Ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Әскербек Рахымбекұлы Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылында 1942 жылғы 22 наурызда туған. Қызылорда педагогикалық институтын бітірген. Облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы»), «Сырдария» газеттерінде, облыстық теларадио комитетінде, облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарды.
Ә.Рахымбекұлы әр жылдары облыстық «Сыр бойы» (бұрынғы «Ленин жолы») газетінің бас редакторы, бас редактордың орынбасары, кеңесші болды. Оның «Тұсаукесер», «Сырдария әуендері», «Тұлпар туралы дастан», «Ғашық жүрек», «Айдынынан айырылған Аралым-ай», «Алтын Арай», «Тұлпарлар тағдыры», басқа да жыр кітаптары шықты. «Сырдария» кітапханасы атты 200 томдық кітаптар сериясы редакторының бірі. Екі мәрте «Жалын» баспасы жариялаған жабық бәйгенің жүлдегері.
Сырдың сырбаз мінезіндей сыралғы, ойы терең, сөзі сұңғыла ақын өткен жылдың 12 шілдесінде дүниеден өтті. Бүгін ақынның өмірден озғанына жыл толу қарсаңында әр кезеңде жарық көрген өлеңдерінен топтама ұсынып отырмыз.
Тұяғы едім тұлпардың
Қасиетті далам!
Жотасы жазық, төсі кең.
Жоныңда жортып, жұпарыңды жұтып өсіп ем.
Мен де бір текті тұлпардан қалған тұяқ ем,
Білмеймін қашан бәйгеге түсіп көсілем?!
Құлыншақтай күнде желіден жоқпын шыға алған,
Шыға алған жоқпын жиырма бесте де құмардан.
Отызға да жеттік,
Озатын енді шығармын,
Көсілген кезде көрсетіп шаңды шығаннан.
Қиядан шалып қыранның қанат қағысын,
Өрікпи тыңдап өзеннің өршіл ағысын,
Бұл кезге дейін көзіне көптің түскем жоқ,
Барлаумен жүріп жүйріктердің аяқ алысын.
Естісем дүбір далиған мынау даладан,
Жүрегім тулап, денеме діріл тараған.
Асылы осы алысқа тартып кетермін,
Тағы тұлпардай өзінен-өзі жараған.
Жүйрікке жарау бір шаппай кету дерт екен,
Бәйгеге түсіп бақ сынау және серт екен.
Демеңдер жұртым:
Кеш екен, әлде ерте екен,
Түбінде тұлпар екенімді бір көрсетем.
Ал енді кеттім!
Бәстерің болса тігерсің,
Жүйріктер жонда үздік те создық үдерсін.
Жақыны құрсын,
Түбінен жердің жіберші!
Шын тұлпар болсам, жұртым-ау, сонда білерсің.
Қасиетті далам!
Сене бер, енді көсілем,
Тұлпарлар тартқан көк жазықтардың төсімен.
Сейіссіз өстім,
Тек содан секем аламын,
Бабыма келмей кетпеймін бе деп осы мен…
Жетім шал
Санаулы әр уақытың, әр сағатың,
Татымы аз таңдайдың да тамсанатын.
Келгенде көк есекпен өлеңдетіп
Алдыңнан ақ кемпір жоқ қарсы алатын.
Жасаурап жанардың да сөнген нұры,
Құр күйбең ісіңнің жоқ өнген бірі.
Қара шал жетімсіреп қалған еді,
Арулап ақ кемпірді көмген күні.
Өз халін ешкімге жоқ сезікті еткен,
Әйтсе де қайғы еңсесін езіп кеткен.
Жетісін кемпірінің бергеннен соң,
Үй көрмей көпке дейін кезіп кеткен.
Қыз да бар, келін де бар, бала да бар.
Жайы жоқ десе-дағы жараланар.
Отырған отан болып осы ошақтың
Кезі көп қызығынан дара қалар.
Ұл кетер қолтықтасып келінменен,
Қыздың да көмейінде көңілді өлең.
