Халық мәдениеті – көпғасырлық тарихы бар ата-бабалардың рухани құндылық қазынасы. Қазақ халқының ежелгі дәуірлерімізден, қазіргі заманымызға дейінгі қалыптасу, даму кезеңдеріндегі жалпытүркілік философиялық-педагогикалық дүниетаным ерекшеліктерін, орта ғасырлардан бастап ұрпақтар санасынан берік орын алған діни-исламдық ұстаным сипатын, халықтың жан ділін адамгершілік-имандылық қасиеттер ықпалымен сәулелендіру, нұрландыру қызметін атқарған тәрбиеші-тәлімгер қайраткерлер тағылымын – бәрін қазіргі уақытпен сабақтастыра насихаттаған өнегелі тұлғалар даралана бағаланады. Халық мәдениетінің насихатшылары тұғырындағы өздерінің белсенді шығармашылық ізденістерін күнделікті тұрмыстық-әлеуметтік істерімен қатар атқара жүріп, осындай адамдар жаңа буынның болашаққа ұласатын жолына да айқын бағдар береді. Бұл орайда, сөз арқауындағы өнегелі өмірімен мәңгілік ұлағат танытқан тұлғалар қатарында Сәден Нұртайұлы (1930-2002) есімін де айтамыз.
1930 жылы 15 қарашада дүниеге келген Сәден ағамызбен бірге Нұртай атамыздың отбасында Өзбекбай, Әбілақұл, Қоныскүл, Шәкіркүл есімді перзенттер де болған. Туған ауылдың, өңірдің бұрынғы-соңғы тарихы, өткен оқымыстылары, би-шешендері, ақын-жыраулары, батырлары ел ағалары – ақсақалдары туралы деректі әңгімелерді, терме-толғауларды, дастан жырларды балалық шақта-ақ жадына жаттап өскен Сәден ержете келе ауылдастарының арасындағы тыңдаушылық болмысымен танылған. Орта мектепте оқып жүргенде-ақ бозбала Сәденнің халық мәдениетінің этнографиялық ерекшеліктерін жүйелеп, саралап баяндайтын қабілеті байқалған. Балалық, бозбалалық шақтағы халық тарихына, ата-бабалардың рухани мәдениетіне құштарлығы оның болашақта тарихшы мамандығын игеруіне берік негіз қалағаны анық. 1948 жылы ауылындағы онжылдық мектепті бітіргеннен кейін Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институттың (қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) тарих факультетіне оқуға қабылданады. 1955 жылы осы жоғары оқу орнын бітіріп, тарихшы-ұстаз мамандығымен Қармақшы ауданының мектептерінде 40 жылдан астам уақыт еңбек етті. Еңбек жолын қазіргі Ақтөбе ауылындағы (бұрынғы Чапаев атындағы колхоз) орта мектепте мұғалім болып бастап, «Ақжар», «Жаңақала», т.б. ауылдардағы мектептерде ұзақ жылдар бойы директор, оқу ісінің меңгерушісі болды.
Мен туған ауылым «Ақжардағы» № 28 орта мектепте 1958-1968 жылдары онжылдық білім алдым. Сәден ағайымыз 1965-1969 жылдары осы мектептің директоры және тарих, қоғамтану пәндерінің мұғалімі болды. Ал, Сәден ағайымыздың жары Ақбалыш Жалғасқызы да мектепте мұғалімдік қызмет атқарды.
Сәден ағайдың тарих, қоғамтану пәндерінен болатын сабақтары өте мазмұнды өтетін. Ұстазымыз тарихи деректерді қызықты оқиғалармен сабақтастыра, ұштастыра отырып, тартымды, әсерлі тілмен түсіндіретін. Менің тарих пәніне қызығушылығым, қазіргі ғылыми-зерттеу жұмыстарымда тарих, этнология, этнография салаларындағы кітаптарға құмарлығым орта мектепте тарих пәнін оқытқан Қоңырбай Мүсіркегенов, Сәден Нұртаев, Сағат Баянов, Іскендір Бағатов есімді ұстаздарымның ықпалымен қалыптасқанын сезінемін. Орта мектептегі тарих, қоғамтану, география – оқушылардың адамзат ұрпақтары өркендеген мыңжылдықтар тағылымын дерекнамалық жүйеде ұғындыратындығымен аса маңызды ерекше пәндер.
