Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимов аудан активі отырысында жаңадан сайланған Ақсу ауылдық округінің әкімі Сығайбаев Мейрамбек Серікұлын таныстырып, бірқатар маңызды міндеттер жүктеді.
«Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы Заңына және аудандық сайлау комиссиясының сайланған әкімдерді тіркеу туралы шешіміне сәйкес Сығайбаев Мейрамбек Серікұлы Ақсу ауылдық округінің әкімі лауазымына сайланды.
Мейрамбек Серікұлы, өзіңіз білесіз, ауылдық округ әкіміне қойылатын талап өте жоғары. Елді мекенде қоғамдық-саяси ахуалды қамтамасыз етіп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында аянбай еңбек ету қажет. Мемлекеттік қызметте тәжірибеңіз мол. Ауылға инвестиция тарту, салық базасын ұлғайту, кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында нәтижелі жұмыс жасауды тапсырамын. Жаңа қызметіңізге сәттілік тілеймін!», – деді аудан әкімі А.Ибраимов.
Мейрамбек Серікұлы, 1988 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін информатика мамандығын және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде экономика магистрін бітірген.
Еңбек жолын 2010 жылы Жалағаш аудандық білім бөлімінде программист болып бастаған.
Әр жылдары Жалағаш аудандық білім бөлімінде әдіскер, әдістемелік кабинет әдіскері, бас маман, сектор меңгерушісі қызметтерін атқарған.
2023 жылдан бастап аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас инспекторы лауазымын атқарып келді.
Айта кетейік, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес аудандық сайлау комиссиясының қаулысы негізінде 2026 жылғы 21 маусымға Ақсу және Жаңаталап ауылдық округі әкімдерінің сайлауы тағайындалып, өткізілді.
Сайлау науқаны барысында ауыл тұрғындары белсенділік танытып, өз таңдауларын жасады.
Жиында аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов жаңадан сайланған ауыл әкімінің жұмысына сәттілік тіледі.
Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі






