Конституция

Әлемдік медиакеңістіктегі әріптестер

4

0

Бүгінде әлемнің әр қиырында еңбек етіп, халықаралық медиакеңістікте өз орнын қалыптастырған қазақ тілшілері аз емес. Шетелдік ақпарат құралдарында қызмет атқарып, түрлі елдердегі маңызды оқиғаларды жариялап қана қоймай, отандық журналистиканың беделін арттыруға үлес қосып жүрген сондай әріптестеріміздің қатарында сырбойылықтар да бар.

Рауан Мыңбаев – «Хабар» агенттігі» АҚ «Хабар 24» телеарнасының Біріккен Араб Әмір­ліктеріндегі меншікті тілшісі. Рауан қиырдан ақпарат таратып жүргелі бес жылға жуықтады. Оның үш жылын Өзбекстанда өткізсе, бір жарым жылдан астам бөлігін БАӘ-де жалғастырып келеді. Кейіпкеріміз шет елде еңбек етудің ерекшелігін айтып берді.

– Барлық ақпаратты бірдей тарата алмайсың. Оның маңызы қандай, біздің елге қаншалықты керек, түгел сүзгіден өткізесің. Араб елінде журналистика саласы дамыған. Бірақ монархиялық мемлекет болғандықтан цензураға қатты мән береді. Мұнда тәуелсіз БАҚ некен-саяқ. Барлығы дерлік билікке тура бағынады. Қазақстанмен салыс­тыруға келмейді, біздің елде БАҚ-тың мәртебесі өте жоғары. Соған қарамастан бұл жақта журналистика контент, сапа жағынан ешбірінен кем түспейді. Техникалық мүмкіндігі әлемдік ақпарат құралдарының әлеуетімен тең деуге болады, – дейді ол.

Араб жерінде 200-ге тарта ұлт өкілі еңбек етеді. «Әр елдің салты басқа» дегендей, әріптесіміз тұрғылықты халықтың жұмыс істеу тәртібіне үйрену бастапқыда қиын болғанын жасырмады.

– Қазақ, орыс және ағылшын тіл­дерінде ақпарат таратамыз. Араб тіліне жетік емеспін. Өзім тұрақтаған шығанақ бөлігінде араб тілінің қолданысы жоғары деңгейде емес. Жергілікті тұрғындар бір-бірімен ағылшын тілінде сөйлеседі. Ал Сауд Арабиясында араб тілінде сөйлейтін тұрғындардың үлесі көп. Сол жақта ғана аздап қиындыққа кезігеміз. Ақпаратқа қол жеткізу оңай шаруа емес. Дегенмен, елдің заңы қатал болғанымен адамдары мейірімді, – дейді Рауан Мыңбаев.

Кейіпкеріміз Таяу Шығыстағы қақтығыс кезінде Иран Біріккен Араб Әмірліктеріне әуеден соққы жасағанда от пен оқтың ортасынан қазақстандық көрерменге уақытылы хабар таратып отырды.

– Соғыс кең ауқымды сипат алғанда екі есе қауырт жұмыс істедік. Дубайға соққы жасалған алғашқы сағаттарда көрермен ақпаратты алғаш болып бізден білді. Әдетте қақтығыстың ортасы ретінде Израиль, Газа аймағы еске түседі. Дубай, Абу-Даби қалалары қауіп­сіздік тұрғысынан ең қолайлы мекен саналып келді. Сондықтан әуеден соққы жасалып жатқанына Дубай тұр­ғындары соңғы сағатқа дейін сенгісі келмеді. Төбеден дүркін-дүркін соқ­қы­лар жасалып жатқанда кадрдан көріндім. Алғашқы тікелей эфир кезінде соққының дыбысы да кадрға ілініп қалған екен. Тіпті ту сыртымда жарылғыш заттар құлаған екен. Қорқыныш та болды. Тікелей эфирдің адреналинімен ақпарат таратуды ғана ойлаппын. Екі-үш күннен кейін ғана қауіпті жағдайда жұмыс істе­генімді сезіндім. 1,5-2 айға жалғасқан Иран соғысы кезінде 2,5-3 мыңға жуық зымыран аты­лып, ұшырылған екен. Соның барлығын әуе қор­ғаныс жүйесі жойды. Оның сынықтары қаланың әр бұрышына түсіп жатты. Туристер келуге қорықса, қыдырып келгендер қайда барарын білмей абдырап қалды, – дейді журналист. Қазақстандықтарды елге эвакуациялау сәтінен сюжет әзірлеу кезінде Рауан мен телеоператорды Абу-Дабидің қауіпсіздік қызметі құдды қылмыскер сияқты ұстап, біраз әбігерге салған. «Бізді журналист екенімізді дәлелдейтін лицензия ғана құтқарып қалды» дейді ол.

