Қаратау Керекуге құшақ ашты

1046

0

Жақында Павлодар облысы Успен ­ауданы мен Жаңақорған ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің өңіраралық рухани-мәдени ынтымақтас­тық меморандумы аясында маңызды шаралар өтті.

Шара Сығанақ қала­шығында «Сырға толы Сығанақ» атты этно-думанмен басталды. Солтүстіктен келген қонақтар көне қалашық тарихымен танысып, аруақтарға құран бағыштады. Сондай-ақ «Дәстүр» қолөнер орталығы ұйымдастырған көрмені тамашалады.

Сунақ ата ауылдық клубында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Ұлттық домбыра күніне орай дәулескер күйші Әлшекей Бектібайұлы күйлерін насихаттауға арналған аймақтық күйшілер фестивалі өтті. Шара басында күйші, композитор, продюсер Марат Жанғазы күйшілерге сәттілік тілеп, Әлшекейдің «Егес», Д.Нұрпейісованың «Науысқы» күйлерін орындады.

Фестивальға павлодарлық Қайрат Табиғат, Түркістан облысынан Бексұлтан Жұман, Сымбат Сансызбай, Жалағаш ауданынан Есет Яр, Шиелі ауданынан Айзат Омар­о­ва, Тоғжан Шәкиева, Азия Смат, Жаңақорған ауданынан ­Әлмахан Сері қатысты.

Өнерпаздар «Әлшекей Бектібайұлы атындағы дәстүрлі өнерді дамыту» қоғамдық қорының атынан естелік сыйлықтар және дипломдармен марапатталды. Сондай-ақ Сунақ ата, Қожамберді, Екпінді, Төменарық, Сүттіқұдық, Жайылма, Шалқия клубтары атынан естелікке домбыра табысталды.

Өңіраралық рухани-мәдени ынтымақтастық шаралары Аққорған ауылдық округінде жалғасып, ақын, термеші Құлан Алдабергенұлының 160 жылдығына орай «Текті сөздің төресі – терме» атты аймақтық термешілер байқауы ұйымдас­тырылды. Оған Павлодар, Түркістан өңірінен және Қызыл­орда қаласынан өнерпаздар арнайы келіп, Жаңақорған даласын жыр-термеге бөледі.

Байқауда жаңақорғандық Нұрлыбек Қалман, Ислам Нағыз­хан, түркістандық ­Нұрбақ Анашбеков, қызылордалық Руслан Өтегенов пен Аяжан Шымберген, успендік Ербақ Құрметжан мен Бөкен Жігер өнер көрсетіп, көрермендерді әуезді ән, өнеге сөзімен рухтандырды. Өнерпаздарға белгілі жыршы-термеші Майра Сәрсенбаева сәттілік тіледі.

– Құлан Алдабергенұлы атын­дағы аймақтық термешілер байқауына биыл Павлодар өңірінен өнерпаздар келіпті. Бұл байқаудың биік беделін көрсетеді. Жылда дәстүрге айналдыруға бет бұрудамыз, ең бастысы, төл өнерімізді қайта жаңғыртып, келер ұрпаққа аманат етіп қалдыруды мақсат еттік. Жеті өнерпаз да жүйрік, әр термеші өлеңнің мақам-сазын дұрыс қолдана алатынына куә боламыз, өйткені әр өңірдің өзіне тән мақамы бар. Сондықтан  жастардан көп үміт күтеміз, – деді ол.

Жеті жыраудың өнеріне Майра Сәрсенбаева мен Мұхтар Дәрібаев, Павлодардан келген қонақ Қайрат Табиғат төрелік етті. Термешілерге арнайы ыстық ықыласын арқалай келген ауылдың ақсақалдар кеңесінің төрағасы Молдахмет Ибрагимов жылы лебізін білдірді.