Қалғанда қызыл қарын немеремен
Ойлайды:
«Осы екен-ау өмір деген!»
Өмірден талай кетіп, талай келер,
Тұяқтан тұяқ солай тарай берер.
Қара шал сәл нәрседен көңілі қалса
Жалтақтап қорым жаққа қарай берер.
Жас болса сексенге де жетіңкіреп
Қалған кез тұтастардың кетіңкіреп.
Көшеде өзі шақтас шал кездессе,
Қарайды бір-біріне жетімсіреп.
Көңілдің күнде түсіп жапырағы,
Түсінде бір тұңғиық батырады.
Ақ кемпір шыға келіп тұңғиықтан
Қол бұлғап баяғыдай шақырады.
Әйтеуір шыдар жүрек,
Шыдар миың,
Кім бар-ау мына шалдың ұғар күйін?!
Жетімдік жас күндегі жетілер-ау,
Қартайған шақтағысы шығар қиын.
Ақындық
Күй күтіп күміс көмей домбырадан,
Құлағын домбыраның он бұраған.
Ауылдың асық атқан баласы едім,
Ақындық осы қайдан қонды маған?!
Жорға ма топ алдында тайпалмаса?!
Жүйрік пе оза шауып бәйге алмаса?!
Ал енді соның бәрін біле тұрып,
Құлқым жоқ кеу-кеу менен айқайға аса.
Беттедім осы бүгін қырға басқа,
Жүйрікті жуассынып ұрма басқа.
Бойыңда бұлан күшің болғаннан соң,
Бәрібір қоймайды екен жырламасқа.
Өмірдің ұғамын деп мағынасын:
Біреуге бастығым деп бағынасың.
Біреуге бәсің кетіп шағынасың,
Бір өмір өтіп жатыр, неғыласың?
Той болса кісі күтіп сабыласыз,
Кейде өзің қонақ боп та табыласыз.
Осынау күйі күшті қызу тірлік
Мен үшін жыр жазбасам мағынасыз.
Қызық-ау, шіркін мына өмір деген,
Күйінем,
Күйіп тұрып көңілденем.
Көре алсам өлеңімнен өкініш жоқ,
Жүзімді жұртыма әлі көрінбеген.
Мейлі ақымақпын,
Ақылдымын!
Жұртына жоймас жүрек жақындығын.
Көңілін көпшіліктің бір білдірсем,
Ағайын, сонда менің ақындығым.
Екі перзент
Жұртым-ай,
Құпиям көп жан білмеген,
Жердеймін көгеретін жаңбырменен.
Екі перзент бар менде:
Бірі – балам,
Екіншісі – өлеңім әлдилеген.
Бала-перзент басады бұлғағына,
Өлең-перзент тартады ырғағына.
Бірінің де тапқам жоқ көңіл күйін,
Бөле-жара бұрғам жоқ бір жағына.
Екеуіне елжіреп егізімдей,
Көп жатамын кей түні көз ілінбей.
Бала-перзент – ұрпағым,
Ал өлеңім –
Кейінгіге білдірер сезімімдей.
Домбыраның құлағын қыза бұрап,
Көңілдегі кірбіңнің тұзағын ап;
Екеуіне тілеймін ұзақ өмір,
Қайсың жасар екенсің ұзағырақ?!
Тигізбеңдер таяқты таза етіме,
Тілің тасқа,
Бал ашып қажетіне не?!
Қайсың жарар екенсің, егізім-ай,
Келешекте халқыңның қажетіне?!
Қыран бол деп өсірген балапанды,
Батыр бол деп өсірген балақанды –
Бабалардың атынан бата берем,
Екі перзент,
Жайыңдар алақанды.
Туған топырақ
Өлді ол…
Намазына жиналды көп,
Сексеннен асқан бұл шал иманды деп.
Атын бір туған жердің атай алмай,
Сол кісі кетерінде қиналды көп.
Тұс-тұстан келмеді іздеп туыстары,
Арулап ақ төсегін жуыспады.
