«Жерұйықты» оқығанда

948

0

Қолымда Серікбай Иман­байұлы Қошқаров ағамыз­дың «Жерұйық» атты кітабы. Парақтап шыққаннан кейін, кейбір ойларым мен пікірлерімді қағазға түсіргенді жөн көрдім. Кітаптың жарық көруі дегеніміз – түптеп келгенде, үлкен қоғамдық оқиға. Сондықтан жарық көрген кітапты оқып, оған пікір айту әрбір зиялы азаматтың міндеті деп ойлаймын.

Жалпы жазу жұмысы, біздің түсінігімізше, «ерік­кеннің ермегі емес», қиямет-қайым жұмыс. Сөйлеу бір басқа, жазудың мехнаты бөлек дүние. Сөйлегіштердің бәрі жаза алмайды. Жазу – шығармашылықтың ең бір нәзік әрі күрделі құбылысы болатыны сондықтан.

Бірде жас жазушы ұлы суреткер Лев Толстойдан «қалай жаман жазбауға болады?» деп сұрапты. Лев Толстой: «Жазбауға мүмкіншілігің болса, жазба» деп жауап беріпті. Тағы бірде сол жазушы Л.Толстойдан «Қалай жақсы жазуға болады?» деп сұрағанда, ұлы суреткер «Жазбауға мүмкіншілігің қалмаған кезде жаз» – деп жауап берген екен.

Осы айтқандай, Серікбай Иманбайұлы да «жазбауға мүмкіншілігі қалмағасын» қолға қалам алып жүргенін түсінемін. Әдетте жазу жұ­мысына гуманитарлық, қо­ғамдық ғылымдар мамандары жақындау келетін сияқты еді, ал Сәкеңнің мамандығы – техникалық. Ол техника ғылымдарының докторы, про­фессор. Бұл жерде әңгіме жалпы жазу жайында емес, көркем шығармашылық – үлкен өнер жайында болып отырғанын еске сала кетейік.

Көркем шығармашылық өнерге, әрине, кез келген адам бара бермейді. Әдебиет теориясынан, көркем шығар­машы­лықтың табиғаты мен психологиясынан біраз хабарымыз бар болғасын, басқа мамандық иелерінің көркем шығармашылық ісіне баруына таңырқап қарайтынымызды жасырмайық.

Серікбай ағамыз өмірде барынша жақсы адам, зерделі ғалым, ағалардың болмысында іні қызығарлықтай, арқасүйерліктей қасиеттердің болғаны қандай ғанибет?! Әр қадамын санап басып, сыз жерден аттап өтетін ақылды Сәкеңнің бойында ғалымдығына қоса сурет­керлік талант та бар екен. Ғылым бір басқа да, шығар­ма­шылық өнер бір басқа. Біздіңше, ғалым болу үшін, таудай талаптан бұрын тал­ғампаз талант керек. Нағыз ғалымның бойында ойға терең­дік пен сезімге сергектік, қажымас қайраттылық пен шыңдалған шыдамдылық, жан тазалығы мен рух биік­тігі тұтаса көрінуі тиіс болса, Серікбай Иманбайұлы бұл қасиеттерден құралақан емес.

Сәкеңнің жазып жүр­ген публицистикалық шығар­ма­ла­рын, очерктері мен ма­қа­­лаларын оқып, олар да көтерілген әр алуан ұлттық мәселелердің, адамдар қарым-қатынастарындағы, психо­ло­­гия­сындағы қалып­тасқан кейбір келең­сіз жай­лардың, мінез қалып­та­рының астарына үңіліп, оларды шешудің жолдарын нұсқаған, мегзеген өткір ойлар мен сергек те сарабдал сезімдердің Сәкеңнің публицистік қаламынан тәп-тәуір төгілгенін оқып, қуанып жүруші едім, Сәкең көркем әңгіме жазыпты дегенді естіп, сәл тосырқап қалғаным рас.

Азаматтық, ұлттық мәсе­лелерді ту қылып көтеріп, адамтану мен қоғамтануға үлес болып қосылатындай саяси-әлеуметтік, саяси-фи­ло­­софиялық очерктері мен мақа­лаларын жазып жүре бергенде ғой деп бір сәт ойланып қалғаным бар. Екеуара әңгіме арасында бұл ойымды Сәкеңнің өзіне айтып та қалғам. Сабырлы Сәкең менің айтқан «сыныма сыр бермеді, қалай қабылдағанын» сез­дірмеді.

«Жерұйықтағы» «Сенім қайырымы» – көркем әңгіме. Әңгімедегі Жұман, Түлкі­бай, Сержан, Әнуар мен Нұрлан­дардың өмірде өзіміз көріп, араласып жүрген адамдардың өнердегі болмысы, типтендіріліп жасалған жиынтық бейнесі екені дау­сыз. Бұл кейіпкерлердің кейбірінің болмысы қараң­ғыда шам жаққандай оқыр­мандарды ынтықтыра түсіп, жандарына жарық түсіре­тіндей әсерлі болса, кейбірі адамды шошытатындай, өзі­нен оқырманды безіндіре түсетіндей әсер қалдырады. Өкінішке орай, өмірде Жұмандар аз, Түлкібайлар көп. Өмір осы типтердің тартысынан тұрады. Өтірік пен шындықтың, адалдық пен арамдықтың, әділдік пен әділетсіздің арасындағы күрес пен тартыс – өмірдің шындығы осындай. Бұрын да солай болған, қазір де солай, алдағы уақытта да солай бола бермек.

Сәкеңнің басқа әңгіме­лерінде де: «Өзгеру», «Басты парыз», «Көліктер кеңесі», т.б. оқырманға ой салатын іс-әрекетімен, өмірлік ұстанымдарымен бір-бірінен ерекшеленетін әдеби бейнелер бар. Өмірдегінің бәрін өнерден таба алмасымыз анық бола тұра, өнердің бей­не­леуінде өмірді тани түсе­тінімізді жоққа шығара алмаймыз.

Серікбай Иманбайұлы өзінің әңгімелерінде өмір шындығына көз жұмып қара­май, оқырмандарына ой салады, жақсыдан үйре­ніп, жаманнан жиренуге тәрбие­лейді. Бұл Сәкеңнің әдебиет­тің ұлы мақсаты өміртану мен адамтануға қоғамның белсенді мүшесі тұрғысынан азаматтық тұғырдың биіктігін көрсетуі мен үлес қосуы деп ұғамыз. Осы жолда Сәкең өзінің бір қыры – жазу өнерін де нәтижелі пайдаланған. Мөлтек сыр тыңдағандай әдемі әсер қалдыратын Сә­кең­нің әңгімелері қысқа да нұсқа, оқырманның ойын тереңдетіп, жанын жадырататын әдемі дүниелер болып шыққан.

Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Қазақстанның еңбек сіңген қайраткері,

филология ғылымдарының докторы, профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<