Ел жадында қалған ер

1187

0

Мұхамеджановтар – Сыр еліне танымал әулет. Бүгінде аруақты тұқымнан тараған әулеттің ұрпақтары да баршаға танылған белгілі тұлғалар қатарына қосылды.

Жаңақорған ауданының Өзгент ауылында өркен жайып, жақсыға жанаса жүріп, адал қасиеттерді бойларына сіңіріп, байтақ еліміздің әр өңірлерінде халқы үшін аянбай еңбек етіп, тер төккен азаматтардың даңқы шартарапқа жайылған.

Аруақтарына бас иетін Мұхамеджановтар әулетінің бәйтерегі дуалы ауыз, тәлімі мол қайраткер Ғафекең ақсақал мен Әйбибі кейуана бүгінде ортамызда жоқ, олардың ардақты есімдерін ұлықтап, еске алып, рухтарына бағыштап арнайы ас беріп, Құран оқытатын ұрпақтары бар.

Ғафур Мұхамеджанов сұлу Сыр мен қазыналы Қаратау аралығын алып жатқан Шиелі мен Жаңақорған аудандарында басшылық қызметтер атқарып, ғибратты өмір кешті.

Соғыс және еңбек ардагері Ғафур ағамыз 1924 жылы 1 шілдеде Жаңақорған ауданында дүниеге келіп, 2007 жылы 3 наурызда өмірден озды. Ғафекеңнің өмірсерігі – Әйбибі Сейдахметқызы 2011 жылы 1 қаңтарда дүние салды. Екі жақсының есімдері аңызға айналып, Жаңақорған мен Шиелі аудандарының әр буындағы ұрпақтары біртуар тұлға қайраткерлер деп мақтан етеді. Қазақта «Еркек үйдің – егесі, әйел үйдің – шегесі» деген керемет тәмсіл бар.

Жар таңдап, отбасы құруда Ғафур ағамыз жаңсақ баспаған, жаңылыс жасамаған нағыз бақытты жан. Мұхамеджановтар шаңырағына Әйбибі Сейдахметқызы құт болып келіп, бақ болып дарыды. Берекесі мол әулеттің дәулетін тасытты. Адал жар, асыл келін болып Ғафекең әулетінің ырысын молайтып, бақытын арттырып, абыройын асырғанын жұрт жақсы біледі. Ағамыздың қызметі өрлеп, Шиелі аудандық Советі атқару комитетінің төрағалығынан аупарткомның біріншісі хатшысына дейін өсіп, абыройының өрлеуіне инабатты келіннің ибалы мінезі елеулі ықпал еткені сөзсіз. Бұл – менің жеке пікірім емес, ел аузындағы сөз. «Жары жақсының – бәрі жақсы» дегенде дана халқымыз осыны айтса керек. Бар өмірін жастарға тәлім-тәрбие мен сапалы білім беруге арнаған Әйбибі Сейдахметқызы Шиелі ауданындағы Октябрьдің 14 жылдығы атындағы орта мектепте қатардағы мұғалімдіктен мектеп директорына дейінгі жолдардан өткен ұлағатты ұстаз, тәлімді тәрбиеші. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО Білім беру ісінің үздігі болды. Ел анасы атанды.

Сол кездері Шиелі ауданы бүкілодақтық дәрежеге көтеріліп, даңқы асқақтаған. Жақаевшылар қозғалысы өмірге келіп, облыста күрішшілер қатары артып, Ыбырай Жақаев атамыз күрішшілердің падишасы атанған кез еді. «Маржаны Сырдың – Шиелі» деп ақын Дүйсенбі Смайыловтың   жырлағанындай, жақаевшылар ұрпақтарының абырой-атақтары асып, еңбектері жанып, сый мен құрметке бөленіп, омырауларының орден-медальдармен жарқыраған уақыты деп айтуға да болады. Сол тұстары барша ұйымдастыру жұмыстарының бел ортасында Ғафекең ағамыз болды. Ол кісінің өзі де Одаққа белгілі басшы ретінде танылды. Көптеген мемлекеттік марапаттарға ие болды. Сол жылдары ауданға Корея, Куба елдерінен делегация келіп, еңбек тәжірибесін бөлісті.

Ғафур ағамыз өзінің іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Шиелі, Жаңақорған аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, облыстық партия комитетінің қаржы-әкімшілік бөлімінің меңгерушісі, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін ойдағыдай атқарып, сан алуан жұмыстарды атқарғанының куәсі болдық.

Ғафекең қырық жылдан астам аудандық, облыстық кеңестің депутаты, Қазақстан Компартиясының ХV, ХVI, ХVII съездерінің делегаты болып сайланды. Қандай лауазымды қызмет істесе де өз ісін тындырымды атқарып, өмірінің соңғы кезеңіне дейін аттан түспей, қоғамдық жұмыстарда да өшпейтін із қалдырды. Екі аудан Мұхамеджановты бөліп-жармай, оның өмірін көпке үлгі етіп отырады.

