Агросалада даму бар

273

0

Биыл өңірде 183,8 мың гектарға егін егілді. Бұл жоспардан 5,2 мың гектарға артық. Оның үстіне, суды мол қажет ететін дақылдар азайтылды. Ал, майлы дақылдардың көлемі өсті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жаханов мәлім етті.

– Әртараптандыру бағыты бо­йынша биыл егілген күріш көлемі 633 гектарға кем. Ал, басқа дәнді дақылдар көлемі 2794 гектарға, малазықтық дақылдар 6036 гектарға, көкөніс пен бақша дақылдары 422 гектарға артты. Сараптасақ, соң­ғы бес жылда майлы дақылдар 6 мың гектарға өссе, малазықтық дақылдар 10,3 мың гектарға артыпты. Бізде әрі қарай жоспар жетерлік. Мәселен, майлы дақылдар көлемін 20 гектарға жеткізу межесі бар, – деді басқарма басшысы.

 Айта кетейік, қазіргі таңда егілген майлы дақылдар, оның ішін­де сафлор майының көлемі артып келеді. Шет елдерде өте жоғары бағаланатын бұл дақылдарды өсіруде өңірдің климаты да қолайлы көрінеді. Бақыт Дүйсенұлы аталған өнімнің экспорт көлемін арттыру да жоспарда бар екенін жеткізді.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытында салада ауыз толтырып айтарлық тірлік бар. Әсіресе, жылыжай өндірісін дамыту қолға алынған. Осы күні өңірде 10,5 гектар көлемді 164 жылыжай бар. Жыл аяғына дейін 43 жылыжайды іске қосу жоспарлануда.

– Қала іргесіндегі Ж.Маханбетов ауылынан көлемі 2,2 гектар ірі жылыжай салынып жатыр. Бұйырса, күзде өнім бере бастайды. Қазір инфрақұрылым жұмыстарына қарап тұр. Жылына 10 гектар көлемде жылыжай ашып отырсақ, алдағы 7-8 жылда жерлестеріміздің мау­сымдық көкөніс тұтынудағы мұқтаждығын жоя аламыз, – деді Б.Жаханов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<