Желқайық жалт еткенде…

1837

0

Қатер қас пен көздің арасында ғой, жаңа ғана желқайық үстінде жарқын-жарқын күліп, бір-біріне су шашып ойнап отырған жастар көлдің бетін шалпылдата шошынып, у-шу болды да қалды. Біреуі суды алақанымен ілемін деп  оқыс еңкейді ме, онсыз да қылпылдап тұрған желқайық жалт етіп аударылды да, үстіндегі адамдар суға құлап түсті. Шолп-шолп, шыңғырған дауыс, жылаған қыз. Шын қатер туғанда біреуге біреу қарайлай қоюы қиындау, әркім әуелі өз басын сағалайды. Суға жүзе алатындары малтып қолға ілінер тал қармауға ұмтылса, кейбірі төңкерілген қайықтың ернеуіне жармасып әлек.

Бұл оқыс жағдайды әуелгіде жағада жүргендер аңғара да қоймаған. Өйткені, бүгін кешкілік көл жағасындағы ауыл Бәйгеқұмда той. Үйлену тойы. Осындағы Иманбай қарияның үлкен ұлы Амантай келіншек әкелген. Ақтөбенің аруы Гауһармен көңіл жарастырған қуанышы. Жігіттің ағайындары мен ауылдастары той қамымен әуре. Мұндайда құрдастардың да құдайы береді, әзілдесе, ойнап-күліп қызықшылықтың буымен бір жасап қалады.

Осы мезет бір шаруамен көл жағасына жақын келген Амантайдың інісі Алтай жаңағы қатерлі жағдайды көзі шалып қалғаны. Жанталаса су сабалап жүргендердің суға кету қаупі орасан. Оқыс жағдайды тез бағамдаған ол үстіндегі киімін жүгіре сыпырып, көлге қойды да кетті. Құлаштай жүзді, қарқындай сырғыды. Қайық үстіндегілер Ақтөбеден келген қонақтар – жаңа құда балалар мен құдашалар болатын-ды. Екі жігіт пен үш қыз. Шамамен жүз құлаштай жерге жүзіп жеткенінде қайық ернеуіне жармасқан бойжеткеннің бірі әлсірегенінен әлде қорыққанынан суға бір батып, бір шығып қиналып, түрі бозарып кеткен екен. Ал екіншісі қайықтың жақтауынан тас қылып қатып қалыпты. Құтқаруға келген жігіт ойланбастан қыздың қолын өзіне қарматпай, шашынан тартып, жақын маңдағы қоғасы өскен төбешікке іліндірді. Сөйтті де екінші қызға көмекке ұмтылды. Оны да арпалысып жүріп, әлгі қауіпсіз жерге  жеткізді. Суға малти алатын өзгелері де осында табан тіреген екен. Ал алғашқы қыз суды көп жұтып қойса керек, қимылсыз сұлқ құлаған. Шамалы сәттен соң жағадағы өзгелер де екінші қайықпен жаңағы төбешікке көмекке жетті. Жабыла жүріп, көлге тоғытылғандардың бәрін әупірімдеп жағаға шығарысты. Қыздың бірі Гүлнар тез есін жиды да, екіншісі Алтынайдың халі мүшкіл еді. Дереу аудандық ауруханаға апарысты. Комаға түсіп кетіпті. Дәрігерлер де алғашқы медициналық көмектерін жасап жатыр, алайда қыз есін жияр емес. Жұрттың бәрі у-шу. Той деп жүргенде, топалаң баспасын деңіз. Уайым үстіне уайым. Тек бір көріпкелдің: «Ертеңгі Шолпан жұлдызы туғанда келеге келуі мүмкін» деген сөзінен үміт етеді бәрі.

Айтқандай, қыз ертесіне ғана көзін ашып, сөзге келді. Жас адам ғой, ауруханада бірер күн жатып, қалпына келгендей болды. Қатты шошынып қалған екен, айналасындағы қамқор адамдардың пейілі мен тілегінің арқасында өз ортасына қайта қосылды. Құдай сақтады, шүкіршілік деп жатыр үлкендер. Ал кейбірі «қайықты сен сұрап әпергенсің» деп Алтайға ұрсып жүр. Суға батқандарды құтқарғандағы алған алғысының сыңайын-ай! Балық аулайтын орыстардан олардың өздері өтініш жасап алғандығын ескерер емес.

Бұл 1983 жылдың тамыз айының ортасы еді. Содан бері 40 жылға таяу уақыт  өтіпті. Басты кейіпкеріміз Алтай Байжігітов сол жылы ғана мектеп бітірген жігіт болатын. Ал суға тұншыққан қыздар 9-сынып оқушылары еді. Құдайдың құдіретімен сол күнгі жағдайдың бейбіт тәмамдалғанын айтсаңызшы.

Бұл оқиға туралы маған Алматыдағы танысым Қорабайдың хабардар еткеніне де екі-үш жыл жылжыпты. Іргедегі Бәйгеқұмға барып, ауыл тұрғындарымен, екі адамды судан құтқарған батыл жігіт Алтаймен тілдесудің реті енді ғана келгені. Мұның орайын келтірген ауыл әкімдігінің бас маманы Мұратқа рахмет!

Алтай қазір өзінің туған ауылы Бәйгеқұмда ауызсу тарататын мекемеде оператор болып жұмыс істейді. Келіншегі Ләззат ауруханада қызмет етеді. Өздері 3 ұл, 2 қыз өсірген берекелі отбасы. Ал баяғы үйлену тойларын белгіленген мерзімінен әлгіндей себеппен екі күн кешіктіріп өткізген Амантай мен Гауһар Ақтөбеде тұрады. Тату-тәтті өмір сүрді. Өз мамандықтары бойынша еңбек етті. Бұл күндері зейнетте. 2 ұл, 2 қызы, немерелері бар. Ал сонда мінәйі себеппен Сырдың суымен «танысқан» құдашалар да бұл күндері егде тартқан.

Иә, Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауылында осыдан қырық жыл бұрын осындай оқиға болған. «Жау жоқ деме, жар астында» демекші, тосын жағдайдан аман жүргеннің өзі мол олжа адамға. Дегенде, сақтықты қашанда ұмытпау керек.

Нұрмахан ЕЛТАЙ,

 Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<