Қазаққа Абайдай, Шәкәрімдей кемеңгерлерді берген шұрайлы Шығыс өлкеде туып, қасиетті «Қасқабұлақтан» қара өлеңнің тұнбасын қанып ішкен бір перзенті – Бауыржан Жақып. Бала күнінен-ақ ауылдағы абыз ақсақалдардың аузынан естіген аңыз әңгімелерді, қисса-дастандарды жадына түйіп, оған қоса Абай шығармаларын жастайынан жаттап өскен ол әдебиет, өнер өлкесіне әбден бейім болатын.
Орта мектепті үздік бітіріп, арман қуып Алматыға келген бозбала алғашқы жазған дүниелерімен-ақ қаламгер ағаларын қайран қалдырып, жыр кештерінен жүлдесіз қалған емес. Қазақтың қалам ұстаған жастарының біразына батасын беріп, шығармашылық жолында бағын ашқан әйгілі ақын Әбділда Тәжібаев бастаған қарымды қаламгерлер бозбала Бауыржанның да қабілетін бірден танып, болашағына зор сенім артқан еді.
Қазақта «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген тамаша тәмсiл бар. Иә, қазақтан данышпан халық жоқ. Атам қазақтың айтқан кез келген мақал-мәтелдерi мен түрлі ой-тұжырымдары айна-қатесiз келiп отырады. Бұл данышпандық емей, немене?! Айталық, халқымыз отты жырларымен елді аузына қаратқан ақынды, аспандағы аққуға үнiн қосқан әншiні, домбыраның қос iшегiнен күй төгiлткен күйшiні, қара қылды қақ жарып, қара сөзден түйін түйген шешенді ерекше құрмет тұтып, төрінен жай берген. Ал егер осы қасиеттердiң бәрi бiр адамның бойынан табылып жатса, ондай бiртуар жанды бiр ғана сөзбен – «Сегiз қырлы, бiр сырлы» дейдi. Қандай тамаша теңеу! Осындай азаматтың бірі – филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесi, көрнекті ақын, қабырғалы қаламгер Бауыржан Өмiржанұлы Жақып.
Б.Жақып 1963 жылы 1 мамырда Семей облысы (қазiргi Шығыс Қазақстан облысы) Абай ауданы Аққора ауылында дүниеге келген. 1980 жылы Арқат орта мектебiн алтын медальмен бiтiрген. 1985 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық университетiнiң журналистика факультетiн тәмамдап, еңбек жолын «Қазақстан» ұлттық теледидарының әдеби-драмалық хабарлар Бас редакциясында редактор болып бастады. Небәрі жиырмадан асқан жасында осындай жауапты қызметтерді атқару – оның бойындағы білімі мен іскерлік қабілетінің көрінісі болса керек. Иә, расында, солай. Ақынның туған жеріне деген толғанысынан туған мына жыр шумағынан осындай табандылықты танығандаймыз:
Семейім, сенде ізі бар
ұлы Абайдың,
Жарқырап жанып жатқан шырағы
айдың.
Ертістен Алатауға ұшып едім,
Ешқашан сол биіктен құламаймын.
Бұл – ақынның асқақ мұраты. Сол мұратына жету жолында қаншама еңбек жолынан өтті десеңізші…
Ол 1986-2008 жылдары «Жалын» кiтап баспасында редактор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнде оқытушы, зерттеушi, ассистент, аға оқытушы, доцент, деканның оқу iсi жөнiндегi орынбасары, «Журналистiк шеберлiк және әдеби редакциялау», «Баспа iсi», «Мерзiмдi баспасөз» кафедраларының меңгерушiсi, журналистика факультетiнiң деканы қызметтерін атқарды. Ал 2009 жылы «Қазақ энциклопедиясының» Бас директор-бас редакторы болса, бүгінде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді.
Б.Жақып – жастардың творчестволық «Жiгер» фестивалiнiң, «Дарын» жастар мемлекеттiк сыйлығының, Бакуда өткен Бүкiл түркi дүниесi ақындарының 11 «Хазар шеирақшамдары» фестивалiнiң, Македонияның Скопье, Косованың Приштина қалаларында өткен бүкiл түркi дүниесi ақындары фестивалiнiң лауреаты. Түркияда Елазығ шаһарында өткен әйгiлi жазушы Шыңғыс Айтматовқа арналған бүкiл түркi дүниесi ақындарының 15-фестивалiнiң дипломанты. Қазақстан Жазушылар одағының М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов атындағы сыйлығының лауреаты. «Шығыс шынары» Халықаралық мүшәйрасының бас жүлдегерi.
Ұлы Абайдың ұлағатынан ұшқын алған ол өзінің шығармашылығын ақын жолымен тоғыстырады. Абай жырларына арқау болған елдің мұңын бірге көтеріседі:
Жарықтық, Абай салған
жолға түстім,
Қашсам да тұтқын болып
қолға түстім.
Өзімнен өзім безіп құтыла алмай,
Ой деген ормандағы торға түстім, – дейді ақын.
Бауыржан Жақып – Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының, Халықаралық жазушылар мен публицистер ассоциациясының мүшесi және Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесi. Қазақстан Журналистика академиясының академигi. Халықаралық Шыңғыс Айтматов академиясының академигi атанды. Қазақстан Журналистер академиясының ең жоғары сыйлығы – «Алтын жұлдыз», «Құрмет» орденiнің иегерi, ҚР Мәдениет қайраткерi.
