Жаңбырлы түн

1739

0

Жентектелген қара бұлт қою түнді онан бетер түнертіп тұрды да, маржандарын шашып жіберді. Содан кәдімгі ақ жаңбыр себелесін. Әншейінде ауыз жаппай шабаланатын иттер де үрмей қалды. Үйшіктеріне тығылып бұйығып жатыр. Қорадағы қойлардың пысқырынып, күйсегені де, қозылардың маңырағаны да естілмейді. Айнала жым-жырт. Мүлгіген тыныштық. Қырдан ескен самалмен әдемі бір жып-жылы жұпар иіс келіп, ауаны жайлап алған.

Киіз үйдің есігі сықыр етіп ашылып, одан біреу шықты да, көрші үйдің жанына барып тоқтады.

– Айша, а Айша!

– О не апа, мен мұндамын.

– Немене, қиналып жатырсың ба, ботам?

Іштен жауап болмады. Алаңдап тұрған кемпір, қасына келген немересіне дауыстады.

– Жүгір, Халима жеңешеңді шақырып кел.

Толғақ қысқан келіншек тістеніп, ішін басады. Қара терге түсіпті.

– М-м-м, жаным-ай!

Қинала шыққан үнді ұйқыдағылар да естіп, жылы көрпе астынан бастарын қылтитты.

Ағайынды жігіт бір-біріне үрпиісе қарады. Бұлар қой күзетінде тұрған.

– Толғатып жатыр ма? – деді інісі.

– Солай болуы керек.

Әйелінің жыламсыраған дауысы сай-сүйегін сырқыратты. Бейнебір өзі ауырып тұрғандай. Сөйте тұра «кім туар екен» деп ойлады. Бірақ, онысын інісіне сездірмей, темекесін тұтатты.

Ентіккен үндер, ыңырсыған дауыс құлақ түбінен естіліп тұр.

– Уһ, жаным қиналды-ау!

– Сабыр ет, келін шырағым…

Бұлар бір-біріне қорқа қарады. «Қалаға неге апармадың?» деген інісіне «отыр» деді ағасы саусақтарын сытырлатып. Байыз табар емес өзі.

Бір кезде ыңырсыған дауыс етінен ет кесіп алғандай ащы шықты.

– А-а-а-апа…

Тоқтамыс орнынан атып тұрып: «Мен дәрігер шақырамын» деді де шідерлеулі жүрген аттарға қарай жүгірді. Іле нәрестенің іңгәлаған даусы естілді де, екеуі бірдей үйге кіріп кетті.

– Тоқтар, – деді шешесі. – Міне, дүниеге тағы бір ұлан келді. Атын кім қоямыз?

– Інісінің есімін Тоқтамыстың өзі қойсын, – деді бала кезіндегідей басын сипап ыржия күліп.

Жаңбыр әлі жауып тұр. Тоқтамыс аспанға қарай шалқалап, жауынға бетін тосты. Бұл бір сүйінші сұрап жауған жаңбыр болды. Жаңбыр – аспан нұры ғой. Нұр…

– Нұрбол қоямыз! – деді көзі шоқтай жанып.

Аққұба жүзі алаулаған ол жанына келген ағасын құшақтай алды.

– Нұрбол болады, – деді.

Үйге қайта кірген Тоқтамыс «Жеңеше, Нұрболды көрейінші» деді. Жеңгесі қайынінісінің қуанышына риза көңілмен қарап, інісін меңзеді.

Жаңбыр бір қалыпты сытырлап жауып тұр. Үйдегілер түгел дастархан басына отырды. Жүздері қандай жарқын еді.

Махаббат мақамы

Эстрада сахнасында оркестр вальс ойнауда. Көптің арасында екеуі де дөңгелене билеп жүр.

– Жақсы билейді екенсіз! – Қызды сөзге тарту үшін жігіт айтты мұны. – Сіздің қасыңызда мен аюдай қорбаңдап жүрген болармын сырт көзге.

