«Сіңірсем деймін жеріме, маңдайдың терін ағызып…»

403

0

Адырға салса арымай, жотаға салса жасымай, тәуелсіз елдің тұғырын бекемдеуге жан-тәнімен еңбек еткен тұлғалар сапында Бердібек Сапарбаевтың есімі ерекше аталады. Осыдан тура бір апта бұрын Астанада қайраткердің тұлғалық һәм адами болмысын әйгілеген алқалы жиын өтті. Әдетті қалыптың ауанынан асып, парасаттылық ауылына ат байлағандай әсер қалдырған осы бір игі іс-шара көптің көкейінде көпке дейін сақталатыны сөзсіз. Өйткені, Бердібек Сапарбаев тұлғасын ашу арқылы ұлттың мүддесі мінберге шықты.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұйымдастырылған «Бердібек Сапарбаев тұлғасы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда сөз алғандардың бірқатарының пікір желісін оқырманға ұсынуды жөн көрдік. 

Кісілік пен кішілік

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

– Бүгін біз аса ғибратты, өнегелі жиынға қатысып отырмыз. «Еліңе қадірлі болсаң, елеусіз қалмайсың» деген халық сөзі бар. Сондықтан бұл жиынды Бердібек Машбекұлындай мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен дамуына жан аямай қызмет еткен, өлшеусіз үлес қосқан азаматқа, тұлғаға арнап отырмыз. Бұл жиын туған елін сүйген, туған елі сүйген тұлғаға деген ерекше құрметтің белгісі деп санаймын.

Осы конференцияға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев арнайы құттықтауын жолдап отыр.

«Бердібек Машбекұлы – Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына және дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Ол әр жылдары жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңірді. Бірқатар өңірлерге және мемлекеттік органдарға жетекшілік етіп, парасатты, іскер әрі білікті басшы ретінде танылды. Халықтың ерекше сый-құрметіне бөленді. Ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен азаматтардың есімін ұлықтау арқылы өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелейміз. Қайраткер тұлғаның адами қасиеттері, кәсіби біліктілігі мен адал қызметі жас мемлекеттік қызметшілерге әрдайым үлгі-өнеге», – делінген хатта.

Бердібек Машбекұлын бүкіл халық болып соңғы сапарға қимастықпен шығарып салғанымыз күні кеше ғана сияқты еді. Бүгін міне, біртуар тұлғаның екінші өмірі басталғанына куә болып отырмыз. Тал бесіктен жер бесікке дейін халқына, ұлтына риясыз қызмет ету, қызмет ете жүріп тұтас елдің шынайы алғысын алып, құрметіне бөлену екінің бірінің тағдыр талайына бұйыра бермейтін бақыт. Мұндай тұлғалардың есімі мемлекеттің, ұлттың тарихында алтын әріптермен жазылып қалады. 

Ол кісінің мәнді де мағыналы ғұмыры бейнелеп айтқанда «аттың жалында, түйенің қомында» өтті. Еліміздегі ең қиын салаларға жетекшілік жасады. Бес бірдей облысқа әкім болған Қазақстандағы жалғыз тұлға және сол өңірлердің мәселесі күйіп, шаруасы шатқаяқтап тұрған кезде Бердібек Машбекұлы басшылық жасады. Қазір осы 5 облыс дербес 7 облысқа айналды… 

Осы арада өзім куә болған жайтқа тоқталып өткім келеді. Қателеспесем, осыдан 10-15 жыл бұрын Бердібек Машбекұлымен бір делегация құрамында Алматыға іссапармен бардық. Сол кезде екеуміз бір көлікте келе жаттық. Бір уақытта Бекең «мына жерге бұрыла кетейік» деп көлікті бұрғызып, бір кішкентай дүңгіршектің жанына барып тоқтадық. Барсақ, дүңгіршектің жанында бір қария мен кемпірі тұр екен. Бердібек Машбекұлы олармен біраз әңгімелескеннен кейін әрі қарай кеттік. Сосын мен туысымен амандасқан болар деп, «бұл туысыңыз ба?» деп сұрадым. Сөйтсек, жаңағы ақсақал Астанаға келу үшін жеке шаруасымен Бердібек Машбекұлына сұранып жүр екен. «Мен ол кісі Астанаға әуре болып келмей, ақыры келгеннен кейін жолдан бұрылып, жарты сағат уақытымды бөлдім» деп әдейі кездескенін айтты. Сол кезде шыны керек таңғалдым. Бұл өмірлік тағылым болды деп айта аламын.

