Дара тұлға

560

0

Жерлесіміз, Қызылорда облысының тумасы, Қазақ КСР Министрлер кеңесінің соңғы төрағасы, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Премьер-министрі Ұзақбай Қараманов ағамызбен етене араласуым ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан басталды. Біз – Кеңес одағы кезінде жоғары білім алып, қызмет баспалдағынан өтіп, тәуелсіздік алғаннан кейін де ел басқарып, басшылық қызметте істеген ұрпақпыз. Сондықтан, бұрын Ұзақбай ағамызды Алматыдағы құрылыс мекемелерінің басшысы, белгілі құрылысшы есебінде жақсы білетін едік.

Кейін мен тәуелсіз Қазақстанның Қызылорда облысындағы алғашқы әкімшілік институты құрылған кезде облыстың тұңғыш әкімі Сейілбек Шаухамановтың бірінші орынбасары болып тағайындалдым. Сөйтіп, бес жыл сол кісімен бірге қызмет атқардым. Осы кезеңде қызмет бабында Ұзекеңмен жиі араластық, жиі кездесіп тұрдық.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында облыс әкімінің тапсырмасымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының шұғыл шаралары жөніндегі Үкіметтің қаулысы шығарылатын болды. Оған сәйкес, әкімдікте арнайы комиссия құрылып, оны облыс әкімінің бірінші орынбасары – мен басқардым. Комиссия қаулының жобасын дайындады. Бұл уақытта Ұзекең ҚР Премьер-министрі қызметінен ауысып, Президенттің мемлекеттік кеңесшісі қызметіне тағайындалған. Қаулыға Премьер-министр Сергей Терещенко мырзаға қол қойдыру үшін сол кездегі астанамыз – Алматы қаласында апталап жатып, Үкімет мүшелерінен келісім алуға тура келді. Әр Үкімет мүшесіне жеке барып, қаулының әрбір пунктін келісіп, оның тұжырымдамаларын, негіздемелерін айтып, көп жұмыс жасадық.

Қызылорда облысының көптен шешілмей жүрген мәселелерін қамтитын қаулы 21 пункттен тұратын. Соның ішінде, қазіргі таңда ел игілігін көріп отырған, бүгінде медициналық орталық деп айтылып жүрген облыстық типтік жобадағы аурухана құрылысын салу да болды. Сондай-ақ, облыстық диагностикалық орталық, сол кезде алғаш құрылған Қызылорда агроинженерлік институты ғимаратын, жатақханасын, оқытушы-профессорлық құрамға арналған тұрғын үй құрылысын жүргізу де қаулыға енгізілді. Облыстың басқа да әлеуметтік салаларында, білім саласында атқарылатын жұмыстар да осы қаулыда қамтылды. Жұрт жалақы, зейнетақы, жәрдемақы ала алмай жатқан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұндай бастамалардың қолға алынуы үлкен жұмыс болатын. Бюджет қаржысы тапшы болғандықтан, көптеген құрылыстарды Қызылордадан шығарылып жатқан мұнайдың есебінен жүргізу ұсынылды.

Осы қаулыға қол қойдыру үшін Ұзекең менімен бірге Үкімет мүшелеріне өзі телефон соғып, кейбіріне менімен бірге барып, келісуге көп жұмыс жасады. Ең соңында Семей облысына іссапармен ұшқалы тұрған жерінен Сергей Терещенко мырзаға Ұзекең өзі кабинетіне мені ертіп кіріп, қаулыға қол қойдырдық. Бұл Қызылорда облысының жаңадан құрылған әкімшілігі, облыс әкімі мен оның қарамағындағы біздер үшін үлкен жеңіс болды. Қаулыға қол қойдырғанын естіген Сейілбек Шаухаманов мырза мен ұшақтан түскен бойда актив жиынын өткізіп, маған қаулының негізгі пункттері жөнінде баяндама жасатты. Сонда қаулының Қызылорда облысының өсіп-өркендеуіне үлес қосатын тарихи құжат болғанын баяндаған болатынмын.

