Көлгірлігің жоқ, өткірлігің от тұлғасың,
Пенделігің жоқ, қорғаштап жүрген бір басын.
Майдалығың жоқ, еркектен бетер ірісің,
Бітімің бөлек, сиректеу сенің тумысың.
Асаулау заман нарыққа құрық тастаған,
Екі қыз болса, қазақта соның бірісің!
Алмагүл Божанқызының өткен дәуірдегі комсомолдық жолдан бірге өткен үзеңгілес досы, марқұм Рүстем Жанай ақын көзі тірісінде осылай тау суындай екпіндеп, түйдек-түйдек жыр шумақтарымен әдемі сурет салыпты. Қайраткер қыздың қабілет-қарымын, парасат-пайымын, тұлғалық болмыс-бітімін бұдан асырып қалай суреттеуге болады?! Оның бүкіл адами-азаматтық ұстыны мен кескін-келбеті, мінез-құлқы осы бір ғана шумақтың аясына сыйып кетіп тұрған жоқ па? Бұл – поэзия құдіреті!
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Күләш Ахметова да өз өлеңінде: «Ар-намыс сынға түсер мезеттерде, қазақтың жігітінен қызы мықты!» деп осы ойды одан әрі нықтап шегелей түседі. Міне, осындай талай шайырдың шабытына тамызық болып, жырмен өрілген оның өнегелі өмірі тас жарып шыққан еңлікгүлмен өзектес десем, еш қателеспеймін. Өйткені, осыдан отыз жыл бұрын ел тәуелсіздігімен ілесе келген жабайы нарықты ырыққа көндіру, өтпелі кезеңнің бар тауқыметін елмен бірге көтерісу алғашқы әкімдердің қайсысына да оңайға түскен жоқ. Ал, сол алғашқылардың бірі нәзік жанды әйел затынан шықса, қалайша ол шайырлар жазған жыр-дастандарға тамызық болмасқа? Болғанда қандай!
Алдымен Тереңөзек ауданын, кейінірек Сырдария ауданының басым бөлігін қосып басқарған Алмагүл Божановамен танысуымыздың өзі қызық бір хикаят. Бұдан біраз жыл бұрын республикалық басылымдардың бірінде жарық көрген өз жазбамнан аздап үзінді келтіре кетейін.
«…1985 жылдың наурыз айында Қайырбек Асанов, Күләш Ахметова үшеуміз Алматыдан арнайы шығармашылық сапармен Қызылорда облысы Тереңөзек (қазіргі Сырдария) ауданына бардық. Біздің шаруамыз сол кезеңдегі идеологиялық хатшыларсыз бітпеуші еді ғой. Тереңөзек ауданының идеологиялық хатшысы өзіміз құралпылас, қасы-көзі қиылған әдемі қыз Алмагүл Божанова екен. Мінезі ашық, сөзге шешен, ұстамды да инабатты жан.
Әдетте, жолсапар кезінде есте қаларлық жайттар жиі ұшырасады емес пе? Біз де сол дарияның арғы бетінде орналасқан «Шаған» ауылына барарда осындай бір уақиғаның куәсі болдық.
– Шағанға ертерек жетіп, бір жиынға қатысуым керек еді. Ел-жұрт текке тосып қалмасын, мен мынау мұздың үстімен төтелеп тартсам деймін. Хатшы қыз көз алдымызда көк мұз құрсанып жатқан дарияға иек қақты. – Қайсыңыз бар маған ілесіп жолсерік болатұғын?
Мұны естіген біз ыршып түстік. Ойбай-ау, анау көбесі сөгіле бастаған мұзыңыз аяқ астынан опырылып түссе, ойранымыз шықпасына кім кепіл?
– «Сақтықта қорлық жоқ». Одан да айналма көпірмен өтейік… Сіз де басыңызды қатерге тікпеңіз! – дестік.
– Жоқ, болмайды!
Кесімді сөзін айтқан хатшы қыз бәріміздің көз алдымызда жанын жалдап, «темір тұлпарын» көк тайғақ мұзға салып кете барды… Ал, біз басқа бір көлік тауып, көрші аудандағы көпірге қарай тартып кеттік. Жүріп келеміз, жүріп келеміз… Көпірі құрғыр, жеткізер емес! Аздан соң көктемгі жаңбыр сіркіреп, жол дымқылдана бастады. Биязы мінезді Күләш ақын жол-жөнекей «жолбарыс жүректі хатшы қыз көк тайғақ мұзбен кетті, қоян жүректі ақындар жолы дымқыл сызбен кетті» деп даусын соза мақамдап, әзіл сөзбен түйреуге кірісті. Күлекеңнің әдемі әзілін со заматта іліп әкетіп: «Қайдасың, көпір, қайдасың? Көреміз қашан пайдасын?» деймін мен де әндете сөйлеп. Сөйтіп әзіл-қалжыңымыз жараса жол қысқартып жеттік-ау, әйтеуір, «Шағанға»…
Хатшы қыз өз жұмысын тындырып, жұртпен бірге бізді тосып отыр.