Бекеңнің кісілігі мен кішілігі осында. 

Шынығып өскен шынайы өмір

Жақып Асанов, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары: 

–  Бізді тағдыр тоғыстырған бір оқиға бар. 2016 жылы жерге қатысты митингі өтіп, бүкіл республика шулап жатты. Көп ұзамай қырықтан астам діни радикал Ақтөбеде теракт жасады. Қару-жарақ дүкендерін басып алып, әскери бөлімге оқ атты. Біраз адамның өмірі қиылды, денсаулықтарына зиян келді. Бір айдан соң теракт Алматыда болды. Сегіз полиция қызметкері мен екі азамат қаза тапты. Бір сөзбен жер митингтері мен діни радикализм өршіп тұрған кез.

Сол кезде біз Бас прокуратура болып, Президентке ұсыныс жасадық. Терактілер халық арасында үрей туғызды. Билікке сенімсіздік бар. Өңірлерге барып жұртпен тікелей жұмыс істесек, мемлекеттің қамқорлығын көрсетсек, ол үшін пилот ретінде бір облысты алып, сонда елге қолдау көрсетудің үлгі-моделін жасасақ дедік.

Әрине көп нәрсе сол барған өңірдің басшысына байланысты. Әкімі қолдап, белсенді болмаса нәтижеге жету мүмкін болмас еді. Сонда Бекеңмен тез тіл табыстық. Өзінің Ақтөбеге келгеніне де көп болмаған екен. «Уайымдама, топты бізге әкел, бәрін жасаймын» деп сендірді. Сол 2016 жылы бүкіл республикадан 230 маманды жинап Ақтөбеге келдік. Мемлекеттік қызметшілермен қатар, топқа дәрігерлер, теологтар, психологтар, имамдар енді. Бекең алты жүздей адам жинап, мақсатымызды айтты. Облыстық активке сескенудің қажеті жоқ. Әріптестер орталықтан бізді тексеруге, бағалауға, сынауға келген жоқ. Кабинеттен жерге түсіп, бізбен бірге нақты проблемаларды шешу үшін, өршіп тұрған діни радикализмді ауыздықтау үшін келді деп түсіндірді. Мұндай шара елде алғаш рет жасалып жатқан. Бердібек Машбекұлы жұмысты әдемі үйлестіріп, республикадан келген 230 адамды өңір жағдайын жөндеп алуға ұтымды пайдаланды. Облыста 830 мыңдай адам болса, әрбір алтыншы ақтөбелікке жеттік. Ол мүгедектер, жастар, көпбалалы, жағдайы төмен отбасылар, сотталғандар, діннен адасқандар.

Осындай үйлесімді жұмыстың арқасында Ақтөбеде бай тәжірибе жиналды. Әдістемелік құрал жасалды. Осы жұмыстың басында Бекеңнің жанында жүрдім. Жұмыс таңғы 7-де басталатын. Күні бойы кездесулер, жиналыстар дегендей.

Жобаның соңғы екі күнінде Бекеңмен болдым. Байқағаным, бір ай бұрын басталған жұмыстың қарқыны тоқтамаған екен. Астанадан келген барлық құрылымдар өз қызметтерін белсенді жүргізіп жатты. Кейін Президентке баяндадық. Үкіметке осы жұмысты басқа облыстарда жүргізу тапсырылды.

Жоба барысында Бекеңнің керемет қырлары мен қасиеттерін тани түстік. Тек соның үшеуін ғана айтсам.

Біріншіден, ол тұлғаның нағыз лидерлік қасиеті. Мықты кризис менеджер болған соң жұмысы ақсап жатқан өңірлерге арнайы жіберілетін. Ол кісіні әкімдердің әкімі деп айтатын. Қай жерде, қай қызметте жүрсе де нәтижелі жұмысқа бағыттай білді, ұйыта білді. Бастай білді, ұйымдастыра білді.

Екінші қасиеті – ұлтқа, тілге жанашырлығы. Ұлттық мәселеге әркез ден қоятын. Зиялы қауымға жақын жүретін. Вице-премьер ретінде идеология саласына үлкен үлес қосты.

