Өмірге келген әрбір саналы жан жақсылыққа ұмтылады, жақсы істерді өміріне арқау етеді, жас ұрпақтың келешегіне алаңдап, елі мен жерінің гүлденіп, дамып-өркендеуін ойлайды. Сол ұрпақтың қажетіне жарарлық туындылар тудырып, мол мұралар қалдырып, ізгіліктің жолын өзіне негізгі бағыт етіп алады. Осы жолда ол ерінбейді, жалықпайды, өз бақытын аямай, өзгенің бақытын аялау үшін күреседі, алдына батыл мақсаттар қойып, сол мақсатқа жетуге табанды түрде нық қадамдар жасайды. Бар өмірін, уақытын, білімін, тәжірибесін сол жолға, сол талапқа жұмсап, өмір асуларынан асады, белестерін бағындырады, биік таулардың төбесіне шығады.
Өзгеше жаратылып, елі сүйген, елін сүйген мұндай кісілер өмірден өтсе де, олардың есімдері, асыл бейнелері халықтың ерекше құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленіп, түнгі аспанды жарық қылған жұлдыздардай үнемі жарқырап, шуағын шашып тұра бермек.
Бүгінгі күні қолыма еріксіз қалам алып, өмірде апалы-інілі болып сыйласқан, әріптес, жанұялық досымыз, Сыр еліне танымал, білім саласын ұзақ жылдар бойы басқарған білікті басшы, іскер ұйымдастырушы ағамыз Әли Мүсілімұлының аяулы жары, ғалым, ардақты ұстаз, асыл ана, апамыз Күлбарам Сәдуақасқызы жайлы ойларымды ортаға салғанды жөн көрдім.
Күлбарам Сәдуақасқызы 1943 жылы Қармақшы ауданы Ақжар ауылында дүниеге келіп, 1960 жылы осы ауылдың №28 орта мектебін бітіреді. Қасиетті Қармақшы топырағынан нәр алып, Қорқыт қобызының үніне құлақ түрген апамыз бала жасынан аса зерек, сезімтал, байқампаз, ақынжанды, өнер-білімге жаны құмар болып өседі. Осы жылы алдына асқақ арман, мағыналы мақсат қоя білген Күлбарам Сәдуақасқызы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институты жаратылыстану факультетіне химия және биология мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1965 жылы бітіріп шығады.
Еңбек жолын өзінің туған ауданы Қармақшыда №105 мектепте мұғалім болудан бастап, Қызылорда қаласындағы №4 С.Сейфуллин атындағы орта мектепте химия және биология пәндерінің мұғалімі болып жалғастырады.
1997 жылдан бастап Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да «Химияны оқыту әдістемесі», «Химия және экология» кафедраларында аға оқытушы, доцент, академиялық профессор қызметтерін атқарды.
Осы жылы университет ректоры қызметіне кірістім. Бұған дейін біз жанұямызбен дос болсақ, ендігі жерде әріптес болдық. Әли ағамыз облыстың білім басқармасының басшысы қызметін абыроймен атқара білді. Көп сөйлемейтін, мінезі салмақты да салиқалы ағамыз үнемі ой үстінде жүретін. Білім саласының қордаланған мәселелерін шешіп, таңертеңнен кешке дейін қажымай-талмай еңбек ететін. Ағамызбен кездесіп, емін-еркін отырып әңгімелескенде құнды ақыл-кеңестерін, талғамды пікірлерін, озық ойларын ортаға салатын.
Күлбарам апайдың ғылым жолына түсуіне Әли ағайдың ықпалы зор болды. Оған үнемі қолдау білдіріп, ғылым жолында жақсы нәтижелерге жетуіне жол сілтеп отыратын.
Күлбарам апай жоғары оқу орнына келген уақыттан өз жауапкершілігін аса жоғары сезініп, ғылымға шындап бет бұрды. Тынымсыз еңбекті, ізденісті өзінің күнделікті дағдысына, сүйікті кәсібіне айналдырды. Шәкірттеріне терең білім беріп, университеттің қоғамдық жұмыстарына белесене араласты. Үнемі күлімдеп, көңілді жүретін көпшіл апамыз қай ортаны да өзіне баурап алатын қасиетке ие болатын.
Ғылымға қызығушылығы оянған ол аспирантураға түсіп, 2006 жылы кандидаттық диссертациясын табысты қорғап шықты. Химия пәнінің терең сырларына жан-жақты зерттеулер жүргізіп, пәнді оқытудың әдістемесіне ерекше көңіл бөлді. Пәнді оқытуда студенттерге, мұғалімдерге арналған, көмекші оқу құралдары, оқулықтары мен құнды мақалалары жарық көрді.