– Аққорған ауылының аспанын әнге бөлеп, термемен тербеген жырау-жыршыларға, төл өнерді ел арасында осылай насихаттап, жас буынның бойына қалыптастыруға жұмылып жүрген өнер ұжымына рахметтен басқа айтарымыз жоқ. Келер жылы да барша термешілерді ауыл төрінде күтетін боламыз, – деді М.Ибрагимов.

Байқаудың бас жүлдесін сайыстың сәнін келтіріп, өнер сүйген қауымды сүйсіндіре білген қармақшылық Руслан Өтегенов иеленді. Жырауларға аққорғандық ағайын мен көрші ауылдардан келген көрермендер ризалығын білдіріп тарқас­ты.

Тағы бір мазмұнды шара Жаңақорған аудандық кітапханасында жасақталған «Парасат жолы» орталығында өтті. Мұнда екі кітаптың тұсауы кесілді. Іс-шара кітапхана басшылығы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мен мәдениет саласының бірлескен жобасы «Адалдық алаңы» аясында ұйым­дастырылған.

Әдебиетке қатысы бар қоғам мүшелерінің басын бір арнаға тоғыстырған тағылымды шарада мал шаруашылығы майталманы Қараман Көшербаев туралы «Қаратаудың Қараманы» және Қазақстанның Құрметті құрылысшысы ­Сабырхан Тоқымовтың «Шалқи бер, Шалқия» атты жаңа кітабы оқырманға жол тартты.

Тұсаукесер рәсіміне кітап­хана директоры Әсем Тілеу­бергенова, ардагер ұстаз Зинабдин Шермұхамедұлы, Павлодар облысы Успен ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медет Тауасқан қатыс­ты.

Іс-шаралар М.Нәлібаев ауыл­дық округінде өткен ақын Адырбек Сопыбеков атындағы аймақтық жазба ақындар мүшәйрасымен қорытындыланды. Сөз сайысына Түркістан мен Павлодар облысынан келген ақындар қатысты.

Шара басталмас бұрын ауыл ақсақалы Бексейіт Сәрсенбаев ақ батасын беріп, өнер ұжымы қонақтарға шапан жауып, сый-сияпат көрсетті. Жас толқын шоғырының қалыптасып келе жатқанына көңілінде  қуаныш пайда болғанын жасырмаған Адырбек ақынның жары Шарипа ана көпке рахметін айтып, алғыс білдірді.

Поэзия әлеміне саяхаттап, ақын туралы, ел мен жер туралы тебіренген таланттылардың тау­дай талабына әділқазылар баға беріп, жүлде табыстады. Жыр додасында үшінші орын Дидар Өмірзақ пен павлодарлық Перизат Құрманәліге бұйырды. «Даналықпен өрілген жырларынан, балалықтың иісі аңқып тұратындай» деп, ақын атасына өлең арнаған Жалағаш ауданынан келген Зылиха Жаңабай екінші орыннан көрінді. Бірінші орынға Бексаба Ұланбек пен Піржан Сандыбай жайғасты. Бас жүлдені «Бала тілінде сөйлеген ақын» деп тебіренген керекулік ақын Нұрбек Кеңесбай иеленді.

Қорытындысында қазылар алқасының төрағасы Медет Тауасқан тұлғаны ұлықтап, ұрпаққа есімін мұра ету міндет екенін айтып, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

– «Батыр ақын болмаса, ол бойына мін емес, ақын батыр болмаса, көрген күні күн емес» деген нақыл бар қазақта. Қазақтың батырлары ақын, ақындары батыр екенін бүгінгі буын да көрсетіп келеді. Түйдек-түйдек ой айтып, елдің мұңын білдіріп, мағыналы да мәнді құндылықтарды қаламға сыйдырған жастардан күтеріміз көп. Адырбек ақынның кешіне алғаш қатысқан ақындардың балалар әдебиетінің классигін суреттеп, пейілі мен көңіл пернесін, тұла бойы талантын, ең бастысы, шығармасын айтып тауыса алмай жатқаны көңілімізге медеу болды, – деді ол.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<