Таңғалдырарлық мерекелер

392

0

Әлем бір сәт ізгілікпен тыныстау үшін мерекенің көп болғаны да дұрыс шығар. Жер жаһандағы қызықты, тіпті таңғалдырарлық мерекелер туралы айтсақ… 

Иван Купала – славян тектес ұлттардың мерекесі. Бұл мереке жылдың ең қысқа түнінде оттан секіру, ән айтып, би билеумен, болашақты болжаумен   атап өтіледі. Халық сенімі бойынша бұл түні ұйықтауға болмайды. Белгісіз табиғи күштерден қорғану үшін тұмар тағыну керек.

Холи – үнділердің ескіден келе жатқан мерекесі. Ол Индия, Непал сияқты елдерде наурыздың басында тойланады. Ай толған түні көшелерде от жағылып, қара күштерден тазару жүреді. Бұл «Холикидің көзін жою» деп аталады. Ертесіне адамдар бір-біріне түрлі-түсті бояулар, су шашып, билеп, ойнайды. Адамдардың бәрі тең дәрежеде көңіл көтереді.

Ла Томатина, яғни қызынақ соғысы Испанияның Буньоль қаласында бір апта тойланады. Азаннан бастап бір адам сабын жағылған бағанға шығып, ұшар басындағы сыйлықты алады. Сосын 20 мыңдай қатысушы бір-біріне қызынақ лақтырып бастайды. Мерекеге шамамен 150 мыңдай қызанақ жұмсалады екен. Қызанақ «соғысынан» кейін қып-қызыл көшелерде өне бойы «қанға боялған», көңілді адамдар жүреді.   

Европадағы ең белгілі фестивальдардың бірі – Сан Фермин Испанияның Памплон қаласында шілденің 6-14 аралығында өтеді. Қорадан 12 аласұрған бұқа босатылады. Ал қатысушылар тар көшелермен алаңға дейін жүгіріп баруы керек. Әрқайсысы 600 келі тартатын бұқаның астына түсіп қалмай діттеген жерге жету үшін жанталасқандар кейде зардап шегіп те жатады.

Жалқаулық күні тек Колумбияның Итагуи қаласында 30 жылдан астам уақыттан бері аталады. Мерекенің «Жалқаулыққа құқымыз бар» деген девизі бар. Ірі мегаполистердегі шаршау мен стреспен осылайша күреседі. Бұл күні көңіл көтеретін шаралар ұйымдастырылады. Кей тұрғындар көшеге матрас, шезлонг, төсек орындарын  алып шығып, тапжылмастан жатады. Сауалнамаға қарағанда бұл мерекені атап өтуге бейілдердің қатары көп. Бірақ билік пен жұмыс берушілер қарсы болып отыр.

Торайлар фестивалі  жыл сайын Филиппиннің Малолос қаласында өтеді. Өйткені осы провинция елді шошқа етімен қамтамасыз етеді. Мереке күні жергілікті тұрғындар торайларды киіндіріп, бояндырып, алып шығады.

Халықаралық құймақ күні  Канзаста 16 ақпанда тойланады. Алғашында 1950 жылы атап өтілген. Қатысушылар құймақ салынған табаны ұстап жарысады. Белгілі бір дистанцияға жеткен соң әйелдер жағы табаны тағы да толтырады. Мәреге жеткен соң құймақ барлық қатысушылар мен көрермендерге таратылады.

От фестивалі 13 наурызда Люксембургте өтеді.  Үшінші айдың 13-күні сиқыршылар, мыстандар мен басқа да қара күштер үшін  сәтті күн деп есептелгендіктен, оларды қуу үшін көптеп от  жағылып, күннің шығуын күтеді.

Тотықұс күні  мамырдың алғашқы демалысында Францияның Жоғары Гароннасында тойланады. Мерекенің королі болу үшін ортағасырлық киімдерді киіп, 45 метр биікте тұрған тотықұсты садақпен атып құлату керек. Жеңімпазға титул, күміс тотықұс және тойымды тамақ берілетін болған.  Орта ғасырлардан келе жатқан мереке осы күндері де қалған жоқ. Тек жасанды тотықұс көзделеді. Бұл адамдардың көңіл көтеруіне кедергі емес. 

Мысықтар фестивалі  Бельгияның Ипра қаласында 9 мамырда ұйымдастырылады. Орталық шіркеуден адамдар арасына мысық ойыншықтар лақтырылады. Бұл мерекенің де негізі орта ғасырларда жатыр. Ол кезде мысық – жауыздықтың символы, оны өлтіру арқылы күнәдан арылуға болады деп ойлаған. Қазір мерекенің мәні ұмытылған. Бірақ ортаға мысық лақтыру рәсімі адамдардың көңіл көтеруіне себепші болып қалған.

Раушан фестивалі  Болгарияда  21 мамырда өтеді. Раушан гүлі осы елде ерекше  құрметке ие. 1903 жылдан бері ашық алаңда гүл күлтелерін жинаудан басталады.  Фестивальдің басты оқиғасы – Раушан патшайымын таңдау. Сол күні өтетін карнавалда тұрғындар көне дәуір үлгісіндегі  костюмдерді киіп, өткен жылғы патшайымды раушан гүлдерінің күлтесімен көмкеріп, ортаға алып шығады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<