Жарықтық соңғы сәтте әлдене деп,
Апыр-ай, ақ топырақ уыстады.
Мына жай, сірә да, естен кетеді ме?
Жегілем ауыр ойдың жетегіне.
Жазы өтіп,
Тұла бойы тоңазыса,
Құстар да қайтпайды ма мекеніне.
Кезінде қаны тасып,
Қайрат қылар,
Алысқа кетті делік айлап құлар.
Сонан соң жұртына бір соқпаған ба,
Санаңда,
Сарайыңда сайрап тұрар.
Оқушым,
Осы жайды өзің білер,
Ойласам пендешілік сезім кірер.
Ақ жұртқа жығылсам кеп арманым жоқ,
Кезімде күнім жетіп көз ілдірер.
Әзірге отым сөніп, тоқырағым
Келмейді,
Толғап соны отырамын.
Түбінде қызығымды сен көресің
Торқалы туған анам – топырағым!
Дос едік қой…
Байқаттың-ау, бар болғыр, тосын пішін,
Кімсің осы –
Дұшпан ба?
Досымбысың?
Алайықшы арасын ажыратып,
Не де болса көрерміз сосынғысын.
Бұрынғыдай емессің,
Бұлданасың.
Бірге жүріп бүлініп,
Былғанасың:
Мен жабықсам –
Жымиып нұрланасың.
Ал қуансам –
Себепсіз сұрланасың.
Сонда не бұл?
Сен неге сыр бағасың?
Дос едік қой,
Көзіме бір қарашы.
Қызғаныш па?
Апыр-ай, не жетпейді?
Осы менен сен нені қызғанасың?
Тартысармын басқамен,
Таласармын.
Жауласармын,
Болмаса жарасармын.
Не жетісіп, жазған-ай, жүрмін дейсің,
Жүрегіңе жоқ сенің жара салғым.
Дос едік қой,
Алдыңда аласардым,
Қолдан келсе әлі де қарасармын.
Тап осылай, жарқыным тарта берсек,
Таяп қалған сияқты тарасар күн.
Екі шал бар мінезі мамыражай,
Жайдақ мінген түйені жазыламай.
Екеуміздің әкеміз –
Екі шалдың
Достықтары қимайтын қазынадай.
Біздегі не?
Соларда-ау жүрек деген!
Отыратын үмітпен,
Тілекпенен.
Елу жыл дос болғанда
Екеуінің
Арасынан, апыр-ай, қыл өтпеген.
Бір-біріне қаратып асым етін,
Бірдей бөлген қайғысын,
Қасіретін.
Қарапайым қазақтың шалдарының
Бермеген-ау бізге сол қасиетін.
Біздің ұрпақ
Тербетілдік тағдырдың толқынында,
Кеткен жоқпыз жойылып жойқынында.
Азаматтар аттанған жортуылға,
Қаһармандар қатарын толтыруға.
Қайтпай қалды көбісі жорықтардан,
Көкемізді сұрадық жолыққаннан.
Сүргіннің сол сыңайын көріп қалғам,
Мәңгүрт болып кеткенмін қорыққаннан.
Көнбегенде қайтеміз,
Көнеміз кеп?!
Жетім қозы жүгірді көген іздеп.
Көрмегенді жүргенде көреміз деп,
Тасқа соқты тал түсте кемеміз кеп.
Болады деп енді не елеңдедік,
Неменеге қуандық,
Неден жеріп?
Баяғыдан бай дедік,
Кедей дедік,
Кететін кез келер ме кемелденіп?!
Белең алып барады бейімділер,
Бейімделіп қалғандай кейінгілер.
Көре алмай жүр күндерін зейінділер,
Зейіндінің қадірін кейін білер.
Ауырсынам арбаға жегілгендей,
Түршігемін текеге телінгендей.
Етегіме сүрінем ебім келмей,
Көресіні көрдің-ау көбің мендей.
Жазғырады жүрсің деп бейімделмей,
Сені мен біз сенделдік сенімге енбей.
Сенің нендей кінәң бар,
Менің нендей?!