– О-о, сіз мені мақтап, өзіңізді кемсіткеніңіз қалай?

Қыз жайдарлана сөйледі. Енді жігіттің өңі қашты. Ертелі мың толғанып тапқан сөздері қапелімде желді күнгі бұлттай ыдырап, сөз таба алмай әлек. Араларын үнсіздік жайлай бастады.

Оркестрдің алуан әуені жан-дүниеңді баурап, жүрегіңді елжіретеді. Бақытты жанның жалқы сәттегі сезім күйін толғап жатқандай. Кеудеңді шаттық кернеп, құс болып ұшып жүргендейсің.

– Мына әуенде махаббат сыры шертілуде ғой, – деді жігіт аққұба жүзінде нұр ойнап.

Қыз жігітке таңғалғандай қымсына қарады.

– Неге бұлар тек қана махаббат жайлы шығармалар орындайды екен?

– Неге? Бетховенді де орындайтынын білемін мен.

– О-о, Бетховен ерлікті, елдікті жырлайды. Өзі де өте тамаша адам болған-ау, сірә.

– Иә, иә, дұрыс айттыңыз. Екеуміз де Бетховеннің шығармаларын сүйіп тыңдайтын болдық қой.

– Шынымды айтсам, қазіргі баладан шал-кемпірге дейін секеңдеп билейтін әуендерді жақтырмаймын. Жасанды.

– Мен де.

Сөздері жарасып, әңгімелері өріс ала бастады…

Музыка аяқталды. Жастар топ-топ болып сыртқа шықты. Қайсыбіреулері осы жерде қимас заттарын қалдырғандай жалтақтайды.

Қала ішінде әлі абыр-сабыр басылмаған. Көпқабатты үйлердің терезелері сәуле шашады. Әрі-бері толассыз ағылған адамдар. Жүйткіген машиналар. Мамыр түнінің жібектей майда желі көше бойындағы қайың, теректердің жапырағын сыбдырлатып, сыр ұрлап тұрғандай.

– Айтыңызшы, мекен-жайыңыз қалай еді? Бәлкім, такси ұстармыз.

– Қажеті жоқ, міне, келіп те қалдық үйге.

Жігіт кенет тоқтап қалды. Әлденеге ыңғайсызданып тұр. Оның есіне қыздың есімін сұрамағаны түсті.

– Менің есімім Нұрлан, – деді ол сөзін бөліп-бөліп. Қыз да жігітке күлімсірей қарап тұрып:

– Айнұр, – деді басын сәл төмен ие, аққу мойнын бұрып. Қара түндей қап-қара мақпал шашы судырап иығына төгілді.

Жігіт оның қараторы жүзінен, бота көзінен әлдеқандай бір жылылықты байқады. Сәбидей алаңсыз, бейкүнә қарайды екен. «Ақылды боларсың» деді іштей.

– Міне, біздің үй. Жеткізіп салғаныңызға көп рахмет!

– Көріскенше, сау болыңыз.

Айнұр жымиып күлді. Сонан соң сәмбі талдай талдырмаш әдемі мүсін тық-тық басып кете барды. Нұрлан ол үйіне кіріп кеткенше сыртынан сүйсіне қарап тұрды.

…Алтыншы күннің кешінде екеуі концертте бірге отырды. Бетховеннің тоғызыншы симфониясын тыңдады. Онда қара халықтың мұңы шертіліп, адамдардың бір-біріне деген махаббаты баяндалып жатты.

Бұл Айнұрдың сүйіп тыңдайтын симфониясы-тын. Ал дәл қазір осынау қасиетті шығарма екеуі үшін ойналып жатқандай болды. Жаңа бүршік жарып, көктеп келе жатқан махаббаттың нәріндей еді бұл.

Шымкентбай ЖЫЛМАҒАНБЕТОВ,

Тараз қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<