Болмыс тініндегі тазалық

486

0

Абзал Жұмашұлы Ералиев есімі күллі қазаққа мәлім.Ол – Қызылорда облыстық күріш өндірушілер және өңдеушілер қауымдастығының президенті. Қазақстанның Еңбек Ері, «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері.

Бүгін біз Абзал аға жөнінде әңгімелемекпіз.

Ол кісі 1982 жылы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының Қызылорда филиалын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірді. Кеңестік әскер қатарында болды. Еңбек жолын 1984 жылы Қызылорда қаласындағы үй құрылысы комбинатында құрылыс шебері болып бастап, он жыл бедерінде осы комбинатта прораб, учаске бастығы секілді қызметтерді атқарды. Қаланың қазіргі «Ақмешіт», «Мерей» шағын аудандарында бой көтерген панельді көпқабатты үйлердің сапалы тұрғызылуына еңбек сіңірді.

1991 жылы КСРО ыдырап, Қазақстан егемендігін жариялап, тәуелсіздіктің тәуекелге толы жолына түсті. Елең-алаң шақта ертерек елдің даму бағытын айқындап, бұрынғы сықиған цифрлардан тұратын жоспарлы экономикадан бас тартып, нарықтық экономикаға түсу керектігін уақыттың өзі дәлелдеп жатты. Жеке кәсіпкерлік, бизнес деген ұғымдардың өртеңнен кейінгі шыққан көктей қылтиып, жаңадан бас көтеріп жатқан кезі. Ескі жүйенің жібіне ілініп тұрған үлкенді-кішілі кәсіпорындар түгелдей тоқырады. Қызылорда үй құрылысы комбинаты да 1994 жылы түбегейлі жұмысын тоқтатқан соң, Абзал Ералиев жеке кәсіпкерлікке ден қоя бастады. «Абзал және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды. Бүгінде алыс-жақын түгел білетін айтулы компанияның алғашқы капиталына ол кісі қала сыртындағы жеке саяжайын сатып, сол қаражатын салды. Бұл – айналымда нақты ақша қаражат жоқ, жұртшылық қолдағы бар затын қажетіне айырбастап есеп айырысатын бартерлік бизнестің қызып жатқан шағы. «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің…» демекші, осы кезде Абзал аға өзінің үй саламын деп бірер жыл жинақтаған құрылыс материалдарын тиеп, мұнай компанияларына әкеледі. Оның құнына жанар-жағармай алып, ауылдағы шаруашылықтарға апарып өткізеді. Ауылдардан қара күріш алып, Қызылордадағы күріш зауытына ақтатып, жан-жаққа сатып, шағын кәсібін бастайды. Оған қосымша Өзбекстаннан азық-түліктің басқа түрлерін әкеліп, сауда айналымына қосады. Жан-жаққа қатынап, ішкі, сыртқы жағдайды салыстыра жүріп, ақыры күріш шаруашылығымен дендеп айналысуға бел байлайды. Себебі, Қызылорда облысы республика бойынша күріш өсірудің 85 пайыздық көрсеткішіне ие еді.

Тоқсаныншы жылдардың басында Қызылордада жалғыз ғана күріш ақтайтын зауыт жұмыс жасап тұрды. Тоқырау шақтағы құрылғылары мейлінше ескірген зауыттың алдындағы кезек те ұзын-сонар. Бұл – өз алдына үлкен мәселе. Ал енді ол кезеңдердегі күріштен тамақ жасау үшін тазалаудың өзі бір адамды шаршататын бейнет болатын. Күрмек, жепік, тіпті ас ішінен тас шықты дегендей, күрішпен араласып кішігірім тастар да жүре беретін. Мұндай күрішті нарық заманында сыртқа шығарып сату мүмкін емес. Осындай мәселелермен бетпе-бет келе берген Абзал аға Қытайдан күріш ақтайтын шағын құрылғылар әкеліп, күрішті өзі ақтай бастады.