Ерте тудық несіне,
Кейін келмей?!
Не жау тиген байғұс-ау балағыңа?
Көшедегі көп күшік талады ма?..
Айналып жүр ала бұлт,
Жауады ма?
Қоңыз теріп кетпесек жарады да.
Ерте туып,
Кейіндеп қалдық па елден?
Мына миды қайтеміз мәңгүрттенген?!
Қаймана да емеспіз қаңғып келген,
Анамыздың жылуын алдық жерден.
Тағдырымыз тастады бізді құрсап,
Бағы ашылмай барады біздің ұрпақ.
Жүре жолға жүгініп жүзді бұрсақ,
Іздер ме екен інілер бізді бір сәт?…
Шабыт
Шабыт құсы төбемде айналып жүр,
Балағына қыранның байладым нұр.
Ар жағына дарияның айдадым жыр,
Кезің келді сайрайтын,
Сайра, бұлбұл!
Сайра,
Сайра,
Сайрап қал, сандуғашым!
Шабыт атты шалқыған шалғындасың.
Тынысыңды табиғат талдырмасын,
Тежелерсің құмарды қандырғасын.
Айхай, дүние!
Айналам арай да арай.
Аспанға ұшып барам ба,
Қалай-қалай?!
Тау – теңгедей,
Теңізің – шарайнадай,
Майда тірлік қалған-ау маңайламай.
Самұрық құс мен болам мінген алып,
Айдан асып,
Тірелем күнге барып.
Жұлдыз болып тұрамын түнде жанып,
Ғарыштағы жүремін жүлдені алып.
Бұл не сонда –
Аңыз ба?
Ертегі ме?
Кербез күйді кербез қыз шертеді ме?
Жан-жүйеңді еріксіз ертеді ме?
Елдің жалғыз ұқсаймын еркегіне.
…Үйден шығам ербиіп ертеңіне.
Қоғалыкөл
Арғы жағы ауылдың – Қоғалыкөл,
Қоңырсалқын сол жақтан соғады жел.
Қоғалыкөл,
Жағаңа қонады ма ел?
Бәлкім, сені біреудің боданы дер,
Жағалауда жүрген кім қайық алып?
Қайықтыдан қайтқан кім айып алып?
Жайын алған кезде де байымадық,
Қара інгенді, інішек, қайыралық.
Қоғалының жағалап жағалауын,
Жүруші еді-ау желпініп ағаларым.
Қайдан енді, ағалар, таба аламын?
Қанатымды, қайтейін, сабаладым.
Су алғанда сызылып жеңгелерім,
Көріктеніп кететін көл дегенің.
Сендерді аңсап, жеңгелер, сенделемін,
Кемел жасқа кеп қалды «кенжелерің».
Кеше ғана құп-құттай құлын едім,
Ұшып кеткен ұядан ұлың едім.
Жағалауда үн-түнсіз үгілемін,
Топырағыңа, туған жер, жүгінемін.
Заман жоқ деп жататын жайын алып,
Ақыл айтар басшылар байып алып.
Аттың басын, інім-ай, қайыралық,
Қайда кеткен қара інген қайып алып?..
Шамырқанып көл бетін шолады ер,
Бақыт құсы қашан кеп қонады дер.
Күнің қандай ертеңгі болады ел?!
Қоғалыкөл,
Қай жақтан соғады жел?!
Қаратау
Тас атып тұр тал түсте тауыма кім?
Түсі бөтен түктіні танымадым.
Қасиетті Қаратау –
Аруағым!
Аруақты қорлама,
Ауырамын!
Қаратауым –
Қадірлі шаңырағым.
Шаңырақтан шаң үрсе не қыламын?!
Тіл тигізбе тауыма,
Жалынамын,
Жалынғанға қоймасаң жауығамын.
Бұл тау үшін жас батыр басын берген,
Қанын шашқан хас ару қасын керген.
Алты арыстың ардақтап асын берген,
Алты Алаштың көзінің жасын көрген.