Үшінші ерекшелігі – жұртқа жақындығы. Қай қызметте жүрсе де ауыл-аймақты аралаудан шаршамай, елдің талап-тілегіне құлақ асатын.  Кіммен болса да еркін сөйлесіп, пікір алысқанда қарапайымдылық, кішіпейілділік қасиеттері анық көрініп тұратын. Қандай апат болса да, ағамыз аяғына керзі етігін киіп алып сол жерде бірінші болып жүретін. Осындай ерекшелігінің түп негізінде ауылда өсіп, қара жердің демін сезінген, дала еңбегімен шынығып өскен өмір жолы жатқаны анық.

Жаңа буын үлгі етер қасиет

Қырымбек Көшербаев, мемлекет және қоғам қайраткері:

– Біз екеуміз бір топырақта туып, бір кезеңде өмір сүрдік. Екеуміз де хал-қадірімізше елімізге қызмет еттік. Қызмет жолында әріптес, өмір жолында сырлас болдық. Ел оң-солын танып үлгермей жатқан елең-алаң тұста біз бірге жұмыс істедік. Көп ағаларымыз аттарың да ұқсас, сендер осы егіз қозыдайсыңдар деп әзілі аралас тілеулес пейілін білдіріп жататын.

Бердібектің 1990 жылдардың тоқырауында Қызылорда облысын жойылудан сақтап қалғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Сол тұста Қызылорданың салықтық базасы нашар, экономикасы, әсіресе, өндірісі дамымаған деген желеумен облысты жабу туралы Үкіметте Президентке ұсыныс дайындалып жатқан болатын. Қазіргідей стратегиялық әрі рухани маңызға ие аймақтың жабылып қалуы кімді болса да қынжылтады ғой.

Дәл сондай сындарлы сәтте Бердібек білек сыбана кірісіп, Қызылорданы басқа аймақтардан кем емес екенін, салықтық база, экономикалық перспективасы бар тиімді аймақ екенін Үкімет алдында дәлелдеп, өзінің жоғары кәсіби деңгейін көрсете отырып аймақты сақтап қалды. Бұл Бердібек Машбекұлының туған жері ғана емес, тұтас отанының алдындағы бір үлкен перзенттік, қайраткерлік қызметі деп бағалаған жөн. Еркін экономикалық аймақ, басқа да шаралар соның аясында атқарылған істің бір көрінісі.

Сапарбаев сонымен қатар алаштың ғана емес, адамзаттың ортақ мәселесіне айналған Арал тағдырын да дер кезінде көтеріп, Президентке ұтымды ұсыныс жасап, мәселені шешудің оңтайлы жолын қарастырды. Соның арқасында халықаралық деңгейде, Орта Азия мемлекет басшыларының қатысуымен Қызылордада арнайы кездесу өтті. Халықаралық Аралды құтқару қоры ашылды. Бұл мәселе Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының күн тәртібіне еніп, Арал тағдырына байланысты Мемлекет басшысы сол биік трибунада сөз сөйледі. Арал мәселесі көп елдің назарын аударып, қолдауына ие болды. Дүниежүзілік банк пен Қазақстан республикасының өзара келісімі бойынша Кіші Арал жобасы жасалды. Соның іске асуына Бердібек тікелей мұрындық болды. Бұл ел тарихындағы ерен еңбек екені даусыз.

Үкіметтің жанында екі рет еңбек және әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша министр және Премьер-министрдің орынбасары қызметтерін атқарды. Сол барыста өзінің ұлтжанды, мемлекетшіл екенін тағы бір дәлелдеді. Өзін халықтан тысқары ұстаған жоқ. Елмен қоян-қолтық араласып, адал еңбек етті. Қай жерге барса да елмен сыйласып, сыйысып жүрді. Сол арқылы елге ұйытқы бола білді. Өзінің үлкен адами және кәсіби қабілеттерінің арқасында аймақтардың дамуына ерекше үлесін қосты.

Мемлекеттік қызметте жүрген, мына жаңа Қазақстан еңбек етіп жатқан өскелең ұрпақ, жаңа буын сол Бердібектің ізгі қасиеттерін үлгі етсе дейміз. Ол қараша халыққа жақын, елмен етене болды. Халықтың арасына қаймықпай кірді. Тұрғындармен тікелей сөйлесетін. Бұл ең үлкен қасиет, бағалай білуге тиісті қабілет. Қазіргі ақпараттық заманда онлайн да бар шығар. Бірақ халықпен тікелей сөйлесіп отыру болмаса, әкімнің жұмысының нәтижесі болмайды.

