Брайан ұсынған бес әдіс

1490

0

Сурет ашық дереккөзден

Адам бойындағы мінез-құлық, қарым-қабілет айналысар кәсіпке сай келмесе, табыстың жарымы қолдан кетері анық. Сол үшін жетістікке жетуді мақсат тұтқан адамның тұлғалық-кәсіптік қырын жетілдіруі – заман талабы ғана емес, тұрмыстық деңгейдің көрінісі. Осы өлшеммен алғанда жетістік психологиясының білгірі Брайан Трейсидің «Табыс жолындағы 5 дағды» идеясы таптырмас ақылдың кені екені сөзсіз. Орайы келгенде маманның мағыналы сөзін саралап, жас кәсіпкерге қажет дағдыны санамалап көрелік.

Психологтың пікірінше, табысқа кенелудің алғышарты ішкі тәртіпке бекемдікте екен. Ішкі тәртібі мығым жан өзін басқару, есеп беру, жауапкершілікті сезіну, бағдар таңдау қабілетіне ие болмақ. Мұндай қабілет кәсіпкерді сыртқа сенімді көрсетіп, жақын-туыс айналасына беделді етумен қатар, табысқа қол жеткізу жолында тұрақтылыққа жетелейді. Оған қоса мақсат пен жоспарды бақылауда ұстап, уақытты жүйелеу үшін де бұл дағдының берері мол. Себебі жаңадан кәсіп бастаған талапкер сату қабілеті бар, есепке жүйрік болғанымен, ішкі тәртіптің осалдығынан тұрақсыздыққа шалдығып, тақырға отыруы мүмкін. Сондықтан өзін-өзі жетілдіруді ойлаған адам міндетті түрде осы қасиетті қалыптастыруға күш салғаны жөн.

Бүгінде табысты адамды аяр, қу көрген қасаң қағида ескіргені белгілі. Қарапайым көрінгенімен, қазір табысқа жеткен кәсіпкердің бойынан жиі байқалатын мінез – шыншылдық. Қызыққан салаға ынта-жігерін арнап, шынайылығын жоғалтпай, кемшілікті көре білген әрқашан шың басында болады. Сенімге кіріп, үмітті ақтау өзге мүмкіндікке жол салатыны тағы бар. Сондай-ақ шынайы адам ғана өзін өзгертумен шектелмей, айналасындағыны да армандауға, табысты болуға жетелейді. Міне, жетістікке жетуге керек қасиеттің екінші тірегі – осы.

Қай психолог, қай ұстаз болмасын, кез келген жетістіктің негізгі кілтін табандылықтан іздері аян. Оның себебі де жоқ емес.  Белгілі бір уақыт өткен соң кәсіпке бет бұрған талапкердің ынта-жігері әлсіреп, құлшынысы азая бастайды. Бұл қаржы есептеудегі қате, тұрақтылыққа деген салғырттықтан байқалуы ықтимал. Ол аздай, сыртқы факторлардың әсерінен мінсіз көрінген идеяға нұқсан келіп, кедергіге тап болуыңыз ғажап емес. Сондай сәтте көмекке келетін қымбат қасиет – табандылық. Себебі табанды адам ғана тұрақты ойдан жаңылмай, кедергіге мойымай, жеңіске жетуге қауқарлы.

Брайан Трейси нұсқаған бес дағдының ішіндегі кәсіпкерге тікелей әсер ететін бөлігі – бағдар тану қабілеті. Жаңа нарықты саралау, қажетті жүйемен діттеген мақсатқа жету, кедергіге ұшырамау секілді сақтық шарасының мәні жағдайды бағамдай білумен мәндес. Мақсатқа берік, қадамы нық кәсіпкер бірбеткейлік танытып, болжамды кедергілерді бағамдай білмесе, жағдайдың қай бағытта құбылғанын шамалай алмаса, өзге қабілет-қарымның пайдасы да шамалы.

Мәселен, қазір халықаралық компаниялар қысқамерзімді, ұзақмерзімді жоспар тізіп, табыс жолын жүйелеуге көшкен. Бұл дегеніміз, болашақ нарықты жоспарлау барлық салаға еніп, табысқа тікелей әсер ететінін білдіреді. Осыдан-ақ жағдайды бағамдап, оқиғаға сын көзбен қарай алатын кәсіпкердің қаншалықты артықшылыққа ие екенін аңғару оңай. Қарапайым «Ертеңгі баға көрсеткіші қалай құбылады?», «Келешек қай бағытта дамыған дұрыс?» деген сауалдарға жауап іздеу де – бағдар танудың бір көрінісі.

Психолог сүйенген соңғы дағды – шешімталдық, дер кезінде әрекет ету. Жалпы табысты кәсіпкерлер жылдам шешім қабылдап, қойылған межені тез бағындыруға талпынады. Егер кедергі бой көрсетсе, барынша уақыт үнемдеп, дереу шешім табуға әуес. Тіпті жаңа межені бағындыру үшін уақытпен санаспай, күн-түні жұмыс істеуге бар. Бизнес бастауға ниетті жас кәсіпкер де осы жолдан айнымай, жылдам шешім қабылдап, уақытында әрекет еткені жөн. Әрине, жеңіске жету жолы үнемі қатерсіз емес. Алайда тез шешім қабылдау – бос шеңберде ұзақ қалмауға, жағдайды өз қолыңа алуға септесер ең басты құрал. Сондықтан шешімтал тұста кідірмегеннің ұтары көп.

Жетістікке жетудің жолы мың сан. Алайда ең керегі мінез-құлық стилін қалыптастыру екені анық. Себебі жетістік адаммен қарым-қатынас жасау, тіл табысу арқылы келеді. Бұл – жас кәсіпкер айтылған дағдыларды жатқа білу арқылы ұтпайды, аталған мінез-құлықты бойға жию нәтижесінде ғана табысқа кенеледі деген сөз.

Ерсін ШАМШАДИН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<