Тұңғыш антрополог

2519

0

Қазақы таным-түсінікке антропология саласы жат көрінуі мүмкін. Бірақ өткенімізді танып білуде, тарихымызды зерделеуде оның маңызы зор. Осы саланы меңгергендер қатары елімізде санаулы. Оразақ Смағұлов – Қазақстандағы антропология мектебінің негізін қалаушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Болония ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, ҚР ғылымы мен техникасының еңбек сіңірген қайраткері. Еліміздегі ҚР БҒМ Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанынан ашылған алғашқы этникалық антропология зертханасы мен ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің физикалық антропология зертханасының ұйымдастырушысы.

Саналы ғұмырын антро­по­логия саласының дамуына арнаған ақсақал бүгінде тоқ­­санның төріне шықты. Тор­қалы тойы қарсаңында ға­­лым­мен хабарласып, сала­дағы жетістіктерін, антрополо­гия­ның көтерер жүгі, бүгінгі бағыты туралы саралаған болатынбыз.

Антропология жаратылыс­тану ғылымының саласы еке­нін білеміз. Бірақ оның зерттеу бағыты, кімдер айналысады, қайдан шыққанына аса мән бермейміз. Оразақ ағамен әңгі­мелесе отырып біраз мағ­лұ­матқа көз жеткіздік. Алдымен ғылым туралы бірер ауыз сөз…

Антропология (грекше antropos – адам) – адам туралы ғылым. Адамның шыққан тегін және оның барлық ке­зеңде бірдей даму типін зерт­тейді, яғни әрбір адамның же­ке әрекеттерін  жыныстық, жас­тық, конституциялық, қыз­меттік, этникалық және нә­сілдік тұрғыдан қарастырады. Сонымен қатар, адам тари­хы­мен байланысты жер қой­науынан табылған заттарды да зерттейді. Бірнеше бөлімнен тұратын антропология  терми­нін ғылымға алғаш рет Арис­тотель енгізген. Бұл сала ба­тыс елдерінде – Германия, Франция, Англия және Италия­да жетік дамыса, біздің елде кенжелеп қалған. Десе де, қазақтан шыққан тұңғыш антрополог Оразақ Смағұлұлы антропологияны мейлінше игеріп, ғы­лымның дамуына сүбелі үлесін қосты.

Ол 1952 жылы ҚазҰУ-дың тарих факультетіне оқу­­ға түседі. Оқып жүріп, ар­­­хео­­логиялық қазба жұ­мыс­­тары­на қа­тысты. Экспеди­ция­­дағы із­деніс антропология са­ла­­сына баруына түрткі болды. Се­бебі, археологтар қаз­ба жұмыс­тарынан ке­йін­гі адам сү­йектеріне мән бер­мейтін.  Тарихшылардың тек ма­териалдық мәдени мұра­лар­ды ғана қажет еткенін көр­ген ол адам сүйектерінің сы­рына үңілетін маманның бол­мағанына қынжылады.

– Сол уақытта байқағаным: археологтар қазба жұмы­сы ке­зінде табылған артефак­ті­лерді мұқият жинап алады да, адам сүйектерін шашып тас­тап жүре береді екен. Олар­ға адам қажет емес. Жина­ғысы келсе, қажетсінсе ала­­ды, керексіз етсе, тастайды. Сту­денттерді басқарып бар­ған ұс­таздарымнан «мына сүйек­терді зерттейтін, айналысатын біреу бар ма?» деп сұрадым. Ешқандай маман жоқ. Содан институтқа жеткен соң, кафедра басшысы мені шақырып алып, «адам сүйектерін зерттейтін маман болсаң қайтеді?» деген ұсынысын білдірді. Келістім, маған бекітілген орыс профессоры талабыма қуанып: «Әй, бәрекелді!» деді. 30-шы жылдары ол да осы антропологиямен айналысқысы келген, алайда, реп­рессия кезіндегі жағдай оның бұл саланы игеруіне ке­дергі болыпты. Осылайша, мен антропологияны меңгеруге да­йындықты бастадым, – дейді ғалым.

Десе де, ғылымды бірден игеру мүмкін болмаған. Оның басты себебі, маман­ның жоқ­тығы, арнайы адам қаң­қасын зерттейтін орталықтың болмауы еді. Сонда да жүрексінбей осы салаға назары ауған Оразақ аға экспедиция аяқталған соң Алматыдағы мединститутқа барды. Ол жерде адам анатомиясы кафедрасының профессоры Нұрыш Бөкейханов қабылдап, қазақ баласының бұл қадамына қуанды. Бірақ бұл жерде де антропологияны оқытатын не ұстаз, не оқулық таппады. Сонда да үйренемін, білемін деген ниеті  оның кө­ңілін жыға алмады. Ең қы­зы­ғы, Оразақ аға  осы жылы мед­институтқа қабылданып, төрт жылда екі институтты қатар оқып бітіріп шықты.

