Қазақ үшін Тәуелсіздіктің құны қымбат. Оны ата-бабамыз өмір бойы аңсап өткен. Ал кешегі жетпіс жыл үстемдік еткендер құл-құтанға теңдік алып бердік, ұлттардың мызғымас достығын қамтамасыз еттік деген. Әділетсіздікті әшкерелеген, көзқарастарын ашық айтып, биліктің құлағына жеткізген, қол ұстасып алаңға шыққан жастар арасында жаңақорғандық қырандар да бар еді. Содан бері 33 жыл өтсе де желтоқсанның ызғары жанды қарып, қасірет пен өкініш жүректі сыздатады. Өйткені желтоқсан оқиғасы талай жастың тағдырына таңба салды.
Жаңақорған топырағының тумасы Ботагөз Әбілтайқызы Қарабаева аудан орталығындағы №163 Октябрьдің 40 жылдығы атындағы орта мектебін оқып бітірген соң екі жыл орталықтағы ХРСУ мекемесінде құрылысшы болып жұмыс істеді. Осы орында үздік еңбегімен танылып, КПСС қатарына өтті. Өзі жасынан сүйіп оқыған пәні бойынша ҚазМУ-дың химия факультетінің студенті атанды. Желтоқсан көтерілісі тұсында 3 курста оқитын Ботагөз алаңда көзқарасын білдірген жастар сапына қосылды. Топпен бірге қамалып тергеуде болды. Ақыры 17-18 желтоқсан күндері жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін деген айыппен оқудан шығарылды. Амалсыз ауылға оралуға мәжбүр болған Ботагөз осы жылдары өндірістік комбинатта жұмыс атқарды.
1990 жылдары Мұхтар Шахановтан хат келіп, оқуын қайта жалғастыруға мүмкіндік алды. Еңбекке де, білімге де жанымен берілген, ешқандай қиындыққа мойымайтын Ботагөз университетті өте жақсы оқып бітіріп, магистратурада білімін жалғады. Өз саласы бойынша ғылыми жұмыс қорғап, кандидаттық атағын алды. Бірнеше жыл ҚазМУ-да оқытушы, одан әрі «Қазтрансойл» мекемесінде қызмет атқарды. Шетелдік іссапарларға білікті маман ретінде Ботагөздің жиі шығатынына қарап оның ұжымында да беделді, іскер екеніне тәнті болатынбыз. Қызмет ете жүріп ҚазМУ-дың заң факультетінде сырттай оқыды. Үнемі ізденумен, алға ұмтылумен жүретін бауырымның ер-азаматқа белгісіз ерік-жігеріне қызығатынмын. Оған арқа сүйейтінмін, кішкентай кезінен осындай табанды мінезіне бәріміз сүйсінетінбіз.
Алаңға ақиқатты айтамын деп шығып, ақырында жаладан жаны күйзеліп, қысым көрген Ботагөз бір жағынан ел-жұрттың сөзінен қорықты. Ол қысқа ғұмырында қаншама іс атқарып, қатарының алды боп кетті. Тірі жүргенде ел игілігіне қызмет жасап, талай биіктен көрінер еді деген өкініш өзегімізді өртейді. Ғылым саласы бойынша алған марапаттары, жазып жүрген ізденістері бәрі-бәрі артында қалды. Ол 2010 жылы кенеттен екі күн ауырады да, бақилық болды.
Жылда Желтоқсан оқиғасына арналған шараларда Ботагөздің есімі аталмауы көңілімізді құлазытады. Ботагөзге Жаңақорған көшелерінің бірінің атын берсе екен деген өтінішімді айтып, аудан басшылығына да кірдім. ҚР Бас прокуратурасынан Ботагөздің ісі қаралған барлық материалдарды жинап алып келдім. Соңында жоқтаушысы бар асыл жанның аты өшпесе екен деймін.
Бурхан ҚАРАБАЕВ.
Жаңақорған кенті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<