– Апыр-ай, амансыз ба? – дейміз жамырай сөйлеп. – Осында жеткенше, сіздің тілеуіңізді тілеп келдік уайымдап…
– Бұл біз үшін үйреншікті жайт қой, – дейді ол әдемі жымиып қойып. – Осылай уақыт үнемдемесек, шаруа бітуші ме еді?
Сол күні «Шаған» ауылында есте қаларлықтай ғажайып бір жыр кеші дүрілдеп өтті». («Егемен Қазақстан», 18 қыркүйек, 2003 ж.)
Осындай бітім-болмысы бөлек, өзгеден оқшау жаратылған «нәзік жандылардың» бірі де бірегейі, Сыр жұртшылығымен бірге жасасып келе жатқан Алмагүл Божанқызымен Қызылордаға қоныс аударып келгесін 1998 жылдың қоңыр күзінде қайта жүздестік. Айтулы драматург-жазушы Қалтай Мұхамеджанов ағамыз елге 70 жылдық мерейтойын өткізуге келді. Қасында өзім ұзақ жылдар қызмет жасаған «Қазақстан телерадиокорпорациясының» бұрынғы басшылары Камал Смайылов пен Шерхан Мұртаза бар. Сыр бойына Алатау көшіп келгендей әсерленіп тау тұлғалы ағалармен шұрқыраса табысып жатқан сәт еді. Нартай Бекежанов атындағы облыстық театрдың іші ығы-жығы сапырылысып жатқан адамдар… Бір кездері өзім танысып-табысқан аяулы құрбым Алмагүлдің бейнесі жарқ ете қалсын көз алдымда. Сол баяғысынша әдемі қалпымен жылы жымиып қойып:
– Қатира, Сыр бойына оралғаныңды естідім. Өзіңді қалай жолықтырам деп жүр едім. Бүгін басталып жатқан Қалағаңның тойы ертең өзінің туған ауылы «Шіркейліде» жалғасады, сен де соған келетін бол! – деді.
Шынында да, сол күннің ертесіне көрген жұрт алған әсерін айтып тауыса алмастай керемет бір той дүрілдеп өтті «Шіркейліде»… Бұдан кейін көп ұзамай қазақтың абыз-ақыны Ә.Тәжібаевтың 90 жылдық мерейтойына орай Тереңөзекте өткен еске алу кешін тамашаладық. Алматыдан арнайы келген қаламгерлердің де, жергілікті тұрғындардың да шын ризашылығын көзіміз көрді. Міне, осындай рухани іс-шаралар үстінде әкім қыз бен ақын қыздың арасы жақындай түскендей болды. Бір айта кетерлігі, ол кісі – орыс тілі мен әдебиетінің, ал мен – қазақ тілі мен әдебиетінің маманымыз. Жолығысқан сәттерде бізді қызықтырар ортақ әңгіме де жетерлік еді. Әрине, әдебиет пен мәдениетке қатысты…
Кейінірек естіп-білгенім, Алекең М.Мәметова атындағы педучилищені (қазір колледж) бітіре салып, алғашқы қызметін «Шаған» ауылындағы балабақшаның меңгерушілігінен бастап, әрі қарай мектеп директоры, Тереңөзек аудандық комсомол комитетінің І хатшысы, аудандық партия комитетінің идеологиялық хатшысы, аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарған екен. Одан соң жеті жыл Сырдария ауданының әкімі болып істеген Алмагүл Божанқызы қызмет сатысында жоғарылап, облыстық мәслихат хатшылығына дейін көтерілді.
Сөйтіп Қызылорда қаласында қызметін жалғастырған аяулы құрбыммен тағдыр қайта қосты. Былайғы жұрт оны басшылық қызметінде қоғам қайраткері ретінде танып-білсе, мен ол кісімен туған-туыс, дос-жар ортасында тонның ішкі бауындай болып жарасып, жан байлығын терең танып-білдім. Үлкен-кіші, бай-кедей демей елдің бәрімен араласып-құраласып жүрген қарапайымдылығы мен адамгершілік қасиетін өз көзіммен көріп, талай куәсі болдым.
«Сүрінген жоқсың, бүлінген жоқсың ешқашан, аша алмас ешкім сырыңды өзің ашпасаң» деп марқұм Рүстем Жанай досы айтпақшы, Алмагүл жеке басына қатысты жайттарды көпке ашып көрсетпей, өз тағдырына ешкімді араластырмай, қайғы-шерін ішке жұтатын қайсар да намысты қыз болып шықты. Кекшіл емес. Өзіне тас атқандарды аспен ұрып, кешіре салады.
Шынын айтсам, ұдайы ат үстінде жүретін еркекшора қыздың үй тірлігіне еш ебі жоқ шығар деуші едім, мықтап қателесіппін. Бір кісінің өзіне он кісіге жетерлік ас мәзірін әзірлеп дастарханға өз қолымен қойғанын көргенде, таң қалмасқа ылажыңыз жоқ. Шапшаңдығына көз ілеспейтін ылдым-жылдым қимылы тек Алекеңнің өзіне ғана тән болып көрінетін еді. Мезгілдің қай кезі болсын, осы әдетінен бір танбайды-ау! Сосын «өз үйімде отырмын ғой» деп босаңсымай, өзін әрдайым жинақы ұстайды. Үстіне киген халаты мен аяғындағы тәпішкесіне шейін әртүрлі әшекей бұйымдарымен әдемі үйлесім тауып тұратынын қайтерсіз? Ал, үйінің іші қай кезде де тап-тұйнақтай таза, мұнтаздай боп тұрғаны… Тазалыққа ерекше мән беретіндігі байқалады. «Апыр-ай!» деймін іштей таңырқап, – осының бәріне ол кісі қалай үлгіреді екен?