Қазақстан Республикасының барлық қалаларын және алыс-жақын шетелдің жетекші ғылыми ұйымдары мен мекемелерінде біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, үнемі тәжірибе жинақтап отырды.
Қорқыт ата атындағы университеттің «Биология, география және химия» кафедрасы аясында құрылған «Қызылорда облысы химия пәні мұғалімдері мен оқытушыларының қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы болып сайланды.
Республикалық «Химия мектепте» ғылыми-әдістемелік журналы мен «Мұғалім және қоғам» газетінің ақылдастар алқасының мүшесі болды. Шетелдік жоғары импакт-факторлы және Қазақстанның ғылыми басылымдарында 110 мақаласы, халықаралық және республикалық конференциялардың 41 конференция материалдары мен тезистерінің, 2 Қазақстан Республикасы инновациялық, өнертабыс және пайдалы модельдерге патенті, ЖОО студенттері мен жалпы білім беретін оқушылар мен химия пәнінің мұғалімдеріне арналған 21 оқу құралы мен оқу-әдістемелік құралдарының, авторлық құқық берілген 2 электрондық оқулық пен 3 монографияның авторы атанды.
Күлбарам Сәдуақасқызы тынымсыз еңбегі мен білім-ғылымға деген құштарлығы арқасында көптеген нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтар болсақ, ол педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, белгілі әдіскер ғалым, екі мәрте «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы», «Алтынсарин», «ҚР Білім саласының құрметті қызметкері», «ҚР Білім саласының үздігі», «Д.И.Менделеев» және «Қорқыт ата атындағы алтын медалі» төсбелгілерінің иегері, Халықаралық педагогикалық білім беру академиясының корреспондент-мүшесі болды.
Міне, бұл Күлбарам Сәдуақасқызының табиғаты нәзікжанды болса да өмірдің күре жолдарын қиып өтіп, алдынан кездескен қиындықтардың барлығын жеңе біліп, адал еңбегі мен маңдай терін төгіп, алдына арман мен таудай талап, мақсат қойған жанның руханиятты жемісі мен жеңісі деп батыл айтар едім.
Күлбарам апайдың өміріндегі және бір қыры, өзіндік ерекшелігі – ол табиғатынан, тумысынан ақынжанды болатын. Өмірді, табиғатты жүрегімен түсініп, оны терең де нәзік сезім иірімдерімен сезіне отырып жырлай білді, суреттей білді, ұғына білді. Оның сыршыл жүрегінен, қарымды қаламынан туып, қарша бораған жырлары оқырман көңілінен шығып, жүрек қылын қозғады. Апамыздың жырлары оқырмандарын қуанышта шаттандырып, қайғыда жұбатып, күнделікті өмірде жақсылықтарға, жаңалықтарға жетелей білді.
Күлбарам Сәдуақасқызының елге, жерге, Отанға, ағайын-туыс, бауырларға, досқа, жарға арналған өлеңдері жинақталып кітап болып, оқырманға жол тартты. Халықтың өзіне деген сағыныш сезімдерін, ықылас- құрметтерін тудырды.
Бір-бірін риясыз сүйіп, сыйластықты ту еткен білім-ғылым саласының білікті мамандары, озат педагогтары, парасат-пайымдары жоғары ардақты да абзал жандар Әли ағамыз бен Күлбарам апамыз саналы ғұмырларында жақсы ата-ана атанып, тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтеректей ұлағатты жанұя құрып, білімге құштар, өнегелі де ұл-қыз тәрбиеледі, немерелер сүйді.
Әли ағамыз бен Күлбарам апамыз артында ұрпаққа азық болатын мол мұра, өшпес із қалдырды, ел-жұртының алғысына, сүйіспеншілігіне бөленді. Олар мыңдаған шәкірттерге тәлімді тәрбие мен сапалы білім беріп, өмірдің бір кірпіші болып қалануларына аянбай еңбек етті.
«Жақсыдан із қалар» дейді халық даналығы. Саналы ғұмырларын туған елінің білімі мен ғылымын, өркениеті мен мәдениетін дамытып, келешегін кемел етіп, ертеңін қалыптастыруға ерен еңбек сіңірген осындай жандар ел есінде мәңгі ұмытылмайды деп ойлаймын.
Болатбек ӘБДIРӘСIЛОВ,
академик,
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<