АӘК алатын тұрғындарға газ бағасы 20 пайыз төмен болады

245

0

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын тұрғындарға газ бағасы 20 пайызға төмендейді. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде жаңа өңірлерді шығынсыз газдандыру және халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобының мүддесін қорғау тетіктері анықталған. Қоғамдық маңызы бар нарықта баға белгілеу ережесіне өзгеріс енгізілді. Онда тұтынушылардың 9-шы тобы – мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек немесе тұрғын үй көмегін алатын тұтынушылар қосылған. 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап тұтынушылардың аталған тобы үшін тауарлық газды бөлшек саудада сату бағасы Тараз бен Орал қаласында ілкі режимде 20 пайызға төмендетілді. Ілкі жоба аяқталғаннан кейін оның қорытындысында аталған шара еліміздің барлық газдандырылған өңірінде қолданыла бастайды», – деп атап өтеді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар ол «ірі коммерциялық газ тұтынушы» және «цифрлық майнинг жүзеге асыратын тұлға» деп аталатын тұтынушылардың жаңа екі санатын қосылатынын айтады.

«Айталық, тауарлық газ бағасы өскен жағайда тұтынушы топтарына, оның ішінде экономика салаларына газ құнын төлеу кезіндегі жүктемені төмендету мақсатында жүктемені тұтынушылардың аталған екі санатына бөлу ұсынылады», – деді Әлихан Смайылов.