Ұлттық мүдде, салт пен сана, қоғам өмірінің сан алуан толғақты мәселелерін арқау еткен ақын өлеңдерінен ел мен жер тағдырына алаңдаған азаматтық үн, адамдық ұстаным байқалады. Жалпы айтқанда, ақын Бауыржан Жақып – жан-жақты әдеби-ғылыми-шығармашылық ізденістегі тұлға. Сонау 1984-жылдардан бері ақынның «Аудитория», «Баспалдақтар», «Жұлдызды шақ», «Бiр кеменiң үстiнде», «Парус времени», «Аралым – арым, Балқашым – бағым», «Қарлығаш», «Көзiмнiң нұры», «Айдындағы аспан», «Ақ лақ», «Қолтаңба», «Уақыт ұршығы», «Баянауыл басынан», «Мыс сапырған, кен қазған», «Қызыл қайың», «Абайдың Қасқабұлағы», «Елiккөрген» атты кiтаптары жарық көрдi.
Өлеңдерi орыс, түрiк, қытай, түркiмен, қырғыз, украин, беларусь, македон, ағылшын тiлдерiне аударылған. Сонымен бірге, «М.Әуезов – публицист», «Ұлы суреткер ұлағаты», «Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары», «Публицистикалық шығармашылық негіздері» тақырыбындағы ғылыми еңбектердің авторы. Поэзиялық шығармалары «Екі мың жылдық дала жыры» атты таңдаулы жыр кітабына енгізілген. Ақын поэзиясында негізінен атамекен, табиғат тынысы, ұлт мұраты, рухани таным және адами құндылықтар тақырыбы жырланады. Сондай құнды шығарманың бірі – «Жан дауысы» поэмасында барша қазақ халқына қасірет әкелген Семей полигонының зардабы шынайы суреттелген.
Бауыржан Жақып – бірнеше қоғамдық қызметтерді де негізгі міндетімен қатар алып жүрген қайраткер азамат. Айталық, әр жылдары ол – қазақ журналистикасы саласындағы Президент сыйлығы мен гранттарын беру жөнiндегi республикалық қоғамдық комиссияның мүшесi, ҚазҰУ журналистика факультетi Ғылыми кеңесiнiң төрағасы, «Журналистика» және «Баспа iсi» мамандықтары бойынша республикалық ғылыми-әдiстемелiк кеңес төрағасы, журналистика мамандығы бойынша диссертациялық кеңестiң ғалым-хатшысы, «ҚазҰУ хабаршысы (журналистика сериясы)» ғылыми журналының бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарды. Ұстаздық еңбек жолында көптеген шәкірт тәрбиелеп, шығармашылық қабілетін шыңдап, әдебиет әлеміне, журналистика саласына бағыт-бағдар берді.
Он бес жыл қатарынан Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да Мемлекеттік аттестациялық комиссияның төрағасы болып, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша 2014-2019 жылдары университетті бітірген 500-ден астам түлекке жол көрсеткен ұстаз. Осы еңбегіне орай аталған университеттің ең жоғары марапаты – «Қорқыт Ата» алтын медалімен марапатталды. Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің 85 жылдығына арналған ғылыми-танымдық конференцияда баяндама жасады. Сонымен қатар, Сыр бойынан шыққан ақын-жазушылардың мерейтойларына қатысып жүр. Сондықтан өзін осы елдің бір перзентіндей сезініп, Сыр өңірі туралы топтама өлеңдері жазылды.
Биыл қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай, ел аумағында атқарылып жатқан мәдени-көпшілік шаралардан бөлек, алыс-жақын шетелдерде ақын шығармашылығы терең насихатталуда. Айталық, Мемлекет басшысының бастамасымен ұлы ақын шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылды. Таяуда ғана қазақстандық делегация құрамында ақын Бауыржан Жақып ежелгі Мысыр елінде іссапарда болып, сол елдегі Абай ескерткішіне тағзым етіп, ақынның араб тіліне аударылған кітабының тұсаукесер рәсіміне қатысты. «Абай және рухани мұра» атты халықаралық конференцияда баяндама жасады.
Мiне, бiр адамның бойынан осыншама қабiлеттің табылуы, оның қоғамға, елге жасаған қаншама қызметі, атақ-абыройы ненi бiлдiредi? Сан қырлы талант иесi дегенiмiз осы емес пе? Мен Бауыржан Жақыптың негiзгi және қоғамдық жұмыстарын, ғылымдағы, әдебиет пен журналистикадағы, баспагерлiк саладағы атқарған жұмыстарын және жетістіктерін қысқаша шолып өттім. Осының өзiнен-ақ бұл азаматтың қоғамдағы, ұлттық әдебиетiмiз бен мәдениетiмiздегi және ғылым жолындағы алатын орны айшықталып тұрған жоқ па? Егер әрбiр iсiн таратып жазатын болсақ, үлкен бiр әдеби шығармаға арқау болар едi. Ол, әрине, алдағы күндердiң еншiсiндегi дүние болса керек…
Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі,
Қазақстанның Құрметті журналисі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<