Жыр жампозы

1810

2

Жаныңа сәулесін құйып, мамыражай жүретін тәтті күндердің шуақты сәттері балалық кезеңнің еншісінде. Әр адамның ойының түкпірінде бұйығы жататын осындай естеліктер, көңілің алабұртып, өткенге кішкене бұрылып қарасаң көзіңнің алдына келеді.

Келгенде де, сағымға оранып, сартап далада тізбектеле көшкен керуен секілді шұбыра жөнеледі. Туған жерім қарақұмның етегінде орналасқан 2-ферманың орталығы «Ақшал» деп аталатын ауылда он-он бес ғана түтін болатын. Берекесі басым осы ауылда тұратындар бір үйдің баласындай тату еді. Сексеуіл мен жыңғылы араласа ауылды көмкеріп, бейне бір әдейі, айналдыра еккендей әсерде қалдырып, аракідік кездесетін жантақ пен шеңгелі, ақтікені мен кәріқызы жымдасып, бетегесі мен ебелегі жарыса өсіп , жусаны мен селеуі табиғаттың әсем күйін шерткендей түгін тартса майы шығатын атамекен төрт түлік малдың жайы болатын.

Терістігіміздегі айдау жол «Жақсыберлі» қыстауынан әрі өтіп, «Әлментай шоқысын» артта қалдыра нұралыққа жетеді. Теріскей тұсыңда «Қызылшың» мұнарта көрініп, «Мұрынқұдық» арқылы ұлы құмға ілігетін. Адамның мәңгіге есінде қалатын осы кезеңдердің орыны мүлде бөлек.

Кішкене ауылдың шыбынсыз жазғы кештерінің бірінде әкеме сәлем бере, екі кісі келді. Кейіннен бәлгеніміздей бірі сол кездегі Жалағаш совхозының бас инженері Жадырасын Тасбергенов та, екіншісі осы совхоздың қызметкері Сағидолла Сисенбаев екен. Қонақтарға арналып сыбағалы малы сойылып, дастархан жайыла бастады.

Әкемнің жүзінде ерекше қуаныштың табы да байқалады. Бала болсамда соның бәрін санаммен сезетін сияқтымын. Аз уақыттан кейін екі иығынан дем алып, жан-жағын ыстық демі алып ақ самаурын келді. Дастархан басында түрлі әңгімелер айтылып, басқа қонақтар секілді сыбағалы асқа дейін осы қалыппен отырды. Бізде арасында далаға жүз шығып, жүз кіріп жүрміз.

Бұл, 1976 жыл, менің төртінші жазым болатын. Қонақтардың сыбағалы сүйегі тартылып, ас желініп болған соң қонақтардың үлкені қолына домбыра алып, қоңырлатып шерте бастады. Қара домбыраның жанға жайлы қоңыр үні бойымды балқытып, өзіне қарай дарияның иіріміндей тартып барады. Әкемнің қуанышының сыры енді біліне бастады.

Сүт пісірімдей уақыт домбыраны күмбірлете ойнатып, бір кезде қарлығыңқы қоңыр дауысын қосып, сыр шайырларының жырларынан орындап, менің бүкіл есіл-дертімді қара домбыраның шанағына салып алды. Тірі жыршыны бірінші көрген бала көңілде жырға деген, жыршыға деген өшпес құмарлықтың оты жағылды.

Көмейінен түйдектеле шығып жатқан үні, жыршыны қарапайым адамнан биік, басқа әлемге тиесілі тіршілік иесі секілді көрсетті. Аузым ашылып отырып, сол түнді көз ілмей өткіздім. Бағанағы әкемнің неге қуанғанын сонда білдім. Шын мәнінде Жадырасын жыршының орындау мәнері бөлек, тамаққа терең салатын, айтып отырған жырының әр шумағын толғап отырып, жанын жеп орындайтын. Жырдың негізгі тыңдаушыға берері де ынтықтырып отырып, ескі сарын есті сөзді ұқтыру емес пе?

Жыршының ел алдындағы парызы да тыңдарманның санасына сәуле түсірумен өлшенбек. Жыр мен жыршы тұтас бір қалыпқа түсіп, мына жалғанның шеңберінен шығып, ғайыптың тағына жайғасқанына куә боласың.

Осы қасиет Жәкеңнің жыршылық болмысынан көрінетін. Міне , сонан бері табаны күректей қырық бес жыл өтіпті. Одан кейінде Жадырасын ағам үйімізде бірнеше рет болды. Әр келгені әкем екеуміз үшін тойға бергісіз еді. Кейіннен өзімізде ата мұра- жыршылық өнерге ден қоя бастағанда алдына барып тәлімін алдық.

Жас кезінде өзі туған ауылына келген жыршыларды әкесімен еріп барып көп тыңдағанын сөз етуші еді. Әсіресе, Жиенбайұлы Рүстембек жыраудың жырын тыңдап, сұңқар дауысты сұңғылаға көп еліктегенін, жыршылық өнерге жастайынан құмар болғанын айтатын. Көптеген өнер иелерінің өнер әлеміне қалай келгенін тыңдап отырып, жалпы өнер өлкесіне аяқ басудың алғашқы әліппесі құмарлықтан басталады деп, тұжырымдауға болады. Тасбергенов Жадырасын ағамыз Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының Таң ауылында 1935 жылы дүниеге келген.


1955 жылы Жалағаш кентіндегі Сталин
атындағы мектепті, 1958 жылы Қызылорда ауыл шаруашылық техникумын бітіреді. 1958-1980 жылдар аралығында бұрынғы Жалағаш совхозында (қазіргі Қаракеткен
ауылы) механик, бас инженер, 1980-1985 жылдары совхоз директорының орынбасары, 1985-1994 жылдары совхозда диспетчер бөлімін басқарған. Қызметімен қатар құдай берген жыршылық өнерінен де қол үзбей, қаншама жасқа үлгі болды.


Үш ұл, үш қызды бауырынан өргізіп, тәрбиелеп өсірді. Қазір, әрқайсысы өз алдына бір-бір шаңырақтың иелері.
Елге еткен еңбегі мен өнердегі ешкімге ұқсамайтын өрнекті жолын жоғары бағалап Жадырасын жыршыға, бүкіл саналы ғұмырын өткерген Қаракеткен ауылы, ауылдың «Құрметті азаматы» атағын берді.

Жыр деп соққан мұңды жүрек 2009 жылдың 14 қыркүйегінде соғуын мәңгіге тоқтатты. Өзі өмірден өтсе де, мәңгіліктің сырын шертіп таспаға жазылған қайталанбас үні, өмірін жалғастырар ұлы мен қызы, өнердегі ізін өшірмейтін шәкірттері қалды. Атақ пен даңқ үшін емес, көптің көңілінен шығып, қанында бар қасиеттің киесін қашырмау үшін өнер ұстаған асыл ағаның иманы саламат болсын!

Берік САЙМАҒАНБЕТОВ,

шәкірті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<