94 қызметтік көлік табысталды

2

0

Өңірде құқықтық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу және оны ашу, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында жүйелі жұмыс бар. Осы жауапты міндеттерді атқаруда полиция қызметкерлерінің еңбегі зор.

Қазақстан полициясының кәсіби мерекесі күні Қызылорда қаласының орталық алаңында облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен поли­ция қызметкерлеріне 94 арнайы авто­көліктің кілтін табыстау рәсімі өтті.

Құқық қорғау органдары қыз­метінің тиімділігін арттыру үшін по­лиция департаментінің жедел-сала­лық қызметтерінің материалдық-техникалық базасы заманауи техни­калармен толықтырылды. Жаңа қыз­меттік көліктер тергеу, анықтау, жедел-криминалистикалық, табиғат қорғау, көші-қон және өзге де бөлім­шелердің қызметтік міндеттерін жедел орындауына мүмкіндік береді.

Аймақ басшысы тәртіп сақшы­ларының қоғам алдындағы жауап­кершілігіне, ел тыныштығы жолын­дағы еселі еңбегіне тоқталды.

– Президентіміз «Қоғамдық қауіп­сіздікті сақтау, заңның мүлтіксіз орын­далуын қамтамасыз ету – айрықша маңызды міндет» деп атап өтті. Бұл тәртіп сақшыларының күнделікті қыз­метіндегі басты бағдары болуы тиіс!

Жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдары бірлесіп, үйлесімді жұмыс атқаруда. Кейінгі жылдары құқықбұзушылық азайып, өңірдегі қауіпсіздік пен жедел әрекет ету қызметтерінің жұмысы оң нәтиже берді.

Егемен еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғауда, қоғамда «Заң мен Тәртіп» қағидатын орнықтыруда аянбай еңбек етіп, өздеріңізге жүк­телген міндетті абыроймен орын­дай беріңіздер! – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, сәуір айында сол кездегі аймақ басшысы Нұрлы­бек Машбекұлының қолдауымен поли­цияның патрульдік қызметкерлеріне 100 жаңа автокөлік табысталған бола­тын. Бүгінгі бастама құқық қор­ғау органдарының материалдық-тех­никалық әлеуетін бұрынғыдан да нығайта түсті.

Рәсімде ҚР ІІМ-нің Құрметті ардагері, Қызылорда қаласының құр­метті азаматы Тастемір Рахимов, облыстық полиция департаменті арда­герлер кеңесінің төрағасы, за­пастағы полиция полковнигі Әмірбек Шаймағамбетов әріптестерін мере­кемен құттықтап, ізгі тілек білдірді.

«СБ» ақпарат