ОМАР ХАЙЯМ ШАРАПҚҰМАР БОЛҒАН БА?

950

0

Омар Хайям (1048–1131) – оның ғалымдығының жоғары деңгейін анықтаған «ходжат үл-хақ», «ходжат үл-ислам», «хакиме джаһан» деген тағы да басқа лақап аттарымен танымал Селжұқтар билігі кезінде ғұмыр кешкен парсы жұртының ойшылы, философ, математик, астроном, рубайшы.

Ақын анықтамасында рубайшы сөзінің ең соңында келуі де Омар Хайямның ақындығынан ғылыми деңгейінің жоғарылығын, көзі тірісінде атақты математик, философ ретінде даңққа ие болғанын, бірақ кейін рубаиларының – төрттағандарының арқасында жеті ғасыр өткен соң әлемге ақындығымен танылғанын көрсетеді.

Низами Арузи мен Әбул Хасан Байһағи секілді танымал замандастары Хайямды ақын деп атамаған. Хайям өмірінің бастапқы кезеңі Әбу Әли ибн Сина мен Әбу Рейхан Бируни өмірлерінің соңғы кезеңдерімен тұспа-тұс келгендіктен, замандастары оны ибн Синаның орын­басары, натурфилософияның, математиканың, логика мен метафизиканың теңдессіз ұстазы санаған.

Хайям ақын ретінде аталған ең көне кітап – Емад ад-Дин Исфаһанидің «Харидат әл-Ғаср» кітабы. Бұл кітап 1177 жылы, яғни Хайям қайтыс болғаннан елу жылға жуық уақыт өткен соң араб тілінде жазылған. Келесі кітап – 1223 жылы, яғни Хайямның өліміне 100 жылға жуық уақыт болған кезде жазылған Наджм ад-Дин Разидің «Мерсад әл-Абад» кітабы.

Омар Хайямның түпнұсқа рубаиларын анықтау саласындағы алғашқы зерттеушілердің бірі, «Омар Хайям рубаиларына кіріспе» атты мақала мен «Омар Хайямның өлеңдері» деген кітап жазған Садеқ Һедаят былай деген: «Хайямның өлеңдері өзі өмір сүрген кездегі адамдардың жетесіздігіне байланысты жасырын қалып, сараланып, жіктелмеген сияқты. Ол өзінің деңгейлес достары арасында ғана танымал болған немесе рубаилары дәптерлер мен кітапшалардың шеттерінде жазылған, болмаса жақын адамдардың жазбаларында тек бірнеше рубайы ғана сақталып, кейін қайтыс болған соң жарияланған».

Эдвард Фицджеральд 1859 жылы Хайямның рубаи­ларын ағылшын тіліне аударып, батыс халықтарына таныстырды. Оның бұл ісі Хайямды Гомер, Шекспир, Данте мен Гете сияқты үлкен ақындардың қатарына қосып, соның арқасында өзі де танымал болғанымен, аударма­сының ақынның даңқын асырған оң ықпалынан гөрі теріс салдарлары басым түсіп, оқырмандардың ойын сан-саққа жүгіртіп, одан маскүнем, қаңғыбас, Құдайды мойында­маған, діннен безген, кәпір және тағы да басқа жағымсыз бейне қалыптастырып, ақынды жаманатқа қалдырды. Мұның сырына үңілгенде Фицджеральд аудармасының мынадай теріс жайттарын атап көрсеткен жөн: біріншіден, ол аударған «Омар Хайям рубаиларының» парсы ақынына тиесілігі дүдәмал. Хайям рубаиларының мазмұн мен ақынның сенімі тұрғысынан әрқилы, тіпті, бір-біріне қарама-қарсылығын Садеқ һедаят растап: «Егер бір адам жүз жыл өмір сүріп, дінін, бағыты мен сенімін күніне екі рет ауыстыратын болса да мұндай ой айта алмас еді» деген.

Хайямның заманында оған еліктеп, рубаи жазған немесе шарапқұмар басқа рубайшылар билік тарапынан қудаланудан қорыққаннан туындыларын өз аттарымен жарияламай, Хайямның атына телігендіктен, ақын өлеңдерінің саны артып, мазмұны тұрғысынан да асылық пен күпіршілік білдірген, шарапты мадақтаған рубаи­лардың таразыдағы салмағы арта түскен; екіншіден, ағылшын тілінің аудармашысы Хайям рубаиларынан көңілі қалаған түрде еркін аударма жасаған, тіпті кейде қателіктерге жол беріп, өз жанынан қосып, ақынның бет-бейнесінің бұрмалануына себеп болған.

