыс орнай бастады. Бұл уақытта яғни, 1822 жылы хандық жүйе жойылып, аға сұлтан дәрежесіне ауысқан еді. Бірақ Қасым төренің ұлы Кенесары батыр бастаған ұрпақтары бұған қарсы болады. Елдің тәуелсіздігін сақтап қалғысы келіп, бірнеше мәрте ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырады. Осындай жауапты кезеңде Марал ишан Кенесары батырдың рухани қолдаушысы болып, халықты соңынан ерте білген. Сонымен қатар, соғыс жағдайында халықтың күнкөрісін қамтамасыз ету үшін егіншілікпен айналысып, отырықшы тұрмысқа үйрету керектігі жөнінде де Марал ишан  Кенесарыға ақыл-кеңес беріп отырған, – дейді қаламгер Шегебай Құндақбаев.

Сонау XVIII ғасырдың соңғы жылдарында өткен ұлт-азаттық қақтығыстар тұсында Хиуаның белгілі батырын жекпе-жекте өлтірген Жанқожа батырдың есімі ел аузына ерте ілінеді. Ел іргесіне жау шапқан бірнеше қақтығыстарда айбыны асып, атағы алысқа жеткен қазақ батыры аттан түспей, сол ХІХ ғасырдың бас кезінде Қоқан, Хиуа, Ресей басқыншыларына қарсы сұрапыл шайқастарда қол бастаған.

Тақырыпқа қарай ойыссақ, Жанқожа батыр 1841 жылдың шамасында Кенесары ханмен тізе қосып, атақты Созақ қамалын қоқандықтардың қолынан азат етуге қатысқан. Хан əскеріне он сегіз күн бойы алдырмаған бекіністі Кенесарының соңғы үміті – Жанқожа бастаған Шекті батырлары  шеп бұзып алған дейді.

–Биылғы Кенесары Қасымұлының 220 жылдығы, Бұқарбай батыр Естекбайұлының 210 жылдығына орай облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған «Азаттық жолы» телеэкспедициясының маңызы – осынау тарихи тұлғалардың ұлт-азаттық көтерілісі кезіндегі байланысын зерттей келіп, Сыр бойына қатысты тарихи деректерді нақтылауға назар аударылып отыр.  Сондай-ақ, олар жайлы тікелей ұрпақтарының айтқан естеліктері де біз үшін өте қажет, себебі, ауызекі айтылғанмен көзіміз жетпей жүрген кейбір мәліметтерді айғақтай түседі. Қорыта айтқанда, Кенесары ханның 220 жылдығы аясында хан әулеті пір тұтқан Қожжан қожа, Сүйінбибі ананың кесенелерін, Қасым көлі аумағын жаңғыртып, туристік бағытта дамытуға көңіл бөлінсе деген ойымыз бар, – дейді облыстық музей директоры С.Көзейбаев.

Осылайша екі күнге созылған «Азаттық жолы» атты музейлік тарихи-танымдық телеэкспедициялық жобасының аясында ұлт азаттығы жолында аянбай күрескен тарихи тұлғалардың батырлығын дәріптеп, жүріп өткен жолын, ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып отырған қарым-қатынасын тереңірек тануға көңіл бөлінді.

                                                                                              Ғазиза ӘБІЛДА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<