Құс фабрикасы қалай құрылып еді?

1127

0

Қызылорда қаласындағы өндіріс орындары мен өнеркәсіптің пайда болу және даму кезеңі Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келді. Соғыстан кейін халық шаруашылығы қалпына келтіріліп, нәтижесінде қалада өнеркәсіп орындары бой көтеріп, тұрмыс нысандарының құрылыстары жедел қарқынмен дами бастады. Осындай ірі құрылыстың бірі – Қызылорда құс комбинатының тарихы туралы құжаттар архив қорында сақтаулы. Оның құрылғанына биыл 75 жыл толып отыр.

1947 жылғы 3 қаңтардағы облыстық еңбекшілер депутттары кеңесі атқару комитетінің шешімімен Қызылорда құс комбинаты құрылып, оған 17 қаңтарда Сырдария ауданы «Шағын сабалақ» тресі аумағынан 303 гектар болатын жер телімі 188 гектар қосалқы егістік жер берілді. Комбинат басшылығына Федор Ефимович Буткевич тағайындалып, 1948 жылы жұмысшылар саны 18 адамды құрады. 1948-1949 жылдар аралығында республикалық кадрларды даярлау мектебінен 3 оператор, 1 зоотехник, 1 құс өсіруші, 1 май дайындаушы білім жетілдірді.
Қызылорда құс комбинаты құс, ірі және ұсақ мал, сондай-ақ шошқа өсіру және бордақылаумен айналысты. Ірі, ұсақ малдарды өсіру базасы «Ноғай қора» мен «Оспан көпір» учаскелерінде орналасты.

1949 жылы 10 маусымда 100 тонна құсты өңдеуге арналған Қызылорда типтік құс комбинатының құрылысы басталды. Үлгілік құс комбинатының құрылысы аяқталғаннан кейін онда 20 мыңға дейін аналық құсы болды. Облыстың колхоздары мен совхоздарынан келіп түсетін 140-150 мың бас құсты қабылдауды, бордақылауды және қайта өңдеуді қамтамасыз етті. Комбинатта жасушалық, аналық, бір жастағы төлдер, 30-60 күндік төлдер, инкубатор, сою цехы, жұмыртқа сақтау, жемшөп, тоқ көзі, автопарк, құрылыс, сантехника цехтары жұмыс істеді. 1951 жылы құс комбинатына облыс орталығынан 11 шақырым жердегі Қаратоғай шатқалынан 2000 орындық құсқа арналған қыстау қораларын салу белгіленді. Осы жылдың 1 қаңтарында құс қоры 433 басты құрады.
1976 жылы құс фабрикаларының өндірістік бірлестіктері жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Осы жылы 1665 млн дана жұмыртқа, 54,3 мың тонна құс еті өндіріліп, мемлекетке 200 млн дана жұмыртқа, 12 мың тонна құс еті сатылды.
Қызылорда құс фабрикасында әлеу­меттік міндеттеме орындауға бағыт­талған үлкен жұмыстар атқарылып отырған. Мысалы, қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, олардың отбасы мүшелерінің демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында кинотеатр, концерт, санаторлық-курорттық емде­луге туристік жолдамалар беру, бала­бақшаға бірінші кезекте көпбалалы аналардың балаларын орналастыру жә­не аз қамтылған отбасыларға жәр­демақы тағайындау, балаларына ту­рис­тік жолдамалар беріліп, пионер ла­ге­ріне жіберіліп отырды.
Еңбектің озық тәсілдерін насихаттау, тәжірибе алмасу, ерекше көзге түскендерді марапаттау кең құлаш жай­ды. Комбинат жұмысшыларын ең­бекке баулу, үздік тәлімгерлердің еңбегін жастарға насихаттауда бас вете­ринарлық дәрігер Есенғали Айтбаев, электрик Төкеш Алиакбаров, құс өсі­рушілер Әсия Баймағамбетова, Надежда Ким, Галина Ли, Мария Ли, жұмысшы Прасковья Горшкова, бригадирлер Тарас Ким, Павел Ли, бас зоотехник Даниял Ли Лениннің туғанына 100 жыл толу құрметіне медалімен, 1973 жылы Қызылорда құс фабрикасының құс өсірушілері Несібелі Ибраева «Құр­мет белгісі» орденімен, 1976 жылы Галина Юн, Лидия Богрова «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталған.
Өнеркәсіп өнімінің өсуі және еңбек белсенділігінің артуы үшін социалистік жарыс ұйымдастырудың маңызы зор болды. 1979 жылы социалистік жа­рыс­­тың қорытындысы бойынша 15 қыз­меткер «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісімен, 16 қызметкер есімі Құрмет тақтасына жазылған.
1980 жыл құс фабрикасы 20 млн дана жұмыртқа өндірген. Осы жылдың 5 қараша­сында Қазан революциясының 63 жыл­дығына орай құс шаруашылығы өнім­дерін өндіру, мемлекетке сату, жос­парлы тапсырмаларды және социа­листік міндеттерді орындауда белсенді қатысқаны үшін 44 жұмысшы Құрмет грамотасымен марапатталған. 1981 жы­лы он бірінші бесжылдықтың алғашқы жылдарында жұмыртқа өндірісі 21500 тоннаға, ет 4400 центнерге жеткізілді, мемлекетке 20300 мың дана жұмыртқа, 4200 центнер құс еті тапсырылды. 1983 жылы азық-түлік бағдарламасын іске асыруда мемлекетке құс өнімдерін сату, жұмыртқа өндіру бойынша 101,7%-ке, ет 105,7%-ке жетті. 1984 жылы 26 қаңтарда фабрика үйрек өсіру бойынша мемлекетке 130 тонна ет, 161 мың тонна инкубатор, 80 мың дана жұмыртқа өткізді. 1987 жылы жұмысшылар саны 509 адамды құрады.
1990 жылы Құс фабрикасында «Үз­дік сұрыптаушы» «Үздік оператор» атты байқау ұйымдастырылып, С.Сейт­қалиева, М.Абнасырова, Е.Лупанова, Ш.Бақтиярова I орын, Л.Қыстаубаева II орын, О.Сарсенбаева III орынды ием­денді.
Нарық экономикасы келгенде облыс экономикасының дамуына үлес қосқан қаламыздағы іргелі өндіріс ошағы басқару формасын өзгертті. Осылайша, 1993 жылы Қызылорда құс фабрикасы «Сейхун» ашық үлгідегі акционерлік қоғамы болып қайта құрылды.

А.ӘЛИАСҚАРОВА,
архив құжаттарын
пайдалану және жариялау бөлімінің археографы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<