Естен кетпес ерекше сәт

692

0

2003 жылдың сәуір айының 13-жұлдызында Елбасы іссапармен біздің облысқа келді. Осы жылы ауылды қолдаудың үшжылдық бағдарламасы қабылданып, жүзеге асып жатқан. Мен Жалағаш ауданы Бұқарбай батыр ауылының әкімі едім. Елбасы «Құмкөл» кенішінде болып, түске таман «Қараөзекте» салынып жатқан су тоспасын көріп, Қалжан ахун ауылына келді. Ауылдың шағын клубына облыстың іс басында жүрген азаматтары, түрлі деңгейдегі әкімдер,  кәсіпкерлердің шағын тобы шақырылыпты. Нұрекең азаматтармен  амандасып, президиумға жайғасып, елдің амандығын, көңіл-күйін сұрады.

Ауыл жылдарының басталуы жайлы:

– Қазақтың қаймағы бұзылмаған, бірлігі мен тірлігі жарасқан, Алаштың анасы атанған елге, оның ішінде имандылық пен ағартушылықты халықтың бойына дарытқан, ислам дүниесінің өркениетін өмірге жая білген, мешіт салып, жастарды білім нәріменен сусындатқан, артында өшпейтіндей із қалдырған, шарапатын бүгінгі ұрпақ көріп отырған ғұлама Қалжан ахун негізін қалаған ауылға келіп, сіздермен дидарласып, сұхбаттасып, «Ауыл жылдарын» бастаудағы істерімізге ғұлама аруақтың шарапаты тисін деген тілекпен келіп отырмын, – деді.

Өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы облыс әкімінің хабарламасынан соң, қойылған сауалдарға жауап беріп, сыртқа беттеді. Біз де орнымыздан тұрып, Елбасымен сәлемдесе бастадық. Ол кісі бейджіме қарап:

– Ал, ауыл әкімі жағдай қалай? – деп сұрақ қойды.

Өзімді таныстырдым.

– Нұреке, жылдың алғашқы айында Сыр еліне келіп, өзіңіз айтқандай ғұлама Қалжан ахунның ауылына ат басын тіредіңіз. Басталып жатқан игі ісіңіз берекелі болып, халықпен кездесудегі тілегіңіз қабыл болсын, – деп қос қолыммен сәлем бердім.

– Өзіңе де соны тілеймін. Елдің жағдайы қалай? «Ауыл жылдары» қалай жүзеге асырылып жатыр? Түптеп келгенде соны жүзеге асыратын сендерсіңдер ғой, – деп әңгімеміз жалғаса берді.

Кездесуді пайдаланып, ел жайлы, өтпелі кезеңдегі  қиындықтарды, оны жеңу жолындағы атқарылып жатқан жұмыстарымыз туралы толық мағлұмат беруге тырыстым.

– Нұреке,  Бұқарбай батыр ауылы – аудандағы іргелі елді мекен. Кешегі Кеңес дәуірінде татулығы мен достығы жарасқан он екі ұлт өкілі бір кісінің баласындай еңбек етті. Ел байлығын тасытты. Өтпелі кезеңнің азды-көпті қиындықтарын жеңіп, артқа тастадық. Сіздің тікелей басшылығыңызбен қабылданған «Денсаулық жылында» бұрынғы қысқарып, жабылып қалған 25 орындық ауыл ауруханасын жөндеп, емханаға айналдырдық. Қазір онда дәрігер мен бірнеше медицина қызметкері еңбек етуде. «Мәдениет жылында» 420 орындық мәдениет үйін жөндеп, қалпына келтірдік. Бұл жұмыстарға ауылдан шыққан  кәсіпкерлер мен шаруашылық құрылымдары демеушілік жасап, көмек көрсетті. Олар ойын-сауық құралдары мен көркемөнерпаздарға киім, тағы басқа заттармен   қамтамасыз етті. Бұл жылдар өзінің нәтижесін беріп, жақсы аяқталды. Биыл басталған «Ауыл жылдарын» халық жылы қабылдап, жүзеге асыруда.  Біріншіден, халық бұрынғы «мені  мемлекет асырайды» деген масылдықтан арылып, жаппай еңбек етуге кірісті. Мал ұстап, егін егіп тіршілік жасауда. Майда шаруа қожалықтары бірігіп, серіктестіктер құрылып жатыр. Елде кіші кәсіпкерлік дамып келеді. Іскер азаматтар мен инвесторлар ауылға бет бұрды. Олардың арасында өзара іскерлік ахуал қалыптасты.  Мемлекет тарапынан егіншілерге субсидия берілуде. Жанар-жағармайға, минералды тыңайтқыштарға жеңілдік жасалған.

Елбасы сөзімді бөліп:

– Жасалып жатқан қолдаудың бұл басы. Егіншілерге де, мал ұстаушыларға да жеңілдетілген несие, үлкен көлемде субсидия беріледі. Шағын, орта кәсіпкерлердің салығы жеңілдетіліп, жұмысына кең өріс ашылатын болады.  Осыны өздерің түсініп, жеткізіңдер. Істің нақты орындалатын жерінде, елдің барлық тіршілігіне бас-көз болып жүрген, сенімге ие болған азаматсыңдар. Елдің хал-ахуалы, жастар тәрбиесі, тәртібі, ауызбіршілігі сендердің түсініктерің мен іс-әрекеттеріңе байланысты. Осы істердің ұйытқысы бола білулерің керек, – деп ақыл-кеңес берді.

– Нұреке, еліңіз сізбен бірге, салиқалы саясатыңызды қолдаймыз. Ел үшін жасап жатқан игі істеріңізді жүзеге асыруда аянбай еңбек етеміз, –  дедім.

Тілегіме ризашылық білдіріп «ал, суретке түсейік» деді. Осы кезде фототілші Болат Омарәлиев те фотоаппаратын сыртылдатып жатты. Көтеріңкі көңіл-күйде бірнеше рет ескерткіш суретке түстік.

Нұрекең әңгімесінің соңында:

– Еліңе сәлем айт, бүгін осында ұққаныңды халқыңа жеткіз, – деді.

Сол жолы Елбасы ауылдағы жұмыстың барлық ауыртпалығын көтеріп жүрген ауыл әкімдеріне су жаңа автокөліктердің кілтін тапсырды. Халық игілігі үшін мініп, қызмет атқаруымызға тілектестігін білдірген еді.

Рысбай КӘРІМОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жалағаш ауданының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<