Тайсалатын жөнім жоқ түктілерден,
Көмейі кең, түбі тар күптілерден.
Шығысыңды шырқатқан шықтым елден,
Түркістанның түтіні тіп-тік өрген.
Қасиетті хан тауым –
Қаратауым!
Қабағыңа қарайды қара қауым.
Қазынаңды қазып ап жаратамын,
Қайғым болса қалайша таратамын?..
Сағыныш
Ауыл қашық, ақсақал, алып-ұшпа,
Ал аттандық,
Ақбоздың жалын ұста.
Сары шал-ай,
Барасың қызғыш тартып,
Көзіңдегі немене,
Сағыныш па?
Жеткізбейді сар дала,
Сағым мынау,
Жусан иісі жүрекке жағымдылау.
Алабұртып келесің,
Сары шал-ай,
Туған жерді шамасы сағындың-ау.
Жортса болар,
Ақбоз ат алымды екен,
(Айтпай ұқты шалың да шалымды екен).
Аттың басын түзеді ақ жазыққа,
Кәрі көңіл шабытты шағында екен.
Басы қатты ақбоздың,
Ағындылау,
Терлетпесең,
Түк емес шағын бұлау.
Сал күреңге қамшыны басып келем,
Шалдыратын емес қой шалың мынау.
Жосылтады жүйрікті қалай-қалай,
Сәйгүлікке мінген ғой талай-талай.
Құса болмай қалада қалай жүрсің,
Атқа жақсы шабатын сары шал-ай?!
Жарықтық-ай,
Барады-ау жанып ішің,
Күшің барда бір шауып қалу үшін,
Ақбоз атпен ағындап,
Туған жерге
Айтып бара жатқандай сағынышын.
Сағыныш қой шалыңды айдап келген,
Қуанышы болар бұл айлап көрген.
Туған жер-ай,
Бір бәлең бар-ау сенің,
Қарт жүрекке осынша қайрат берген.
Ақынға
Шыныңды айтшы,
Мен де айтайын,
Мақұл ма?
Өлеңіміз өмірге осы жақын ба?
Жырлау үшін жүрек керек асылы,
Ақиқатты айта алмаса ақын ба?!
Түйсіксіз ғой деме мені,
Түсінем.
Қаймығамын көзі түскен кісіден.
Жұрт алдында жыр оқуға зәрем жоқ,
Боқтап біреу отыр ма деп ішінен.
Ақ жарылып айту бізге міндеттей,
Ал үндемеу –
Іште қалған індеттей.
Жан-жүйемде жүріп жатыр бір майдан,
Қиналамын ой жеткенмен,
Тіл жетпей.
Шеберлік-ау жетпей жатқан,
Дұрыс па?
Жаза-жаза ширығармыз,
Ұрыспа.
Шіркін, бабаң Махамбеттер ақын ғой
Айтқан сөзі тең түсетін қылышқа!
Сен де ақынсың,
Мен де ақынмын –
Ақынбыз!
Өзімізді ақын дейік мақұл біз.
Махамбет пен Абайларға жақынбыз,
Жақын болып не бітіріп жатырмыз?!
Ақ көңілміз,
Шындық біздің анамыз.
Болмайтынға иланамыз,
Нанамыз.
Жанбайтынға жалындаймыз,
Жанамыз.
Айырма жоқ,
Айнымаған баламыз.
Пысықтар көп,
Кетіп жатыр ақымыз,
Пысықтарға пысқырмау да хақымыз.
Мейлің тілмен,
Мейлің көзбен атыңыз:
Ақын болсаң –
Осы табиғатыңыз!
Ақындық жол ауыр дейді,
Шыдармыз!
Шыдай-шыдай шындықты да ұғармыз.
Жырымызды жатқа оқыған жоқ ешкім,
Содан қорқам…
Ақын емес шығармыз.
Ақынсың ба?
Жауабыңды айт қайтарар!
Ақын болсаң жаның қалай жай табар?!
…Шын ақынның шығарына сенем мен
Біз айтпаған ақиқатты айта алар.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<