Басшылардың жұмысты ұйымдастыру тәсілі де, коллективпен қарым-қатынасы да әртүрлі болатыны белгілі. Бердібек Машбекұлы қай өңірге барса да сол жердің әл-ауқаты мен қордаланған түйінді мәселелерін шешуге, үзілген үміттерін жалғауға барды. Ол Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстарына әкім болған кезеңде аянбай еңбек етіп, соның бәріне де абыроймен барып, абыроймен кетті. Жетекшілік еткен әр аймақта халқы оны қимастықпен шығарып салып отырды. Бұл Бердібек Машбекұлының антына адал, сертіне сенімді болғанының белгісі деп білемін. Абыз Әбіш Кекілбаев ағамыз Бердібек інісіне кезінде «алғадай азамат» деп батасын бергені де сондықтан болса керек.

Қарапайым өмірде де ішкі мәдениеті биік, сөзінде тұратын, өз ісіне мұқият болумен қатар еңбекқор, ізденімпаз, қазақы, мейірімді азамат еді ғой. Ол осы қасиеттерімен кейінгі қауымға өнеге көрсете білуге талпынды. Сөйтіп, отан мен ұлт алдындағы жауапкершілігін адал атқаруға тырысты. Тәңір адам қылып жаратқанымен, тұлға болуға талапшыл тағдыр қажет екен. Бердібек сондай тағдыр мен таланттың иесі болатын. «Тау алыстаған сайын биіктей береді» дейді ғой. Тау тұлғалар да сондай екен.

Құбылыс

Досхан Жолжақсынов,  Қазақстанның Халық артисі:– Әркімнің көңілі құлайтын адамдары болады. Санамызда із қалдырған екеу болса, соның бірі – Бердібек Машбекұлы. Бекең жарықтық шешеннің тілі күрмеліп, ердің қолы қалтырайтын ақиқаттың көзіне тура қарай алатын тұлғалардың бірі еді. Бойындағы өнерін, қабілетін кәсіп деп емес қасиет деп қарайтындардың сойынан еді.

Жалпы, кез келген тұлға туралы, оның ішінде биліктегілер туралы айтқанда, – дейді Әбіш Кекілбаев ағамыз, – алдымен оның табиғи бітім-болмысына ерекше назар аудару керек. Бекеңнің биік талғамы мен терең толғамы жан-жүрегінде тебіреніп, толғанып көрініс тауып жатушы еді.

Тұлға ретінде өзің туған халық пен дәуір екеуінің мүддесінен туындайтын қоғами мүдденің өзіне қатаң талап пен үлкен жауапкершілік жүктейтінін сезінетін азамат еді.

…Сіңірсем деймін жеріме,

Маңдайдың терін ағызып.

Жасасам деймін еліме,

Жанымның отын тамызық, – дейді ақын Сырбай Мәуленов атамыз. Шіркін-ай, қандай сөздер. Биліктің маңдайшасына шегелеп-ақ қоятындай. Тура Бекеңе, Бекеңдерге арналғандай.

Бекең жарықтық халқымыздың рухани әлеуетін қоғам алдында айқара ашуға мүмкіндік беретін тұлғаларымыздың бірі еді. Бір бойында мемлекеттік қайраткерліктің, саясаттанушының, мәдениеттанушының, әлеуметтанушының барлығының дарыны әдемі тоғысқан. Соның бәрін далалық данышпандықтың қайнарына суарған Бекең бүгін ойлап қарасаң шын мәнінде құбылыс екеніне ешкім дау туғыза қоймас.

«Жұрт ісін түс көрмей ояу жүріп іздеу мақсат» дейді Әлихан Бөкейханов. Қарапайым да парасаттылықтың кәусар бұлағындай Бекеңнің халқына сіңірген, халқының рухына сіңірген еңбегінің бағдаршамындай. Жалпы Бекеңнің дара ақылы, мемлекетіміздің, еліміздің өтпелі кезеңінде айқара ашылып, шыңдала түскендей.

Шығыс Қазақстан облысында әкім кезі. Ұлы Абайдың ескерткішін ашарда алабұртқан топтың санасын сабасына түсіргені есімде. Тіліміздің тағдыры таразыға түскен кездегі Бекеңнің ұшқыр да дәл жауап берген кезі есімде. Міне, осындай тарихи мәні бар мәселелерді Бекеңнің ой-қуатының, азаматтық ерлігінің арқасында шешілгенін біз ешуақытта ұмытпауымыз керек.

Дәл сол кезеңде Құнанбай киносы түсірілді. Бекеңе мән-жайды түсіндіргеннен кейін әкім аппаратын жинап алып «бұл тек киногерлердің ғана емес, шығыс жұртының ғана емес, исі қазақтың намысы. Әлемде Абайды берген ұлы тұлға Құнанбай» деп салды.

