Егемен елдің төл теңгесі

1043

0

Осыдан тура жиырма сегіз жыл бұрын 15 қарашада төл теңгеміз айналымға түсті. Бұл күні мемлекеттігіміздің мәртебесі тағы бір дәлелденіп, абыройымыз асқақтап, өзгенің емес, өз ұлттық ақшамызды қолға ұстап, қуанғанбыз. Содан бері бұл – мерейі үстем мереке.

Теңгенің енгізілу күні қарсаңындағы оқиға жадымнан шыға қойған жоқ. Күн жексенбі еді. «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Әскербек Рахымбекұлы телефон шалып, жоғарыдан тапсырма алғанын, облыстық әкімшіліктен редакцияға арнайы Үкімет пакеті келгенін айтып, жұмысқа тездетіп жетуімді өтінді.

Жексенбі күні жұмысқа шақыру – сирек кездесетін жағдай. Сол күні қарашаның ызғарлы суығы өңменіңді тесіп жіберетіндей, редакцияның сыртқы есігін ашып-жапқанда сарт еткен дыбыс барлық бөлмелерге естілетін. Шақырылғандар – ҰҚҚ қызметкерлері, облыстық әкімшіліктің бөлім бастығы, бас редактор, бас редактордың орынбасары және мен пакеттегі құжаттармен таныстық. Сол кездегі облыс әкімі Сейілбек Шаухаманов іссапарда болғасын арнайы пакетті қабылдап, бізге тапсырған әкімнің бірінші орынбасары Нәжмадин Мұсабаев.

Пакеттегі құжатта Президент Жарлығы және Үкімет қаулысы, негізгі азық-түлік бағаларының шекті мөлшері жарияланыпты. Шамасы, асығыстықтан, мәселенің қауырттығынан болса керек, газетке жариялануға тиісті материалдардың жартысына жуығы орыс тілінде жіберіліпті.

Ертеңгі газетке оларды қазақшаладық, жиналғандардың барлығы сауатты жігіттер, бір-бірімізді сүйемелдеп, қорытып дегендей, айналасы 2-3 сағатта баспаханаға жібердік. Мен үшін 1993 жылдың 14 қарашасы осындай айтулы оқиғалармен есте қалды.

Әрине, Ұлттық валютаны енгізу туралы саяси шешім бір күнде қабылданған жоқ. Тәуелсіздік пен Ұлттық валюта бір-бірінен ажырағысыз ұғымдар екені күн өткен сайын айқындала бастады. Оның үстіне Ресей рублі құнсызданып, қағазға айналды. Тіпті оған деген тәуелділік айналымда қолма-қол ақшаның тапшылығына әкеліп соқтырды.

Бүгінде тарихқа айналған уақыт жылнамасын ақтарсақ, елімізде 1992 жылдың көктемінде Ұлттық валютаны енгізу мүмкіндіктерін саралайтын комиссия құпия түрде өз жұмысын бастаған екен. Бұл комиссия туралы жоғары басшылықтағы бірнеше адамның ғана хабары болды. Алдымен жаңа валютаның дизайнын жасайтын шығармашылық топ жасақталды. Құпия кеңес ұзаққа созылған талқылаулардан соң Ұлттық валютада қазақ мемлекеттігін қалыптастырған тарихи тұлғалар бедерленуі тиіс деген шешім қабылдады. Бұл тәуелсіздіктің елең-алаң шағында аса қажетті қадам еді. Сан жылдар бойы сананы езген режимнің темір құрсауы босаған шақта ұлттық мақтаныш сезімін көтеру керек болатын. Алғашқы ұсынылған нұсқаның бірінде теңге бетіне Елбасының бейнесі де бедерленген еді. Бұл туралы Н.Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» кітабында: «Ең әуелі суретшілер Бірінші Президент кескінделген, яғни менің суретім салынған банкноттарды ұсынды. Е.Асанбаев, Т.Сүлейменов және Ғ.Байназаров үшеуі маған суретім бейнеленген 50 теңгелік купюраны алып келді. Бірақ мен «Мен тарихи тұлғамын ба, жоқ па, оған ұрпақтар қазы болады» деп жауап бердім. Суретімнің ақшада басылғаны қолайсыз болар, себебі Африка елдерінің билеушілерінен басқа, көзі тірі мемлекет басшыларының ешқайсысы ақшаға өз суреттерін орналастырғанын көргенім жоқ деп, әңгімені қалжыңға бұрып жібердім. Бәріміз бірге күлісіп, бұл нұсқаны алып тастадық» деп еске алады.