1998 жылдардың орта тұсында Әбекең маған бірге жұмыс жасау жөнінде ұсыныс айтып, қасына шақырды. Әбекеңнің бойында мен үйренетін өнеге көп еді. Сөйтіп, қызу жұмысқа белсене араласып кеттік. Әбекеңнің жұмысты жылдам жүйеге қоя білуі, талапшылдығы, іскерлігі компанияның мүмкіндіктерін күн сайын кеңейте берді. «Ылдидан салса төске озған, ертеден салса кешке озған» дегендей шаршап- шалдығуды білмейтін шағымыз.

2000-жылдардың басында Әбекеңнің басшылығымен туған ауылы Нағи Ілиясовқа күріш егетін болып шештік. Алып зауытты жұмысқа қосқасын оны тұрақты өніммен қамтамасыз етудің қажеттілігі де маңызды орынға шықты. Ауылға қарасты ауыспалы егістің 1800 гектардай жері алынғанымен, алғашқы жылы 500 гектарына ғана дән себілді. Жылдан жылға ұлғайта беруді мақсат қылдық. Ауылдың негізгі егіс көлеміне дән себетін Нағи Ілиясов жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2005 жылы толық банкротын жариялады. Кезінде үлкен сомада несие алып, оның кепіл өтеміне 3300 гектардай ауылдың егістік жерін, гаражын, қоймаларын, техникаларының құжатын «Банк Туран Әлемге» өткізіп, кейіннен төлей алмай қалған. «Абзал және К» банктен ауылдың егістік жерінің пайдалану құқығын, тағы да банк иелігіне өтіп кеткен дүниелерді аукцион арқылы кері сатып алды. Нарықтың қатал талаптарына жауап бере отырып, компания осылайша жыл сайын жетіліп, толыса бастады.

Бұл кезде бақытты балалық шағымыз өткен, талай топырағына аунап, суына түскен абат мекеннің ажары тайып, еңсесінің түсіп тұрғаны біздің де қабырғамызға бататын. Ауылдағы шаруашылық қайта жүйесіне қойылып, жолға түскеннен кейін Абзал аға ендігі кезекте ауылды абаттандырып, көркейтуге күш салуымыз керектігі жайлы бастама көтерді. Қуана келістік, құлшына кірістік.

Сонымен компания 2008 жылдан ауылды гүлдендіруге қомақты қаржы құя бастады. Айналасы 7-8 жылда ауылды көркейтуге үлкен көлемде жұмыстар жасалды. Мәдениет үйі, мектеп күрделі жөндеуден өтті. Ауыл тұрғындары үшін заманауи тұрпатты дүкен, тойхана пайдалануға берілді. Орталық алаңға қырлы кеспе тас төсеуіш қаланып, гүлзар бақтары салынды, үш су бұрқағы қойылды. Содан күні бүгінге дейін ауылға отыз мыңдай ағаш отырғызылған. Еуропа стиліндегі көше сағаты қойылды. «Тағзым» алаңы салынды. Осының бәріне компания қыруар қаржыны жүйелі бөліп келеді. Мәселен, «Тағзым» алаңына 8 миллион теңге қаражат мемлекет есебінен бөлінсе, шаруашылық есебінен 43 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Былай қарасаңыз, бастапқы қаржыдан қосымша бөлінгені бес есе көп. Бірақ сапалы жұмыс үшін осындай қадамға саналы түрде бару да керек болады. Ауыл орталығынан бой көтерген әрбір нысанның салыну жолы осындай. Соңғы үлгіде жабдықталған, бірнеше жүгіру жолағы бар, кез келген республикалық деңгейдегі жарыстарды қысылмай өткізе беруге болатын стадион-спорт кешені ауыл жастарының басы жиі қосылатын бақыт алаңына айналған.