Дуалы ауыздан шыққан осы бір сөз бізге де қамшы болып тигендей. Соның арқасында киномызды бір ай, он сегіз күнде тәмамдадық.

Шүкір, уақыт деген дана бәрін өз орын-орнына қояды екен. Бекең жарықтық өмірінің соңғы сәттеріне дейін қоғамымыздың шынайы ілтипатына бөленіп өткен айтулы тұлғаларымыздың бірі болды.

Ризығымыз – ізгілік, кісілік, жауапкершілік бола тұра, жалпы ұлттық маңызға ие айрықша баянымыз, тұлғалар сүрген қоғам, мемлекет іргесі бекітіліп, атқарылған еңбек, көрген бейнет, жұмсалған қарым-қабілет, күш-қайрат, осының барлығы бір халық емес, барша адамзат қауымына қажет асыл тәжірибе екені шындық.

Әрине, бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының пәрменіндегі құрылысымыздың мәңгілік тұрғанын қалаймыз. Себебі халыққа жасалған, келешек ұрпаққа бағышталған өсиет, ертеңгіге тапсырылатын аманат уақыт көшіне несібе бұйырып жатса ілесіп, орнын табатын күмәнсіз тарихи игілік. Бейнеті де, зейнеті де елге, халыққа арналады. Халық – ұлы көш. Келешек – сол ұлы көштің жалғасы.

Кімге бару керек?

Күнсұлу Закарья, ҚР Президентінің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі:

– Вакцина шығарамыз, ғылыми-зерттеу жұмыстарына ақша табылды. Завод салу керек. Сонда не естігенімді сіздер білсеңіздер. Қандай вакцина? Не деп тұрсыз? Қандай завод? Қазақтың қолынан келмейді деген сөзді естідім. Қазақтың қолынан келмейді. Шетелден вакцинаны сатып аламыз.

Одан кейін не істеу керек? Кімге бару керек? Мені қажетті тұлғалар естімей жатыр. Сол кезде Жамбыл облысына жаңадан Бердібек Машбекұлы Сапарбаев келді. Мен ол кісіге барайын деп шештім. Тыңдаса сол кісі тыңдар, тыңдамаса амал жоқ.

Сонымен Жамбыл облысының Ұлттық қауіпсіздік департаментінің басшысы «Бердібек Машбекұлына сізді жаздырттым. Жексенбі күні таңғы сағат 8-де қабылдайды» деді. Сол күні уақытында барып, дайындалып, бүкіл құжаттарыммен кірдім. Өте жылы қабылдаған. Бір сөзімді тоқтатпай тыңдап, презентацияларымды қарады. Ғылыми зерттеу жұмыстарына ақша табылды ма? Иә. Асхат Қанатұлы ақшаны берем деді. Ақша жақында болады. Енді завод керек.

Сол кезде Бердібек Машбекұлы «Мен сіздердің институттарыңызды білмейді екенмін. Кімсіздер? Қандай ғалымдар? Мен алдымен оны барып көруім керек» деді.

Сонымен, көп ұзатпай Бердібек Машбекұлы әкім орынбасарларын алып біздерге, Отар гарнизонында орналасқан құпия, жабық, биологиялық қауіпсіздік проблемаларын зерттейтін ғылыми-зерттеу институтына келген. Ғалымдармен кездескен. Пікірлескен. Біздің жағдайымызды көрген. Отар гарнизонында жүріп жұмыс жасап отырған ғалымдардың жағдайы жоқ еді ол кезде. Ыстық су түгіл салқын су жоқ. Үйлері жоқ, күйлері жоқ, жалақысы жоқ. Дегенмен, патриоттық сезім сондай жоғары. Жұмыстарын тастамай, сол жерде, гарнизонда жұмыс жасап жүрген.

Бәрін тыңдап, жағдайды түсініп, одан кейін біздерге: «Жақсы, түсіндім. Қолдарыңыздан келеді екен. Көмек беремін. Премьер-министрге барамын алдымен. Үкіметке түсіндіремін. Одан кейін Мемлекет басшысына барамын. Жағдайды айтамын» деді.

