БЕСІККЕ САЛУ

2013

0

 Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін тойлау аясында халқымыз салт-дәстүрлерімізді,  ұлттық ерекшеліктерімізді барынша ұлықтауға тырысады. Бұл күндері спорттық ойындар ойналып, дәстүрлік рәсімдер сахналанып, көпшілік назарына ұсынылады. Ондағы мақсат біреу, ол – ұлтымызға тән, ата-бабамыз ұстанып, ұрпақтан ұрпаққа  жалғасып келе жатқан ұстынымызды насихаттау, жас буынның бойына сіңіру.

Жалпы, түркі халықтары, оның ішінде қазақ ұлты бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Жас сәби дүниеге келген күннен бас­тап, оның күтімімен, тәрбиесімен ата-анасы, ата-әжесінен бастап, барша ағайын болып айналысқан. Сондықтан балаға қатысты салт-дәстүр, рәсімдер, той-томалақтар, ырымдар баршылық.  Тұрмысымызға еніп кеткен сондай рәсімнің бірі – бесікке салу.

Бесік жаңа туған бала үшін қасиетті мүлік, алтын ұя болып саналады. Ал дүниеге келген сәбиді бесікке салу – халқымыз үшін мәртебелі, қасиетті дәстүрлердің бірі. Бұл үшін арнайы бесік тойы өткізіледі. Бесік той бала қырқынан шыққаннан кейін жасалынады. Дастархан жайылып, жақын-жуық, ағайын-туыс, көрші-қолаң шақырылады. Дастархан басында сәбиге арнап бата беріліп, ақ тілектер айтылады. Онан соң рәсімге кезек беріледі. Баланы бесікке салмас бұрын адыраспанмен аластап алады. Ол жын-шайтан жуымасын дегенді білдіреді. Бөбекті бесікке салу рәсімі елге қадірлі, көпбалалы, өсіп-өнген  жасы үлкен анаға тапсырылған. 

Рәсім барысында тыштырма жасалады. Ол ерекше ырым. Бесіктің түбек тұратын тесігінен кәмпит, құрт, тағы басқа тәттілер өткізіледі. Қызыққа жиылған жұрт біртіндеп қолдарын бесіктің астына салып, тәттілерден алады. Тыштыманы әдетте баланың анасы бастап алады. Сонан соң бала көтере алмай жүрген әйелдерге, басқа да жиылғандарға таратылады. Ол «көп кешікпей сәбилі болсын», «осындай қызыққа жетсін» деген ырымнан туындаған. Кейіннен әжелер бесікке бірнеше зат байлайды. Ертеректе бүркіттей көреген болсын деп бүркіттің тұяғын, егер қыз бала болса сұлу болсын деп айна, тарақ байлаған. Ал қазіргі кезде көбіне ұйқысы тыныш болсын, бағы басым бала болсын деген ырыммен бесікке жеті не тоғыз нәрсе жабады.

Сонан соң балаға бесік жыры айтылады. Мысалы, татар халқы «Бишек жырлары» десе, қырғыз ағайындар «Бишек ыры», әзербайжандар «LayIa», ал түріктер «Ninni» дейді екен. Бесік жыры арқылы анасы балаға деген ақ тілегін, аналық махаббатын, мейірімі мен сүйіспеншілігін жеткізген.

Бесік жыры айтылған соң үлкендер бата беріп, тойды аяқтайды.

Барлыбек БАТЫР.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<