Абай оқуларының бас бәйгесі Сырсұңқарға бұйырды

287

0

Фото: НЗМ

Семей қаласында өткен ХХV мерейтойлық республикалық Абай оқуларында Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Сырсұңқар Базарбайұлы жүлделі І орынды иеленді.

Ұлы ақынның шығармасын ұлықтаған дәстүрлі байқауға әр облыстан 130-тан астам оқушы қатысты. Еліміздің дарынды ұландары алты номинация бойынша бақ сынады. Сыр елінің зияткері  Сырсұңқар Базарбайұлы «Көңілім әнді ұғады» номинациясында ұлы Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?!», «Желсіз түнде жарық ай» әндерін өзінің табиғатынан дарыған әсем де қоңыр, елең еткізер даусымен домбырада шебер орындап, жеңіс тұғырынан көрінді.

– Абай ата шығармалары менің жаныма өте жақын, себебі философиялық тереңдігі, салмақты да салиқалы ойымен жанымды баурап, «толық адам» болуға үндейді. Қазақтың бас ақынының  шығармалары – бесіктегі баладан еңкейген қарияға дейін өміріне азық болатын, үлкен тәрбиелі мәні бар керемет туындылар. Ауырған жанға шипа, шөлдеген жанға сусын, халық тұрмысы мен тынысы, ата-баба тәрбиесі көрініс тауып, әндері арқылы келешек ұрпақпен сырласып, үміт артады, – дейді жеңімпаз.

Сүттің бетіндегі қаймағындай талантты ұл-қыздардың басын қосқан бұл байқау – қазақ халқының әдеби мұрасын дамыту және жастарды классикалық және дәстүрлі әдеби шығармаларды оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында 25 жыл бойы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Қатысушылар Абай, Шәкәрім туындыларындағы адами құндылықтарды дәріптеп, ақындар шыққан киелі мекеннің тарихымен танысуға мүмкіндік алуда. Бұл додада Сырсұңқар жетекшілері қазақ тілі пәні мұғалімі Күлжақан Өксікбаева мен өнер пәні мұғалімі Жарасбек Өтебаевпен бірге үздіксіз дайындалып, нәтижесінде бас бәйгені қанжығасына байлады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<