Тәуелсіздіктің ақ таңы атқанда

1964

0

Көк байрақ көк аспанда желбіреді. Қыран құс құлашын кере  қалықтады. Халқына тәуелсіздіктің туын ұстатқан Қазақстанның  Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі тарих бетіне алтын әріппен жазылды. Жүректі кернеген қуаныш, бақыт, азаттық елімен етене Елбасы елдік қатынастарды нығайту жолына түсті.

Дүниежүзі картасында Қазақстан деген ел  өз орнын нық тапты. Әрбір жылы бір ғасырға тең тәуелсіздік қазақты нұрлы жолға жетеледі. Қазақстан мемлекетінің әрбір азаматы ұлтына, тіліне, дініне қарамастан, тату тұрақтылық пен береке-бірлікте өмір сүруі – Елбасының көреген саясатының жемісі.

Талай ғасыр ата-баба арманы бол­ған тәуелсіздікке қан төгіссіз же­ту жолында барлық күш-жігерін ая­ма­ған, түрлі ұлтты асқан татулықпен бір тудың астына біріктіре білген Нұр­сұл­тан Назарбаевтай көшбасшысы бар хал­қымыз аса бақытты.

Елбасының сарабдал саясатының арқасында еліміз әлемнің алпауыт ел­дерін мойындатып, барлық ұлт пен ұлыс­тың бейбітшілік ордасына айналып, толеранттылықтың ерекше үл­гі­сін жасай білді. Бүгінгі күні еліміз өзі­нің даму жолы қалыптасқан, бағыт-бағ­дарын айқындаған, өзге де мемлекеттермен бәсекелесуге қабі­летті ір­гелі елге айналды. Осы егеменді мем­­лекеттің бір перзенті  ретінде мен де Елбасының тәуелсіз Қазақстанды өсіп-өркендету жолындағы қажырлы ең­бег­і­нің, ізгі мақсат-мұраттарының куәсі бо­лып келемін. Елбасының қамқор қол­дауымен тәуелсіздікке алғаш қадам ба­с­қан күндері шетелде аккредитацияға тір­келген Түркия Республикасындағы тұң­ғыш қазақ тілшісі болу бақытының бұйырғаны – мен үшін Алланың үлкен сыйы еді.

Нұрсұлтан Әбішұлы – тәуелсіз Қ­а­зақ елінің Тұңғыш Президенті болып сайланған сәтте Елбасынан ең бірінші болып қазақ теледидарына (ол кезде рес­публикада бір ғана телеарна еді) сұхбат алу бақытына ие болуым мені ақ жолға жетеледі. Ол кісі 1989 жылы жазда Орталық Комитетінің пленумында Бірінші хатшылыққа сайланған соң түстен кейін Алматыдағы мешітке барып, Алладан халқының амандығын тілеп, бата алды. Бұл игі істі шетелдің бұқаралық ақ­­па­­рат құралдары жарыса хабарлап жат­ты. Германиядағы «Азатттық» ради­осы «Қылышынан қан тамып тұрған со­ла­қай саясатқа қарамастан Қазақстанға бас­шы­лыққа келген жергілікті халық өкілі Н.Назарбаевтың алғашқы қызметін иман­ды­лық жолынан бастап, Алла үйіне ат ба­сын бұруы – жақсылық нышаны» деген хабар берді. Кейіннен халықаралық «Азаттық» радиосының (Хасен Оралтай басқарған)  Түркиядағы арнаулы тілшісі болғанымды Елбасының үлкен қамқорлығы деп түсінем.

Елбасы тәуелсіз Қазақстанның Пре­зиденті ретінде алғашқы ресми сапарын Түркия мемлекетінен бастағанда ең бірінші болып екі ел арасында тікелей бейнерепортаж жасадым. Елба­сы­ның ел ішіне, шет мемлекетке  жасаған са­парлары кезінде  жанында жүріп, жур­налистік сараптама жасауым  өміріме жа­ңаша серпін беріп, болашақ бағытымды айқындауға көмектесті. Оншақты жыл­дай дипломатиялық қызмет ат­қарып, Ыстанбұл қаласында бас консул ретінде екі елдің арасында дос­тық көпірін қалыптастыруға үлес қос­қанымды мақтан тұтамын.