Бірде Мәскеуден жергілікті ұлт өкілінен бір адамды антро­пологияға бейімдейміз деген хат келеді. Шығу тегімізді, тарихымызды анықтайтын боламын деген қазақ баласы үшін бұл таптырмас мүмкіндік еді. Хат келісімен 1957 жылы антрополог болу үшін ҚазКСР Ғылым академиясының  жолдамасымен Мәскеуге аттан­ды.  Миклухо-Маклай атында­ғы эт­нография институтына (қа­зіргі этнология және антропология инс­титуты) келді. Үш ай тәжірибеден өту үшін Зоология институтына жі­бер­ді. Онда маймыл­дарды зерттеп, Кейін Ленин­градтағы та­нымал профессор, атақты пси­холог маман Виталий Лазаревич Гинзбургке шәкірт болуға жіберді. Сүйекті нақты антропологиялық зерттеудің өлшемі мен теориясын үйреніп, сол арқылы  Мәскеудегі этнография институтының аспирантурасына қабылдануға ма­­құлдама алды. Осылайша, ғы­­лым жолына түбегейлі бет бұ­­рып, зерттеуге бар күш-жігерін салды. Алайда, кан­дидат­тық жұмысы барысында бір­шама қиындықтар туды. Қазақтың баласы диссерта­циясын өз елімен байланыс­тыруды жоспарлаған. Бірақ сү­йек қорының елде болма­уына орай ғылыми кеңес оған рұқсат етпеді. Сол уақытта академик Қаныш Сәтпаев Ресейге жиынға келді. Бұл Оразақ ағаның мәселесінің оң­тайлы шешілуіне үлкен сеп болды. Ол болашақ антро­пологқа елде экспедиция жүр­гізуіне мүмкіндік берді. Бір­неше ма­манмен елге барған экспе­ди­ция жұмысын алдымен Се­мей­дің Шұбартау өлкесінен бастап, басқа да қалаларда зерделеді. Үлкен еңбекпен кел­ген кандидаттық зерттеуін О.Сма­ғұлұлы сәтті қорғады.

Палеоантропология, этни­ка­лық краниология, серология, соматология, одонтология, дерматоглифика секілді антро­пологияның көпсалалы бө­лімдерін кешенді түрде жарты ғасыр зерттеген ғалымның еңбегі қалай десек те ұшан-теңіз, жүріп өткен жолы мен өмірі бір кітапқа жүк болардай.

Бүгінде Оразақ Смағұлұлы 300-ден аса ғылыми еңбектің авторы, олардың қатарында «На­селение Казахстана от эпо­хи бронзы до современности (палеоантропологическое исследование)», «Этническая ге­ногеография Казахстана (се­рологическое исследование)», «Этническая антропо­логия Казахстана (соматологическое исследование)», «Эт­ническая одонтология Ка­захстана»,  «Абылай хан: та­ри­хи антропологиялық зерттеу», «Алтай қазақтары», «Эт­ни­ческая антропология ка­зах­ского народа», «Историчес­кая ан­тропология казахского народа», «Қазақ халқының ан­тропологиялық тарихы» және т.б. еңбектері бар. Әр туын­дының артында маңдай тер, қажырлы еңбек жатыр.

Бір кездері «Қазақстанның этникалық геногеографиясы» кітабының бағаланбай, те­пе­ріш көрген тұсы да болды. Кеңес үкіметі еңбектің тара­луына шектеу қойып, тіпті өртеп жіберді. Ал антропологқа нон-гранта жариялап, шетелге шы­ғуға тыйым салынды. Бас­ты мәселе – сол уақыттағы идео­логияға сәйкес келмеуі. Дегенмен, жоғары деңгейде жазылып, нақты ақпаратпен қамтылған туындыны әлем мойындап үлгерді. Мұндай әділетсіздікке Оразақ аға мо­йымады, керісінше, алға жылжыды. Нәтиже де жоқ емес, бүгінде Еуразия кеңістігінде 4 мың жылдық тарихы бар ұлт – қазақ екенін  дәлелдеп берді.

Мемлекет және қоғам қай­раткері, тарихшы Камал Бұр­ханов бір жиында «Оразақ аға­мыз – қазақ зиялыларының клас­сикалық үлгідегі танымал тұлғасы. Бұл кісінің антро­пология ғылымы арқылы қа­зақтың шығу тарихын егжей-тегжей зерттегені үшін ұлтшыл атанған кезі де болған. Алайда ол басына төнген қауіп-қатерге қарамастан өзінің азаматтық ұстанымынан айныған жоқ. Осылайша біздің кім екенімізді дүниежүзіне паш етті. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлікке пара-пар іс» деп ғалымның еңбегіне жоғары баға береді.

Расымен, академик О.Сма­ғұ­ловтың зерттеу жұмыстары алғаш рет қазақ халқының этникалық тарихы мен этно­генезі бойынша тарихи дерек ретінде пайдаланылды. Сондай-ақ, антропологияның бірнеше саласы бойынша жа­саған ғылыми қызметі Қа­зақстанның ежелгі, орта және қазіргі кездегі тұрғындарының арасындағы 40 ғасыр бойғы генетикалық сабақтастықты ай­қындауға зор үлес қосты. Бұл ғылымға деген қамқоршылық, елге деген сүйіспеншілік. Егер жанашырлық, жауапкершілік пен еңбеккерлік болмаса, мұн­дай дүниелердің тууы неғайбыл еді. Тіпті, қазақтың тарихтағы орнын білмес пе едік?

Осындай ерен еңбектің үл­гісін көрсеткен абыз ақсақал­дың мерейі қашанда үстем.

Мейрамгүл Дауылбайқызы,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<