Алекеңнің бір бөлмесіне орналасқан жеке кітапхана қорының молдығын айтсаңызшы! Кәсіби жазушыларыңнан ешбір кемдігі жоқ және оны жай бір көрме сияқты тұтынбайды. Сол кітаптардың бәрін түгел оқып шыққандығына еш күмәніңіз болмасын! Өйткені, әдебиетке қатысты нәрселерді жіліктей шағатыны бар майын тамызып отырып…
Алмагүл Божанқызы зейнет жасына толып үлкен қызметтен босаса да, қол қусырып үйде отырып қалған жоқ. «Ұрпақтан – ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы ретінде өзі ұйымдастырған небір өнегелі де ғибратты іс-шаралардың басында жүр. «Өзінің өткен өмірі мен тарихи шежіресін тұтас мансұқтауға ешкімнің хақысы жоқ! Мен өткен өмірім мен өзім сүрген дәуірді мақтамаймын да даттамаймын. Бар болғаны оның осал тұстары мен тозығын тастап, озығын жастарға үлгі етіп көрсеткім келеді» дейді Алекеңнің өзі. Орынды айтылған сөз. Осы «Ұрпақтан – ұрпаққа» бірлестігінің жұмысын жақсы жолға қоюмен қатар, қайраткер қыз қаламын қолға алып біраз дүниелер жазып тастапты. Атап айтсақ, соғыс және еңбек ардагері Жаңабай Азаматов жайлы «Аңыз, абыз адам», Еңбек ері Балдырған Мұстафаева жайлы «Елдің бағын жандырған ер Балдырған» кітабы, сондай-ақ Ғани Мұратбаевтың салған ізін жалғап, өздерінің жалынды жастығын отансүйгіштік, патриоттық идеяларға арнаған үзеңгілес достары мен аға-апалары жайлы түрлі дерек көздеріне сүйене отырып жазған «Ел ардақтылары», «Сенім», «Көпір», «Сырым мен шыным», «Сыр елім – жерұйығым» тағы басқалары бар бас-аяғы он шақты кітаптың авторы болып үлгерген Алекең туралы айтсам, бұл да бір балықтан бұрын қолыңа қармақ ұстайтының сияқты қаншама дерек көздерін тірнектеп жиып-теріп, елеп-екшеп қажетіңе жарата алатұғын тынымсыз ізденіс пен еңбектің нәтижесі ғой! Әсіресе, «Көпір» атты кітабынан алған әсерім ұшан-теңіз! Тамырын тереңнен тартып көп жайлардан мағлұмат беретін, барлық уақиғасы шынайы өмірдің өзінен ойып алынған осы бір құнды дүние Тереңөзек өңірінің кішігірім шежіресі іспетті. Сондықтан ұзақ жылдар бойы көпірдің салынбауынан небір мехнат-бейнетті кешкен елдің ауыр жолын сол қалпында боямасыз жеткізе білген бұл кітапқа кейінірек жеке тақырыппен қайта оралатын боламын.
«Сыр елім – жерұйығым» деп А.Божанқызы айтса, айтатынындай бар. Шынымен де, ол 1946 жылдың 14 наурызында дүние есігін ашқалы бері өзінің «Сыр елі – жерұйығы», киелі топырағында өмір сүріп, еңбек етіп келеді. Оны туған жер – алтын бесігінен екі елі ажыратпайтын ұлы күш – ағайын-туыс, елге деген үлкен сүйіспеншілік пен махаббат дер едім.
Алмагүл Божанқызының қайраткерлігі жайлы бұдан бұрын егжей-тегжейлі жазып, елмен бөліскенмін. Бұ жолы оған қайта оралуды қажет етпедім. Себебі, көпшілік біле бермейтін басқа бір қасиеті, яғни қаламгерлігіне тоқтауды жөн көрдім. Осыдан екі жылдай бұрын Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданып, ол кісіге үлкен сенім жүктелді. Енді өзіммен әріптес ретінде, сол сенімнің үдесінен шығуына мен де тілекшімін! Соңғы жылдары ол бұрын ешкімге ашпаған сыр сандығын ашып, күнделік жазумен шұғылданып жүр. Сол күнделік арқылы әлі талай біз білмейтін сыры мен қырларын танитын боламыз деп үміттенемін. Әр бес жыл сайын қайта айналып соғатын мерейтойымен құттықтай отырып айтарымыз «Жазар көбейсін, Сырдың еңлікгүлі – Алмагүл!»
Қатира ЖӘЛЕНОВА,
«Алаш» әдеби Халықаралық сыйлығының иегері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<