Осының барлығын үйлестіру шынында да Абзал ағамыздың азаматтық болмысын айқындаса керек. Ауыл ішіндегі жүйелі реттілік, қоқыс жәшіктерінің қойылуы, көшелердің жарықтандырылуы ауылға айбат беріп, салтанатын асырып тұрғаны анық. Орталықтағы көшелердің тазалығы, гүлзар бақты өсіру, көшет-талдарға аяқсудың өз уақытында жетуі, су бұрқақтарының уақытылы қосылуы – бұл көктемнен күзге дейін тұрақты назарда болатын жұмыс. Қырыққа жуық ауыл адамы шаруашылық есебінен жалақы алып, осы іспен айналысады. Шаруашылық көшелерге су шашатын көлікті де алып қойған. Компания жанынан гүл, газон өсіретін жылыжайдың жұмыс жасап тұрғанына да бірнеше жылдың жүзі болды. Бұл бастамалар ешқандай коммерциялық кіріс көзі емес екенін де айта кету керек. Тек ауылды көркейтуге, гүлдендіруге жасалып жатқан жобалар.

Еуропа мемлекеттері өз ішіндегі қылмыс, бұзақылық көбейіп кеткен аудандарында көшелерді әдемілеу, гүлдер егіп, гүлзар жасау, жұрттың назарын аударатын басқа да жобаларды жүзеге асыруды жылдам қолға алатын көрінеді. Себебі әдеміліктің, сұлулықтың эстетикалық ләззат сыйлаумен қатар, адамдардың ішкі әлемінің де таза, шынайы болуына ықпал ететін тәрбиелік маңызы бар. Демек, бұл жобалар – ауылды көркейтіп қана қоймай, жастардың келешегін кемелдендіру үшін қосылған үлкен үлес. Компания ауылды көркейген қалпында ұстап тұру үшін жыл сайын қомақты қаржы көлемін тұрақты бөлуді өз міндетіне алған.

Егін науқаны тоқтайтын қыс мезгілінде шаруашылық жұмысшылары тұқым өндіретін зауытта жұмыс істейді. Ақылы демалысы беріледі, сыйақысы беріледі, табыссыз қалдырмаудың барлық жүйесі жасалған.

Компанияның да әлеуеті жыл сайын артып келеді. 2012 жылы тағы да ауқымды зауыт салса, 2019 жылы 3-цифрлы зауытты іске қосты. Бұл – күріштің қай сорты сұраныста болса, нарықтан кешікпей өнім дайындау үшін жасалған қадам.

Қазіргі уақытта компания тұз өндіруде де нарыққа белсене кіріп келеді. Бұған дейін сағатына 3 тонна тұз өндіретін зауыт жұмыс істесе, өткен жылдан бастап бұл межеден үш есе артық тұз өндіретін зауыт ашуға кірісті. Бұл – қаншама қосымша жұмыс орны ашылады деген сөз. Сондай-ақ, «Сафия» ауызсуын шығарады.

«Абзал және К» күріші қазір бірнеше мемлекетке экспортталады. Жылдық өнімнің 70 пайызына жуығы сыртқа сатылады. Кәсіпорынның мықтылығы – мемлекет мықтылығының бірден-бір көрсеткіші. Компанияның күріш өніміне Ресей, Украина, Ирак, Әзербайжан, көршілес Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінде сұраныс жоғары. Бұл – бірнеше жылдық жүйелі шаруаның жемісі.

Бүгінгі уақытта компания шаруашылыққа қарасты егіндік жерді тегістеумен айналысуда. Бұл – судың тапшылығы туындап жатқан кейінгі кездері суды үнемдеуге жол ашса, сондай-ақ, өнімнің жоғары болуына да ықпалы зор бастама. Бұл жағынан Абзал ағамыз басқаратын ұжым көпке үлгі болып отыр деуге болады.

Абзал Ералиев – күріш саласындағы кәсіпкерлікті нарық талабына бейімдеп, Сыр маржаны өнімін әлемдік деңгейге шығара алған тұлға. Бұл азаматты ауылды көркейтіп, ел еңсесін көтерудің эталоны десек, бұл болмысы таза, елім, жерім деген ер азаматқа берілген орынды баға деп ойлаймын.

Марат СӘРСЕНБАЕВ,

«Абай-Дәулет» серіктестігі директорының орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<