Кейін «Арал тағдыры – адамзат тағдыры» деген атпен тәуелсіздік алған жылдары Арал проблемасы жоғары деңгейде көтерілді. Нәтижесінде Қызылорда қаласында 1991 жылы қараша айында Орта Азияның 5 мемлекетінің президенттері, Ресей Федерациясының өкілі қатысқан бірінші Арал проблемалары жөніндегі халықаралық конференция өтті. Осы конференцияны өткізу жөніндегі жұмысшы тобын басқару облыс әкімінің бірінші орынбасары маған жүктелді. Ол кезде Ұзекең мемлекеттік кеңесші қызметін атқаратын және экологиялық мәселелермен шұғылданатын. Сондықтан конференцияның өтуіне Президент аппаратынан Ұзекең тікелей басшылық жасап, менімен бірге конференцияның өз дәрежесінде өтуіне үлкен үлес қосты.

Қызылордада бес президенттің қолы қойылған Халықаралық Аралды құтқару қоры, қордың атқарушы дирекциясы құрылды. Қор Орта Азия мемлекеттерінде көшіп жүретін болып белгіленді. Алғаш Аралды құтқару қорының президенті болып сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, атқарушы директоры болып Ұзақбай Қараманов ағамыз сайланды. Міне, содан бастап Арал проблемасына байланысты көптеген жұмыстарды Ұзекеңмен бірге атқардық. Сол бірінші халықаралық конференция қаулысына сәйкес Жер шарындағы бүкіл ел президенттеріне, корольдарға, ел басшыларына, премерь-министрлерге хат жолданды. Арал проблемасы ол – тек Қазақстанның, Орта Азияның проблемасы емес, тұтас Жер шарының проблемасы. Арал тағдыры адамзат тағдыры деген мазмұндағы хат жолданып, Халықаралық Аралды құтқару қорына өркениетті елдердің барлығы үлес қосуға шақырылды.

Міне, осы тарихи кезеңде Ұзекең өзінің іскерлік біліктілігін, Арал проблемасын жетік білетін азамат екенін танытты. Кейін бір жыл өткен соң Қызылорда облысы үшін үлкен тарихи заң – Арал өңірінің қасірет-зардабын шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау жөніндегі заң дүниеге келді. Бұл заңның да жобасы Қызылорда облысының әкімдігінде жасалып, ол жөніндегі жұмысшы тобын басқардым. Сөйтіп заңды ҚР Ғылым академиясының ғалымдарымен келісу жөнінде ұсыныстар болды. Осы арада айта кететін мәселе, заңды академияның отырысында баяндама жасап, талқылауға келгенде менен сол кездегі академик, медицина ғылымдарының докторы Сайын Балмұқанов ағамыз: «Мына заң жобасын қалай ұсынғың келіп отыр?» деп сұрады.

Мен «Қызылорда облысын қасірет аймағы, дағдарыс аймағы және дағдарыс алдындағы аймақ деп үш аймаққа бөліп отырмыз» деп баяндадым. Сонда ол кісі: «Бұл дұрыс, Арал – тек Қызылорда облысының емес, бүкіл Қазақстанның проблемасы. Мысалы, мен сізге дәрігер есебінде айтайын, егер шынтағым ауырып тұр десеңіз, шынтағыңызды ота жасап кесіп тастайды да, қалған саусақтармен жұмыс істей бер дейді. Ал, бүкіл қолым қақсап тұр десеңіз, бүкіл қолды емдеуге кіріседі. Сондықтан қасірет аймағына Арал, Қазалы аудандарымен бірге көршілес Ақтөбе облысының Шалқар ауданын кіргізіңіз. Дағдарыс аймағына Қызылорда облысының басқа аймақтарын, ал дағдарыс алдындағы аймаққа Жезқазған облысының Жезді ауданын, Шымкент облысының Шардара, Қызылқұм аудандарын кіргізсеңіз, осы өңірден сайланған депутаттар заң жобасын тез қолдап, өткізуге үлкен мүмкіндік жасайды» деді.

Шынында да, академик ағамыздың айтқаны келіп, заңның ауқымын кеңейттік. Заң 1992 жылы 30 маусымда Парламентте көп кедергісіз өтті. Қазір осы заңның игілігін Қызылорда облысының халқы түгел көріп отыр. Алғашқы кезде заңда көптеген баптар болды. Тіпті, облыстағы екіқабат әйелдер босанам дегенше Қазақстанның экологиялық жағдайы жақсы Көкшетау сияқты облыстарына барып босанып, баласы қырқынан шыққанша сонда емделуі, олардың бару-қайту, емделу шығындары мемлекет есебінен төленетін болды. Тіс протездеу де мемлекет есебінен болды. Қалалардағы қоғамдық көліктерде тегін жүру секілді баптар да болды. Әрине, кейін бұлардың бәрі нарықтық экономика талаптарына сәйкес қысқарып қалды. Бірақ Қызылорда облысы тұрғындары үшін ең керек үш бап әлі сақталып келеді. Ол – Арал, Қазалы аудандары үшін жалақыға қосылатын 50, қалған аудандар үшін 30 процент коэффициент, еңбек демалысына шыққанда берілетін бір ай көлеміндегі жәрдемақы, Арал ауданы тұрғындары үшін 21 күн, өзге аудандар үшін 14 күн қосымша еңбек демалысы. Қазірге дейін жыл сайын миллиардтаған теңге осы заңды орындау үшін бөлініп келеді.

