Арал теңізінің тартылуы – ХХ ғасырдағы ең ірі экологиялық апаттардың бірі. Бүгінде сол апаттың салдарын жеңілдету үшін бұрынғы теңіз ұлтанына «жасыл белдеу» қалыптастыру бағытындағы ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен бастамалары, халықаралық ұйымдардың қолдауы және ғылыми тәсілдер бұл жобаны өңірлік емес, жаһандық деңгейдегі экологиялық шешімдердің біріне айналдырды.
Жаһан назарындағы Арал: геопарк және жасыл бастама
Бастама бүгінде өңірлік деңгейден асып, жаһандық экологиялық жобаға айналып отыр. «Aral Geopark» жобасын ЮНЕСКО-ның ғаламдық геопарктер тізіміне енгізу бастамасы – осының айқын дәлелі. Халықаралық сарапшылар Сыр өңіріне арнайы келіп, теңіз ұлтанындағы ахуалды көзбен көрді. Бұл бастаманың түпкі мақсаты – әлем назарын экологиялық апатқа аударып, табиғатты қалпына келтіру бағытындағы күш-жігерді біріктіру.
Жыл сайын Аралдың құрғаған табанынан 100 миллион тоннаға жуық тұзды-шаңды қоспа ауаға көтеріліп, 1,5 миллион шаршы шақырым аумаққа таралады. Бұл – адам денсаулығына да, экожүйеге де зор қауіп. Осындай күрделі жағдайда сексеуіл мен өзге де шөлге төзімді өсімдіктерді отырғызу табиғи тосқауыл қалыптастырудың ең тиімді жолдарының бірі ретінде таңдалды. Бір түп сексеуілдің өзі бірнеше тонна құм көшкінін ұстап тұра алатыны жобаның маңызын айқындай түседі.
Орман мелиорациясы және өңірлік ынтымақтастық
Арал табанын орманға айналдыру жұмыстары ондаған жылдар бойы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. 1990 жылдардан бастау алған бастама бүгінде мемлекеттік деңгейдегі кешенді бағдарламаға ұласты. Қазақстанда 2025 жылға қарай 1,1 миллион гектар жерді орман алқабына айналдыру көзделген.

Өзбекстан да бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Қазірдің өзінде көрші елде 2 миллион гектардан астам аумақ көгалдандырылып, ал 2030 жылға қарай құрғаған табанның 70 пайыздан астамын жасыл желекпен қамту жоспарланған. Оңтүстік Арал өңірінде 4 миллион гектар жерді көгалдандыру, аграрлық секторды дамыту және ара шаруашылықтарын құру көзделіп отыр.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының Өзбекстан бойынша жоба үйлестірушісі Азиз Нурбековтың айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығы ерекше маңызға ие. Оның пайымдауынша, Өзбекстанда Арал теңізінің құрғап қалған табанын көгалдандыру бойынша ауқымды бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, 2 млн гектардан астам аумақта орман алқаптарын құру жоспарланған.
– Қазіргі уақытта Өзбекстанда Аралдың құрғап қалған табанында жасыл желек отырғызу бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Бұл – өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған маңызды қадам, – деді Азиз Нурбеков.
Ол сондай-ақ Орталық Азия елдері арасында тәжірибе алмасу маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, Өзбекстан құрғақ аумақтарда орман өсіру тәжірибесімен бөлісе алады, ал Қазақстан Арал теңізінің өз бөлігін қалпына келтіру бойынша бастамасын тарқата алады.
– Біз бір-бірімізбен тәжірибе алмасуымыз қажет. Өзбекстан тарапынан Аралдың құрғаған табанында орман отырғызу мәселесінде, Қазақстан тарапынан Арал теңізінің қазақстандық бөлігінің экожүйесін қалпына келтіру бағытында, – деді ол.
Сонымен қатар мәселені шешу тек көгалдандырумен шектелмейді. Су дипломатиясы мен трансшекаралық өзендерді тиімді басқару да басты факторға айналып отыр. Қазақстан өңірдегі елдермен су ресурстарын бірлесіп пайдалану жөнінде келісімдер жасаған.
Ғылыми негіз және нақты нәтижелер
Арал табанын көгалдандыру – ғылыми негізделген кешенді процесс. Сексеуіл, сарсазан, жантақ секілді галофитті өсімдіктер топырақты бекітіп, желдің екпінін төмендетіп, микроклиматты тұрақтандырады. Ғалымдардың дерегінше, сексеуіл орманы жел жылдамдығын 30-50 пайызға дейін азайтып, эрозияны тежейді.
Жоба аясында геоақпараттық жүйелер мен спутниктік бақылау арқылы топырақтың тұздануы, құм көшкіндері және өсімдіктердің жерсінуі тұрақты түрде зерттелуде. Бір гектар сексеуіл орманы жылына 1,135 тонна көмірқышқыл газын сіңіріп, 0,835 тонна оттегі бөледі.
2021-2025 жылдар аралығында Қазақстан аумағында 792 мың гектар жерге орман мелиорациялық жұмыстар жүргізілді. Осы кезеңде 2 мың тоннадан астам тұқым себіліп, 49 миллионға жуық көшет отырғызылған. Тек 2025 жылдың көктемінде 120 мың гектарға егу, 11,8 мың гектарға отырғызу жұмыстары атқарылды.
Қазіргі таңда 100 мың гектар аумақта жұмыстар жалғасып жатыр. Уақытша тұқымбақтардан 4,3 миллион көшет дайындалып, оның басым бөлігі отырғызылған. Қазалы ауданында жылына 3 миллион көшет өсіретін жаңа тұқымбақ іске қосылды.

Халықаралық Аралды құтқару қорының директоры Вадим Соколовтың пікірінше, инфрақұрылым мәселесі де өзекті.
– Мысалы, 80 жыл бұрын салынған сорғы станциясын қалпына келтіру үшін 1 миллион доллар қажет. Қазіргі таңда су пайдалануда үлкен шығынға ұшырап отырмыз. Оның себебі – ескі каналдардың табаны бетонмен қапталмаған. Барлық жүйені қалпына келтіру үшін шамамен 4,5 миллиард доллар қажет, – дейді спикер.
Үміт пен жауапкершілік: болашақ бағдары
Дегенмен, бүгінде Арал табаны біртіндеп тіршілік ошағына айналып келеді. Қайта оралған өсімдіктер мен жануарлар экожүйенің жандана бастағанын көрсетеді. Бірақ климаттың қаталдығы, су тапшылығы және көшеттердің төмен жерсінуі жобаның негізгі сын-қатерлері болып отыр. Кей жылдары шығымдылық небәрі 4-9 пайыз деңгейінде тіркелген.
Сарапшылардың пікірінше, толық қалпына келтіру мүмкін болмаса да, құрғаған аумақтарды тиімді пайдалану арқылы экологиялық ахуалды жақсартуға болады. Бұл үшін суды үнемдеу, гидротехникалық нысандарды жаңғырту және заманауи агротехнологияларды енгізу қажет. БҰҰ болжамына сәйкес, 2040 жылға қарай өңірдегі су тапшылығы үш есеге артуы мүмкін.
Осы тұрғыда «Арал орманы» табиғи резерватын құру бастамасы да ерекше маңызға ие. Бұл – орман алқаптарын қорғап қана қоймай, биоалуантүрлілікті сақтауға және жобаны жүйелі түрде жалғастыруға мүмкіндік береді.
Шынар Бекбан






