Біз әуелі мемлекеттік қызметкер кім деген сұрақтың басын ашып алайықшы. Ресми тілмен тарқатсақ, бұл – мемлекеттік мекемеде қызмет атқаратын, белгілі міндеттері мен лауазымына сай функционалдық өкілеттігі бар азамат. Оған заңмен белгіленген жалақы төленеді. Ал жалпақ тілмен айтсақ, мемлекет атынан жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсететін, ел дамуы мен заңда белгіленген әрекеттердің орындалуын қамтамасыз ететін адам.
Рас, мемлекеттік қызметкер дегенде көз алдымызға алдымен министр, облыс һәм аудан әкімі, орынбасарлар келеді. Бұдан соң ғана әкімшілік қызметкерлерін есепке аламыз. Бөлім басшылары мен мамандарды, департамент пен комитет қызметкерлерін елестете бастаймыз. Біздің кейіпкеріміз де кейінгі топ ішінде болар. Жалпы көбіне-көп орындаушылық деген сапта жүретін мұндай мемлекеттік қызметкерлердің түнгі ұйқысы шала, күндізгі ісі алашапқын болатынын бірі біліп, бірі білмес.
Махмут Марат есімі біздің Сырдағы БАҚ өкілдеріне жақсы таныс. Арал ауданындағы қоғамдық даму бөліміне жетекшілік ететін жігіт ағасы 17 жылдан бері осы салада тер төгіп келеді. Соның ішінде 10 жылға жуық уақыт бөлім басшылығын абыроймен атқарып отыр.
Алматыдан жоғары білім алған аралдық жігіт еңбек жолын теміржол саласында бастады. Иә, мемлекеттік қызметке келмес бұрын «Әскерилендірілген теміржол күзеті» Қазалы филиалында үш жыл тер төкті. Өзі де осы қызметтің алғашқы баспалдағында жауапкершілік дейтін қасиетті бойға қалыптастыра білді.
– Мемлекеттік қызметке әбден толысып барып, 30 жасыма таяғанымда келдім. Әуелі сол уақытта аудандық ішкі саясат бөлімі деп аталатын мемлекеттік мекемеге жетекші маман болып қабылдандыv. Бір жылдан соң бас маман болып тағайындалдым. Бұл қызметте 5 жыл жүрдім. Әбден ысылып-төселдік. Үйренгенім көп болды. 2015 жылы басшылықтың ұсынысымен Арал аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар мен азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары қызметі берілді, – дейді ол.
Махмут өзінің елге қызмет етуге ықпалы ата-анадан келгенін жасырмайды. Әкесі өз уақытында «Арал» балық инспекциясы бөлімшесінде инспектор болды. Ал анасы Қалия ауданға белгілі ұстаз. Көп жыл №2 облыстық арнаулы мектеп-интернатында директор қызметін атқарды. Қазір немерелерінің қасында, зейнеткер.
– Мен әкемнен ерте айырылдым. Өкінішке қарай, менің азамат болып ер жеткенімді, шаңырақ көтеріп, отбасы құрғанымды көре алмады. Қызмет бабында жүріп қайтыс болды. Балықшыларды құтқарып, артынша сол мұз жарылып, өзінің де дәм-тұзы таусылды. Бірақ мен әрдайым әкеммен мақтанамын. Бүгінгі жеткен жетістіктерімнің, өмірлік ұстанымдарымның артында оның тәрбиесі мен ақылы жатыр. Әкемнің маған аманат етіп қалдырған бір сөзі бар. «Ешкімнің ала жібін аттама». Бір ғана сөз менің өмірлік темірқазығыма айналды. Қай ортада жүрсем де, қандай қызмет атқарсам да, сол өсиетті жүрегімде сақтап келемін. Өйткені, адалдық – адамды биікке бастайтын ең асыл қасиет. Қызметте жүріп, өзімді салаға әбден пісірген ағалар еңбегі де мол. Марқұм Көлбай Данабай, қазір осы саладағы Әділхан Алданов, Мұхтар Оразбаев сынды ағалардың тәрбиесі мен кеңесі мемлекеттік қызметте шыңдалуға да үлкен жол ашқандай, – дейді кейіпкеріміз.
Ауданның қандай да бір ішкі ахуалы мен тұрақтылығына жауапты бөлімнің қызметі тым қиын. Идеологиялық үгіт-насихат, діни ахуал, төтенше жағдай, мәдени шаралар, тазалық пен жастар саясаты, әйтеуір араласпайтын мәселесі жоқ органның қызметкерлері кейде түн ортасына дейін жұмыс орнынан тапжылмайтынын білеміз. Талай көз көрді. 2017 жылдан бері бөлімді басқаратын Махмут машақаты көп саланы абыроймен тізгіндеп отыр.
– Мен 2018-2020 жылдары аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы қызметін атқарғанымда Махмут Маратұлы жоғары деңгейлі ұйымдастырушы және білікті басшы ретінде есімде қалды. Әрбір мәселеге терең үңіліп, оңтайлы шешім таба білетін іскерлігі біз үшін әрдайым үлгі. Оның қарапайымдылығынан бөлек, әр қызметкердің пікірін тыңдай білуі бөлімдегі жұмыстың нәтижелі болуына үлкен әсер еткендей. Бір сөзбен айтқанда, ұжымның ұйытқысы бола білген қамқор тәлімгер десем, артық айтпаспын, –дейді Арал ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің басшысы Ибрагим Тәуекел.
Біз білетіндей, мемлекеттік қызметкерлерге заң бойынша бизнеспен айналысуға, сыйлық алуға немесе қызметін жеке мүддесіне пайдалануға тыйым салынған. Алғаш қызметке келіп, ант қабылдаған олар жайлы қоғам түсінігі де әрқилы.
– Әр мемлекеттік қызметкердің отбасы, ағайыны, дос-жараны баршылық. Қуанышты сәттерді бөлісуге шақырып жатады. Мұндайда көбіне бас тартамыз. Біріншіден, жұмыс кестесі сәйкес емес, екіншіден, той не басқа кештерге барғанның өзінде этикалық шектеулер сақталуы тиіс. Өйткені, мемлекеттік қызметкер өзгеге үлгі болуы керек. Қоғам алдында мен немесе менің кез келген әріптесім жөнсіз қылық көрсетсе, бұл баршамыз үшін абыройсыздыққа әкелуі мүмкін, – дейді Махмут Маратұлы.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»





