3 балалы әйелдің өлімі: туыстары 15 полицейді жазаға тартуды талап етті

332

0

Қызылордада аса қатыгездікпен өлтірілген келіншектің туыстары тек күйеуін ғана емес, қылмысқа жол берген 15 полицейді де жазалауды талап етіп отыр, – деп хабарлайды Liter.kz.

Кісі өлтіру оқиғасы өткен жылы 3 қыркүйекте Қызылорда қаласының орталығында Өсербаев көшесінің бойында болған. Ажар Шадиева туған күнін караоке клубында атап өтеді. Ерлі-зайыптылар арасында жанжал туындап, ер адам әйелін клубта, артынша көшеде соққыға жыққан. Көршілер мен куәгерлердің, қыздың туыстарының айтуынша, ер адам әйелін арматурамен ұрып, пышақтаған.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, сол көшеде полиция бөлімшесі болса да, келіншекке ешкім көмекке келмеген. Отбасының адвокаты Саида Сүлейменованың айтуынша, шақыртуға келген полицейлер күйеуі екеуін көлікке отырғызып, үйіне шығарып салыпты.

10 қаңтарда келіншектің туыстары Астанада баспасөз мәслихатын өткізіп, оқиғаның мән-жайын айтты.

Соққыдан кейін ер адам Ажарды ағасының пәтеріне алып келген. Сүлейменованың айтуынша, олар келіншегін шешіндіріп, жуындырған. Кейін марқұмның әпкесі келгенде күйеуі оның ұйықтап жатқанын айқан. Әпкесі бөлмеден Ажардың денесін тауып алған. Келіншектің денесі көрпемен жабылған.

Келіншектің денесінде көптеген көгерген, кесілген жерлер анықталған. Оған қоса оның қабырғалары сыныпты. Оны асфальт бойымен сүйреп апарған көрінеді.

«Ажар аса қатыгездікпен өлтірілгендіктен, 99-баптың 1-бөлігін 99-баптың 2-бөлігінің 5-тармағына өзгертуді талап етеміз. Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметіндегі әрекетсіздігі үшін полиция қызметкерлеріне қатысты ҚР ҚК 370-бабының 4-бөлігімен және ҚР ҚК-нің 433-бабының 3-бөлігімен қылмыстық істі жасыру бойынша қылмыстық іс қозғалсын”, – деген талап қойды марқұмның туыстары.

Оның күйеуі қазір қамауда. Бірақ туыстары кісі өлтіруге жол берген 15 полицейді де жазалауды талап етуде.

«Клуб орналасқан көшеде оны өлтірген жерде полиция бөлімі бар. Марқұм оларға көмек сұрап жүгінген, сол кезде оны және күйеуін көлікке отырғызған полицейлер «Қарсы жолақпен жүріңіз, осы жерден кетіңіз» деп көмек берген. Азаматтар бірнеше рет полицияға жүгінген. Алайда полицейлер азаматтардың бірде-бір өтінішіне жауап бермепті. Қазіргі уақытта 15 полиция қызметкері жауапкершілікке тартылған жоқ», – деді Саида Сүлейменова.

Оның айтуынша, күдікті Ажардың анасын қорқытқан. Ажардың анасы арыз жазғанымен, іс қозғалмаған.

Бұған дейін Қызылорда облысы прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлағандай, 3 қыркүйекте Шәдиеваның өлімі дерегі бойынша Қызылорда қалалық ІІБ Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Қызылорда облысы бойынша департаменті полиция қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 371-бабының 1-бөлігі «Абайсыздық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.

«Аталған қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатқанын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес, деректер жария етуге жатпайды», – деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Фото  liter.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<