1992 жылғы қазанның 30-31 күндері Анкарада сол кездегі Түркия Президенті Тұрғыт Өзалдың бастамасымен түркітілдес мемлекеттер басшыларының І саммиті шақырылған еді. Бұл жиын­да Тұрғыт  Өзал «Ата жұртымыз – Қазақ­стан. Бабаларымыз Атажұрттан Ана­долыға атпен келсе, бүгін, міне, Нұрсұлтан бауырым ұшақпен келіп отыр» деп алғашқы сөзді Елбасына берді. Н.Назарбаев бұл басқосуда «Түбі бір түркі, түгел бол!» деген ұран тастады. Бұл сөз бүкіл түркі жұрты үшін қанатты сөзге айналды. Тұрғыт Өзалмен әңгімелесу барысында Елбасы Түркияда қанша қазақ бар деген сауалға Түркия басшысының «Менімен 60 миллион қазақ» бар деп айтуы қазақ халқының алар орны қандай екен­ін көрсетсе керек. Елбасы сонда ри­за­­шылықпен Тұрғыт Өзалды бауырына қысты. Бауырластық деген осы болар.

Елбасының 1992 жылы Тұрғыт Озал елімізге келгенде Еуразиялық Одақ құру туралы идея көтерген болатын. Сонда Т.Озал «Еуразиялық одақ құру туралы идеяны толық қолдаймын. Қазақстан Еуропа мен Азияның басын қосып тұрған кіндік орта, Түркия да солай» деген болатын. Бүгінгі күні арада 24 жыл өткеніне қарамастан Елбасының көрегендікпен айтқан идеясы өз өміршеңдігін көрсетіп, Ресей Президенті тарапынан да қолдау тауып отыр.

1992 жылғы 25 наурыз күні тәуелсіз Қазақстанның астанасы Алматы қала­сы­нан Түркияға  бірінші рет әуе ұшағы кө­терілген еді. Қазақстан үкіметі делегациясын сол кездегі Премьер-Ми­ни­стрдің орынбасары Мырзатай Жол­дасбеков ба­с­қарып барды. Еліміздің тәуелсіздігін алғаш таныған елдің Президенті Тұрғыт Озал қабылдады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ыстық сәлемін жеткізді. Қазақы ою-өрнекті шапан мен қамшы сыйға берілді. «Міне, мен нағыз қазақ болдым» деп сұхбат берді. Мені де сол кезде Түркияға келген Тәуелсіз елдің тұңғыш тілшісі деп таныстырды. Тұрғыт Озал маған арнайылап бағалы фотоаппарат сыйлады. Сол кезде осы фотоаппаратпен екі ел арасындағы достық көпірін бейнелейтін көріністерді Елбасының іс-сапарлар, кездесулерінен талай суреттер әзірлеген едім.

1-сурет. 1991 жылы 1 желтоқсанда Тұңғыш Президент болып сайланған күні Елбасынан алған бірінші сұхбат.

2-сурет. 1989 жылы 22 маусымда Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Компартиясы ОК Бірінші хатшылығына сайланғаннан соң, орталық мешітте кездесуі.

3-сурет. Қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет кесенесінде Президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Тұрғыт Озал сұхбат алу сәті.

4-сурет. ЕлбасыныңТүркияға сапары. Қасында халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов бар. 1993 жыл.

5-сурет. Анкарада қазақ елшілігінің салтанаты. Нұрсұлтан Назарбаев, Тұрғыт Озал, Сүлеймен Демирел. 1992 жылы 27 қазан.

Міне Елбасының қасында жүріп талай тарихи істердің куәсі болдым. Арнайы суреттерді түсіріп бірнеше фотоальбомдар жасап, деректі фильмдер жасадым. Алаштың анасы атанған қасиетті Сыр жерінде қызмет жасап, ұлт көшбасшысының сарабдал саясатын халыққа жеткізіп, насихаттап жүрмін. Қазақ елінің тұңғыш астанасы болған, ұлы Қорқыт баба қоныс тепкен, еліміздің рухани-мәдени кеңестігінің бет-бедеріне айналған талай арыстарымыздың ізі қалған сүлейлер мекені – Сыр өңірі Елбасының тікелей қамқорлығы арқасында дамып, өсіп келеді. Айрықша қамқорлыққа бөленген Арал, ғарыш қақпасына айналған Байқоңыр, қасиетті қазақтың қаймағын бұзбай, бабалар дәстүрін жалғастырып отырған Сыр жұрты қай кезде де Елбасын құрмет тұтады.

Ержан Уәйіс,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<