Ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен шақта Отан үшін кеудесін оққа тосып, қан майданда қолын жауға, жүрегін жұртына арнаған Жомарт Ергешов сұрапыл соғыстан кейінгі ұзақ жылдар жаралы қолымен-ақ туған жерді түлетуге тер төккен нағыз еңбек майталманы болатын.
Жомарт Ергешов 1908 жылы Шиелі ауданы Ортақшыл ауылында дүниеге келген. Шын аты – Қасым-Жомарт. Әкесі Ергешбай ағайын, ел арасындағы дау-дамайларды бұра тартпай, әділ де дәл шешіп, билік еткен. Бір ауылды асырап отырған бай болған. Әйелі, яғни Жомарттың анасы 16 құрсақ көтеріп, көбі жастайынан шетінеп, жеті қыз, бір ұл қалыпты. Ергешбай тұяғым жалғыз болмасын деп атын Қасым-Жомарт деп қойыпты. Жомарт өте қарапайым, қайырымды, қолындағы нанын өзгелермен бөлісетін атына заты сай мәрт болып ержетті.
Ұлы Отан соғысы басталғанда Қызыл Армия қатарына өз еркімен барады. Мұрағаттағы деректерге сәйкес, әскерге 1942 жылдың 10 маусымында Жамбыл облысы Шу аудандық әскери комиссариатынан шақырылып, тізімге 26-шы болып енеді. Хат танымағандықтан, аты-жөнінде қате кеткен. Тізімді жазып, жауынгер ретінде тіркеуші орыс жігіті екен. Атамыз тегін Ергешбай деп айтса, «ой осы қазақтар бай-сайларыңды қойыңдаршы» деп Оргешев, кей құжатта Эргешев деп толтырып, атамызға бес әріпті жазуды үйретіп, Ергешев деп қолын қойғызыпты. Атында да қате бар. Кеңес Одағы кезінде «Ж» әрпінен басталатын есімдердің алдына «Д» қойылып жазылатын. Атамыз атын Қасым-Жомарт деп айтса, «зачем длинные многословные названия» деп Джоматқа қысқартыпты. Осылайша, әскерге қатардағы жауынгер Оргешев Джомат болып аттанады. 26-шаңғышылар полкінің құрамында болады.
Кейіннен атқыштар бригадасына жіберіледі. Талай рет қиын сапарларға шығып, жауапты тапсырмаларды орындайды. Белоруссияның Минск, Борисов, Витебск қалаларын, Брянск орманы арқылы Ресейдің бірнеше қаласын жаудан азат етуге қатысқан. Әкеміздің айтуынша пулеметші болған. Польшаға дейін пулеметін сүйретіп жаяу барған. Әкемізді Жеңіс күнінде мектеп оқушыларымен кездесуге шақыратын. Сол жиындарда соғыс жайлы естелігімен бөлісетін. Сондай бір естелігінде әңгіме былай өрбіді:
«Соғыс кезі. Қыс айы, дала аппақ қар. Түн мезгілі. Екі жақта тыныштық. Жаумен бір-бірін аңдысып жатқан шақ. Солай жау бетті аңдып жатқанда бір қоян оңнан солға қарай зулап барады. Кескілескен шайқас екенін ұмытып, рұқсатсыз атып салдым. «Жабайы қазақ, қазір жау бізді оқтың астына алса, қайтесің?» деп командир қатты ұрысты. Сонда ғана не істегенімді түсіндім. Қасымда жатқан қарт орыс жауынгері сөзімді сөйлеп, «қазақты жібер, атқан қоянын әкелсін» деді. Жер бауырлап барып, әкеп, командирге бердім. Біздің көретін жарығымыз шығар, аңдып жатқан немістер де оқ атпады. Сонда қарт жауынгер «қазақ, бұдан кейін мұндай көзсіз ерлік жасама, бәрі осылай сәтті бола бермейді. Осы шайқаста аман қаласың, бірақ жараланасың» деді. Бұл – Брянск ну орманында болған жағдай еді. Сол ұрыста минаның жарықшағы қолыма тиіп, шынтағымды жұлып әкетті. Өзім снарядтың салдарынан терең ойылған жерге ес-түссіз түсіп, үстімді құм- топырақ басып қалды. Содан үш тәулік жатсам керек. Баяғы Алладан амандығымды тілеп, күнде бір мал құдайы беретін, әжем оятып жіберді. Қозғалуға шама жоқ, әбден жаурап, топыраққа тастай көміліп қалғанмын. Бір қолым жоқ, жан сезбейді. Көзімді топырақтан әрең аршыдым. Жоғары жақтан кішкене ғана саңылаудан жарық түсіп тұрғандай. Соған қарай ұмтылып-ұмтылып, бір қолыммен топырақты қыршып-қыршып, әбден әлім қалмады. Шайқаста шеп алға қарай жылжи береді. Жауынгерлердің артқа қарауына мұрша жоқ, ілеспей қалғандарын көбіне өлдіге санайды. Оқ тиіп, мерт болғандары қала береді. Мені де мина жарылып, снаряд жарықшақтары тигенде, өлдіге санаса керек, елге «қара қағаз» жіберіпті. Үш күннен кейін ұрыс алаңында көміліп қалған жауынгерлерді іздеп, түгендегенде мені тауып алды. Ол кезде жердің бетіне тырмысып шығып қалғанмын. Соғыстың соңғы күндерін Польшада өткіздім.