Ғафекең мен Әйбибі жеңгеміздің жүрген жері береке еді. Екеуі де отырыстың, дастарханның көркі, гүлі болатын. Олар барда бәріміздің жанымыз жадырап, қызықшылықтың нұрына, сәулесіне бөленетін едік. Барлық бюро мүшелері бірге жүреміз, бірге тұрамыз, қонаққа да бірге барамыз. Осының өзі елдің бірлігін, белсенді тірлігін қамтамасыз етудің алғышарттары болатын.

Қазір ойлап отырып бұл не деген адалдық еді деймін. Сол заманның, сол қоғамның бірлігі басшылардың басым көпшілігінің адалдығының арқасы деп есептеуге болады. Сондай сенімді ақтай білген, жақсыларды жақтай білген қайраткер ағаларымызды әрдайым еске аламыз. Әрине, адамдардың бойындағы жақсы қасиеттер жалпы жақсылардың бәріне ортақ болғанымен Ғафекеңнің бойындағы жақсы қасиеттер басқалардан гөрі бөлектеу, ерекшелеу еді.

Оның ақылдылығы, білімпаздығы, парасаттылығы, іскерлігі, барлық адами жақсы қасиеттері ненің не, кімнің кім екендігін білетіндігінде, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны ажырата алатындығында, сезімталдығында, сергектігінде, өзін-өзі басқара, бағындыра, бағыттай, тежей алатындығында болатын.

«Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған ғой. Жоғарыда айтқанымдай, «Жігіттің қосы оңбай, ісі оңбайды» деген де бар. Ғафекеңе сенімді өмірсерігі де, көмекшісі де, кеңесшісі де, ақыл қосары да, ашу басары да болған Әйбибі жеңгеміз ұзақ жылдар Жастар одағы мен оқу-ағарту орындарында басшылық қызметтерде болды. Қыздары – Мағрипа, Сәбира, Әлия, ұлдары – Алмас, Бектас, Нұртас, әрқайсысы өмірден өз орындарын тауып, шаңырақ көтеріп, кәсіпкерлікпен айналысып отыр. Ғафекең киелі Сыр елінің ақылшы абызының бірі ретінде адал, азаматтығы жоғары достарға да бай еді. Олар сырлас, сыйлас ел ағалары, соғыс және тыл ардагерлері Смағұл Ысқақов, Қонысбек Қазантаев, Зинабддин Мәмбетов, Әбжами Байшуақов, Қалқабай Әбенов, Еламан Жүнісбаев, Зұлпыхар Мұсаханов, Ерман Айтенбетов, Тілеу Топевтар кеңестік шаруашылық қызметіндегі нағыз зиялы қайраткерлер болатын. Олардың әрқайсысы бір-бір университет деп есептелетін ер азаматтар.

Сөз жоқ, ең жоғары награда ол – халықтың бағасы. Халық Ғафекеңді барлық марапаттардан жоғары бағалады. Екі ауданның халқы Ғафекеңді әлі күнге дейін еске алып, оған байланысты еске алу, ас беру шараларын жасап отырады.

Халықты тыңдай да, тыңдай жүріп басқара да білетін қайраткер Ғафекең аудан, шаруашылық басшыларынан жауапкершілікті қатты талап ететін. Бірақ кадрларды жықпайтын, құз басына әлденеше апаратын да айбатымен, қайратымен, сұсымен үркітіп алатын. Мамандарды жауға бермейтін, жағасын жыртқызбайтын. Алды кең, кешірімді болған.

Ғ.Мұхамеджанов ақыл-парасатын, білімін, білігін, қажыр-қайратын елдің ауызбіршілігін сақтауға, аудандар мен облыстың экономикасын, әлеуметтік жағдайын, мәдениетін көтеруге сарқа жұмсаған қайраткер, шоқтығы биік үлкен тұлға. Ғафекең текті, аузы дуалы азамат еді. «Адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды» деген екен Жүсіп Баласағұн. Сол айтпақшы, Ғафекеңе қонған бақыт сыры адами қасиет астарында жатқан секілді.

«Алаштың анасы» саналатын Сыр бойы халқы Мұхамеджановтар әулетінің еңбектерін әлі де жоғары бағалайтынына кәміл сенемін.

Шиелідегі жаңадан ашылған №270 қазақ орта мектебіне Қызылорда облысының құрметті азаматы Ғафур Мұхамеджанов есімі берілді. Сонымен бірге, Жаңақорған ауданы мен Қызылорда қаласының бір-бір көшесі Мұхамеджанов атымен аталды. Бұл көшенің ашылу салтанаты осы қыркүйек айының 22-сі күні Қызылорда қаласының сол жағалауында, «Жастар сарайының» жанында өткізілмек.

Жайсаң жанды кейінгілердің жадында қалдырып, өнеге тұту – бүгінгі күннің өтелген бір парызы. 

Кеңес қажы ШАЙМЕРДЕНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<