Ұлттық валютаның атауы туралы да бірнеше нұсқалар ұсынылды. Олардың қатарында «сом», «ақша», «теңге» деген атаулар болды. Қорытындысында комиссия ежелгі Қыпшақ даласында сауда айналымында болған «теңгеге» тоқталды. Оның айналымға енгізілуі тәуелсіз республикамыздың жылнамасындағы ең маңызды оқиғаның бірі болды. Тәуелсіздікті нығайту үшін, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізу үшін аса қажетті тарихи қадам осылайша жасалған болатын.

Қазақстан экономикасы нарықтық қайта құруға бет бұрғанда бұрынғы Кеңес Одағындағы бірыңғай ақша жүйесі тұрақсыз еді. Жас мемлекеттер біртіндеп өздерінің ұлттық валюталарын, уақытша ақша белгілерін енгізе бастады. Рубль аймағында Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Тәжікстан елдері ғана қалды. Жоғарыда айтқанымыздай, республикаға кеңестік рубльдің бақылаусыз көптеп келуі инфляцияның шарықтап өсуіне әкеліп соқты. Төл валютаны енгізу арқылы Ресейдің қаржы институттарына бағыныштылықтан арылу, дербес монетарлық, экономикалық саясатты жүргізу көзделді.

Елбасы Жарлығымен құрылған Ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия тұжырымдама дайындады. Бұл құжатта жаңа валютаның енгізілу мерзімі, тәсілі, жаңа валютаны айырбастау пункттеріне жеткізу мәселелері, қолма-қол ақшаны айырбастау коэффициенті мен лимиттері, валюта бағамын қалыптастыру және басқа да маңызды мәселелер нақтыланды.

Тарихи күн қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев теледидар арқылы халыққа түсіндірме берді. Ақшаның ауысуы жан-жақты ойластырылғанын, елдің бүгінгі және алдағы мүмкіндіктері ескерілгенін атап өтті.

Теңге ресми түрде 1993 жылғы 15 қарашада айналымға енгізілді. Ең бірінші бағамы
1 АҚШ долларына 4,75 теңге болды. Әр теңге 500 рубльге ауыстырылды. Ел «сабан» ақшаны әл Фараби, Абай, Шоқан, Сүйінбай сияқты ұлт мақтаныштары бейнеленген су жаңа ақшаға айырбастап жатты. Сондағы халықтың асып-тасыған көңіл қуанышының өзі неге тұрады?! Қазақ тіліндегі, ұлттық нақыштағы банкноттарды бір-біріне көрсетіп, сүйіншілеген ағайын тәуелсіздікке тәубе айтты. Ендігі міндет тіпті күрделі еді. Теңгенің құнын жоғалтпай ұстап тұрудың маңызы күннен-күнге арта түсті.

Ұлттық валюта енгізілгеннен кейінгі алғашқы екі жыл еліміздің экономикалық дамуындағы күрделі кезең ретінде сипатталады. Айналысқа енгеннен кейін, алғашқы 7 айда теңге 8 есе құнсызданды. Қаржы операциясы теңге арқылы есептелгендіктен, оның бағамы басқа елдердің валютасымен күнбе-күн нақтыланып отырды.

Сол 1993 жылдың 15 қарашасында Қазақстан Республикасының Министрлер кабинеті «Ұлттық валютаның енгізілуі жағдайында бағаның өсуін шектеу жөніндегі төтенше шаралар туралы» қаулы қабылдады. Қаулыда теңгенің енгізілуіне байланысты тұтыну бағаларына шектеу қойылды. Олардың қатарында халық тұтынатын бірінші кезектегі нан және нан өнімдері, тары, макарон өнімдері, қант, сүт, қаймақ, сиыр, қой еті, құс еті және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағалары бар. Сол жылы металлургия, мұнай-химия, ағаш өңдеу және басқа да көптеген кәсіпорындардың бағаларына белгілі бір шектеу қойылды. Олардың қатарында өнеркәсіп өнімдері болды. Егер біз қазіргі уақытпен салыстыратын болсақ, аталған өнімдердің 70-80 проценті бүгінгі таңда нарық айқындаған бағамен сатылады, яғни, оларды сұраныс пен ұсыныс белгілейді.

Тәуелсіздік жылдарында экономикада көптеген өзгерістер жүзеге асырылды. Теңге өзінің тұрақтылығын барынша сақтап қалуға талпыныс жасады. Пандемия кезінде АҚШ долларына шаққанда оның құны 20 процентке төмендеп, қазір экономиканың қалыпқа келуіне байланысты посткеңестік республикалардың қатарында тұрақты валютаның санатына енді.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<