Польшаның бір қаласын алғанда, жарақатым асқынып, госпитальға түстім. Ұзақ емделіп, 1946 жылы елге оралдым. Балалар, осылай сұм соғыс мені «Шолақ ата» атандырды. Бірақ мен бұған ренжімеймін. Отан жолында жаным пида. 1945 жылы ауылға «қара қағаз» келіпті. 1946 жылы елге оралып, Шу қаласы «Шоссейная, 45» деген мекен-жайда тұратын Әлиша әпкемнің үйіне барсам, қайтыс болған жылдық асымды беріп жатыр екен, үстерінен түстім. Мені көріп, бәрі есеңгіреп қалды. Қара жамылып қалған келіншегім тұрмысқа шығып кетіпті. Соғыста жүргенде қатты қалғып кетіп, түс көрдім. Түсіме өзен жағасында шашы ұзын білектей, аппақ қыз кіріпті. Қан майданнан Жеңіспен қайтқанда, сол қыз алдымнан шықты, соған үйлендім».
Пулеметші Жомарт Ергешовтың қан майданда көрсеткен ерлігі ескерусіз қалмай, «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін» және басқа да бірнеше медальдармен марапатталған. Кескілескен шайқаста ержүректігі үшін ефрейтор атағын иемденіп, «Алғыс хат» алған.
Жауынгер соғыстан кейінгі бейбіт еңбекте де үнемі алдыңғы қатардан көрінді. Ел игілігі, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі үшін орасан зор еңбек етті. Ата кәсібін алға сүйреу үшін мал бақты, егін екті, бау-бақша өсірді, жеміс-жидектерді жайқалтып, көкөністі көгертті. Абыз ақсақал екінші тыңды игеруге атсалысты.
Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Жомарт ақсақалдың атақ-даңқының асқақтауына жары Айшаттың қосқан үлесі зор болды. Анамыз қара жұмыстан қайыспайтын, қаймықпайтын өте еңбекқор, іскер, турашыл, ешкімнің ала жібін аттамаған адал, жұдырықтай жүрегінен жылулық ұялаған мейірімді, ағайын-туыс, отбасы арасындағы ырысты үйіріп, көрген көзге үнемі айдай шаттанып жүретін ақжарқын кісі еді. Оның қадай салған әр талы тамырланып, мол жеміс беретін, алып ағашқа айналатын. Әкем мен анамыз 1946 жылы шаңырақ көтеріпті.
Анамыз бесжылдық білім алғанымен, өте сауатты кісі еді. Есеп-қисапқа жүйрік болатын. Құран аяттарын, хадистерді, шариғатта жазылғандарды, пайғамбарларымыздың өмірі, қыздары, анасы туралы аңыз- әңгімелерді, қазақ халқының ертегілерін жақсы білетін.
Еңбекпен есейіп, өсіп-өнген жандар кіндігінен тараған ұрпағына, бүкіл ауылға ғибратты істерімен үлгі көрсетті. Ерен еңбектері еленіп, талай жоғары марапатқа, төсбелгілерге ие болды. Совхоз бюджетінен жеке үй салып берді. Айшат анамыздың аты-жөні Қызылорда облысының «Құрмет кітапшасына» алтын әріппен жазылды.
Әкеміз 1980 жылы 9 маусымда 72 жасында, анамыз 2005 жылы 83 жасында дүниеден озды. Жеңіс күні қарсаңында теледидардан екінші дүниежүзілік соғыс туралы фильмдер көрсетіп жатса, әкеміз жерге зыңылдап түсіп келе жатқан бомбаның дауысын естігенде басын шайқап, «енді адамзат тарихында мұндай жантүршігерлік шайқас болмасын, біздің басымыздан өткен қасіретті Аллам жастарға, ұрпаққа көрсетпесін» деп отыратын.
Жомарт әкеміз бен Айшат анамыздан тараған ұрпақтар бүгінде тамыры тереңге тартқан мәуелі бәйтерекке айналып отыр.
Айбала ЕРГЕШОВА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<