Әлемдік медиакеңістіктегі әріптестер

Сырда туып, Сырда өскен Әсия Нұрлыбаева – «Хабар 24» телеарнасының Түркия Респуб­ликасындағы меншікті тілшісі. Бізбен әңгімесін­де ол өзге елде еңбек ету кәсіби біліктіліктен бөлек, төзімділік пен бейімделуді талап ететінін атап өтті.

– Шет елде жұмыс істейтін адам дүниеге келген сәби секілді бәрін басынан бастап үй­ренеді. Сондықтан бұл қызмет сол елдің тарихын, мәдениетін, қоғамдық-саяси құры­лымын терең түсінуден бас­талды. Дегенмен, Түркия біз үшін бөтен емес. Алғашқы күндерден-ақ бауырлас халық­тың жылылығын сезіндік. Түркияда журна­листика өте жақсы дамыған әрі кәсіби деңгейі жоғары. Әсіресе, телевизия саласында қызмет­керлер белгілі бір бағытқа маманданған. Бұл олар­дың кәсіби деңгейін арттыруға мүмкіндік бе­реді. Мемлекеттік арнадағы журналистерге жа­салған жағдай да көңіл қуантады. Алайда жұмыс барысында белгілі бір бюро­кратиялық талаптар кездеседі. Мәселен, мемлекеттік мекеме өкіл­дерінен немесе лауазымды тұлғалардан сұхбат алу үшін кейде бірнеше апта бұрын ресми өтініш жолдап, келісім алу қажет. Қазақ­станда ақпарат алу әлдеқайда жылдам дер едім, – дейді ол.

Кейіпкеріміз студенттік шағының біраз уақытын Түркияда өткізгендіктен жатсынбапты. Әйтсе де, отбасымен бірге қоныс аударғандықтан жаңа ортаға бейімделудің өзіндік қиындығы болған.

– Түріктердің ең ұнайтын қасиеті – ақкөңілдігі мен жанашырлығы. Жергілікті жүйе мен тұрмыс ерекшелігіне үйренісу кезінде қолдау білдірген азаматтар аз емес. Бүгінде сол жақсылықтың арқа­сында Түркия біз үшін қалыпты әрі үйрен­шікті ортаға айналды. Қызмет барысында Ыстан­бұл, Анкара, Ниғде, Анталия, Алания секілді көп­теген қалада болдық. Сонымен қатар өткен ғасыр­дың ортасында Түркияға қоныс аударған қан­дастарымыз тұратын Алтай ауылына барып, олар­дың тыныс-тіршілігі туралы материал әзір­ледік. Мұндай сапарлар тарихи байланысымызды тереңірек тануға мүмкіндік береді, – дейді ол.

Әсия телеарнаның Анадолы еліндегі жалғыз ресми өкілі болғандықтан барлық бағытты қамтып жүр. Өзі қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерін жетік меңгерген.

– Есте қалған әсерлі сәттердің бірі – бүгінде Түркияда жоғары сұранысқа ие «Эшрефтің арманы» телехикаясының түсірілім алаңында бол­ға­нымыз. Қазақстандық көрерменге жақсы таныс Демет Өздемир мен Шағатай Ұлысой секіл­ді танымал актерлердің жұмысын, түрік сериа­лының қалай түсірілетінін көрдік. Мұндай алаңдарға кірудің өзі оңай емес. Арнайы рұқсат алып, бірнеше сатылы келісімнен өту қажет. Тіпті қыс мезгілінде түсірілім алаңының сыр­тын­да екі сағаттан астам күткен кезіміз бар. Бас­тап­қыда сұхбат беруге келіскен актерлердің бірі соң­ғы сәтте бас тартып, жоспарымыз жүзеге аспай қалды. Соған қарамастан, түрік сериалының апта­сына шығатын бір бөлімін небәрі төрт-бес күн­нің ішінде түсіріп үлгеретінін көріп, кәсіби шеберліктеріне тәнті болдық, – дейді әріптесіміз.

Рауан да, Әсия да – жергілікті Qyzylorda телеарнасында шыңдалған мамандар. Ал бүгінде ел мен елді, мәдениет пен қоғамды жалғайтын маңызды ақпарат көпіріне айналды. Олар қай жерде қызмет атқарса да, туған елдің сенімін ақтап, қазақ журналистикасының қарым-қабілетін әлемге танытуға ұмтылады.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»