Сәден Нұртаев – нағыз жоғары деңгейдегі тарихшы мұғалім. Орта мектептегі тарих, қоғамтану пәндерін ғылыми-танымдық жоғары деңгейдегі сапамен оқыта жүріп, ғылыми-зерттеушілік істерін де жүргізді. Ұстазымыз Сырдария, Әмудария өзендері жағалау атыраптарындағы түркі өркениеті кезеңінің қалалары, көрнекті тұлғалары туралы аудандық, облыстық, республикалық педагогикалық оқуларда баяндамалар жасады. Өзі басқарған орта мектептерде тарихи-өлкетану материалдары негізінде арнайы пәндік кабинеттер ұйымдастырды. Басшы ұстаз ұйымдастырған оқу-өндірістік бригадалары ауылдағы шаруашылық істеріне қолғабыс тигізді, ауылдардағы фольклорлық-этнографиялық мұраларды жинаумен айналысты. Бұл арқылы ұстазымыз өсіп келе жатқан жас ұрпақтың туған жерді, атамекенді, ата-бабалар дәстүрін қастерлейтін дүниетанымын қалыптастыруға ықпал етті.
Тарихшы-ұстаз Сәден ағайымыздың елдің тарихына, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына байланысты мәдени-танымдық мақалалары аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық газеттерде («Қармақшы таңы», «Сыр бойы», «Шалқар», «Қазақ елі», «Түркістан», т.б.), журналдарда («Ислам әлемі», «Шапағат», «Нұр») жарияланды. Тарихшы-ұстаздың діни-исламдық дүниетаным негіздеріне, Жаратушы Алланың аян кітабы Құран Кәрімге, мұсылмандық-имандылыққа, т.б.. – өзекті мәселелерге арналған мақалалары халық тәрбиешісі тұғырындағы тұлғасын даралай түсті. Тарихшы-ұстаздың «Ислам және Марал баба» (1996), «Дін кереметі» (1997) атты тарихи танымдық, педагогикалық-этнографиялық кітаптары да оқырмандардың ыстық ықыласына ие болды. Халық мәдениетінің үздік насихатшысы тұғырында болған тарихшы-ұстаздың аталған кітаптарында ұрпақтарды ғасырлар бойы тәрбиелеп келе жатқан қасиетті ата-бабалар дәстүрі мен діни-ислам дүниетанымы тұтастығындағы адамгершілік-имандылық қасиеттер педагогикалық көзқарас аясында байыпталған.
Сәден ағайымыз бен Ақбалыш апайымыздың перзенттері (Әбдірахман, Қадиша, Бақытжамал, Клара, Рзақұл) де текті әулеттің өнегесіне лайықты өмір сүріп келеді. Қыздары Қадиша Ақтөбеде, Бақытжамал Алматыда, Клара Маңғыстауда шипагерлік қызметтерімен халыққа еңбек етіп жүр.
Өнегелі әулеттің ұрпағы Рзақұл Сәденұлы Нұртаев – көп жылдар бойы жауапты мемлекеттік қызмет орындарында еңбек етіп келе жатқан елімізге танымал азамат. Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітіріп, Байқоңыр ғарыш айлағында, Байқоңырдағы тарихи құрылыс кешенінде алғашқы еңбек жолын бастады. Одан кейін Төретам, Ақай елді мекендерінің әкімі болып өзінің іскерлігін, біліктілігін таныта білді. Республикалық деңгейдегі «Инфракос» мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры қызметінде болған кездері халыққа азаматтық қамқорлық істерімен айрықша танылды. ХХ ғасырдың 90-жылдары ауылдардағы жұмыссыздардың осы мекеме қарауында еңбек етуін, Жалағаш ауданы орталығындағы спорт кешенін, Қармақшы ауданындағы Қуаңдария ауылындағы орта мектепті, Қазалы ауданындағы бірнеше мердігерлік құрылыс нысандарын салуды жүзеге асырды.
Рзақұл Сәденұлы Қармақшы ауданының әкімі, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметтері кезеңдеріндегі жұмыстары да ата-бабалар қалыптастырған халық игілігіне өмірін арнаған өнегелі ұрпақтар тағылымын аңғартады.
Халық мәдениетінің үздік насихатшысы болған тарихшы ұстазымыз Сәден ағайдың шәкірттері де игі дәстүрді жалғастырып келеді.
Қазақ тарихы – әлем өркениетінің көрнекті салаларының бірі. Ата-бабалар жолын қазіргі дәуірімізге өздерінің өнегелі істерімен жалғастырғандарды бағалау арқылы болашақ жаңа буын ұрпақтарға ұлағат дәстүрін ұсынамыз. Бұл – халқымыздың ежелден қалыптасқан қасиетті жолы.
Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
филология ғылымдарының
докторы, профессор,
«Қармақшы ауданының
Құрметті азаматы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<