Содан көп ұзамай мені Мемлекет басшысының қабылдауына шақырды. Сол жерде бүкіл мәселелер шешілді. Құрал-жабдықтар, вакцинаға қажетті 252 реактив. Бір реактиві болмаса ол вакцина шығарылмайды. Ғалымдарға жалақы көтеру, бағдарламалар және ең негізгісі – заңнамаға өзгерістер мен завод салу. Осының барлығы Бердібек Машбекұлының көмегімен болған жағдай.

Сол заводтың құрылыс штабын басқарды. Апта сайын өзінің әкімдігінде жұмыс істейтін, құрылыс басқармасын басқаратындарды әкеліп, құрылыста не болып жатқанының бәрін бақылап, вакцина қалай шығарылып жатқанын қадағалады. Сол кезде бүкіл Үкіметтегі тұлғалар келді. Үлкен алғысым осы жерде отырған Ералы Ұлықпанұлына. Неге десеңіз, өте көп мәселелерді Ералы Ұлықпанұлы мен Бердібек Машбекұлы екеуі бірлесіп шешкен. Завод салынып, одан өнім шығарылуы, барлығы Бердібек Машбекұлының тікелей көмегімен, тікелей қатысуымен болған жағдай.

Ол не деген сөз? Біздер сол вакцинаны шығарып, дүние жүзіндегі алтыншы мемлекет болдық. Қазіргі уақытта 14 мемлекет ғана сол вакцинаны шығаруға қол жеткізді. Тек қана шығармай, оның заводын салып, өндіріп, Қазақстан мен Қырғызстанға жеткіздік. Адамдар қабылдады. Бірқатары денсаулығын, өмірлерін сақтап қалды.

Одан кейін мені Мемлекет басшысының тапсырмасымен ұлттық холдингті басқаруға жіберді. Астанада, холдингте жүріп 8 институттың басын қосып, үлкен концепция жасап жүрген кезде, Бердібек Машбекұлы мемлекеттік қызметтен босаған екен. Соны естіп, тура сол уақытта қоңырау шалдым. «Бердібек Машбекұлы, бізге холдингке келіңіз. Директорлар кеңесін басқарыңыз. Бірге жұмыс істейік» дедім. Сол кезде айтқаны: «Мені көп жерге шақырып жатыр. Білмеймін, хабарын кейін айтайын». Одан кейін бірнеше күннен соң хабарласып: «Жақсы. Бұл жұмысты бірге бастап едік. Жақсы жетістіктерге жеттік. Әрі қарай сол холдингпен биологиялық қауіпсіздікті жалғастырайық» деді.

Сонымен Бердібек Машбекұлының соңғы жұмысы – «Қазбиофарм» ұлттық холдингінің директорлар кеңесінің төрағасы. Төраға болған кезінде сұрап едім: «Бердібек Машбекұлы, сізге қандай кабинет керек? Машина?..». «Ештеңе керегі жоқ. Кабинет те, машина да керегі жоқ. Өзім келемін. Отырмаймын» деді. Әрбір қызметкерді шақырып, сөйлесіп, есептерін алды. Біздерде жұмыс өте қатты жүрді. Ауырғанын білген жоқпыз. Айтқан жоқ. Сыртынан, түрінен көрініп жүрді. Дегенмен, сұрауға ұят болды. Бір күні маған: «Бірнеше ай болмайтын шығармын. Байланыстамын. Қандай сұрақтарыңыз болса байланыса беріңіздер» деді. Ол кезде мені Ұлттық ғылым академиясына ауыстырды.

Бір күні түнде Бердібек Машбекұлы телефон шалды. «Күнсұлу қалайсың? Жағдай қалай болып жатыр? Биологиялық қауіпсіздік не болып жатыр?» Мен айттым: «Бердібек Машбекұлы, кешіріңіз. Мен қазір академиядамын. Холдинг өз бетімен. Ол жерде басқа адамдар. Ештеңе білмеймін».

«Сенен артық биологиялық қауіпсіздікті мемлекетте ешкім білмейді. Ертең кездесеміз де, маған есеп бересің». «Жақсы Бердібек Машбекұлы,  дайындалайын. Қазір бүкіл материалдарды жинап, ертеңге дайын боламын» дедім.

Өкінішке орай келесі күні Бердібек Машбекұлы мәңгілікке кетті…

Біздер Бердібек Машбекұлының өмір жолын ешқашан ұмытпауымыз керек. Халқына жан-тәнімен қызмет еткен қайраткер тұлғаға Еңбек Ері атағын беру жөніндегі ұсынысты қолдауымыз қажет…

Пікірлер желісін түсірген

Қуат Шарабидинов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<