Заңның өмірге келуіне де сол кездегі Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы директоры есебінде Ұзекеңнің көп көмегі тиді. Кейін мен тағдыр жазып Арал ауданына әкім болып тағайындалып, 10 жыл қызмет атқардым. Ол кезде Ұзекең Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарынан сайланған Мәжіліс депутаты болатын. Мен Аралға келгенде екінші мәрте Мәжіліс депутаттығына қайта түсті. Сол кезде біз аудандағы еңбеккерлердің, аудан тұрғындарының барлық назарын Парламентте Арал заңын өмірге әкелген, Арал проблемасын жетік білетін осы елдің тумасы Ұзекеңнің отырғаны елге, халыққа үлкен пайда әкелетінін түсіндіріп бақтық. Сайлау демократиялық негізде, айтыс-тартыспен өтті. Дегенмен, Ұзекең халықтың сеніміне ие болып, депутаттыққа сайланды.

Содан бері Арал проблемасы, Арал ауданының мәселелерін шешуге Ұзақбай ағамыз көп көмегін тигізді. Менің Аралға келгеннен кейін көтерген негізгі мәселем – мектептердің жағдайы болды. Ауданда мектептер жағдайы сын көтермейтін еді. 50 мектептің 7-уі ғана типтік жобада, қалғаны қамыстан, кірпіштен салынған, бейімделген ғимараттарда орналасқан болатын. Сондықтан жылына 3-4 мектеп салу, олардың екеуінің құрылысын республикалық бюджеттен, қалғанын облыстық, аудандық бюджет есебінен жүргізу жөнінде бастама көтердік. Аудан мектептерін типтік жобаға көшіру бойынша көптеген жұмыс атқарылды. Көпшілігі типтік жобаға көшті. Сол сияқты облыстағы қала статусын алған бірден-бір аудан орталығы – Арал қаласында типтік жобадағы мәдениет үйі, стадион мен спорттық сауықтыру кешені, диагностикалық емхана жоқ еді. Осы үш құрылыстың жоба-сметалық құжаттарын жасап, республикалық бюджеттен қаржыландыруға көп жұмыс жасадық.

Бұл жұмыстарға Ұзекең бастаған облысымыздан сайланған Мәжіліс, Сенат депутаттары үлкен үлес қосты. Қазір бұл үш ғимарат та халыққа қызмет көрсетіп отыр. Ұзекең осы депутат кезінде елмен тікелей араласып, халықпен әрбір кездесуінде елдің мәселесін ықыласпен тыңдайтын. Оны шешу жолдарын жете зерттеп, нақты шаралар көретін.

Зейнетке шыққаннан кейін де Ұзекеңмен аға-іні болып көп араластық. Ағамыздың 60 жылдығын, 70, 80 жылдық мерейтойларын атап өту шараларының да басы-қасында болдық.

Биыл туғанына 85 жас толып отырған Ұзақбай ағамыз – Қызылорда облысының ғана емес, барша қазақтың дара тұлғасы. Еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан қайраткер. Сонымен бірге, азамат есебінде, адам есебінде өзін таныған әрбір жанның есінде мәңгі сақталатын тұлға. Барлық кезеңде Ұзекең бастаған істерді оның ізбасар інілері жалғастырып келеді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен Жаңа Қазақстанды құруда Сыр өңірінің халқы, азаматтары еңбек етіп жатыр. Солардың мәртебесі биік, мерейі үстем болсын деп тілейміз.

Нәжмәдин МҰСАБАЕВ,

қоғам қайраткері,

Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандарының және

Қызылорда қаласының құрметті азаматы,

ҚР Құрметті құрылысшысы,

ҚР Балық шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<