Бір туындыны бірнеше аудармашы аударса, тұпнұсқа біреу болғанымен, нәтиже әрқилы болады. Себебі, әрбір аудармашы оны өзіндік түсінігі, көзқарасы мен дүниета­нымының көрігінен өткізеді. Фицджеральдтың өмірбая­нынан оның ахлақ тұрғысынан ауытқушылыққа ұшыраған, діннен безген адам болғаны белгілі. Ол қолына түскен «Хайям рубаиларының» сыртқы көрінісіне қарап, ақынның болмысын өзіне жақын балаған сияқты. Фицджеральд Хайям рубаилары негізінде ақынды сопы деп танығанның өзінде орта ғасырдағы сопылық поэзиядағы сөздердің арнайы тәпсірлеуді қажет ететінін айту қажет. Сопы ақын қолданған сөзді қаз-қалпында түсінуге болмайды. Сопы­лық терминдер терең философиялық ішкі мағыналарға ие. Мәселен, Омар Хайям рубаиларында жиі кездесетін, сөзбе-сөз аударғанда екеуі де «шарап» деген мағынаны білдіретін «мей», «шараб» сөздеріне тоқталайық: мей – хақ Тағаланы еске алудың нәтижесінде сопының жүрегінде пайда бола­тын шаттық сезім; шарап – шектен тыс махаббат немесе мағшұқтың (Алланың) кемелдігі; «мейкаде» – «шарап­хана» – «пір», «мүршід», «баба» деп әр түрлі аталатын кемел рухани жетекшінің сыртқы көрінісі, мүршідтердің тұрағы, хақтың болмысы; «сақи» – шарапшы – абсолютті мағшұқ, тариқаттың пірі, ғашықтық шарабын өзінің ғашықтарына беретін береке мен нығметтің жеткізушісі.

Омар Хайямның түпнұсқа рубаиларын жіктеп, асылын анықтау мақсатында мәтінтану ісіне бірінші болып кіріскен зерттеуші Ғолам Реза Рашид Йасами болды. Ол 1924 жылы жариялаған нұсқасында Хайямға телінген 340 рубаидің арасынан 240 рубаиды ғана ақынға тиесілі санады. Садеқ һедаяттың 1934 жылы жариялаған «Таранеһайе Хайям» деген еңбегіне 119 рубаи ғана кірді. 1941 жылы Мохаммад Әли Форуғи көне дереккөздерін пайдаланып, Иран мен Түркия кітапханаларындағы жазбалар негізінде 178 рубаидан тұратын жинақ әзірледі. Ахмад Шамлу 1957 жылы «Таранеһа» деген атаумен 125 рубаидан тұратын нұсқа дайындады. Әли Дашти де 1965 жылы Омар Хайямның 81 рубаиынан тұратын кітап шығарды.

Сонымен, әрбір зерттеуші дайындаған нұсқада Хайям рубаилары санының кемуіне қарап-ақ, олардың ақынға сырттан жамалғанын байқауға болады. Әйтпегенде кейбір зерттеушілердің есептеуіне сәйкес, Хайямға небары 16–18 немесе 24 рубаи ғана тиесілі.

Орыс ғалымы В.А.Жуковский, неміс Фридрих Розен және дат Артур Кристенсен сияқты тағы да басқа батыс ғалымдарының Хайям рубаиларының мәтінтануы саласында талпыныстар жасағанын, алайда сыншылардың олардың әдістері мен зерттеулерінің нәтижелерін жоғары бағаламағанын айтқан лазым.

Хайямның өмірінің соңғы сәтіне қатысты тарихта мынадай рауаят қалған. Ақынның күйеу баласы Мохаммад Бағдади: «Ибн Синаның «Шафа» кітабын оқып отырған кезде алтын тіс шұқығышын кітаптың арасына қойып, маған: «Халықты шақыр, өсиет айтамын» деді. Жұрт жинал­ған кезде өсиетін айтып, намазға жығылып: «Уа, Құдай! Шын мәнінде шама-шарқымша сені таныдым. Маған рақым ет. Сені танудағы мағрифатым – менің кеші­рілуімнің жалғыз құралы» деп айтқан соң көз жұмды» деген.

Сөз соңында кейбіреулердің ғалым, математик, фило­соф Омар Хайям мен ақын Омар Хайямды екі адам деп санап жүргендерге қарсы айтарымыз: тарихта бір ғана – Құдай жолындағы мүмін Омар Хайям ғана болған. Тіпті, өлім аузындағы аталған әрекеті де оның мұсылман­шылығын дәлелдей түседі.

Айнаш ҚАСЫМ.

Материал «Алматы ақшамы» газетінің сайтынан алынды. 

 http://almaty-akshamy.kz/omar-hajyam-sharap-mar-bol-an-ba/

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<